ҚОРАМСАҰЛЫ АҚАН СЕРІ

ҚОРАМСАҰЛЫ АҚАН СЕРІ
Қорамсаұлы Ақан сері (Ақжігіт, 1843-1913) – қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын. Туып-өскен жері — Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Үлкен Қоскөл маңы. Топырақ бұйырған жері Айыртау ауданындағы Бұлақ басы, Құлагер құдығы, Құлагердің ақ шарбағы деген жерлер. Шыққан тегі – Арғын ішіндегі Қарауыл руы. Әкесі Қорамса, шешесі Жаңыл қарапайым шаруа адамдары болған. Алғашқыда ауыл молдасынан сауат ашып, содан кейін Қызылжардағы Уәли (Ахметуәли) медресесінде оқыған (1856-1859). Мұнан кейін өз ауылына қайтып оралып, өнер жолына бір жола өмірін арнаған. Халық Ақаңның бойындағы қайталанбас биік өнерді жоғары бағалап, оның сұлу сырлы өлеңдерін сүйіп айтып, өнерге өмірін арнаған бекзаттығын қадірлеп, «Ақан сері» деп атаған. Ақан сері алғашқы әйелі Бәтимадан Ыбан (Ыбырайым) есімді бір перзент көрген. Бәтима өлген соң Ұрқия атты қызға үйленіп, онымен ұзақ отаспаған. Ақанның «Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия» деп басталатын өлеңі осы Ұрқияға арналған. Ақын өмірінде — өшпес із қалдырған адам – Ақтоқты сұлу. Ақтоқтыға үйленуді тағдыр Ақанға жазбаған. Ақанның «Ақ көйлек», «Аужар», « Алтыбасар», «Ғашық жарға», «Тағрипың» деп аталатын терең сырлы, ғажайып сезімге толы әндері осы Ақтоқтыға арналған. Сал-серілік дәстүрді барша сән-салтанатымен ұстанған Ақан сері жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазыны жан серігі еткен. Мұндай өмір салтын оның әншілік-ақындық шабытына тұғыр болып, «Құлагер», «Маңмаңгер», «Көкжендет», «Екі торы ат», «Алай көк», «Тер қатқан» сияқты тамаша әндердің дүниеге келуіне себепші болған. Сондай-қ, оның «Көкшетау», «Сырымбет», «Кербез сұлу» деп аталатын әндері туған жерге, өскен елге деген перзенттік махаббаттың жарқын айғағы.
Ақан сері өз кезінде Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты ақын-әншілермен бастас болып, халықтың мәдени-рухани өміріне айрықша ықпал еткен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *