1949 жылы Қытай ұлт-азаттық армиясы шабуылға шығып, Пекинді азат етті. 1949 жылы 1 қазанда Пекинде Қытай Халық Республикасы (КХР) жарияланды. КСРО оны бірінші болып мойындады.
1958 жылы Мао Цзеэун «Үлкен секіріс» бағытын жариялады. «Үлкен секіріс» шеңберінде 1958 жылдың соңында «болат үшін шайқас» өткізілді. Бүкіл елде 90 млн-нан астам адам майдагерлік тәсілмен шағын домна пештерін салып, үкімет алға қойған міндетті – болат құюды екі есе арттыру міндетін шешпек болды.
1960 жылдың ортасында Қытайда «мәдени революция» басталды. Қытай коммунистік партиясының белсенді мүшелерін «буржуазия ықпалына шалдықты» деп кінәлап, оларды жазалауға кірісті.
1965 жылы Мао Цзэдун үкімет, партия, ғылым мен мәдениет саласына буржуазия мен контрреволюциялық ревизионистердің көптеген өкілдері кіріп алды деп мәлімдеді. Тек пролетарлық мәдени революцияны бастағанда ғана «капиталистік жолмен келе жатқан адамдар» басып алған өкіметті қайтадан өз қолымызға алуға болады деді.
Сөйтіп, «мәдени революция» Мао Цзедунның саясатымен келіспейтіндердің бәрін елдің басшылығынан аластап, елде «казармалық коммунизм» мен социализмді жеделдете құру көзделді.
1976 жылы 9 қыркүйекте Мао Цзэдун қайтыс болып, саяси билік үшін күрес шиеленісе түсті. Мао Цзэдун дүниеден өткеннен кейін партия мен мемлекет басшылығында, Дэн Сяопин бастаған Қытайдың жаңалау тобы басымырақ дауысқа ие болды. Кең түрдегі экономикалық реформаларды іске асыру шешімі ресми түрде 1978 жылы желтоқсан айында жарияланды.
1945 жылы тамызда 38-параллельдің солтүстігіндегі Кореяны Кеңес Армиясы азат етті. АҚШ әскерлері 1945 жылы қыркүйекте Кореяның оңтүстігіне барып түсті. 38-параллель Корей түбегі аумағында жапон қарулы күштерін тұтқындап, қарусыздандыру үшін келген кеңес және американ әскерлері арасындағы шекараға айналды.
Өздерін бірден-бір заңды және Кореяның бүкіл аумағына иелік етушіміз деп жариялаған екі Корей мемлекетінің пайда болғаны олардың арасында текетірес туғызды. 1950 жылы 25 маусымда КХДР бірінші болып ұрыс қимылдарын бастап, Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулді басып алды да, оңтүстікке қарай ж.жыды. АҚШ КР-ға басқыншылық жасады деп КХДР-ді айыптады. 1950 жылы қыркүйекте АҚШ Кореяға ірі десант түсіріп, жағдайды өзгертті де, Солтүстік Кореяның бүкіл дерлік аумағын басып алды, сөйтіп Корей-Қытай шекарасынан келіп шықты. Бұл жағдай соғысқа Қытайдың араласуына себепші болды. КСРО КХДР-ге көмек көрсетті. Одан кейінгі ұрыс-қимылдары бұл соғыста жеңіске жетуге болмайтындығына екі елдің көзін жеткізді. 1953 жылы 27 шілдеде Кореядағы бітім туралы келісім жасалды.
1960-1980 жж. Ким Ир Сеннің басшылығымен Солтүстік Корея қоғамы «Чучхе» идеясын жүзеге асыра бастады. «Чучхе» идеясының мазмұны мынадай мәселелерді қамтыды: сыртқы саясаттағы тәуелсіздік, экономика саласында тек өз күшііне сену, елді қорғауға өз әскеріне сену.
60 жж. КХДР-де КСРО-ның көмегімен бейбіт бағыттағы атом өнеркәсібінде өндірістік қуаттар салу жөніндегі бағдарлама өрістетілген болатын. Ядролық орталықтың құрылысы басталды. 1985 жылы КХДР ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа қол қойды.
Бірақ АҚШ-та өкімет басына 2000 жылы Дж.Буш (кіші) келгеннен кейін, ол Солтүстік Кореяны Иракпен және Иранмен бірге «Зұлымдық шеңберіне» қосатынын мәлімдеді.
КХДР өзінің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және энергетикалық мәселені шешу мақсатымен өзінің ядролық бағдарламасына байланысты жұмысты қайтадан бастады. 2003 жылы қаңтарда ол ядролық қаруды таратпау туралы Шарттан шықты.
2006 жылы 9 қазанда КХДР-де бірінші рет ядролық қару ойдағыдай сыналды, бұның өзі дамыған ғарыштық технологиялары бар мемлекет – Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы төңірегінде жаңа жағдай тууына әкеліп соқты.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Британиялық Үндістанда ұлт-азаттық күресінің күшті өріс алғаны ағылшын өкімет орындарын Үндістанға тәуелсіздік беруге мәжбүр етті.
1947 жылы 15 тамызда Британ парламенті Үндістанның тәуелсіздігі туралы Заң қабылдады. Бұрынғы отар Үндістанның аумағында дербес екі мемлекет – Үндістан Одағы мен Пәкістан құрылды. Британдық Үндістанның бөлінуіне негіз етіп, діни принцип алынды. Үндістан одағында халықтың көпшілігі үндістер еді, көбінесе мұсылмандар мекендеген аумақтар Пәкістанға өтті. Адамдар өздерінің діні жарияланған мемлекетте мекендеу үшін өздерінің үйлерін, мүліктерін тастап көше бастады. Мұндай амалсыз көшу салдарынан 700 мың адам қаза тапты.
1950 жылы Үндістанда конституция қабылданды. Соған сәйкес Үндістанда атқарушы билікті президент пен үкімет жүзеге асырады. 1950жылы үкіметті Дж.Неру басқарды.
1960 жылы Үндістанда жаңғыртудың екінші кезеңі жүргізілді. Жер иеленудің ең көп мөлшері шектелді. «Жасыл революцияның» жүргізілгені аграрлық өніммен өздерін өздері қамтамасыз ету жағдайына көшуге мүмкіндік берді.
Үндістан блоктарға қосылмау қозғалысының негізін қалаушылар мен жетекшілерінің бірі болды.
Дж.Неру 1964 жылы қайтыс болуы ҮҰК-гі түрлі топтардың жандануын туғызды. ҮҰК-нің жағдайын нығайтуға тырысқан Дж.Нерудің қызы Индира Ганди 1966 жылы үкіметті басқарып, реформалар жүргізуге кірісті.
Елде ҮҰК-мен бәсекелесе алатындай саяси күштердің қалыптасуы үшін отыз ж.дай уақыт керек болды. 70 жж. ортасында саяси күрес шиеленісті. Оппозициялық күштер арандатып тәртіпсіздіктер туғызды, бұл елде төтенше жағдай енгізуге мәжбүр етті. Мұндай жағдайда бірқатар саяси партиялар «Джаната фронт» деген оппозициялық блок құрып, ол 1977 жылы сайлауда жеңіске жетті. ҮҰК тәуелсіздік жылдары ішінде бірінші рет жеңіліске ұшырады.
Оппозициялық блоктың 1977 жылы сайлаудағы жеңісі ҮҰК-нің бір өзі билік басында болуының соңы болған еді. Елде көппартиялық саяси жүйе беки бастады.
Үндістан мен Пәкістан қатынастары оңай қалыптасқан жоқ. Екі мемлекет құрылғаннан кейін Кашмир княздігі үшін жанжал туды. Ол жер үшін үш Үнді-Пәкістан соғысы болды. Үндістан мен Пәкістан 1998 жылы ядролық қаруды ойдағыдай сынағанда, Кашмир мәселесін күшпен шешудің жолы өте қауіпті және пайдалануға мүмкін бола қоймайтындай болып көрінді.
1956 жылы қабылданған конституция Пәкістанды екі провинциядан –Батыс Пәкістан мен Шығыс Пәкістаннан тұратын федеративтік парламенттік республика деп жариялады. Мемлекеттің басшысы президент, оны 5 жылға сайлайды. Атқару билігін министрлер кабинеті жүргізеді.
Ауғаныстан – Пәкістан шекарасы түйіскен таулы-қыраттты өңірлер. Бұл аймақтарды «тайпалар мекені» деп атайды.
1962 жылы екінші констиутуция қабылданды, оған сай Пәкістан Президенттік Республикаға айналды. Президент ерекше заң шығаратын және атқарушы өкілдіктерге ие болды. 1965 жылы әскери басқарудың бұрынғы басшысы Аюб-хан Пәкістанның президенті болды. Билік жүргізуші партия – Мұсылмандық лига парламентте көпшілік орынға ие болып, үкіметті құрды. Мұсылман лигасына оппозициялық партиялар қарсы тұрды. Пәкістаннан Шығыс бөлікті бөлу үшін күрескен Халықтық Лига және Зульфи-кар Бхутто бастаған Пәкістан халық партиясы болды.
1971 жылы 26 наурызда Шығыс Бенгальдықтар жаңа егеменді мемлекет – Бангладеш Халық Республикасының құрылғанын жариялады. Бангладештің тәуелсіздігі жолындағы қарулы күрес басталды, ол 1971 жылы 16 желтоқсанда Пәкістанның тізе бүгуімен аяқталды. Пәкістан өз аумағынан едәуір бөлігінен айырылды. 1971 жылы үкімет билігіне З.Бхутто келді.
1973 жылы жаңа конституция қабылданды. Оған сай Пәкістан қайтадан парламенттік республика болып жарияланды. Ислам мемлекеттік дін деп жарияланды, бұл елдің жаңа атауында Пәкістан Ислам Республикасы деп аталуында өзінің бейнесін тапты.
Соғыстан кейін Иран конституциялық монархия түрінде қалып отырса да, онда іс-жүзінде шахтың авторитарлық режимі орнады.
1962 жылы Иранда реформа басталды. Шаһтың өзі бұл жаңалықтарды «Ақ революция» деп сипаттады.
1962-1974 жж. аралығында жүзеге асырылып, ел экономикасын жаңғыртуды мақсат еткен реформалар елді индустрияландыру, жер мәселесін реттеу, оқу-ағарту және денсаулық сақтау салаларын жаңартуды көздеді. 1963 жылы иран әйелдеріне сайлау құқығы берілді.
1979 жылы ақпанда Иран революциясы жеңіп, шаһ билігі жойылды. Иран Ислам Республикасы жарияланды. 1979 жылы конституцияға сәйкес, елбасы – мұсылмандардың діни басшысы аятолла Хомейни болды.
50- жж. Иракта өмір сүрген әскери монархиялық режим терең дағдарыс жағдайында еді. Оған іс жүзінде қоғамның барлық топтары наразы болатын. 1957 жылы бірқатар саяси партияларды біріктіру негізінде ұлттық бірлік Майданы құрылды. 1958 жылы Иракта революция болды. Армия халықтың қолдауымен монархияны құлатып, елде республика жарияланды.
80-жылдардың басында Ирак шекара мәселесін қозғап, оны соғыс арқылы шешпек болды. Иран-Ирак соғысы 8 жылға (1980-1988) созылды. Соғыс әрекеті Иран экономикасының даму қарқынын тежеп, көптеген ауылдар мен қалалар қиратылды.
Ал шындығында соғыстың басталу себебі – Ирактағы сунниттік және Ирандағы шииттік саяси жүйелер мен діни идеологиялардың еш бітімге келмейтін өзара дұшпандығы болған еді. Екі ел бірін-бірі жеңіп шыға алмағандықтан, 1988 жылы атысты тоқтату туралы келісіме қол қойылды.
1990 жылы тамыздың 1-нен 2-не қараған түнде Ирак армиясы Кувейтке басып кірді. Кувейт мұнайына ие болса Ирак мұнайдың дүниежүзілік бағасын реттеуге мүмкіндік алып, Парсы шығанағында өзінің жетекші позицияларын нығайтқан болар еді.
1953 жылы Ауғаныстанның королі Захир-шах өзінің інісі, генерал Мохаммед Дауты үкімет басшылығына тағайындады. 1973 жылы 17 шілдеде мемлекеттік төңкеріс болып, король құлатылды, өкімет басына М.Даут келді. Монархия жойылды, ал ел Ауғаныстан Республикасы деп жарияланды.
1978 жылы 27 сәуірде армия офицерлері Ауғаныстан Халықтық-Демократиялық Партиясының мүшелерімен бірге мемлекеттік төңкеріс жасады. Елдегі өкімет билігі АХДП-ға көшті. Ол осы оқиғаларды «демократиялық революция» деп жариялады. Елдің аты Ауғаныстан Демократиялық Республикасы деп өзгертілді. АХДП-ның бас хатшысы Нұр Мохаммед Тараки бастаған революциялық Кеңес ең жоғарғы өкімет органы болды.
Билік жүргізуші АХДП-ның ішінде бірлік болмады. Онда екі фракция: пуштундардан тұратын «Хальк» фракциясы мен тәжіктерден құралған «Парчам» фракциясы болды. 1979 жылы қыркүйекте Хафизулла Амин басқарған «Хальк» фракциясы қастандық ұйымдастырып, Таракиді өлтірді. Одан кейін бүкіл билік Х.Аминнің қолына шоғырланды.
1979 жылы соңына қарай ислам ұрандарымен үкіметке қарсы оппозиция елдің көп бөлігін бақылады. Мұндай жағдайда Х.Амин КСРО-дан көмек сұрады. 1979 жылы 27 желтоқсанда Ауғаныстанға кеңес әскерлері келді. Кеңес қарулы күштері Кабулда Х.Аминнің сарайын өз қолдарына алды, Х.Амин шабуыл кезінде қаза болды. Үкімет басына Бабрак Кармаль келді, ол ең алдымен тәжік қауымдастығының мүдделерін білдіруші еді. Елде бір партиялық жүйе орнады.
1986 жылы мамырда Б.Кармаль қызметтен кетіп, бұл орынды пуштундардың мүддесін көбірек қолдайтын М.Наджибуллаға табыстады.
М.Наджибулланың міндеті оппозициямен бітімге келу еді. Бірақ оппозияция кеңес әскерлері Ауғаныстаннан әкетілгеннен кейін ғана өкіметпен келіссөз бастайтындығын мәлімдеді.
1988 жылы сәуірде Ауғаныстан мәселесін саяси тұрғыда реттеу жөніндегі келісімге Ауғаныстан, Пәкістан, КСРО және АҚШ қол қойды. 1988 жылы 15 мамырда кеңес әскерлері Ауғаныстаннан әкетіле бастады, ол 1989 жылы 15 ақпанда аяқталды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі алғашқы жылдарында Түркияда мемлекет экономикаға белсене араласу бағытын жүргізе берді, ол этатизм саясаты деп аталды. Экономиканы мемлекеттік реттеу кәсіпкерлік пен жеке бастамалардың өсуін тежеді. 50-жж. экономикалық салада маңызды алға басушылық болды. Бұған Түркияға шетелдік қаржы салымдардың, атап айтқанда «Маршалл жоспары» бойынша американ көмегінің көрсетілуі көмектесті.
Тұрғыт Озал 1983-1989 жж. премьер-министр, 1989-1993 жж. президент қызметінде болып, Туркия Республикасының экономикасын жандандыру шараларын жүзеге асырды. Ол «Түркия моделі» деп аталды. Т.Озал өз саясатын «жаса, өндір, өзгеге сат» деген ұрандармен бастады.
2002 жылы қарашадағы парламент сайлауы елде исламшыл пиғылдардың күшейгенін көрсетті. Онда тәуелсіз Исламдық әділеттілік және даму исламшыл партиясы жеңіске жетті. Партияның жетекшісі Р.Т.Эрдоган 2003 жылы Түркияның премьер-министрі болды. Жаңа парламент түрік қоғамында исламның ықпалын күшейтуге бағытталған заңды бастамалар жасады. Бірақ ол бастамаларды президент А.Н.Сезер қолдамады.
Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін таныған дүние жүзіндегі тұңғыш мемлекет болды.
1947 жылы БҰҰ Палестинаның аумағын үш бөлікке еврей (56%), араб (42%) және бейтарап (2%) бөліктеріне бөлу туралы қарар қабылдады. Бейтарап бөлікке төңірегіндегі мекендермен бірге Иерусалим және Вифлем қалалары енген еді. Бұның үстіне еврей мемлекетінің аумағы араб мемлекетінің аумағынан үлкен болып шықты. Ал Палестинада 1946 жылы 1269 мың араб және 678 мың еврей тұрған еді. Еврей ұйымдары БҰҰ-ның қарарымен келісті. Бірақ араб елдері оны мойындаған жоқ және Палестинада араб мемлекеті құрылуын талап етумен болды.
Израиль мемлекеті жарияланғаннан кейін онымен іргелес араб мемлекеттерінің бәрі бірден-ақ БҰҰ-ның Палестина аумағын бөлу туралы қарарымен келіспей, Израильге соғыс жариялады. Бірінші араб-Израиль соғысы 1948-1949 жж. басталды, онда Израиль жеңіске жетіп қана қойған жоқ, сонымен қатар Иерусалимнің батыс бөлігін және БҰҰ-ның араб мемлекеттеріне арнап бөлген аумақтарының бір бөлігін басып алды. 1 млн-дай палестиналық арабтар көрші елдерден баспана іздеуге мәжбүр болды.
1948 жылы 15 мамырда Палестинаның уақытша еврей үкіметі Израиль мемлекетінің құрылғанын жариялады. 1949 жылы Израиль – парламенттік республика болып, елді президент басқарды. Ең жоғарғы заң шығарушы орган – кнессет, ең жоғарғы атқарушы орган – премьер-министр бастаған өкімет болды.
Екінші араб-израиль соғысы Египеттің Суэц каналын мемлекет меншігіне алуымен және Израиль кемелерінің канал арқылы өтуіне тыйым салуымен байланысты болды.
1956 жылы 30 қазанда Израиль армиясы Египетке шабуыл жасап Синай түбегін және Газа секторын басып алды. Бірақ БҰҰ-ның қарарына сәйкес Египеттегі ұрыс қимылдары 7 қарашада тоқтатылды. Израиль өз әскерлерін Синай түбегінен және Газа секторынан әкетті.
1967 жылы маусымда Израиль шабуылға шығып, Египет аэродромдарын істен шығарып, танкілері Суэц каналына қарай беттеді. 6 күн ішінде араб елдері бірінен соң бірі талқандалды. Египет, Иордания, Сирия әскерсіз қалды. 1 млн-нан астам арабтар тұратын 170 мың шақырым жер жау қолында қалды.
«Алты күндік соғыстан» кейін Палестиналық арабтар мекендеген барлық негізгі аудандар Израильдің билігіне бағынышты болып қалды. Мұндай жағдайда Палестиналық арабтар ұйымдарының басшылары Израильге қарсы жаппай диверсиялық террорлық соғыс бастауға шешім қабылдайды. Оған Палестинаны Азат ету Ұйымы (ПАҰ) басшылық етті, бұл ұйым Палестина біртұтас араб мемлекетін құру жолында палестиналықтарды біріктіру мақсатымен 1963 жылы құрылған болатын.
1987 жылы Израиль басып алған аумақтарда Газа секторында және Иордан өзенінің батыс жағалауында Палестина интифадасы (жаппай көтеріліс) басталды, ол екі жылдай уақытқа созылды.
1993 жылы Израиль мен ПАҰ өзара мойындау келісімін жасасып, Газа мен Иерихон секторында уақытшы палестиналық өзін-өзі басқаруды ұйымдастырудың принциптері туралы декларацияға қол қойды. Сөйтіп, Израиль тарихи Палестина жерінің бөлігін араб-палестиналық әкімшіліктің бақылауына беруге келісті, келешекте құрылып отырған автономияның аумағында тәуелсіз араб мемлекеті жарияланатынын түсінді.