Өнер және бейнелеу
Рухани мәдениетіміздің зерттелу тарихын дәл мына уақыттан басталды деп басып айту қиын. Халықтық мәдениет қаншалықты көне болса, оның зерттелу тарихы да соншалықты тереңге таратады. Сол сияқты рухани мұрамыздың жиналу, саралану, насихатталуы да тереңге тамыр созады.
Мәдениет – қоғамның өмір сүруінің қозғаушы күші. Қазақстанның мемлекеттік басшысы Н.Ә. Назарбаев: «… бүгінгі таңда біздің төл мәдениетіміздің міндеттерін өзіміз айқындай алатын мүмкіндігіміз бар. Оны шешу мәдени санаткерлеріміздің еншісінде екенін атап көрсетті. Қазақ мәдениетінің үш мың жылдық тарихы ұрпақтарға жалғастық пен сабақтастық арқылы жетіп отыр. Мәдениеттің басты таратушылары болған көшпенді ата-бабаларымыз рухани қазынаны ең биік құндылыққа қоя алғандықтан және өздері сол рухани құндылықты бойына жинақтай да білді. Қазіргі бізге жеткен ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптардың қайсысын алып қарасақ та осыны аңғарамыз. Кешеге дейін өткеніміз бен бүгінгіміз жалғастырған нәзік жіп үзілмей, ұрпақ пен ұрпақты байланыстырып келеді. Сәби кезімізден анамыздың әлдиі мен әжеміздің ертегісін тыңдадық. Демек, ұрпақтар сабақтастығы үзілген жоқ. Мәдениетіміз тірі, оған серпін мен ырғық керек. Ғасырлар бойы екшеленген мұраларды бір сәт те естен шығармаған абзал» — деген.
Мәдениет – жеке адамның өмір сүру мақсаты мен құндылық жүйесі, адамның өмір сүрген ортамен қарым-қатынасы. Ол- өзара қарым-қатынас нәтидесінде қалыптасатын ерекше құбылыс.
Адамдар өздерін қоршаған ортаға, оның әлеуметтік және мәдени қатынасына әсер етеді, өзгертеді. Олар оны мақсатына пайдаланады. Болашақ қоғамға, ұрпаққа мұра етіп қалдырады, ал ол мұра белгілі жағдайда үнемі дамуда болады.
Мәдениет — әлеуметтік фактор, қоғамның қозғаушы күші. Мәдениеттің дамуы қоғамды ілгері жылжытады. Жеке адам мәдениеті мен қоғам талабы тікелей байланысты.
Мәдениеттің тұрақты жағы – мәдени дәстүр, соның арқасында тарихтағы адамзаттық тәжірибесіне сүйеніп, оны кемелдендіреді, дамытады.
Адамдар арасында келісім, ауызбіршілік, бірлік болмайынша, тұрақты дамуды бағдар тұтқан қоғамды қалыптастыру мүмкін емес. Сондықтан еліміз үшін басымдық танытушы идеяға айналған мәселе әлеуметтік-экономикалық қиындықтардан, әр түрлі тарихи кедергілерден мемлекетіміздің тұтастығын сақтай отырып, өркениетті елдер қатарына қосылу болып табылады. Бұл жерде мәдениеттің гуманистік –адамгершілік принциптеріне сүйену, рухани бағдарды ұстануы терең мағынаға ие болды. Өйткені мәдениеттің құлдырауы адамның рухани дүниесін аздырады, оның шынайы даму жолынан ауытқуына әкеліп соқтырады. Бұл еліміздің ұлттық қауіпсіздігінің түп негізіне әсер ететін құбылыс болып табылады.
Өмірдің заңына сәйкес мәдениет үнемі жаңғыруды қажет етіп отырды. Өзен өзінің мөлдірлігін суы ағып жатқан кезде сақтайды, тазалығымен адамды тәнті етеді, әлемділігімен табиғатты құлпыра түседі. Сол сияқты кез келген мәдениет жаңа толқынға, жаңа мағынаға ұмтылады, оған зәрулік танытады. Әрине, бұл дегеніміз ғасырлар сынағынан өткен дәстүрлі құндылықтарды түбегейлі жоққа шығару дегне сөз емес. Өйткені, тарихи сабақтастықтың логикасына сәйкес мәдениеттің ілгері үлгілері болады, онсыз ұлттық мәдениеттің қабырғасы сөгіледі, іргесі шайқалады /1/. Міне, сондықтанжаңа үлгілерге жаппай бетбұрыс жасаудың өз қисыны, өз ырғағы, өзіндік келбеті бар. Сондықтан, өтпелі кезеңнің мәдени өзгерістерінен дәстүрлік пен жаңашылдықтың ерекше синтезін, симбиозын іздеуіміз қажет сияқты. Әрбір жаңа нәрсені ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып қабылдаған абзал.
Мәдениеттің басқа салаларында жіктелген заттық және руханилық, объектілік және идеалдық, рационалдық жәнеэмоционалдық… – осылардың бәрі өнерде жігі бұзылмай, бірлесе, біте қайнасып жатыр.
Өнер – қоғамдық сананың ең көне формаларының бірі. Оның сананың басқа формаларынан, мәселен ғылым мен философиядан айырмашылығы сол, ғылым мен философия сыртқы дүниенің теориялық бейнесі, яғни олар теориялық ойлау болып табылса, өнер шындықтың көркем бейнесі болып табылады.
Өнер өте ертеде шықты. Алғашқы адамдар кейінгі ұрпақтарға тас балталар мен сүйектен жасалған найзалар ғана қалдырған жоқ, сонымен қатар үңгірлердің қабырғаларына салынған түрлі суреттер, балшықтан, тастан жасалған мүсіндер де қалдырған.
Өнер қалай пайда болды?
Батыс социологтары мен өнер теоретиктері әдетте өнерді «адам жанының құпия қасиетінен» немесе адамның туысынан бірге болатын «тамашалау сезімінен». Өнердің шығуы жөніндегі мұндай көзқарастың теориялық негізі философиялық идеализм екенін түсіну қиын емес.
Кейбір батыс теоретиктері өнердің негізін жануарлар дүниесінен, атап айтқанда, құстардың шырылынан, олардың түлеуінен, хайуанаттардың ойынынан тағы басқаны іздейді. Сөйтіп, өнерді адамның табиғатқа еліктеуі деп түсіндіреді.
Ал өнерді тудырған қоғамдық қажеттіліктер қандай?
Адам еңбек процесінде айналадағы дүниені танып біледі. Бұл білім оған өте қажет, өйткені еңбек дегеніміз білімді қажет ететін мақсатты да саналы іс-әрекет. Алайда еңбек ету процесінде көздеген мақсатқа жету үшін білім ғана жеткіліксіз, ол үшін белгілі бір мінез-құлық сапалары, мысалы табандылық, ержүректілік, ынтымақтылық сезім және сондай-ақ қара күш сапалары – күш-қуат, төзімділік, ептілік тағы басқалары керек. Ал бұлардың бәрі адамға өздігінен келмейді, оларды тәрбиелеу қажет. Өнер сол сапаларды тәрбиелеудің маңызды бір құралы ретінде пайда болды. Қысқасы, өнерді тудырған қоғамдық өмір қажеттіліктері, біріншіден, дүниетану және, екіншіден, адамды тәрбиелеу.
Өнердің мынадай үш негізгі ерекшелігін атап көрсету керек: біріншіден, өнер шындықты бейнелендіру формасы, яғни дүниетану формасы; екіншіден, өнер қоғамдық сананың адам эстетикалық сезім тудыратын формасы /2/.
Өнердің шындықты бейнелендіру формасы ретіндегі ерекшелігі ең алдымен оның нені және қалай бейнелендіретінімен анықталады.
Өнер дүниені адамның нақты сезімдік формада бейнелендіру қабілетіне негізделеді.
Егер құбылыс пен мән бір-біріне сәйкес келсе, демек, адам сезім мүшелерімен құбылыстардың мәнін тікелей танып біліп отырса, онда ешқандай ғылымның керегі болмас еді. Бірақ құбылыстың мәнін тікелей сезіну арқылы білуге болмайды. Ғылым заттар мен құбылыстарға тән жалпы, маңызды қасиеттердің, қатынастардың бейнесі, демек мәннің бейнесі. Бұл жалпы мәнді ғылым жалпы ұғымдар мен категориялар, заңдылықтар формасында бейнелендіреді
Өнер де жалпыны бейнелендіреді, бірақ оны абстракция формасында емес, жинақталған жеке образ формасында немесе, өнер тілімен айтқанда, типтік образ формасында бейнелендіріледі. Шындықта жалпы типтік образ жеке нәрселерде ғана өмір сүруде, демек, жеке нәрселер арқылы көрінеді. Сондықтан өнердегі типтік образ дегеніміз жинақталған, жалпыланған образ. Бірақ ол жалпыланған типтік образ жеке образ арқылы бейнелендіріп көрсетіледі.
Өнердің шындықты бейнелеу формасының ерекшелігі сол, ол көркем образ болып табылады.
Көркем образ дегеніміз ең маңызды, типтік образды жеке образ арқылы көрсету немесе өмірдің жалпы, маңызды типтік жақтарын жеке құбылыс формасында, яғни нақтылы сезімдік формада бейнелеп көрсету.
Демек, көркемобразды (бейнені) ұғыммен де, түйсікпен де теңгеріп қарауға болмайды. Көркем образдың ерекшелігі сол, ол жалпыны жеке арқылы танып білу. Нағыз өнер шығармаларындағы көркем образдар шындықтың сырт белгілерін бейнелемей, маңызды жақтарын бейнелейді.
Өнер – қоғамдық сананың идеологиялық формасы. Өнер идеологиямен екі тұрғыдан байланысты. Біріншіден, ол белгілі бір таптың мүддесіне қызмет етіп, оның саяси, моральдық, философиялық, эстетикалық және тағы басқалардың көзқарастарының насихатшысы және, екіншіден, ол адамдардың қоғамдық қатынастарымен тығыз байланысты, қоғамдық сананың басқа формалары сияқты, қоғам алдында тұрған әлеуметтік мәселелерді шешуге қызмет етеді.
Өнердің келесі ерекшелігі сол, ол – қоғамдық сананың эстетикалық сезім тудыратын формасы /3/. Суретші, жазушы шындық құбылыстарына тән эстетикалық сапаларды ашып көрсетеді. Сондықтан көркем шығармаларда өмір белгілі бір эстетикалық идеяларға сәйкес бейнеленеді, яғни өнер шындық нәрселері мен құбылыстарын көрікті немесе көріксіз, көңілді немесе көңілсіз, қайғылы немесе күлкілі деген сияқты категориялар формасында бейнелеп, баға береді.
Әдемілік, көркемділік адамның күнделікті өмірінде зор роль атқарады. Адамды қоршаған орта көркем болса, оның өзі адамды көңілдендіріп, еңбек пен өмір шабытын тудырады. Адам тек ғылым заңдарына сәйкес қана емес, «әдемілік заңы бойынша» да еңбек етеді деп атап көрсеткен болатын К.Маркс.
Өнер арқылы мәдениет өзінің тұңғиық тереңінде болып жатқан құбылыстерын дәп бір айнаға қарап көргендей, байқап отырады. Сондықтан да өнерді «мәдениеттің айнасы» деп анықтауда негіз бар. Нақты тарихи жағдайлар шеңберінде белгілі бір ұлттың, этностың мәдениетінде өнер аоқылы сол мәдениеттің әлемді және әлемдегі адамды түсінуін көреміз.
«Өнер» — мәдениеттің айнасы деп бекерде бекер айтылмаған. Ол мәдениеттің жаны, оның өзіндік танымының түрі. Сұлулық заңы бойынша адамның дүниені игеру барысында әдеби мәтіндерге, мүсінге, сәулет туындыларына, суреттерге, әуенге, биге және тағы сол сияқты негізделген өнер түрлері қалыптасады.
Өнер деп адамның рухани болмысына, сезіміне, эмоциясына әсер етіп, оны толғандыратын суреткер қолынан шыққан шығармашылық үлгісін айтамыз. Өнер – адами ақиқат, адамдандырылған «екінші әлем». Өнер, көркем бейне және жасампаздық тікелей әлеуметтік адам тұлғасымен байланысты категориялар.
Өнерде үйлесімділік ретінде танылған кемелділік бейнесі жасалады. Өнер арқылы адамның әмбебаптылығы ашылады. Өнер адамның шексіз болмыстық сұрақтарына жауап табуға талпыныс барысында гуманистік принциптерді қалыптастырады. Нәтижесінде, өнер тек белгілі бір қоғамның даму нәтижелерін көрнекілеп қана қоймай, сонымен қатар, әлеуметтік-рухани өмірдің күйіне әсер ететіндігін білдіреді.
Әсемдік, әдемілік, сұлулық сынды бірдеңгейлік ұғымдар мазмұнына негізделген өнер туындысы үшін адам мен қоғамнің еркіндік туралы түсінігінің мәні зор. Өнерді көп ойшылдар өз ләззаты, өз рахаты өзінде, ешнәрсеге тәуелсіз «мақсатсыз» мақсат көздегіштік деп анықтайды. Бірақ, бұл сипаттамалардан өнерді беталды, тізгінсіз әрекет деп түсінуге болмайды. Бұл тұста таза өнер мен кәсіп-өнерді ажырата білген абзал. Мысалы, неміс философы И.Кант таза өнер мен кәсіп-өнерді ажыратып қарастырды да, біріншісін – еркін өнері, екіншісін – табыс үшін жасалатын өнер дейді. Кант бұл жерде еркін өнер деп адамныңөзінің рухани болмысынан шыққан образды шешімдермен байланысты өнерді айтып отыр. Ал табыс үшін, сауда-саттық мақсатында жасалған өнер өзіне емес, өзгеге ұнау үшін, сатып алушы талғамына, сұранысына аңғайластырып жасалынады.
Өнердің жекелеген түрлерін және олардың бір-бірінен ерекшеліктерін білу, ажырату адамзатты көнеден бері толғандырып келеді.
Бейнелеу өнері – дүниені көзбен көріп түйсіну негізінде бейнелейтін пластикалық өнердің бір саласы.
Бейнелеу өнері негізінен кескіндеме, мүсін, графика жатады. Бейнелеу өнерінің белгілері архитектура, безендіру және қолданбалы өнерде көрініс табуы тиіс. Сондықтан шартты түрде оларды да бейнелеу өнері қатарына жатқызамыз. Сондай-ақ, театр, кино, теледидарға безендіруді, көркем дизайнды да бейнелеу өнері ретінде таниды. Бұл өнердің де негізінде адам, табиғат және заттық әлемді тұтастықта, бірлікте қарастыру жатыр. Бейнелу өнері дүниені байқау, бақылау, көру нәтижесінде оның көркем бейнесін жасайды. Әр ғасыр, дәуір, кезеңде пайда болды. Бейнелеу өнерінің туындылары өзіндік бейнелеу жүйесі мен көркемдік үндесудің түрлі типтерін құрайды. Бұл өнер танымдық, құндылық және қарым-қатынастық қызметімен де ерекшеленеді. Уақыттық даму процесі басқа өнер түрлеріне (әдебиет, музыка, театр, кино) қарағанда бейнелеу өнерінде шектеулі, ол негізінен кеңістіктік ауқымымен ерекшеленеді. Суретші өз көзімен көріп, түйсінген шындығын сол сәттегі қалпымен көрсетуге ұмтылады. Өмір құбылыстары түптік жағынан таңдап алынып, заманның тірлік-тынысы жан-жақты көркемдік қуатпен беріледі. Бейнелеу өнерінің көркемдеу құралдарына сурет, түрлі түс, пластика, жарық пен көлеңке композициясы, ырғақ жатады. Шығармалар заттық материалдан дайындалатындықтан оған пәндік, заттық болмыс пән. Бейнелеу өнерінің әр жанры қоршаған әлемнің бейнесін түрліше береді: кескіндеме түрлі түсті бояуды, графика түрі сызықтардың қиылысуын, көлеңке мен жарықтық астасуын, мүсін пластикалық үш өлшемдікті пайдаланады.
Бейнелеу өнерінің барлық жанрындағы шығармалары мазмұнына қарай монументальді – сәндік және қондырмалы шығармалар негізінен музейлер, галереялар немесе үй интерьерлерін безендіріп, сол жерлерде орналасады. Монументальді мүсін архитектура кешендерде, қала көшелері мен алаңдарда, мекеме ғимараттарының қасбеті мен интерьерлерінде орналасады. Бейнелеу өнеріне тарихи даму процесі барысында қалыптасқан портрет, пейзаж, натюрморт сияқты жанрлар ортақ /4/.