Білім беру салалары: Қатынас, таным
Бөлімі: Қазақ тілі
Тақырыбы: Үй жануарлары.
Мақсаты: үй жануарлары мен олардың төлдерінің атауларын қазақша айтқызып үйрету. Білімділік міндеті: сөздік қорларын жаңа сөздермен толықтыру, үй жануарлары мен төлдерін топтай алуға жаттықтыру, мәтінді мұқият тыңдап, оның ішінен таныс сөздерді таба білуге жаттықтыру. Қазақ тіліндегі сөздер мен сөйлемдерді түсініп және күнделікті өмірде қолдана білуге үйрету.
Дамытушылық міндеті: ойлау қабілеттерін дамыту, сөздегі қазақ тіліне тән «ұ» дыбысын дұрыс айтуға дағдыландыру. Артикуляциялық аппаратты, тыныс алуды және таза дикцияны дамыту.
Тәрбиелік міндеті: үй жануарларына қамқор болуға тәрбиелеу.
Күтілетін нәтижелер:
Жасайды: үй жануарлары мен төлдерін атайды, үй жануарлары мен төлдерін топтай алады, «ұ» дыбысын дұрыс айтып жаттығады.
Түсінеді: жануарларды қалай шақыруға болатынын түсінеді.
Қолданады: зейін қойып тыңдайды, таныс сөздерді мәтіннен таба алады.
Қолданылатын көрнекі құралдар: қуыршақтар – Сәуле мен Арман, демонстрациялық материалдар, ойыншықтар, үнтаспа, жұмыс дәптері, айна.
Билингвалды компонент: қошақан – ягненок, лақ – козленок, құлын – жеребенок, бұзау – теленок, бота – верблюжонок.
ҰОҚ барысы
1. Ұйымдастыру кезеңі
Шаттық шеңбер
Арайлап таң атты Алтын сәуле таратты.
Қайырлы таң, алтын күн!
Қайырлы таң, кең далам!
Ғажайып сәт. Қонаққа қуыршақтар – Сәуле мен Арман келеді. – Сәлеметсіздер ме?!
Өткен «Нан қайдан келеді?» тақырыпты қайталау.
Иллюстрациялар бойынша «Нан қайдан шығады?» (М. Етекбаев) ертегісін еске алу.
Наубайшы не істейді?
– Наубайшы нан пісіреді.
– Диірменші не істейді?
– Диірменші бидайдан ұн жасайды.
– Егінші не істейді? – Егінші егін егеді.
2.Негізгі кезең
Үнтаспадан жануарлардың дауыстары естіледі.
– Балалар бұл ненің даусы?
Мәтін оқу. «Адам жылқы, түйе, сиыр, қой, ешкі, ит, мысықты күтіп-баптап өсіреді. Сол үшін үй жануарлары деп аталады. Үй жануарлары адамға көп пайда келтіреді. Жылқы – көлік, оны арба мен шанаға жегеді. Жылқының сүтін ашытып, қымыз жасайды. Қымыз – сусын. Сиыр, қой, түйе, ешкінің сүті мен еті – тамақ. Қой, түйе, ешкі жүнінен киім және тағы да басқа тұрмыстық заттар жасалады».
– Мәтінде қандай таныс сөздер бар?
– Қой, түйе, сиыр, ешкі, жылқы.
– Үй жануарларының пайдасы қандай?
– Үй жануарларының еті мен сүті бізге тамақ болады. Жүнінен киім т.б. заттар жасалады.
– Адамдар үй жануарларын қалай күтеді?
– Адамдар қойға, түйеге, сиырға, ешкіге, жылқыға шөп, су береді.
Жаңа сөздермен танысу.
– Үй жануарларының төлдері бар.
Демонстрациялық материалдар және қима материалмен жұмыс.
– Мынау – құлын. Мынау не?
– Мынау – құлын.
– Құлын кішкентай. – Құлын қандай?
– Құлын кішкентай.
– Мынау – бұзау. Мынау не?
– Мынау – бұзау.
– Бұзау кішкентай. – Бұзау қандай?
– Бұзау кішкентай.
– Мынау – қошақан. Мынау не?
– Мынау – қошақан.
– Қошақан кішкентай. – Қошақан қандай?
– Қошақан кішкентай.
– Мынау – бота. Мынау не?
– Мынау – бота.
– Мынау – лақ. Мынау не?
– Мынау – лақ.
– Лақ кішкентай. – Лақ қандай?
– Лақ кішкентай.
Балалар жаңа сөздерді қайталайды.
Педагог сөздерде ұ дыбысының дұрыс айтылуына назар аударады. Дыбыстық жаттығу (айнамен орындалады).
Ұ-ұ-ұ-ұ- құлын-құлын – құлын
Ұ-ұ-ұ-ұ – бұзау – бұзау — бұзау
Сергіту сәті
Қошақаны қойдың, Қайда қалып қойдың? Бұлтиып тұр бүйірің
Қай өрістен тойдың?
Үй жануарларын қалай шақыратыны туралы айтылады, балалар айтып жаттығады.
Қойды «пұшайт-пұшайт», – деп шақырады.
Жылқы – құрау-құрау
Сиыр – аухау-аухау
Ешкі – шөре-шөре
Түйе – көс-көс
Дидактикалық ойын: «Нені шақырдым?» педагог үй жануарларын шақырады, балалар оны атап, ойыншықтарды көрсетеді.
Жұмыс дәптермен жұмыс.
1. Суретке қара. Аулада не бар? Енесі мен төлдерін жұптастыр.
2.Суретке қара. Ата. Атауында «Ұ» дыбысы бар төлдердің суреттерін қызыл қарындашпен қорша.
Педагог жеке жұмыс жүргізеді.
Доппен ойын: «Мен 5 үй жануарын білемін». Ойынның мақсаты: сөздерді бекіту, ойлауға дағдыландыру. Шарты: допты жерге ұрған сайын бір сөз айтады.
3. Рефлексия.
Педагог қорытындылайды. Балаларды мадақтайды. Сабақта не ұнады? Не қызықты болды? Жұмыс дәптеріне өздеріңнің игерген білімдеріңнің дәрежесін, үлгерімдеріңді смайл арқылы белгілейсіңдер. Қуыршақтар балалармен қоштасады.