Білім беру салалары: Қатынас, таным Бөлімі: Қазақ тілі.
Тақырыбы: Алақай, жаз келді!
Мақсаты: жаз мезгілінің ерекшелігін қазақша айтуға үйрету.
Білімділік міндеті: жаз айларын қазақша айта білу, қазақ тіліндегі сөздер мен сөйлемдерді түсініп және күнделікті өмірде қолдана білуге үйрету. Педагогтің көрсеткен үлгісі бойынша шағын мәтін құрастыра білу дағдыларын жетілдіру, сөздік қорларын жаңа сөздермен толықтыру.
Дамытушылық міндеті: сұрақтарға саналы түрде жауап беру дағдыларын дамыту. Қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру.
Тәрбиелік міндеті: табиғатты сүюге, аялауға тәрбиелеу.
Күтілетін нәтижелер:
Жасайды: жыл мезгілдеріне байланысты сөздерді айтады, мәтінді қайталайды.
Түсінеді: жыл төрт мерзімге бөлінетінін, әр маусымның өз ерекшелігі, қызығы, сұлулығы барын түсінеді.
Қолданады: білетін сөздерін қолданып сөйлемдер құрайды, сұрақтарға жауап береді.
Қолданылатын көрнекі құралдар: қуыршақтар – Сәуле мен Арман, Ғажайып дөңгелек, жыл мезгілдерінің суреттері, жұмыс дәптері, айна, фишкалар.
Билингвалды компонент: жаз – лето, ыстық – жарко, маусым – июнь, шілде – июль, тамыз – август, кемпірқосақ – радуга.
ҰОҚ барысы
1. Ұйымдастыру кезеңі
Шаттық шеңбер
Арайлап таң атты Алтын сәуле таратты.
Қайырлы таң, алтын күн!
Қайырлы таң, кең далам!
Ғажайып сәт. Қонаққа қуыршақтар – Сәуле мен Арман келеді. – Сәлеметсіздер ме?!
Өткен «Көлік» тақырыпты қайталау. «Көрсет, қайтала» ойыны.
Ойынның шарты: педагог көліктерді атайды, балалар суреттерін көрсетеді, қайталайды. Балалар әр дұрыс жауап үшін фишкадан алады, ойын соңында фишкалар саналып, жеңімпаз анықталады.
2.Негізгі кезең
– Балалар менде «Ғажайып дөңгелек» бар. Дөңгелекте неше түс?
Қандай түстер?
– Ақ, жасыл, сары, қызыл.
Дөңгелекте неге 4 түс, бұл түстер нені білдіреді?
Балалар ойланады, талқылайды.
Педагог қорытындылайды: Төрт түс төрт жыл мезгілі.
Жыл мезгілдерінің суреттерімен жұмыс.
Ақ түсті, жасыл түсті,
Қызыл түсті, сары түсті
Төрт түсті – жер үсті.
Ақ түс қай жыл мезгілі? (Қыс)
Сары түс … (күз)
Жасыл түс – жылдың қай мезгілі? (көктем) Қызыл түс – жаз
Мынау – жаз мезгілі. ( жаз мезгілі суреті).
Педагог шағын мәтін құрастырады. Жазда ыстық. Жазда жасыл ағаштар. Жазда гүлдер көп.
Қызыл, сары, ақ гүлдер. Жазда жидектер піседі: құлпынай, таңқурай, қарақат.
Жаз айлары: маусым, шілде, тамыз. Жазда кемпірқосақ болады.
Балалар мәтінді қайталап естеріне сақтайды.
«Жалғастыр» ойыны. Балалар сөйлемдерді аяқтайды.
Жазда …(ыстық).
Жазда гүл … (көп).
Жазда жидектер… … (піседі).
Жаз айлары … (маусым, шілде, тамыз). Жазда кемпірқосақ… (болады).
Педагог тақпақты оқиды, таныс сөздерді табу ұсынады.
Жайраң жаз
Тауларға да, далаға Келді нұрлы жаз жайраң. Ауылда да қалада Үлкен-кіші мәз-мейрам.
Е.Өтетілеуұлы
Балалар тыңдайды, таныс сөздерді атайды: жаз, таулар, қала, ауыл, үлкен, кіші.
Сергіту сәті:
Жайқалып жапырақ, Құлпырып қызғалдақ. Тұратын көз тартып,
Жаз келді күн шуақ.
Дидактикалық ойын: «Аудармашы». Педагог сөздерді қазақ тілінде атайды, балалар орыс тіліне аударады: жаз – лето, ыстық – жарко, маусым – июнь, шілде – июль, тамыз – август, кемпірқосақ – радуга.
Жұмыс дәптерімен жұмыс.
1. Суретте қай жыл мезгілі бейнеленген? Жазда қандай өзгерістер болады?
2. Бұл қай жыл мезгілінде болады? Ата. Сөйлем құра.
Педагог жеке жұмыс жүргізеді.
3. Рефлексия.
Педагог қорытынды жасайды. Балаларды мадақтайды.
– Сендерге не қызықты болды? Жұмыс дәптеріне өздеріңнің игерген білімдеріңнің дәрежесін, үлгерімдеріңді смайл арқылы белгілейсіңдер. Қуыршақтар балалармен қоштасады.