№ 55
Білім беру салалары: Қатынас, әлеумет Бөлімі: Қазақ тілі.
Тақырыбы: Армысың, әз Наурыз!
Мақсаты: ұлттық мерекеге байланысты сөздерді қазақша айту және оларды түсіну дағдыларын қалыптастыру.
Білімділік міндеті: қазақ тіліндегі сөздер мен сөйлемдерді түсініп және күнделікті өмірде қолдана білуге үйрету.
Дамытушылық міндеті: сөздік қорларын жаңа сөздермен толықтыру, өткенді еске түсіру. Сөздерді сөйлемдерге байланыстырып құрауды дағдыландыру. Қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру.
Тәрбиелік міндеті: ұлттық салт-дәстүрлерге құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Күтілетін нәтижелер:
Жасайды: жаңа сөздерді қайталайды, сөйлемдерді түсінеді.
Түсінеді: Наурыз мерекесі халықтық үлкен мереке екенін түсінеді.
Қолданады: мерекелік құттықтау сөздерді қолданады, сұрақтарға жауап береді. Қолданылатын көрнекі құралдар: қуыршақтар – Сәуле мен Арман, демонстрациялық суреттер, «Құтты болсын, әз Наурыз» әні, жұмыс дәптері, фишкалар.
Билингвалды компонент: Наурыз мерекесі – праздник Наурыз, наурызкөже – наурызкоже, Наурыз құтты болсын! – С праздником Наурыз!, алтыбақан – алтыбакан (качели).
ҰОҚ барысы
1. Ұйымдастыру кезеңі
Шаттық шеңбер
Қол ұстасып, кәне, біз Достасайық бәріміз.
Қандай жақсы бір тұрып,
Достарменен бір жүру
1. Қазір жылдың қай мезгілі?
2. Қай ай?
Ғажайып сәт. Қонаққа қуыршақтар – Сәуле мен Арман келеді. – Сәлеметсіздер ме?!
Қима материалмен жұмыс. Өткен «Көктем келді, құс келді» тақырыбын суреттер бойынша қайталау. Педагог суреттерді көрсетеді, балалар атайды.
Балалар әр дұрыс жауап үшін фишкадан алады, соңында фишкалар саналып, жеңімпаз анықталады.
2.Негізгі кезең
Электронды қазақ үйінен «Құтты болсын, әз Наурыз» әнін тыңдату.
– Бұл ән қандай, көңілді ме? Не туралы?
– Көктемде Наурыз мерекесі болады. Бұл мерекені достарымызбен бірге тойлаймыз.
Наурыз мерекесі және оған дайындық туралы қысқаша түсінік беру.
«Наурыз – жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Жаңа күн, жаңа жыл.
Құттықтау:
Наурыз құтты болсын!
Ұлыс оң болсын!
Құттықтау сөздерін балалар қайталап естеріне сақтайды.
Наурыз мерекесі – Қазақстанның халқы үшін ерекше мереке.
Демонстрациялық материалмен жұмыс.
Мерекеде ән айтып, тақпақ оқиды, ойын ойнайды.
– Мынау кім? Мынау – ата.
– Мынау не?
– Мынау – домбыра.
– Ата домбыра ойнап отыр.
– Ата не істеп отыр?
– Ата домбыра ойнап отыр. – Мынау – алтыбақан.
Мынау не?
– Мынау – алтыбақан. Балалар алтыбақан тебеді.
– Балалар не істейді?
– Балалар алтыбақан тебеді. Адамдар ұлттық киім киеді.
– Қандай қазақ ұлттық киімдерін білесіңдер?
Балалар таныс ұлттық киімдерді атайды.
– Адамдардың көңіл күйлері жақсы.
– Адамдардың көңіл күйлері қандай?
– Адамдардың көңіл күйлері жақсы.
Балалар сұрақтарға жауап беру барысында өткен тақырыптарды естеріне түсіреді. Жаңа сөздерді жеке, хормен қайталап отырады.
Сергіту сәті: Ән: «Дастарқан». Ей, халайық, халайық, Бар өнерге салайық. Ас ұсынып, бас тартқан, Жаюлы тұр дастарқан.
Дастарқан-ау, дастарқан,
Берекелі дастарқан, Мерекелі дастарқан
О-о-о!
– Наурыз мерекесінде ұлттық тағамдар дайындалады. Наурыз мерекесінің басты тағамы – наурызкөже. (Түсінік беру).
– Әжей наурызкөже пісіреді.
– Наурызкөжені кім пісіреді?
– Әжей наурызкөже пісіреді.
Қандай ұлттық тағам білесіңдер? Педагог балаларға суреттерді таратады. Балалар таныс тағамдарды атайды, суреттерін көрсетеді: бауырсақ, қымыз, шұбат, кұрт.
Жұмыс дәптерімен жұмыс.
1.Суретте не болып жатыр? Қандай мереке бейнеленген? Әңгіме құра.
2.Кім не істейді? Сәйкестендір. Сөйлем құра. – Әжей не істеді?
– Әжей наурызкөже пісірді.
Педагог жеке жұмыс жүргізеді.
Ұлттық ойын: «Сақина». Ойынды бастайтын баланы санамақ арқылы анықтайды.
Санамақ айту.
Бір, екі –
Жердің беті. Сары шымшық, Тез ұшып шық.
Балалар шеңбер болып қатарға отырады. Алақандарын бір-біріне қысып, қолдарын алдында, тізе үстінде ұстайды. Ойын бастаушының қолында сақина болады. Ол өз алақандарымен сақинаны балалардың алақандарын ашып салған сияқты боп, біреуінің алақанына салу керек.
Бәрін аралап өткен соң ортаға келіп: «Бір, екі, үш – сақинам ұш!» – дейді. Сонда қолында сақинасы бар бала тұру керек. Оң жақта отырған көршінің тапсырмасы оны ұстау керек. Егер сақинаға ие болып жүрген ойнаушыны көршісі ұстай алмаса, онда көршісін жазалайды, ал егер сақина бар бала тұра алмаса, онда оның өзін жазалайды. Жаза әртүрлі болуы мүмкін: жеңімпазды арқасына отырғызып жүріп келу, бір аяқпен секіру, билеу, ән айту және т.б.
Жазаланған тапсырманы жасағаннан кейін жүргізуші болады және ойын жалғаса береді.
3. Рефлексия.
Педагог қорытынды жасайды. Балаларды мадақтау.
– Сабақта қандай тапсырма ұнады? Жұмыс дәптеріне өздеріңнің игерген білімдеріңнің дәрежесін, үлгерімдеріңді смайл арқылы белгілейсіңдер. Қуыршақтар балалармен қоштасады.