ХVII-ХVIII ғасырлардағы дүниежүзі

«Жаңа тарих» – немесе «жаңа заман» ұғымы ХV ғасырдың соңынан ХХ ғасырдың басына дейінгі кезеңді қамтиды. Жаңа заманның алғашқы жартысы деп аталатын мерзім ХV ғасыр мен ХVIII ғасырдың соңына дейінгі уақытты қамтыса, жаңа заманның соңғы дәуірі ХIХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басына дейінгі уақытты қамтиды.
Жаңа заман – қазіргі өркениет әлемін қалыптастырған дәуір. Бұл дәуірдің ортағасырлық заманнан айырмашылығы өте айқын байқалады. Ортағасырлық аграрлық өркениеттің біртіндеп индустриялық өркениетке ауыса бастағанын көреміз. Аграрлық өркениет мыңдаған жылдар бойы жер шарының әр түпкірінде – Еуропа мен Америкада, Африка мен Азияда өркендеп дамыды. Ал индустриялық өркениет алғаш рет Еуропада дами бастады. Индустриялық өркениеттің отаны деп ХVIII ғасырдағы Англияны санайды.
Бір жағынан, капиталистік тәртіпке негізделген жаңа өндірістік күштердің дамуы, екіншіден, ескі феодалдық өндірістік қатынастар арасындағы қарама-қайшылықтар Англиядағы буржуазиялық революцияның пісіп жетілуінің негізгі себептері болды. Жаңа мемлекеттік жүйенің негізгі құжаты – «Құқықтар туралы билль» айналымға енді. Англия парламенттік монархияға айналды.
Ағылшын революциясы абсолютизмді және көптеген феодалдық тәртіптерді жойды. Англияда капитализмнің дамуына маңызды қадам жасады.
XVIII ғасырдың соңында Англияда аса қуатты интернационалдық идеялық қозғалыс – Ағартушылық пайда болды. Оның негізін салушылардың бірі – философ Джон Локк еді. XVII ғасырда бұл қозғалыс Францияда дамудың шарықтау шегіне жетіп, бірнеше көрнекті ойшылдарды дүниеге келтірді. Ағартушылақ тез арада бүкіл Еуропаға тарады.
Ұлы географиялық ашулар еуропалық отаршылдық саясатты дүниеге әкелді. Шығыс елдері еуропалық қатігез отаршылдар алдында дәрменсіз болып, қарсылық көрсете алмады.
Солтүстік Америкадағы ағылшындардың алғашқы мекені – болашақ отар Виргиния жерінде, 1607 жылы мамырда Джеймстаун форты құрылған еді. АҚШ пен Англия қорытынды келісімшартқа 1783 жылы қыркүйектің 3-де қол қойды. Бұл келісімшартың басты нәтижесі – Америка Құрама Штаттарының тәуелсіз мемлекет ретінде ресми танылуы болды. Испания Флориданы алды, Канада Англияның иелігінде қалды.
АҚШ-тағы 1787 жылғы конституция одақтас немесе федералдық мемлекет құрды, штаттар өзін-өзі басқару құқығы мен жеке конституцияларын сақтап қалды. Заң шығару билігі өкілдер және сенаттан тұратын екі палаталы Конгреске берілді.
1787 жылғы АҚШ конституциясының прогресивті мәні болғанымен, әлі де демократиялық бола алмады. Ол революцияның жеңістерін құл иеленушілер мен ірі буржуазияның мүддесіне бекітті. Қара түстілерді құлдыққа алу заңдастырылды. Сайлау құқын реттей алмады. Әйелдер ешқандай құқықтар иелене алмады.
ХVII ғасырдағы Ағылшын және ғасырдың соңындағы Француз революцияларына қарағанда ХVIII ғасырдағы Америка революциясының (1775-1783жж.) артықшылығы – террордың болмағандығы еді.
1789 жылы басталған Ұлы Француз революциясының басты саяси жетістігі – буржуазия мен халықтың одақтастығы арқасында абсолюттік билікті құлату болды. 1789 жылы 26 тамызда Ұлттық жиналыс «Адам және азамат құқықтарының декларациясын» қабылдады. Декларацияның 17 бабында: халық егемендігі принципі, әрбір адамның заңның алдында теңдігі, сөз, баспасөз және ар-ұждан бостандығы жөнінде жазылды.
Француз революциясының демократиялық құқықтар мен еркіндіктер жариялауы аса зор тарихи маңызға ие болды. Тарихта тұңғыш рет азаматтар жалпыға бірдей сайлау құқығына, жиналыс құқығына, буржуазиялық-демократиялық республика құру құқығына мүмкіншілік алды.
ХVІІІ ғасырдың І ширегінде Ресей экономикасы Батыс елдерінен анағұрлым артта қалды. Ресейде әлі де феодалдық қатынастардың сарқыншақтары сақталды. Батыста бұл кезде капитализм қанат жайып тұрғанда, Ресейде капиталистік өндірістің элементтері енді ғана ене бастады.
1711 жылғы 2 наурыздағы жарлығымен І Петр екі жүз жылдан астам өмір сүрген Боярлық думаны жойып, оның орнына жоғарғы мемлекеттік ұйым – Сенатты құрды. Қолдарында барлық билік – заң шығарушы, атқарушы және соттық өкімет толығымен шоғырландырылған сенаторлар тек патшаның алдында ғана жауапты болды.
Нева жағалауын шведтерден толық азат еткен соң Ресейдің Балтық теңізіне шығуына қол жетті. Енді осы көптен күткен мекенге мығым бекіну керек болды. Осы мақсатпен 1703 жылы кейіннен Ресей империясының жаңа астанасына айналған Санк-Петербург бекініс-қалашығы тұрғызылды.
Солтүстік соғыс нәтижесінде Еуропа державалары Ресейді империя ретінде тануға мәжбүр болды.
XVIII ғасырдың ортасында Үндістанды отарлауға ұмтылған еуропалықтардың ішінде ең белсенділік танытқандары француз компаниясы мен ағылшындық Ост-Үнді компаниялары болды. Бұл екеуінің арасында Үндістан үшін күрес басталды.
Осман империясының мирасқорлары жаулаушылық саясатын жалғастырып, ең алдымен Кіші Азияның едәуір бөлігін бағындырды. Бұдан кейін Балкан түбегін жаулай бастады. 1400 жылы Константинополге шабуыл басталып, одан кейін 1453 жылы Кіші Азиядағы және Балқандағы барлық византиялық аумақтар Түркияның билігіне көшті.
Батыс елдері түріктерді еуропа аумағынан толық қуып шығып, «осман мұрасын» бөлісу мәселесін күн тәртібіне қоя бастады. Бірақ Ресейдің Балкан мен Жерорта теңізінде күшейіп кетуінен қауіптенген Англия мен Франция ІІ Екатеринаның саясатына қарсы шығып, Осман империясының тұтастығын қорғауға мәжбүр болды. Осыдан келіп империядан бөлінген аумақтардың тағдыры еуропалықтардың қолына көшті. Осман империясынан бөлінген аумақтар үшін бәсекелестік күрес «шығыс мәселесі» деген саясатты дүниеге әкелді.
XVII ғасырдың басында Қытайдағы Мин империясы терең дағдарыс кезеңін бастан өткізді. Ішкі қайшылықтың күшеюі, сондай-ақ 15 жыл бойы елдің солтүстігінен манчжур тайпаларының шабуылы мемлекетті әлсіреткен еді. Манчжурлар қытайлықтардың қарсылығын күштеп жаныштап, бүкіл Қытай жерін бағындыруды 1683 жылы ғана аяқтайды. Осылайша Қытайда маньчжурлардың билігі орнайды. Қытай осы уақыттан бастап 1912 жылға дейін Цин империясы деп аталады.
Батыс Моңғолиядағы ойрат тайпаларының жоңғар хандығы циндіктерге қуатты қарсылық көрсетіп, ұзақ уақыт өзінің дербестігін сақтап тұрды. XVIII ғасырда ортасында жоңғар хандығының ішкі дағдарыстарын пайдаланып, Цин әскерлері жоңғар хандығына басқыншылық жасап, 1755-1757 жылдардығы соғыстың нәтижесінде бұл хандықтың жерін де иемденді.
XVI ғасырдың соңында Жапонияда мемлекеттік билік сегундардың қолында болды. Сегундық билік атадан балаға мұра ретінде беріліп отырды. Соңғы сегунат Токугава әулеті өзінің билігі барысында шетелдіктермен байланыс жасауға мәжбүр болды. Жапондықтар әсіресе техника, медицина және ботаника саласындағы білімдерді ерекше бағалады. XVII ғасырдың соңынан бастап Жапонияда «шығыстық король», «батыстық техника» деген принцип қалыптасты, яғни билік құруда шығыстық дәстүр сақталды да, ал экономикада батыстың техникалық жетістігі пайдаланылды.
ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар бойы араб әлемінің дамуындағы негізгі оқиға саяси-әкімшілік саласында болғанын байқаймыз. Түрік феодалдық билігі бір топ араб елдерінде әлсіреп, батыстық капиталистік-отаршылдық жүйенің қолына ауысты.
Шығыс елдері метрополияның аграрлық шикізат көзіне айналды. Бұл елдерде, негізінен, жергілікті шикізатты өңдеуден өткізетін өнеркәсіп салалары дамыды. Отаршылдар Азия мен Африка елдерінің артта қалған, нашар дамыған жағдайын өзгерткісі келмеді, олар халықты қанаудың ең ауыр әдістерін қолданып, саяси бытыраңқылықтарын барынша сақтауға тырысты.
ХVІІ ғасырдың соңы мен ХVІІІ ғасырдың басында қоғамдық санада күрделі өзгерістер болып өтті. Жаратылыстану ғылымдарының дамуы, қоршаған дүниені игерудегі жетістіктер көптеген оқымыстыларды адамның таным мүмкіндіктері туралы көзқарастарын қайта қарауға мәжбүр етті. Нақты және гуманитарлық ғылымдардың көмегімен алынған білім қоғамды жақсартуға қабілетті күш деп жарияланды. Діни көзқарастар теріске шығарыла бастады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *