ТҰМАУ


ТҰМАУ
Син.: инфлюэнца
Анықтамасы. Тұмау (Grippus) – ауру қоздырғышы аэрогенді механизм арқылы берілетін, клиникасында жалпы улану белгілерімен және жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабатының зақымдалуымен, әсіресе трахеит белгілерімен көрінетін, эпидемия түрінде кең таралатын жедел вирустық инфекция.
Тақырыптың өзектілігі. ДДҰ мәліметтері бойынша бүкіл әлемде 40 млн. адам жұқпалы аурулармен ауырады, оның 90%-н тұмау мен басқа жедел респираторлы-вирусты инфекциялар құрайды. ЖРВИ тобында тұмау маңызды орын алады. Эпидемия кезінде тұмау көбінесе ауыр ағымды өтеді, сондай-ақ әртүрлі созылмалы аурулардың өршуі тән. Қазіргі кезде де тұмаудың диагностикалық қателіктері жоғары пайызды құрайды. Осы мәселелер тұмаудың ерте диагностикасының аса маңыздылығын көрсетеді.
Тарихи мәліметтер. Тұмау эпидемиялары туралы деректер ертеден белгілі. Еуропалық елдерде ол «инфлюэнца» деп аталатын, қазіргі кездегі жалпы атауы — «грипп». XIX ғасырдың соңынан бастап адамзат тұмаудың ауыр төрт пандемиясын басынан өткерді: 1889-1890, 1918-1920, 1957-1959, 1968-1969 жылдары. 1918-1920 жылдардағы «испандық» пандемия 20 млн. адамның өмірін қиса, 1957-1959 жж. «азиялық тұмау» кезінде 1 млн.-ға жуық адам өлімге ұшырады.
Тұмаудың ауру қоздырғышы вирус екендігі 1933 жылы У.Смитпен, К.Эндрюспен, П, Лейдлоумен анықталған, кейін ол тұмаудың А типінің вирусы деп аталды. 1940 жылы Т.Френсис пен Т.Меджилл грипптің В типін шақыратын вирусты, ал 1947 жылы Р.Тейлор С типті вирусты анықтады. тұмаудың А түрі В, С түрлеріне қарағанда өте кең таралған.
Этиологиясы. Тұмау қоздырғышы – құрамына РНҚ кіретін Orthomyxoviridae тұқымдастығына жататын пневмотропты вирус. Сыртқы қабықшасында гемагглютинин және нейраминидаза деп аталатын гликопротеидтері бар. Ішкі нуклеопротеидтің антигендік сипаты (S-антиген) бойынша тұмау вирустары А, В және С типтеріне бөлінеді.
Тұмау вирустары сыртқы ортада тұрақты емес. Төменгі температурада жақсы сақталады, ал қыздырып, қайнатқанда тез жойылады. Бұл вирустардың ультракүлгін сәулелеріне және әдеттегі залалсыздандыратын заттарға сезімталдығы өте жоғары.
Эпидемиологиясы. Аурудың инфекция көзі – тұмаумен ауырған науқас адам. Науқастың жұқпалылығы ауруының алғашқы күндерінде аса жоғары, катаральды белгілердің айқындылығына байланысты жөтелгенде, түшкіргенде, қатты сөйлегенде сыртқы ортаға көптеп таралады. Инфекцияның берілу механизмі – аэрогенді, таралу жолы – ауа-тамшылы. Эпидемиялардың қайталану уақыты мен сырқаттанушылық деңгейі тұрғындардың жүре пайда болған типтік арнайы иммунитетінің ұзақтығына және вирустың антигендік қасиеттерінің өзгергіштігіне байланысты. Иммунитет А тұмауынан кейін 1-3 жыл, ал В тұмауынан кейін 3-6 жыл сақталады.
Патогенезі. Тұмау вирусы тыныс жолдарының эпителиіне тропты. Патогенезінде 5 негізгі кезеңді ажыратады:
1. Вирустың тыныс жолдарының жасушаларындағы репродукциясы.
2. Вирусемия, токсикалық және токсикалық-аллергиялық реакциялар.
Әртүрлі мүшелер мен жүйелерге токсикалық әсері (әсіресе, жүрек-қан тамырлар мен жүйкеге) вирустың өзіне және жасушаның ыдырау өнімдеріне байланысты.
3. Тыныс жолдарының зақымдалуы (үрдістің белгілі бір бөлімінде шоғырлануы)
4. Тыныс алу жолдарының, басқа мүшелер мен жүйелердің бактериалды асқынулары.
5. Патологиялық үрдістің кері дамуы.
Вирусемия мен токсикалық әсер нәтижесінде қызба және жалпы улану белгілері дамиды.
Қан тамырлар қабырғасының тонусының, өткізгіштігінің бұзылуы циркуляторлық бұзылыстарға әкеліп соғады.
Респираторлы жолдар эпителиінің тосқауылдық қызметінің бұзылуы, лейкоциттердің фагоцитарлы белсенділігінің төмендеуі бактериалды асқынуларға, созылмалы аурулардың өршуіне әкеледі.
Клиникалық көріністері. Грипптің жіктелуі:
• ағымы бойынша — типтік және атиптік;
• клиникалық көріністерінің ауырлығы бойынша — жеңіл, орташа, ауыр түрлерін ажыратады;
• кейбір авторлар гипертоксикалық түрін бөледі.
Инкубациялық (жасырын) кезең бірнеше сағаттан 3 күнге дейін, әдетте 1-2 күн.
Клиникалық көріністе 2 негізгі синдром бөлінеді: жалпы улану және тыныс жолдарының зақымдалуы (катаралды синдром).
Әдетте (типтік жағдайда) тұмау жедел басталады: тоңғыштық, бастың ауыруы пайда болады. Бірнеше сағаттан кейін дене қызуы 38,5-40°С-қа дейін жоғарылайды. Әлсіздік, дененің «сынуы», бұлшықеттердің, сүйектердің, буындардың ауыру сезімі дамиды. Бас ауыру маңдай және самай аумақтарында орналасады, бірте-бірте күшейеді. Сонымен қатар, көз алмаларының ауыру сезімі пайда болып, жарыққа сезімталдық жоғарылайды. Айқын улану бастың айналуымен, анорексиямен, құсумен, геморрагиялық синдроммен қатарласады.
Аурудың бірінші тәулігінде науқас мұрын-жұтқыншақтағы құрғақтыққа, ауыру сезіміне, мұрынның бітелуіне шағымданады. 2-3-ші күндері науқастардың көбісінде құрғақ жөтел, кеуденің ауыру сезімі пайда болады. 3-4 күннен кейін жөтелге қақырық қосылады.
Асқынбаған жағдайда қызба ұзақтығы А тұмауы кезінде 1-6 күн (көбінесе 4 күн), ал В тұмауы кезінде одан көбірек болады.
Дене қызуының төмендеуі- кризистік немесе тездетілген лизиспен жүреді.
Науқасты қарап тексергенде аурудың бірінші күндері бетінің қызаруын, ісінуін, склера тамырларының инъекциясын, кейде 3-4 күні ұшықты көреміз. Аурудың ауыр ағымында тері жабындылары бозғылт, цианоз байқалады. Аңқа қызарған, гиперемия жайылмалы, доғашықтар мен жұмсақ таңдайда, жұтқыншақтың артқы қабырғасында айқынырақ көрінеді. Науқастардың көбісінде жұмсақ таңдайда, кейде тілшік пен доғашықтарда дәнді түйіршіктерді байқауға болады. Жұтқыншақтың артқы қабырғасы құрғақтау, үлкейген лимфа фолликулдері көрінеді. Мұрынның шырышты қабаты гиперемияланған, ісінген. Аурудың 2-3 күндері серозды, кейін шырышты бөлінулер пайда болуы мүмкін.
Аурудың бірінші күндері пульс дене қызуына сәйкес, кейде салыстырмалы брадикардия немесе тахикардия байқалады. Қан қысымы төмен болуы мүмкін. Науқастардың көбісінде жүрек тондары бәсеңдейді. ЭКГ-да улану синдромына тән өзгерістер болады: Т тістерінің төмендеуі, Q-T, P-Q интервалдарының ұзаруы. Қызба кезеңінде ентігу болады. Аускультация арқылы қатайған (кейде везикулярлы тыныс), қысқа уақыт арасында құрғақ сырылдар анықтаймыз. R-граммада өкпенің тамырлар суретінің күшеюін және өкпе тамырларының кеңеюін көруге болады. Ас қорыту жүйесі аз зақымдалады. Ауыр жағдайларда тәбет жоғалады. Науқастың тілі ылғалды, ақ жабындымен жабылған. Іштің қатуы байқалады.
Шеткі канда: лейкопения, нейтропения, эозинопения, моноцитоз, ЭТЖ қалыпты немесе төмендеген.
Зәр шығару жүйесінен диурездің төмендеуін, протеинурия, микрогематурия, цилиндрурия байқауға болады.
Вегетативті нерв жүйесінің зақымдалуының айқын белгілері көрінеді: беттің қызаруы, тершеңдік, пульс өзгергіштігі.
Орталық жүйке жүйесінің зақымдалуы интоксикация белгілерімен, ауыр ағым кезінде менингеалды белгілермен, құрысулармен, энцефалопатия белгілерімен көрінеді. Сонымен қатар, перифериялық жүйке жүйесі де зақымдалады: жергілікті гиперестезиялар және парестезиялар, кейбір нервтердің невралгиясы.
Реконвалесценция кезеңі 1-2 аптаға дейін созылады. Бұл кезең астеновегетативті синдроммен, созылмалы аурулардың өршуі мен асқынулардың пайда болу мүмкіндіктерінің бейімділігімен сипатталады.
Тұмаудың жеңіл түрінде улану әлсіз болады. Дене қызуы субфебрилді, аурудың ұзақтығы — 2-3 күн. Кейбір жағдайларда жоғарғы тыныс жолдарының бұзылу белгілері басым болады. Орташа ауырлықтағы ағым жиі кездеседі. Бұл ағымға айқын улану және жоғары тыныс жолдарының бұзылу белгілері тән. Қызба ұзақтығы 4-5 күн. Тұмаудың ауыр түрі күрт басталумен, жоғары деңгейдегі және ұзағырақ қызбамен, өте айқын дамыған интоксикация белгілермен сипатталады. Адинамия, бастың айналуы, естен тану, ұйқының бұзылуы, анорексия, құсу, құрысулар, менингеалды белгілер, энцефалиттік синдром, жүрек-қан тамырлар зақымдалуы байқалады. Ауыр түрінің ұзақтығы пайда болған асқынуларға байланысты. Тұмаудың гипертоксикалық түрінің клиникасында өте ауыр нейротоксикоз, жүрек-қан тамырлар жетіспеушілігі, тыныс алу жетіспеушілігі басым болады. Бұл түрдің ерекшеліктері: ағым ауырлығы және жылдамдығы, өлім қаупінің жоғарылығы.
Тұмаудың атиптік жасырын түрі сирек кездеседі. Бұл түрге негізгі белгілердің біреуінің болмауы тән.
Асқынулары: пневмония, ЛОР-мүшелерінің зақымдалуы (ринит, фарингит, ларингит, трахеобронхит, баспа, синуситтер, отит т.б.), жүйке жүйесінің зақымдалуы (менингоэнцефалит, арахноидит, полиневрит т.б.), созылмалы аурулардың өршуі.
Диагностикасы: Мұрынның, жұтқыншақтың бөлінулері, қан-вирусологиялық зерттеулерге алынады.
Тез диагностикалау үшін флюоресценциялаушы антиденелер әдісі қолданылады.
Сонымен қатар, серологиялық әдістердің маңызы жоғары: гемагглютинацияны тоқтату реакциясы, комплемент байланыстыру реакциясы, нейтрализация реакциясы.
Егер антиденелер титрі динамикада жоғарыласа – нәтиже «оң» деп саналады.
Соңғы жылдары иммундық ферменттік анализ және молекулярлы гибридизация әдістері қолданылады.
Емдеуі. Гриппен ауырған науқастардың көбісі үйде емделеді. Ауруханаға аурудың ауыр түрімен және асқынулары пайда болған науқастар жатқызылады.Емдеу шаралары:
1) төсектік тәртіп;
2) көп мөлшерде сұйықтық ішу;
3) этиотропты ем: а) гриппке қарсы иммуноглобулин; б) лейкоцитарлы интерферон; в) ремантадин, амантадин, римантадин, альгирем, занамивир, осельтамивир, рибавирин; г) оксолин майы;
4) патогенездік ем: а) гипосенсибилизация (димедрол, супрастин т.б.); б) дәрумендер (В, С тобы); в) дезинтоксикациялық ем (5% глюкоза, Рингер ерітіндісі ж.т.б.); г) қосарланған патогенетикалық дәрі-дәрмектер (антигриппин, антигриппин-АНВИ, антигриппокапс, фервекс)
5) симптоматикалық ем: а) жөтелге қарсы және қақырық түсіретін дәрілер (тусупрекс, либексин, пектуссин, бромгексин, амбросан, лазолван, мукалтин және т.б.); б) дене қызуын төмендететін дәрілер (аспирин, колдрекс, парацетамол ж.т.б.); 6) бактериалды асқынулар қосылған жағдайда – антибиотиктер (бензилпенициллин, амоксициллин, амоксиклав және.т.б.).
Грипптің гипертоксикалық түрі қарқынды терапия бөлімшесінде емделеді.
Алдын алу шаралары. Белсенді иммунизация мақсатымен инактивацияланған және тірі вакциналар қолданылады.
Эпидемия алдында интерферон стимуляторлары қолданылады.
Эпидемия кезінде шұғыл профилактика үшін оксолин майы, лейкоцитарлы интерферон, ремантадин, арбидол ұсынылады.
Эпидемияға қарсы шаралар:
— науқасты бөлек жатқызу (изоляция);
— науқас жатқан бөлменің ауасын тазартып тұру;
— ылғалды тазартулар;
— бетперде кию;
— ультракүлгін лампаларын қолдану.

А.Қ.Дүйсенова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *