XII ғасырдың 30 жылдары мен XV ғасырдың аяғына дейін Орыс мемлекеті жаңа тарихи кезеңді басынан өткізді. Бұл кезең тарихта феодалдық бытыраңқылық деп аталады. Юрий Долгорукий (1125-1157) – Владимир-Суздаль кінәзі. Ол көршілеріне шабуыл жасап, кінәздік жерін кеңейтіп отырды. Бүгінгі Ресейдің астанасы Мәскеу қаласын 1147 жылы осы кінәз салдырды. ХII ғасырда ежелгі Орыс мемлекетінің солтүстік-батысында Новгород жерінде тағы бір кінәздік құрылды. Қаланы Волхов өзені екіге бөліп жатты. Орыс мемлекетінің оңтүстік-батысында орналасқан бұл кінәздіктің жер көлемі өте үлкен болды. Новгород қаласының тез өсуіне біріншіден, географиялық жағдайы- орналасқан жерінің өте қолайлы болуы әсер етті. Екіншіден, Балтық теңізінен Қара теңізге баратын сауда жолы осы Новгород арқылы өтті. Днестр жағасында Галич қаласы өте әдемі болған, қыштан сәулетті үйлер, мұнаралар, шіркеулер көп салынған. Галич-Волынь княздігінің күшейген кезі – Ярослав Осмомысль (1153-1187) билік еткен тұс. Бұл кнәздік Византиямен, Еуропа елдерімен қатынас жасап тұрды. XII-XIII ғасыр аралықтарында сауданың өсуі қалалардың көптеп салынуына жол ашты. Олар: Владимир-Суздаль, Переславль-Залесский, Стародуб, Ростов, Галич, Кострома, Тверь, Нижний Новгород, Мәскеу т.б. қалалар болды. 1155 жылы Есугей баһадур отбасында ер бала дүниеге келеді. Есугей баһадур татар тайпасына шабуыл жасап, Темучин атты батырын қолға түсірді. Сол жылы дүниеге келген баласының есімін Темучин деп қояды. 1206 жылы көктемде Онон өзенінің бойында моңғол тайпаларының құрылтай жиыны болып, Темучинді ақ тудың аясында хан деп жариялайды. Осы жиында Темучиннің ата-анасы қойған атын өзгертіп, Шыңғысхан деп атайды. Шыңғысхан Солтүстік Қытайдың билеушісі етіп Мұқалиді қояды. Оған Го Ван деген ең жоғарғы атақ берген. «Го Ван» — ұлы кінәз, қазіргі генералиссимус атағын білдіреді. ХIII ғасырдың басында Моңғол мемлекеті мемлекет басқару үшін ортақ, жазбаша баянды етілген құқықтық нормалар мен заң ережелерін бекітті. Заңдар мен ережелердің жиынтығы Шыңғысханның «Ұлы ясасы» деп аталды. Ясаның талабын орындамаған хан тұқымының мүшелері қатаң жазаланатын болды. Моңғол империясының саяси өмірінде Шыңғыс ұрпақтарының жалпы империялық жиналысы – құрылтай зор роль атқарды. Құрылтай ресми түрде жоғарғы өкімет билігінің жоғары органы болды. Құрылтайда ірі әскери мәселелер шешіліп отырды. Жетісу өңіріне моңғолдар 1211 жылы келіп кіреді. 1216 жылы Жошы бастаған қалың қол керейлерді бағындыру үшін Торғай даласына дейін барады. 1219 жылдың күзінде монғол әскерлері Отырар қаласына келеді. Отырар әмірі Ғайырхан 20 мың әскермен қаланы қорғайды. Алты айға созылған шайқастан кейін Отырар қаласы құлайды. Моңғолдар қала халқын қырып, қаланы жермен-жексен етеді. Отырар қаласы құлағаннан кейін 1220 жылы Шағатай мен Үгедей Бұқара жолында Шыңғысхан әскерлеріне қосылып, Орта Азия қалаларын жаулап ала бастайды. Шыңғысхан Хорезм мемлекетін де жеңіп, өзіне бағындырады. Орта Азияны жаулап алғаннан кейін Шыңғысхан жіберген әскерлер Кавказға аттанады. Солтүстік Ираннан кейін моңғол әскерлері Әзірбайжан жеріне кіреді. Армян-грузин әскерлерін жеңіп, Жебе мен Сүбедей әскерлері Дағыстан арқылы Дербент қаласына келіп, Солтүстік Кавказ жеріне аяқ басты. Осы жерде қыпшақтармен кездеседі. 1223 жылы 31 мамырда Қалқа өзенінің бойында моңғолдарға орыс-қыпшақ әскерлері біршама қарсылық көрсетеді. Орыстардың қыпшақтармен келісе алмауы салдарынан Қалқа өзені бойында монғол-татар әскері жеңіске жетеді. 1225 жылы Шыңғысхан өзінің астанасы Қарақорымға келеді. 1226 жылы Таңғұт патшалығына жорық жасайды. Бұл жорықта ол ірі жеңіске жетіп, Таңғұт патшасын өзіне бағындырады. Жорықтан қайтып келгеннен кейін аң аулап жүргенде аттан құлап, мертігеді. Сол жығылғаннан тұра алмаған Шыңғысхан 1227 жылы 72 жасында дүние салды. Өзінің көзі тірісінде айтып кеткеніндей, баласы Үгедей таққа отырады. 1235 жылы Қарақорымда болған құрылтай жиналысы ендігі шабуылды батысқа қарай бастауға, жаңа жерлерді бағындыруға шешім қабылдайды. Жорықты бастау Жошының баласы Батуға тапсырылады. Көп кешікпей 1236 жылы Батудың Орыс жеріне жорығы басталады. Бату ханның жеті жылдық жорығы 1236-1242 жылдар аралығында болды. 1236 жылдың соңында Бату әскерлері Еділ өзенінің жағасына келіп, Бұлғар елін жаулап алды. Жолында кездескен қалалар мен ауылдарды жаулап алып, 1240 жылы Киев қаласына келіп жетеді. Киев қаласы сегіз күн қарсылық көрсетеді. Күштің тең болмауы, кінәздардың дер кезінде күш біріктіре алмауы Киев кінәздігінің жеңілуіне әкеп соқтырады. Орыс жерін жаулап алған соң, Бату әскерлері Еділ өзенінің төменгі ағысына оралып, осында 1243 жылы Сарай-Бату қаласын салғызады. Алтын Орда мемлекетін құрады. 1240-1480 жылдар аралығында Орыс жеріне моңғол-татар үстемдігі орнайды. Алтын Орда Бату (1227-1255) кезінде жерін кеңейтіп, Ертіс өзенінен Дунай өзеніне дейінгі ұлан-байтақ өңірді қол астына қаратты. Алтын Орда хандығы феодалдық мемлекет еді. Алтын Орда мемлекетінде өмір сүрген халықтардың даму дәрежесі әркелкі болды. Орыс жерінің халықтары Еділ алқабында отырықшы-егінші шаруашылықпен айналысты. Алтын Орданың қол астындағы түрік тектес халықтар көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданды. Алтын Орданың Орыс жеріне әлсірей бастаған үстемдігін қайта қалпына келтіру үшін Мамай Руське 1380 жылы аса көп әскер аттандырады. Мамаймен күресу үшін Мәскеу кінәзі Дмитрий әскер жинап, Дон өзеніне қарай бағыт алады. Дон өзенінен өтіп, Непрядва сағасына, екі өзен аралығындағы Куликова даласына келіп орналасады. 1380 жылы 8 қыркүйекте ертеңгісін шайқас басталады. Халықтың қолдауы, бірлік пен ерлік орыстарға жеңіс әкеледі. Моңғол-татар шапқыншылығы бұл аймақтарда феодалдық қатынастың дамуын тежеді. Моңғол-татар шапқыншылығына қарсы орыстар, сондай-ақ Балтық теңізі жағалауы халықтары күрес жүргізді.