7-сабақ
1. Сабақтың тақырыбы: Оқу залында. «И» мен «У» және «Ы» мен «І» әріптерінің жазылуы.
2. Сағат саны: 2 90 (100%)
3. Сабақ түрі: тәжірибелік
4. Сабақтың мақсаты:
• оқыту: «И» мен «У» және «Ы» мен «І» әріптерінің жазылуы, айтылуын талдау.
• тәрбиелік: Студенттерді жинақтыққа, ұқыптылыққа баулу. Топпен жұмыс істеуге тәрбиелеу. Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, тәрбие беру. Өз міндеттерін білуге, адамгершілікке тәрбиелеу.
• дамыту: Қабылдауы мен ойлау қабілеттерін зерттей отырып, ой қорытқызу және жаңа ұғымды өзі іздеп табуға бағыттау, ой-өрісі мен дүниетанымын дамыту, өз ойын еркін айта білуге қалыптастыру.
5. Оқыту әдісі: шағын топпен жұмыс
6. Материалды – техникалық жабдықталуы:
а) техникалық құралдар: мультимедиялық жабдықтар
ә) көрнекі және дидактикалық құралдар: өзіндік жұмыстарға арналған кеспелер, тест тапсырмалары
б) оқыту орны: қазақ тілі дәрісханасы
7. Әдебиеттер:
1. Негізгі (н)
1. Құрманбаева Ш. Қазақ тілі: денсаулық сақтау саласына арналған оқу-әдістемелік кешені. Алматы: Қазығұрт, 2010ж.
2. Ш. Бектуров, Қазақ тілі: жоғары оқу орындарына түсушілерге арналған оқулық. –Алматы: Білім, 1994.
3. Н. Оразақынов, Н. Әміреев, Н. Сапақов. Қазақ тілі сөз мәдениеті- Алматы: Мектеп 2006
4. Ж. Адамбаева, Ф. Оразбаева, Қ. Оңалбаева. Қазақ тілі- Алмаы: Мектеп, 2006
5. Б. Құлмағанбетова, У. Туребекова, Г. Ибраева. Қазақ тілі – Алматы: Мектеп, 2007
6. Бектұров Ш. Қазақ тілі: ана тілі деңгейінде үйрету құралы. Алматы, Әділет ЖҚМ, 2002
7. Қараев М.Ә. Қазақ тілі: (Фонетика, лексикология, морфология, синтаксис) Алматы, Ана тілі, 1993
2. Қосымша (қ)
1. Қазақ тілі пәні бойынша практикалық сабақтардың 1-курс студенттеріну арналған әдістемелік нұсқаулар жинағы. Шымкент, 2002
2. Н. Беріков. Қазақ тілі сабақтары – Ақтөбе: Ана тілі, 1994
4. Г. Байжанова, А. Маймақова. Іс жүргізу – Астана: Фолиант, 2007
5. В.И. Сакала, Б.В. Сакала, Н.В. Сакала. Қазастан Республикасында іс қағаздарын жүргізу – Алматы: LEM, 2006
6. С. Кенжахметұлы. Жеті қазына – Алматы: Ана тілі, 1997
7. К. Сариева. Қазақ тілі және ел тану – Алматы: Lebiz, 1997
8. А. Нысаналин. Қазақтың мақал-мәтелдері – Алматы: Мектеп, 2004
9. С. Қалиева, М. Оразаев, М. Смайылова. Қазақ халқының салт-дәстүрлері-Алматы: Рауан, 2002
11. Е. Елубаев. Жүз жұмбақ, жүз жаңылтпаш – Алматы: Мектеп, 1999
12. Ә. Хазимова. Іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу – Алматы, 2004
13. Л. Дүйсебекова. Қазақ ресми іс қағаздары – Алматы. Ана тілі, 2005
14. Н. Оралбаева, Ғ. Мадина, А. Әбілқаев. Қазақ тілі – Алматы: қазақ университеті, 1998
15. К.О. Өмірбаева. Қазақ тілін көпдеңгейлік оқыту – Ақтөбе, 2005
8. Ұйымдастыру кезеңі: 5 мин (6% )
• Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру.
• Оқытушылардың сабаққа дайындығын тексеру.
• Сабақтың мақсаты мен міндеті.
9. Оқушылардың өтілген тақырып бойынша білімін тексеру. 14 мин (15 %)
1. Дыбыстардың құрамы.
2. Үндестік заңы дегеніміз не?
3. Қандай түрлері бар?
4. Қазақ тілінде екпіннің ерекшелігі.
10. Жаңа сабақты түсіндіру: 27 мин (30%)
У әріпінің емлесі
1. У әрпі жалаң дауысты у дыбысының қосарлы ыу, ұу, іу, үу дыбыстарының таңбасы ретінде қолданылады.
а) у әрпі орыс тілінен енген сөздерде жалаң у дыбысын (даусты) таңбалайды: руль, журнал, градус, училище, институт т.б.
ә) Бұл әріп қазақтың байырғы сөздерінде қосарлы ыу, іу, ұу, үу дыбыстарын таңбалайды: тасу (тасыу), кему (кеміу), су (сұу), жу (жұу) т.б.
2. У әрпі жуан дыбысты да (мысалы: бу, жу, айту, жазу), жіңішке дыбысты да таңбалайды (келу, теру, түсу, күлу).
Ескерту: а) У әрпі 1) даусты дыбыстан кейін 2) екі дауыстының арасында, 3) сөз басында дауыстыдан бұрын тұрса, үнді дауысссыз дыбысты таңбалайды. Мысалы: 1) дау, дәу, асау, бесеу, алтау, желбау, белбеу; 2) дауыл, дәуір жауап, суат, елеуіш, тіреуіш; 3) уақыт, уәде, уайым т.б. Мұндай жағдайда у дыбысы өз алдына буын жасай алмайды.
б) У әрпі дауыссыздан кейін дауысты дыбысты таңбалайды. Мысалы: бу бару, келу.
3. Бу, ту, қу, жу, сау, жау, ау, суы етістіктеріне тұйық етістіктің у жұрнағы жалғанғанда, олар буу, туу, қуу, жуу, сауу, жауу, суу, ауу түрінде жазылады.
Ы,І әріптерінің емлесі
Ы,І әріптер буын талғамайды. Бұл әріптер сөздің барлық буындарында жазылады. Мысалы: ынта, ілгек, ыстық, істік, дауыл, дәуір, орындық, өндіріс, жапырақ, жалынышты, өткірлік т.б.
Кейбір сөздерге қосымша жалғанғанда, олардың түбіріндегі ы,і әріптері түсіп қалады.
1. Халық, орын, мұрын, әріп, ерік, ерін, бөрік деген сөздерге тәуелдік жалғауы, жалғанғанда, соңғы буындағы ы, і, әріптері түсіріліп жазылады. Мысалы : халық+ы – халқы, орын +ы – орны, мұрын + ы –мұрны, әріп + і — әрпі, ерік + і – еркі, ерін + і – ерні, бөрік + і – бөркі.
Ескерту. Адамның құлқы, даланың, көркі дегендерге түсірілгенмен, құлақтың құлығы, ұстаның көрігі дегендерде құлық, көрік сөздері тәуелденсе де, түбірдегі ы (і) әрпі түсірілмейді.
2. Ойын, орын жиын, қиын деген сөздерге етістік тудыратын а жұрнағы жалғанғанда, түбірдегі ы әрпі түсіп қалады. Мысалы: ойын + а – ойна, орын + а – орна, жиын + а- жина, қиын + а – қина.
3. Сан есімдердің ішінен алты, екі, жеті, сан есімдерінен ау, (еу) жұрнағы жалғанғанда, соңғы ы (і) түсіріліп жазылады. Мысалы: алты +ау-алтау, екі + еу – екеу, жеті + еу – жетеу.
4. Ы (і) әрпіне біткен етістіктерге у жұрнағы жалғанғанда, сөз соңындағы ы (і) әрпі түсіріліп жазылады. Мысалы: тасы + у – тасу, оқы + у – оқу, қоры + у – қору, торы + у – тору, жоры + у – жору, ірі + у – іру, телі + у – телу, кемі + у – кему т.б.
И әріпінің емлесі
И әрпі жалаң и дыбысының да, қосарлы ый, ій дыбыстарының да таңбасы ретінде қолданыла береді. Мысалы: кино, пионер, бригада деген сөздерде и әрпі жалаң дыбысты (и дыбысын) таңбалайды. Бұл әріп қи, жи, ылди, тасиды, тоқиды деген сөздерде ы+й әріптерінің қосындысының таңбасы ретінде, ал ки, киім, би, билеу, кемиді, іриді деген сөздерде і+й әріптерінің қосындысының таңбасы ретінде қолданылады.
Ескерту: 1. Қосарлы ый әріптері тек сый, тый сөздері мен осы сөздерден жасалаған туынды сөздерде ғана жазылады. Мысалы: сыйлық, сыйлау, сыйымды, тыйым, тыйылу, тыйғызу, тыйдыру.
Қазақ тілінде и әрпі бірде жуан, бірде жіңішке дыбыстың таңбасы ретінде қолданылады. Мысалы: риза, Иса деген сөздердегі и жуан да, ине, икем сөздердегі и-жіңішке.
11. Оқушылардың өз бетінше атқаратын жұмысы: 31 мин (35%)
Оқу залында тақырыбында мәтін құрау. Жаттығу жұмысы.
12. Жаңа тақырыпты бекіту: 9 мин (10%)
Оқушылардың өз бетінше атқарған жұмысындағы тапсырмаларды талқылау.
Жаттығу жұмыстарын орындату.
13. Сабақты қорытындылау: 2 мин (2%)
А) Жеке кеспе қағаздардағы тапсырмаларды орындау;
Б) Жаттығу жұмыстарын орындау
14. Үйге тапсырма беру: 2 мин (2%)
«И» мен «У» және «Ы» мен «І» әріптерінің жазылуын оқып мысалдар келтіріп келу.