ӨТЕҒҰЛҰЛЫ ӨТЕГЕН
Өтеғұлұлы Өтеген (1699- 1773) – XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақ батыры. Шыққан тегі – Ұлы жүз Дулат тайпасының Жаныс руынан. Өтегеннің ата-бабалары да есімдері елге танылған батырлар болған. Бабасы Сырымбет қазақ ханы Салқам Жәңгірдің Самарқан әмірі Жалаңтөспен бірігіп, жоңғардың 50 мың әскерін талқандайтын әйгілі шайқасына қатысқан батыр. Өз әкесі Өтеғұл да талай қанды жорықты бастан кешкен батыр адам болған. Шешесі Нұрбала атақты Қордай батырдың немересі екен. Осындай тектілерден жаралған Өтеген де 15 жасында-ақ есімі елге танылып, батыр атанады. Оның Тарпаң есімді баласы мен Шаншар атты немересі де ел қорғап, жат жерліктерге найза түйреген белгілі батырлар. Өтеген батыр жөнінде ел аузында аңызға бергісіз әңгімелер көп сақталған. Солардың біразы Сүйінбай мен Жамбыл секілді жыр алыптарының да дастандарына арқау болған. Ел оның есімін әулие тұтып, қос мүйізі бар киелі деп біледі. Жамбыл Жабаевтың: «Қасара біткен маңдайдан, жан еді қос мүйізді» — деп жырлап, оны батырлықтың белгісі ретінде тануы да содан. Өтеген батырдың өмір жолын үш кезеңге бөліп қарауға болатын секілді. Оның бірі — Бұхара медресесін бітірген ғұлама ретінде ел ішінде хазірет атанған кезі. Екнішісі — батырдың елді «ақтабан шұбырындыға» ұшыратқан жоңғар басқыншыларына қарсы күресі. Ол күресте ерлігімен көзге түсіп, батыр атанған. Үшіншісі – жоңғарлардың 1734 жылғы екінші қайтар соққысынан кейін оңтүстік қазақтары қатты күйзеліске ұшырағанда, Төле бидің жау өтінен шалғай жерден қоныс іздеуге жіберіп, елге жайлы, малға қолайлы жер іздейтін кезі. Өтеген батыр мен Райымбек батыр екеуі жауға бірге шапқан замандас кісілер екен. Райымбек бірде Өтегенге : «өлгенде сен су астында қаласың» деген екен. Әулиенің сол айтқаны дәл келіп, 1973 жылы Қапшағай су қоймасы салынғанда, Өтеген батырдың бейіті су астында қалатын болады. Бірақ батырдың ұрпақтары бұдан ертерек хабарлап, қам жасап, батыр бабаларының сүйегін алып, Өтеген ауылына әкеп қайта жерлейді. Батырдың кезінде өзі тұтынған біраз мүлкі сақталған. Солардың бірі – Абылай ханның жез тегенесі. Оны Абылай хан Өтегенге кезінде өзі сыйлаған екен.