Ежелгі Рим.

Аппенин түбегінің орта шенінен Тибр өзені ағады. Жазықта латындар тайпасы тұрады. Б.з.д. VIII ғасырда Тибр сағасынан 25 шақырым жерде, жотада Рим қаласы пайда болды.
Римнің өте ертедегі тұрғындарының ұрпақтары патрицийлер деп аталды. «Патер» әке деген сөз, яғни қаланың негізін өздерінің әкелері қалағанын патрицийлер мақтан еткен. Олар ортақ егіндік жері мен жайылымдығы бар қауым болып тұрды. Әрбір отбасын латынша фамилия деп атады.
Римдіктер арасынан ірі жерлері бар, шаруашылығында көптеген құлдарды ұстайтын ақсүйектер шықты. Халықтың ең жоғарғы тобын – аристократтар құрады. Олар өзінің шығу тегі жағынан бұрыннан ауқаттылардың қатарына жататын ежелгі ұрпақ, ата-бабасының даңқы шыққан адамдары болды. Қоғам олар туралы үнемі жоғары пікірде болып, мемлекеттің маңызды істерін сеніп тапсырды.
Рим тарихын үш кезеңге бөлеміз: патшалық кезең, Республикалық және империялық кезеңдер. Римнің алғашқы патшасы Ромул болды. Римдегі патшалық кезең б.з.д. 753-509 жылдарды қамтиды.
Римнің соңғы патшасы Тарквиний өте қатал, адамгершілігі төмен болды. Ашынған Римдіктер патшалық билікті жойып, патшаның өзін отбасымен елден қуады. Римді республика деп жариялады, ол — «жалпыхалықтық іс» деген сөз. Б.з.д. 509-27 жылдары Рим республикасы өмір сүрді. Бұл Рим тарихының екінші және ең ұзақ дәуірі болды.
Рим республикасында патрицийлердің ақсақалдары құрған кеңес-сенат Рим өмірінде ерекше орын алды. Оның мүшелерін сенаторлар деп атады. Олар осы қызметті өмір бойы атқарды. Сенат құрамы 300 адамнан құралды. Жоғарғы мемлекеттік деңгейге жетті. Сенаттың билігі үлкен болды. Сенатта қаражат, соғыс бітім, келісім мәселелері кеңінен қаралды.
Рим республикасында халық жиналысының 3 түрі болды:
Курия- ру бірлестіктерінің жиыны,
центуриат – патрицилер мен плебейлердің жиналысы,
трибалар – халық жиналысының соңғысы.
Атқарушы өкімет билігін жүргізушілерді магистраттар деп атады.
Сенатта қолдау тауып, Октавиан «Август» (қасиетті) деген атақ алып, Рим мемлекетін және оның бүкіл иеліктерін дара билей бастады. Ол Римде дара басқарушы император болды. Оның императорлық билігі б.з.д. 27 жылдың 13 қаңтарынан басталды. Осы күн Римде империалық дәуірдің басы болып есептелді.
Октавианның кезінде елді басқаруды приципат деп атады. Принципат басқару жүйесі б.з.д. II ғасырға дейін сақталды. Билік бір адамның қолында шоғырланды. Билік мұрагерлік жолмен берілді. Халық жиналыстары шақырылмады.
Б.з. 98-117 жылдары өмір сүрген Рим империясының императоры – Траянды римдіктер «ең жақсы император» деп атаған. Оның кезінде жалған шағым мен дарға асуға тыйым салынды. Рим бойынша тыңшыларды тұтқындап, біреудің ізіне түсуге тыйым салды.
Б.з.д II ғасырда Римде тамаша сәулет ескерткіштері көбейе түсті. Олар гректер мен шығыс елдерінің үлгісінде салынды. Ғимарат төбесін доға тәрізді жауып, арка, күмбез, қалау арқылы сәулет өнерін шебер меңгерген. Осындай құрылыстың бірі – Пантеон. Латынша – «барлық құдайлардың ғибадатханасы». Ол көлемі жағынан ең көлемді күмбезді храм. Храмның төңкеріп қойған табаққа ұқсайтын куполы – төбесі бар. Қазір пантеон храмы ұлттық кесене сияқты, онда итальяндық қайта өрлеу дәуірінің көрнекті қайраткері Рафаэль Санти жерленген.
Б.з.д. I ғасырдың соңы – б.з. I ғасырдың басында ежелгі Римде аса дарынды ақындар өмір сүрді. Римнің атақты ақындарының бірі – Вергилий (б.з.д 70-19 жж) «Энеида» поэмасын жазу үшін он жыл еңбек етті. Латын поэзиясының жоғары даму деңгейіне ақын Горацийдің шығармалары жетті. Ол бірнеше поэмалар жазды. Рим әдебиетінің жарқын өкілі Лукреций – әрі ақын, әрі ғалым болған адам. Оның «заттардың жаратылысы туралы» поэмасы сол кезде танымал болды. Бұл кезеңді тарихта Рим поэзиясының «алтын ғасыры» деп атады.
Римдіктер Сицилия аралы мен металға бай Испанияны басып алуды көздеді. Бұған карфагендіктер қарсы болды. Карфаген қаласы Африканың солтүстік жағалауында орналасқан. Оны кезінде финикиялықтар орнатқан. Римдіктер карфагендіктерді пундар деп, ал соғысты пуни соғысы деп атады. Соғыс 20 жылдан астам уақытқа созылды. Бірінші пуни соғысы б.з.д 264-241 жылдары арасында Римның жеңісімен аяқталды. Рим Сицилияға толық үстемдік орнатады. Б.з.д. 218-201 жылдары екінші пуни соғысы болып, ақыры карфагендіктер жеңіліп Римге 50 жыл ақша төлеуге міндеттеледі. Рим мемлекеті батыс Жерорта теңізінің қожалығына айналады. Ал б.з.б. 149 жылы үшінші пуни соғысында, Карфаген біржолата жеңіліп, қала егістік жерге айналдырылды.
Римнің жаулап алған жерлері провинциялар деп аталды. Провинцияларды сенат тағайындаған наместниктер басқарды. Жерорта теңізі өңіріндегі халықтардың көбі римдіктерге тәуелді болды.
Б.з. I ғасырдың соңы – II ғасырдың басында Христосқа сиынатын әртүрлі қауымдар мен ұйымдар пайда болды. Христиан дінін негіздеген еврейлер болды. Алайда бұл дінді басқа ұлттар – гректер, сириялықтар, египеттіктер, римдіктер, галлдар қабылдай бастады.
Елдің ішкі әлеуметтік дағдарысын христиан діні тоқтатады деп сеніп, осы дінге ашық қолдау көрсеткен Константин император болды. Ол 313 жылы христиандық храмдар салуға ресми түрде рұқсат етті.
Римдегі алғашқы заңдар б.з.д. V ғасырда он екі мыс тақтаға жазылды, сондықтан оны «ХII кесте заңдары» деп атады. Бұл заңдар өз тұрмысы мен ақсүйектердің үстемдігіне наразылық білдірген плебейлерді тыныштандыру үшін жазылды. Әуелі бай патрицийлердің мүддесін қорғайтын 10 кесте жасалды. Кейін плебейлердің қысымынан соң, оған 2 кесте қосылды. Кесте жұрттың көз алдында тұруы үшін Форумға қойылды. Қалада тұратын радам 12 кесте заңдарын білуге міндетті болды.
Константин Босфор мойнағы жағасында қала салды. Қала Константинополь (қазіргі Стамбұл) деп аталды. Император Константин б.з. 337 жылы қайтыс болып, елде билік үшін талас басталды.
Империяның күші әлсіреп тұрған кезде, оның шекарасына «варварлар» кіре бастады. Олармен бірге ғұндар мен готтардың шабуылы да күшейді. 378 жылы Рим әскері готтармен шайқасты. Готтар империяға үлкен қауіп төндіре бастады.
395 жылы император Федосий қайтыс болғаннан кейін Рим империясын оның екі баласы ыдыратты. Ағайынды екеуі империяға қарасты жерлерді бөліп алды. Нәтижесінде шығыс және батыс аталған екі империя құрылды. Шығыстың құрамына Балқан түбегі, Египет және Азиядағы Рим иеліктері кірді. Батыста Италия, Еуропа мен Африканың батыс бөлігі қалды. Батыс Римнің жағдайы барған сайын ушығып, елде көтерілістер көбейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *