Әсем қала – Алматы

  1. № 28
    Білім беру салалары: Қатынас, әлеумет Бөлімі: Қазақ тілі.
    Тақырыбы: Әсем қала – Алматы.
    Мақсаты: Алматы қаласы туралы білімдерін кеңейту.
    Білімділік міндеті: сөздік қорларын жаңа сөздермен толықтыру, жаңа сөздерді дұрыс айтуға жаттықтыру. Сөздерді бір-бірімен байланыстырып, сөйлем құрай білу дағдыларын жетілдіру. Қазақ тіліндегі сөздер мен сөйлемдерді түсініп және күнделікті өмірде қолдана білуге үйрету.
    Дамытушылық міндеті: қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру, ауызекі сөйлеу тілдерін жетілдіру.
    Тәрбиелік міндеті: Алматы қаласын мақтан тұтуға тәрбиелеу.
    Күтілетін нәтижелер:
    Жасайды: таныс сөздерді естеріне түсіреді, жаңа сөздерді қайталайды, сөйлемдер дұрыс құрастырады.
    Түсінеді: Алматының үлкен, әсем қала екенін түсінеді.
    Қолданады: Алматының көрікті орындарын көрсетіп атай алады, сұрақтарға жауап береді. Қолданылатын көрнекі құралдар: қуыршақтар – Сәуле мен Арман, интербелсенді тақта, Алматының көрікті орындарының суреттері, жұмыс дәптері.
    Билингвалды компонент: қала – город, әсем – красивый, саябақ – парк, метро – метро, мұзайдын – каток.

    ҰОҚ барысы
    1. Ұйымдастыру кезеңі
    Шаттық шеңбер
    Жоғары қараймыз, Шаңырақты көреміз. Төмен қараймыз, Жерді көреміз.
    Оңға бұрылып, солға бұрылып, Егеменді елді көреміз.
    Ғажайып сәт. Қонаққа қуыршақтар – Сәуле мен Арман келеді.
    – Сәлеметсіздер ме?!
    Бәрін ойын ойнауға шақырады.
    Ойын: «Алтын сақа». Нұр-Сұлтан қаласы туралы қайталау. Балалар сақаны бір-біріне береді. Сақаны қолына алған бала тақырып бойынша сөз айтады.
    – Нұр-Сұлтан – бас қала.
    – Нұр-Сұлтан – әдемі қала.
    – Нұр-Сұлтанда көшелер кең.
    – Нұр-Сұлтанда биік үйлер көп. т.б
    2.Негізгі кезең
    Электронды қазақ үйінен «Алматы – гүл қала» әнін тыңдату.
    – Бұл ән не туралы? (Алматы қала туралы).
    Қуыршақ Сәуле: Біз сендерге Алматының көрікті орындарын көрсете аламыз, диск көрсетеді.
    Интербелсенді тақтада Алматымен таныстыру.
    – Мынау – Алматы қаласы. Мынау – метро. Баратын жерімізге жылдам апарады. Мынау – саябақ. Алматыда саябақ бар. Саябақ көп. Саябақтар әдемі. (Бірнеше саябақ суреттері көрсетіледі). Мынау – Медеу мұзайдыны. Мынау – Көктөбе.
    Медеу, Көктөбе туралы қысқаша айтып өту.
    – Алматы қандай қала екен?
    – Алматы – әдемі, әсем қала. Әдемі, әсем.
    Балалар сөздерді, сөйлемдерді педагогтен кейін қайталап, жаттығады.
    Дыбыстық жаттығу (айнамен орындалады). Ө-ө-ө-ө – көөөк-төбе- көктөбе Ә-ә-ә-ә — әсем- әсем.
    Сергіту сәті: педагог балаларға сұрақ қойып, жауап алып қимылмен орындайды.
    – Күннің шыққаны жақсы ма?
    – Жақсы! (Күнді бейнелейді).
    – Желдің соққаны жақсы ма?
    – Жақсы! (Қолдарын көтеріп тербеледі).
    – Достарыңмен жүрген жақсы ма?
    – Жақсы! (Алға қарай адымдайды).
    – Туған өлкеде жақсы ма?
    – Жақсы! (Құшақтарын жаяды).
    – Балабақша жақсы ма?
    – Жақсы! (Басбармақтарын көрсетіп, қол соғады).
    Ойын: «Жалғастыр». Сөздерді, сөйлемдерді бекітіп, қайталау.
    Қа…(қала) Кө… (көше)
    Сая.. (саябақ)
    Алматы… (Алматы – әдемі, әсем қала). Жұмыс дәптерімен жұмыс.
    1.Суретте нелер бейнеленген? Қайтала. Сен Алматыда болдың ба? Саған ұнады ма?
    2.Тыңда. Таныс сөздерді тап, ата.
    Алматымыз – күн қала, Желек жайған гүл қала. Көктөбе мен Медеуі Таңғажайып тұр дара.
    Алматы – нұр қала,
    Алматы – жыр қала,
    Күн сайын құлпырған, Мәңгі жас – бұл қала.
    (А. Асылбеков)
    Педагог жеке жұмыс жүргізеді.
    3. Рефлексия.
    Педагог қорытынды жасайды. Балаларды мадақтайды. Сендерге не ұнады? Қызықты болды ма? Жұмыс дәптерінде сендер өздеріңнің игерген білімдеріңнің дәрежесін, үлгерімдеріңді смайл арқылы белгілейсіңдер. Қуыршақтар балалармен қоштасады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *