Телеарналар тілін 100 пайыз мемлекеттік тілге көшіруіміз керек — Елизавета Седышева

 

Менің ұлтым қазақ болмаса да, жүрегім – қазақ. Қазақ тілін ана тілімдей құрметтеп, ойымды қазақша жеткізгенде талайы таң қалады. Әрине, мен осындай қасиетті елде дүниеге келдім. Қасиетті елдің қастерлі тілі бойыма дем алған ауамен, ішкен суымен бірге дарыды. Тіпті, осыған дейін қамқор болып, қасымнан табылған ізгі ниетті адамдар да басымнан сипап, жақсы тілектерін осы тілде жеткізген екен. Тағдырдың жазуымен Теміртау қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, қазақтың тілімен қатар, көркем дәстүріне қанып өстім.  Әр кез қасымнан табылатын достарымды да қазақ ортасынан таптым. Достарым қазақ болған соң үнемі сөздік қорымды байытып, білім көкжиегін кеңейтуге тырысамын. Осы жерде туып, осы елдің азаматы болғандықтан, тілді білмеу – мен үшін ардың ісі.

Мен жаспын, алдымда – үлкен даңғыл жол! Елімізде біз үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. «Болашақ – жастардың қолында!» деген сөзді үнемі жадымда ұстап, Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге тетігін тап та, бар қалан!» дегеніндей, еліміздің өркендеуі жолында мен де біліміммен, білігіммен бір кірпіші болуды көксеймін.

Ол үшін, әлбетте, қазақ тілін білу – міндетті! Замандастарымды қазақ тілін жетік меңгеруге, ойын  қазақ тілінде ашық әрі еркін жеткізуге насихаттаймын. Себебі – болашақ қазақтың тілінде екенін әлдеқашан сезінгенмін.

Қазақстандықтар әлемдік мінбелерден қазақша сөйлеп, еліміздің абыройын асқақтатқанда менің жұдырықтай жүрегім ерекше қуанады. Себебі, мен де осы елдің бір бөлшегімін.

Қазақстан Республикасының Президенті қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керектігін жиі айтады. Тілді дамыту әрқайсысымыздың тікелей міндетіміз. Тіл – ең алдымен халқымыздың тарихының, мәдениетінің айнасы. Ал, мемлекетімізге қызмет ететін азаматтар осы құндылығымызды қастерлесе – еліміз ары қарай қарыштап дами түсетіні сөзсіз.

 Күлтегін дәуірінен негіз алатын баба тіліміздің мәртебесі биік, ешқандай дәуір желі түбірін қозғай алмайтындай болсын деген тілегім жайдан-жай айтыла салған өз емес. Ол мен шын тілегім!

Еліміздің әр азаматы қазақ тілін білуі керек. Мемлекеттік тілді білу – борыш емес, міндет!

Мемлекеттік тілдің имиджін арттыру мақсатында жастар арасында қазақша сөйлеуге шақыратын пікір алаңдарын, осындай форумдар, түрлі акциялар жиі ұйымдастырылса деген тілегім бар. Сондай-ақ кинотеатрлардың және барлық теларналардағы балалар мультфильмдердің тілін қазақшаға көшіретін уақыт жетті. Қазір ата-аналардың жұмысбастылығына байланысты балаларды мультфильмдер тәрбиелейтін болды. Ешкім үйретпесе де балабақша бүлдіршіндері орыс, ағылшын тілдерін меңгеріп алады. Керісінше өз ана-тіліне келгенде сөйлей алмайды, себебі олардың қазақша таным-түсінігін қалыптастыратын орта жоқ, адам жоқ, ата-ана, ата-әже жоқ.

Біздің болашақ балаларымыздың тілі қазақша шығуы тиіс. Сондықтан ең алдымен телеарналар тілін мемлекеттік тілге 100 пайыз көшіруіміз керек деп есептеймін.

Елизавета СЕДЫШЕВА,

«Берегиня» орыс этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі

Толығырақ:https://qazaquni.kz/basty-makalalar/152984-teledidar-tilin-100-pajyz-memlekettik-tilge-koeshirwimiz-kerek-elizaveta-sedysheva

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *