Рим империясының Шығыс аймақтары экономикасының даму деңгейі жағынан варварлар шапқыншылығынан зардап шеккен Батыс аймақтардан әлдеқайда алда болды. Сол себепті император Константин 324 жылы астананы Рим қаласынан Босфор бұғазындағы Византий деген шағын қалаға көшірді. 330 жылы ол қаланың аты Константинополь деп өзгертілді.
395 жылы Рим империясы ресми түрде Батыс және Шығыс болып екіге бөлініп кетті. Константинополь Шығыс Рим империясының астанасы болып қалды. Бұл қаланың бұрыңғы атауымен Шығыс Рим империясы тарихта Византия империясы деп те аталады.
Византия империясы Еуропаға, Азия мен Африкаға дейін созылып жатты. Оның құрамына Балкан түбегі, Кіші Азия, Сирия, Палестина, Египет, Месопотамия мен Арменияның біраз бөлігі, Жерорта теңізінің шығысындағы аралдар мен Қырымдағы, Кавказдағы иеліктер кірді. Латын халқы азшылық болса да VII ғасырға дейін латын тілі мемлекеттік тіл болды. Кейін оны грек тілі ығыстырды.
Константинополь Шығыс пен Батыс арасындағы «алтын көпір» атанды. Бұл қалаға әлемнің түпкір-түпкірінен – Қытайдан, Түрік қағанатынан, Ираннан, Үндістаннан, Батыс Еуропадан, Африкадан келген саудагерлерді кездестіруге болатын. Византияның алтын ақшасы – номисма барлық елдерде ең сенімді ақша болды.
Византия империясы бір адамның шексіз билігіне бағындырылған монархия болды. Барлық өкімет билігі василевстің қолына шоғырланды. Ол өзі жоғарғы сот болды, сыртқы саясатты жүргізді, заңдар шығарды, әскерді басқарды. Оның билігі құдайдың әмірімен берілді деп саналды. Императордың билігін мұрагерлікпен иелену заң жүзінде бекітілмеді. Сондықтан шамасы келген бүлікші жеңіске жетіп, тақты басып алса заңды мемлекет басшысы болып шыға келетін.
Византия империясы күшейген кезі Юстиниан (527-565 жж) билік құрған кез болды. Ол христиан дінін мемлекеттік дін деп жариялады. Империя ынтымағын нығайтқан дін ретінде Константинопольде Әулие София соборын салғызды.
VI ғасырдың аяғынан бастап Византия шіркеуінің ең жоғарғы басшысы Константинополь патриархы болды. Императорлар шіркеулерге жер бөліп беріп отырды, оларды салықтан босатты.
VII ғасырдың 30-жылдарынан бастап Византияға арабтар қауіп төндірді. Арабтар Византияның бай жерлерін – Сирияны, Палестинаны, Жоғарғы Месопотамияны,Египетті тартып алды. Араб әскерлері Константинопольді бірнеше рет қоршап, шабуылдағанымен, оны басып ала алмады. Жергілікті халық арабтарды өздерінің азат етушісі ретінде қарсы алып отырды.
Біздің заманымыздың III ғасырында Арабия түбегінде Лахмид патшалығы өмір сүрді. Лахмид әулетінің билеушілері тұсында бұл патшалық дамыған ірі мемлекетке айналды.
Арабияда өндіргіш күштердің өсуі, феодалдық шаруашылықтың дамуы, мүлік теңсіздігінің тереңдеуі, сондай-ақ жаңа жерлерді жаулап алу ірі мемлекет құруға негіз болды. Арабтарды біріктіру идеясын уағыздау кең етек алды. Ислам идеясын таратушы Мұхаммед пайғамбар (570-632 жж.) Меккеде туып өскен. Ол өзін Алланың жердегі елшісі деп жариялап, арабтарды ислам дініне енуге уағыздады.
Мұхаммед Арабия түбегін түгелдей бағындырып, Ислам мемлекетін құрды. Пайғамбар өлгеннен кейін оның ізбаарларына халиф (пайғамбар ісін жалғастырушы, жолын қуушы деген мағынада) деген атақ берілді. Сөйтіп Араб халифаты деген ірі мемлекетті оның ізбасарлары басқарды.
Үндістаннан Атлант мұхиты жағалауына дейінгі жер Араб халифаты мемлекетіне бағындырылды. Араб халифаты жаулап алған жерлердің бәріне ислам дінін таратты.
Халифат Азия, Африка, Еуропа құрлықтарын қамтыған әлемдік державаға айналды. Бұл құрлықтардағы халықтардың өздеріне тән тарихи, мәдени, діни ерекшеліктері болды. Олар әр түрлі тілде сөйлеп, өз салт-дәстүрлерін ұстанды. Бұл сияқты ала-құлалық түбінде әлемдік державаның күйреуіне әкеліп соғатын. Мұндай тағдырдан Халифатта қашып құтыла алмады. VIII-Х ғасырларда Халифат бірнеше тәуелсіз мемлекеттерге ыдырап кетті. Араб тарихшысы Әл- Масуди «Замана тарихы» атты 30 томдық тарихи-географиялық энциклопедияны жазды. Әлем кеңістігі туралы ілімді туғызды.
V-VI ғасырлар аралығында Орта Азия, Ауғаныстан, Солтүстік-батыс Үндістан және Шығыс Түркістан жерінде эфталит – ақ ғұндар тайпалық бірлестіктері құрылды. Эфталит тайпаларының негізгі иеліктері Шығыс Иран, Тоқарыстан және Шығыс Ауғаныстанда орналасқан. Ақ ғұндар – Орта Азия аумағында мекендеген көшпелі тайпалар.
V ғасырда эфталит тайпалары әскери-саяси жағынан бірігіп, Ауғаныстан аумағында ірі мемлекет құрады.
Эфталиттер жаулап алған елдеріндегі мәдениет ошақтарын қиратпаған. Ақ ғұндардың өзіне тән мәдениеті болды. Қазақ даласындағы көшпелі ғұндардан айырмашылығы, олар парсы тілінде сөйлеген. Эфталиттер жергілікті тайпалармен бірігіп, қазіргі ауған халқының негізін құрады.
Иран мен түріктер арасында эфталит жері үшін соғыс ұзаққа созылды. Түріктер эфталиттер жеріндегі сасанилерге шабуыл жасап, эфталиттер жерінде түрік билігін орнатты.
Ежелгі славян тайпаларының шыққан жері – Еуропа. Грек тарихшысы Птолемей өз еңбектерінде славян тайпаларын венед, ант, славин деп атайды.
Еуропада кең тараған славян тайпаларын үш топқа бөлуге болады.
Батыс славян тайпаларының жерінде қазіргі чех, словян және поляк халықтары қалыптасқан.
Оңтүстік славяндар Балкан түбегіне VI ғасырда Днепр өзенінің бойында барған. Олар Балкан түбегіндегі қазіргі кездегі болгар, серб, хорват, словен, черногор халықтарының арғы атасы болып табылады.
Шығыс славяндар туыстас орыс, украин, белорус халықтарының арғы тегі болып табылады.
Батыс және Оңтүстік славян тайпаларының негізгі шаруашылығы егіншілік болған. Батыс славян тайпаларында өндіргіш күш жедел дамыды. Ол қоғамдық құрылымның дамуына әсер етіп, IХ ғасырда Чехия және Словакия жерінде ежелгі феодалдық мемлекеттің құрылуына әкелді. 833-836 жылдары кінәз Моймир Морав жеріндегі неміс феодалдарын жеңіп, орталық Еуропадда тұңғыш батыс славян мемлекетін құрды. Ол мемлекет Ұлы Морав деп аталды.
Х ғасырда Ұлы Моравия мемлекетінің орнына Чех мемлекеті құрылды. Алғашқы кінәз Пшемыслав тұқымынан шыққан I Болеслав болды.
Польша жерінде IХ ғасырдың орта кезінде полянк тайпаларының ірі кінәздік бірлігі құрылды. Х ғасырда батыста Одер өзеніне дейін, шығыста Батыс буг, Карпат тауынан Балтық теңізіне дейінгі жерде Кіші және Ұлы Польша тайпалары бірігіп, Польша мемлекеті құрылады. Мемлекетті алғашқы Польшаның Ұлы кінәзі Мешко басқарды.
VI-VIII ғасырлар аралығында славяндарда алғашқы қауымдық құрылыс ыдырап, феодалдық таптық қоғам орнады. Шаруашылықта жеке меншіктік қатынастар орнығып, мүлік теңсіздігі күшейе түсті. Сонымен қатар славяндар қоғамында көршілік, қауымдық меншік те дамыған.
VI-IХ ғасырлар аралығында Батыс және Оңтүстік славян тайпаларында таптық қоғам жетіліп, мемлекеттер құрылды.
681 жылы Балкан түбегінде Аспарух хан Болгар мемлекетін құрды. VII ғасырдың басында Еділ бойында түрік тайпаларының Болгар хандығы болған. Аспарух – осы болгар тайпалық одағын басқарған Кубрат ханның баласы. VII ғасырдың ортасында Хазарлардың қысымымен ығысқан болгар тайпаларының бір бөлігі Византияға қарайтын Дунайдың оңтүстік жағалауына өтіп кетеді. Осында Аспарух хан Болгар мемлекетінің негізін қалады.
Славян тайпалары V-VI ғасырларда Шығыс Рим империясына шабуыл жасап, Балкан түбегін жаулап алады. Константинополь қаласы құлап, Шығыс Рим империясы күйрейді. Сөйтіп, славяндар ерте құлдық құрылыстың жойылуына, феодалдық қатынастардың қалыптасып, дамуына өз үлесін қосты.
Шығыс славяндарда Киев мемлекетінің астанасы салынуын Кий деген адамның атымен байланыстырады. Ұлы кінәз Ярослав Мудрый Орыс мемлекетінің нығайып, гүлденуіне негіз қалады. Ол орыс мемлекетінің дамуына жағдай жасады. Монастырьлар жанынан мектептер ашылды. Сәулет өнері дамыды. Киев қаласында алтын қақпалы София соборы салынды. Бұл собор күні бүгінге дейін Киев қаласында тұр.
Ярослав мудрый Еуропа елдерімен туыстық қатынас орнатты. Өзі швед королінің қызына үйленсе, қызы Анна француз короліне күйеуге шықты. Баласы Византия императорының қызына үйленді. Сөйтіп Ярослав Мудрый Еуропа елдерінің көбімен құдандалық қатынаста болды. Бұл қатынастар бейбіт саяси дамуға мүмкіндік жасап отырды.
Владимир кінәз тұсында Киев Русіндегі аса маңызды оқиға 988 жылы христиан дінін қабылдауы болды. Христиан діні арқылы бұл дінді бұрын қабылдаған Болгар патшалығымен тығыз байланыс дамып, болгарлар – Кирилл және Мефодий жасаған славян әліпбиі қолданыла бастады. Осылайша күні бүгінге дейін орыс, украин және белорус халықтары пайдаланатын альфавит – кириллицаны IХ ғасырда орыстар да қабылдады.
Монастырьлардан табылған жазба деректерді, күн сайынғы болған оқиғалар жазбасын орыстар летопись – жылнама деп атаған. Бізге дейін жеткені «Бағзы бір замандардың хикаясы». Бұл жылнама Киев русі мемлекетінің құрылуы, славян тайпаларының көшпелі тайпалармен соғысы, алғашқы кінәздар туралы жазылған тарихи дерек, жазба ескерткіш болып табылады.
Киев Русінің әдеби мұрасы – «Игорь жорығы туралы жыр» 1185 жылы жазылған шығарма әрбір кезеңде толықтырылып, өңделіп отырған. Бұл шығарма қыпшақ ханы Қоншақ пен кінәз Игорь арасындағы соғыс баяндалады.
Орыс халқы христиан дінін қабылдағаннан кейін, басқа славян халықтарындағы сияқты өнері де дамыды.
Орыс, украин және белорус жерінде салынған барлық православие шіркеулері бір-біріне ұқсас болып келеді.