ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ АРЫНҒАЗЫ

ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ АРЫНҒАЗЫ
Әбілғазизұлы Арынғазы (1785-1833) – алмағайып аласапыран заманда өмір сүріп, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі үшін арыстандай арпалысып өткен көрнекті мемлекет қайраткері, көреген саясаткер, төре күйлерінің негізін салушылардың бірі болған дәулескер күйші-композитор. Арынғазы қазақ сахарасына әйгілі болған текті әулеттен. Шежіре тілімен айтқанда, қазақ халқының шаңырағын көтерген Әз Жәнібектің баласы Жәдік сұлтаннан өрбіген әйгілі Батыр сұлтанның шөбересі болып келеді. Батыр сұлтан, одан – Қайып, одан Әбілғазиз, одан – Арынғазы. Мемлекет қайраткері, саясаткер ретінде Арынғазы қос бүйірдегі көршілері Ресей мен Хиуаға тең саясат ұстанып, екеуінің де қорқау ниеттеріне тосқауыл болды. Әкесі Әбілғазиз 1815 жылы дүние салған соң, Арынғазы хан болып сайланғанда, Жанкент қаласында Шекті, Шөмекей, Жaғалбайлы, Төртқара, Жаппас руларының көсемдері оны ақ киізге отырғызып көтеріп, төбесінен алтын мен күміс теңгелер құйған. Ал, Бұқар әмірі Арынғазының таққа отыру құрметіне арнайы хандық мөр құйдырып, алтын оқалы шапан пен арғымақ ат тарту еткен. Тек, Ресей патшасы ғана, Абылайды, Батырды, Қайыпты хан деп мойындамағаны сияқты, аққаптал саясат ұстанып, Арынғазыны хан ретінде мойындамайды. Арынғазы хан тағында болған кезеңде ел ішінің береке-бірлігіне айрықша көңіл бөлген. Ол ел басқару ісінде ақыл-парасаты кемел ру басыларына сүйеніп, қазылар сотын құру арқылы қол астындағы халықтың жарастықты өмір сүруіне жағдай жасады. Халық тынышын алған отыз баукеспе барымташыны өлім жазасына кескізуі Арынғазының ел мүддесі үшін бәріне де дайын болғанын көрсетеді. Арынғазы хандық құрған кезде ру аралық дау-шар тиылып, көрші елдермен сауда-саттық жанданды. Әсіресе, Ресейдің Орта Азия елдерімен арадағы сауда жолдарының қауіпсіздігіне Арынғазы өз тарапынан кепілдік беріп отырады. Бұл ретте ол хиуалықтардың арандату әрекеттеріне тойтарыс беріп, қанды қақтығыстарға да барып отырды. Мұндай саясатқа іш тартқан Ресей өкіметі Арынғазыны Кіші жүздің хандық кеңесінің төрағалығына сайлап, гаухар тас орнатылған алтын медальмен марапаттайды, 500 рубль көлемінде жалақы тағайындайды. Ел ішіне жарастықты ахуал орнатқаны үшін халық оны «Тыным хан» деп атады. Ол Кіші жүз бен Орта жүздің ықпалды адамдарымен ақыл тоғыстырып, дербес хандық құру жөнінде тегеурінді қимылдарға мұрындық бола білді. Алайда, Арынғазының ел ішіндегі беделі мен ұстанған бағыты Ресей өкіметіне секем алдырады. Орынбордың әскери губернаторы генерал-лейтенат П.К. Эссеннің дем беруімен 1821 жылы Арынғазы Кіші жүздің хандық билігін иемденіп қайту ниетімен Санкт-Петербургке аттанады. Көктен тілегенін жерден бергендей, Ресей саясатының қанды шеңгелі Арынғазыны қайтып уысынан шығармайды. Ол 1823 жылы Калугаға жер аударылып, 1833 жылы Шоқан Уәлиханов, Мұхамбет-Салық Бабажанов сияқты, белгісіз жағдайда, белгісіз себептен дүниеге салады. Елім деп еңіреп өткен есіл ердің сүйегі күні бүгінге дейін Калуга топырағында. Жомарт табиғат Арынғазының бойына атты адам түсіп, жаяу адам жатып қарайтындай ғажайып қасиеттер дарытқан. Қатарынан иығы асып тұратын сұңғақ бой, көрген жанның көзін қарықтыратын сұлу пішін, аттылы жаяуға бірдей жауынгерлік шалым, құралайды көзге ататын мергендік, найзағадай шапшаң қылышкерлік…. Осының бәріне қоса Тәңірі оған халқы үшін жанын ойланбай құрбан ететін асқақ рух, сахара сарбаздарына тән мәрт мінез, жомарт пейіл, сұлулыққа іңкәр нәзік сезім, сол сезімді биік өнер тілінде сыртқа шығара алатын бұл дарын берген. Арабша, шағатайша, орысша сауаты кемел болған. Оның беліне таққан қылыш үшін Санкт Петербургтің сайып қыран офицерлері ойланбастан Ресейдің 6 мың рублін ұсынған.
Арынғазы сахараның сағағынан үзілген төрт аруына үйленген. Алғаш жар еткен Балым ханым Арынғазының артынан Калугаға іздеп барған. Ал, Мәдина сұлу Арынғазымен Калугада бірге болған. Арынғазы қайтқан соң Мәдина Москвада тұрақтап қалады да, одан туған ұрпақ тағдырдың жазуымен орыстанып кетті. Арынғазыны көрген замандастары ол туралы небір таңданыс-сүйсініске толы деректер қалдырған. Бұхар әмірі оның парасат болмысына сүйсініп «мұсылмандар әмәрә» деп атаған. Барон Е.К.Мейендорф ол туралы: «Арынғазының бар болмысы, оның арман-аңсары, оның әрекет тірлігі, оны қатардағы пенде атаулыдан анағұрлым асқақтатып көрсетеді», — деп жазды. Ал, Ресей елшісі А.Б.Негри былай деді: «Бұл сұлтанның тал бойындағы ар-имандылық пен қайраткерлік, ақ ниеттілік пен ержүректік біте қайнасқан». Ресей тарихшылары Арынғазыны бір ауыздан: «қазақ сұлтандарының ішіндегі халқын шын сүйген жалғыз адам, ары кіршіксіз таза адам» деп бағалады. Арынғазының ерекше жаралған болмыс-бітіміндей болып, оның сұлулық пен азаттыққа іңкәр асқақ рухындай болып артында «Арынғазы» күйі қалды. Ол күй аманат-өсиетіндей болып қазақ халқымен мәңгі бірге жасайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *