Есанғали Раушанов

Еркек
Тасырқағанда тас жауған
Тау болды ұйықтар айлағым,
Қасқырдан анау,
Қас жаудан
Тартып ап апан жайладым.
Жетіп бір құлан қайырып,
Желкеден алдым жеміт деп,
Тағыдан олжа айырып,
Тарпаңды міндім көлік деп.
Батырша күліп түрегеп,
Отырдым жылап ақынша.
Жонымды тостым «міне» деп,
Жолбарыс – тағдыр атылса.
Суықта суыр асым боп,
Сусыным бастым мұзбенен.
Жатыры мұның асыл деп,
Жандастым қабылан қызбенен.
Қасқайып өстім шыңымда,
Қара да беріш қайың боп.
Ендігі қалған ғұмырда,
Езілетұғын жайым жоқ.
Ақыры барып жатам бір,
Сен айтпа маған тамұқты.
Тапқан екенсің,
а, тағдыр,
Талқыңа көнер ғаріпті.
Кетеді шаһит сорласа,
Несі бар қорқар заты ұлдың.
Ып-ыстық жасы болмаса
Ана бір қабылан қатынның…

Түс
Біздің елдің жылқысы – кіл көк мойнақ.
Үйірімен ағекем кірді отқа айдап.
Ақ жалынның ішінде,
алқын-жұлқын
Аласұра шыңғырып жүр көп бейбақ.

-Қасқа – ау, қаның қарайды неге мүлде,
Ел болудан кетейін дегенің бе.
Ырыс басы көк жұлын —
ұлыс басы,
Қалай, аға, қиясың оны өлімге?

-Өртеді деп тұрмысың бүгін ғана,
Өлтірдіңдер сан рет бұрында да,-
(деп көк айғыр күледі,
О, жасаған,
Тым болмаса құтқаршы құлыңды ана.)

Осыны айтып,
маған бір қарап ал,
Шығады оттан жануар жараланып,
Сұйық жалға қызыл шоқ жабысыпты,
… Қара түнде қызыл шоқ барады ағып.

Неге мәз боп сорлы айғыр,
неге күлді,
Күлкі көріп тұр ма екен ол өлімді,
Әлгі дауыс әкемнің дауысы ғой,
Әкем дауысын танымай не көрінді?

Аға да қап жайына,
ел де қалып,
Өзімді өзім тағы да бір жерлеп алып,
Екі бірдей шоқ қадап маңдайыма,
Түнге кіріп жоғалам мен де барып.

Көк жұлынның соңынан тепеңдеймін,
Енді аз жүрсем, шынымен, жетердеймін,
Қайда түсіп қалды екен манағы шоқ,
Мен тапқанша сөнбесе екен деймін.

Тайғақ кешіп, тау кездім.
Тас та бардым.
Не де болса бір жолды бастап алдым.
Бірдеңе айтқан боламын,
бірақ дауысым,
Дауысы боп шығады басқа адамның.

Қара қошқыл қабарған далам өңі,
Қайда кеткен бұл маңның тамам елі,
… Бұл неғылған ұзақ түс,
Бітпей қойды-ау,
Түу, тезірек оянсам жарар еді?

«Уа,жалт еткен, жалт екен!»

Уа, жалт еткен, жалт еткен!
Жай түссе де жасқанбас,
Қарағай менің – қарт әкем.
Қарағайға қарсы біткен сан бұтақ,
Алағайда сыр бермейтін мәрт екен.

Мен айтайын мәрттігін,
Көне Алматы бойында,
Көркем Медеу ойында,
Көн – даңғыра қақты күн,
Көл – дария ғып шат түбін,
Қарлы нөсер құйғанда,
Қара оранды ақ түнім.

Шөгіп қалған нарбастау,
Нарбас таудың алдындаа
Меймілдене толды астау,
Қарағайға қарасам,
Су тигізбей тамырына көп бұтақ,
Көлденеңдеп жазылды.
Бұтақ демей,
Қанат десең болмас па-ау!

Нөсер өтті,
бұл жерге
не кетпеген, не келіп.
Арысым тұр беткеде,
Тамыры сау-
Тәні сау,

Қысы – жазы көгеріп,
… Бері таман келелік,
Қарындас жұрт – қара орман,
Қарағайдай қалың өскен ел едің,
Тамырыңды көрелік…

Біздің жастық

Желтоқсан деген бір ай бар
Шабынтып мінген үлекті,
Шыңылтыр күнде шырай бар,
Жылытар ма екен жүректі?

«Төбенене төнген манар көк,
Безерме бұлай сен енді,
Бермесенң тартып алам» деп.
Кеше мен белдесіп көрдім – не болды?

Жарылып түсті жартасым,
(Біткен бір істің сыны көп)
Ағаның көрдік алқасын,
Ақылдан басқа түгі жоқ.
Зырласын уақыт, зырласын,
Бойымды соған үйретем.
Құрбының көрдік құрмасын-
Құбылған күндей дүние кен.

Желгім басып жаланған,
Желтоқсан тұрды шабына,
Көп үміт – сенім, сан арман
Көміліп қалды қарына.

Бораннан кейін, бораннан,
Барлығын іштей бағамдай,
Көміліп қалған көп арман,
Шаршадым аршып ала алмай.

КЕп-кеше мықты секілді ек,
Көртке ұқсап қапты жүдеп нар.
Желтоқсан сайын жетім бо,
Бір жылап алар жүрек бар…

Қазақи әңгіме

Мен кеше «халық жауының» баласы едім,
Бетегеден биік,
жусаннан аласа едім,
Өкпелесе біздейлер өкпелесін,
Сталинге не өкпең бар, аға, сенің.

Өкпе де ме екен, наз ба екен,
Біздей де ғаріп аз ба екен.
«Беламор каналды» сен шектің,
Беламор каналды қазды әкем.

Түтін де ме екен, өрт пе екен,
Біздейлер, әлде, жоқ па екен,
Айналып сахна,
орындар,
Ауысып қалай кетті екен?

Өкініш пе екен, кек пе екен,
Біздейлер, әлде, көп пе екен,
Тісіңді басып сен жүрдің,
Тіс жармай саған өтті әкем.

Тіс жармай өтті неліктен,
Ойланам бүгін келіп мен.
Ол үшін өлік едің ғой,
Кек алып қайтсін өліктен.

Заманның желі өкпек-ті,
Көмусіз қалды көп текті.
«Халықтың жауы»- сары шал,
«Халық аман болсын» деп кетті.

Ғаріп пен ғасыр бағына,
Сірескен көк мұз жарыла,
Айналып уақыт сахнасы,
Ауысты орындар тағы да.

Қайтеміз наз деп, өкпе деп,
Өкпеден, аға, жоқ көмек.
Сахнадан түсіп барасың,
Жолықсам деп ем бетпе-бет.

Жас ұрпақ мынау – жаңа әлем.
Жалқы емес екем, аға, мен.
Ұзайсың үнсіз сахнадан,
Ұзайды үнсіз қара мең.

Көкіректерді от қарып,
Тұрамыз біздер топтанып
Қайтамыз сосын… баяғы
Сахна жақты бетке алып.

«Прогресс және регресс» атты пікірталаста оқылған өлең
Үкіліп әсемқоңыр жорға міндім,
Жорғаны ұзақ сапар жолға міндім,
Бесінде
түйетайлы бетегеге өрлеп,
Кешінде
тұяқ қапқан сорға кірдім.

Сазындай құдаша айтқан ару әннің.
Кеткенде ұзап алыс сәруар күн,
Тезірек жүрмек болып тебініп ем,
Жорғасын бұзып алдым жануардың.

Тәйірі-ай,
мұндай күйге қалам деп пе ем,
Жорға аттың жортақ тауы жаман неткен.
Қол талып,
аяқ ұйып,
жүрек лоблып,
Келемін әзер-алда амалдап мен.

Тарлауыт тау аспаппын,
бел асыппын,
Құшағын тұр алдымда кең ашып түн.
Барар жер,
басар тауым – өзіме аян,
Апыр-ау, қайда асықтым,
Неге асықтым?

Тер жуып тебінгіні,
терлігімді,
Жүгірткен терлік бойлап
зер бүлінді,
Қақ тұрған сауырына қайран қоңыр,
Қаңбақтай қалбақтайды желді күнгі…

Түсе алмай шалымына ол манағы,
Сүркілдеп желгені үшін қорланады.
… Жүрісін бұза көрме жорға мінсең,
Жігіттер,
біз жүретін жол көп әлі.


Қаңтардың келуі

Ысқырығы ысқырып,
Ыспа қара бұл мініп,
Желтоқсан мен қараша,
Жетегінде жұп құрып,
Қатты келген қаңтар еді
Бұ да кетті жөніне
Әр тұсқа аппақ күрке тіктіріп.
Есін жиды міскін бақ,
Қар жауып ұшқындап,
Осы екен ғой, тәйірі,
«Осал болса қыс — бұлғақ».
Қойды ырғалып қарағай
«Қаңтардың күні қарға адым» деп мысқылдап.

Шалыс мінез тарпаң ай,
Күледі ол да шалқалай,
… Шаққа тұрған жаның бар екен,
Таққа міну не теңін еді, қаңтар-ай?

Шөл арман


Сексеуіл деген ағам бар
Ана Алғидың ала шөлінде,
Бұтағын жайған өніп ол.
Жөн сұрар болсаң, жарандар,
Ағамды көр де, мені көр.

Ақпаның анау ақ тонды,
Оны да күшін көргенбіз,
Құм түгел, ел көшіп кеткен шақ болды,
Кеттпедік туған жерден біз.

Құралайдың құр адым,
Құтыра келіп ат байлап.
Шілденің күні шіл адым,
Шіліңгір ыссы қақтайды-ақ.

Желтоқсан туса-жел шұнақ,
Салады-ай ол да лаңды,
Мен деген ерге берсін-ақ,
Қайран, біздерге біткен шыдамды.

Аспаның тағы қасарды,
Сусырап жатыр дала кең.
Қарайды көпке қашанғы,
Қасқа да болған ағекем.

Ақ бұлт кетті жөнімен,
Көк бұл нөсер төкпеді ол.
Алғидың ала шөлінен
Ағамыз жайды көкке қол.
Алғидың ала шөлінен
Ағамыз көкке ұмтылды.
… Сайрандап жүрген бұлтыңды
Қатып қалған қара сіңір қолымен
Сүйреп түсірген көгінен
Көсем-ай деймін бір күнді…

1930 жыл.Қазақстан

«Ел қырылған »деседі мына дөңде,
Не деймін мен осынау тұл әлемге
Кәрі аспан…
Кәдімгі дөң…
Қараша айы…
Түк те жоқ көз тоқтайтын бұдан өңге.

Өлең шөп – барқын қара мақпал сынды,
Мақпалды сусыма құм жапқан сынды,-
Құм басып өлген қыздың қолаң шашы
Бұрқырап сыртқа шығып жатқан сынды,
өлең шөп,өлең шөп – Қазақстан…

Мінез
«Сақ етер тиді саныма,
Сақсырым толды қаныма.
Жара бір қатты,жан тәтті,
Жара аузына қан қатты…»

Таңдайында өлеңі,
Маңдайында соры бар,
Қазақ жүріп келеді
Қоналқы іздеп жолығар.

Тойлы ауылға тап келіп,
Алынды аттан құранды ер.
Жатырқамай жат көріп
Орын берді бұған да ел.

Жарасы отыр сыздап- ақ,
Қинайды ұзақ беу,неге.
«Тойдың шырқын бұзбалап»
Ұяты отыр кеудеде.

«Қанасы іште қанасын»
Жатқансиды ол көсіле.
Өзінен өз жарасын
Жасырады-ей, несіне?

Әлдеқандай үміт ой,
Жұбатады жүрегін.
«Көппен көрген ұлы той»
Неменесі ұлы оның?

Күлген болып қояды
Тұрса да ішкі бүркіп отт.
… Жалғасуда той әлі,
Жалғасуда дүркіреп.

Жаз не деп еді


Ол өксіген қарс айырып көкірегін:
«Үйренісіп өзіңе кетіп едім,
Маған қиын болады жалғыз қалу,
Қалшы осында,
қала ғой,
өтінемін».
Өмірі үшін,
о мейлі құмары үшін,
Ол қимады жанының жұбанышын:
«Маған қиын болады жалғыз қалу,
Ей, тас жүрек,
сен соны ұғамысың?».
Ал сен кетіп қалдың…
Құшағында жаз қалды қоңыр түннің,
Көз алдыңда көйлегі оның күлгін.
Сары шаш күз кездесті,
бұрын, тегі,
Күз көрмеген секілді сен ұмтылдың.
Жабығып жүр,
қажып жүр демесін деп,
Күлген болып,
сол баққа келесің көп.
Жаз кіреді түсіңе,
шошып тұрып,
Күздің суық ерінін өбесің кеп.
Сары күзге сенбейсің,
шүбәлісің.
Сыбырлайсың…
Қан жылап тұрады ішің:
«Маған қиын болады жалғыз қалу,
Ей, тас жүрек!
Сен соны ұғамысың?»

«Орыстар әлі келмеген кез ол…»

Орыстар әлі келмеген кез ол.
Ел-халық
еңістен көшіп, жаз жайлайды екен өр барып.
Үлкен шал біздің Қыдыр жолыққан жан бопты,
Дәулет пен сәулет.
Азан мен хаумет тең дарып.

Ақтылы қойы Аспантай асып жайылып,
Жылқының аллдын түрікпеннен бері қайырып,
Қыдырдың өзіі
түбекте жатқан келеден,
Түгендеп бөлген аруана, нарды айырып.

Бір керуен бөлке Хиуаға сапар тартарда,
Бастаған Қыдыр бір көшті бөліп Шалқарға.
…Соны ойлап кейде,
отырам «Қаламгерде» мен,
Соқыр тиын жоқ қалтамда.

Құралды жерде құрамын сұқбат кіл дүрмен,
(Күлдірген бірі, біреуі кеше бүлдірген)
Жүреді бәрі мың қой айдаған секілді,
Бұлар да байдың тұқымы шығар, кім білген.

Байлықты сөз ғып қайтеміз басқа қонбаған,
Қолдан келмеске патша-көңілді қорламан.
Мен неге, бірақ Қыдыр көрмедім өмірде,
Жоқ,әлде, талай жолықты ма екен ол маған.

Құдайыңа да құлақ аспайтын шағым көп,
Сондай бір кезде,
жібердім бе екен жәбірлеп.
Өкпешіл неме болды ғой, әсте, ол дағы,
Қыдыр екенін айтпай ма «сап-сап, сабыр» деп.

«Жолдасың Қыдыр болсын» деп қалған қыр, міне,
Періге ғашық болатынымды білді ме?
Өкінбен, бірақ періге ғашық болдым да,
Тік келіп қалса ол,
үйірер еді кімді де.

…Мен қойдым
Құлдық!
Болайын, Қыдыр, құрбаның,
Бір жолық енді.
Білдің ғой таоай сыр барын.
Арманым менің Аспантай асып кетті,аға,
Қайыртпай мүлде барады тарпаң жылдарым.

Күн жайлату

Батыстан шыққан арлан жер,
Азуың білеп ұйытқи соқ.
Шығыстан шыққан тарлан жел,
Тарлауыт асып жүйтки соқ.

Берекеңді алып қыс – дұшпан,
Беліңе,
Басып қонды қой.
Бет алды үрмей тұс-тұстан,
Бірігер кезің болды ғой.

Қайратқа мініп, құлдығым,
Айбатпен қадам бас, сана,
Сүдінсіз қардың түндігін,
Сүңгімен түртіп аш, сана.

Жалында келген күреңнің,
Қанында келген ірі елдің,
Түркістанның топырағы,
Тісінде кетті түреннің.

Түспесін төмен өр еңсе,
Қонсаңшы жасыл қолатқа.
Топырақ керек ел өнсе,
Топырақ керек ер өлсе,
Топырағыңды тонатпа.

Күзгі ойлар
Ауылымның қонған жері — бұла қайнар,
Қайнардан су ішеді қылағай нар.
Мінгесіп қылағайға келіп қалды
Қараша,
Қауыс деген құдағайлар.

Келсең, кел, алағайлым, бұлағайлым,
Күлмеймін, қайғырмаймын, жыламаймын.
Бір күні қыс та жетер деймін іштей
Жабысып өркешіне қылағайдың.

Е, келсін, енді менің немді алады,
Қауіп емес енді маған жел-бораны.
Өзім-ақ кетем ертең тастап бәрін
Кең жылы ой, кезбе бұлақ, кер даланы.

Қоштасам аспаныммен, асқарыммен
Басынан бұлт асырмас асқағыммен.
Оралам бір күндері, мүмкін, қайтып,
Ол бірақ басқа әңгіме, басқа… мүлдем…
басқа… мүлдем!

Менің драмам

Қош бол, — дедім құмдарға,

Есен жүрсем, бір келермін,
мұңданба.
Ат тағалап,
атан қомдап ер жеткен
Ең соңғы ақын мына мен ем бұл маңда. Мен кетем.
Мұнартады төңірек,
Жетім шиді сыңсытады жел үдеп.
Алматыға түйе мініп бармайды,
Маған бұлай қарамаңыз, кер үлек.
Қоштасатын күн бүгін,
Қара құнан шайнайды-ай бір сулығын.
Ең соңғы рет алып шықтым қорадан,
Басың азат, бар,
бара ғой, құлдығым.

Көзім алды бұлдыр-бұлдыр
тұман кіл,
Айналшықтап кетпей қойды құнан бір.
Аз дей ме екен жүрегімде шер-нала,
Heгe мені жылатуға құмар бұл?!

Heгe мені қинайды бұл жау сынды?
Жас жоқ менде!
Біткен бәрі!
Таусылды!Жамалдатқыр, жоқ бол! — дедім ақырып,
Жел ап қашып тарғылданған даусымды.
Сөйтіп елден кеткенмін,
Қырсауды да,
жүйрікті де көп көрдім.
Қаба жалды қара құнан боп мені
Түн ішінде оятады Өткен күн.
Баурайында сонау «Келінтөбенің»
Селтиіп бір тұрады үнсіз серегім.
Ер-тұрманын, тұрқын тұтас көремін,
Басы қайда,
басы неге жоқ оның?
Басы қайда,
басы қайда,
қорлық-ай,
Менен неге қашады аулақ ол бұлай?
Жосып ағып көзімнен жас, оянам
Жол ортада жолдасы өлген сорлыдай.
Шошаяды құранды ердің қасы кеп,
Қара тасты қарш-қарш турап,
шашып от,
Баратады баба дала үстінде
Қаба жалды қара құнан.
Басы жоқ…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *