БОТУЛИЗМ
Анықтамасы. Ботулизм (аллантиазис, ихтиизм) – ботулотоксиннің әсерінен дамитын, сопақша ми және жұлынның зақымдануымен сипаталатын жедел токсико-инфекциялық ауру.
Тақырыптың өзектілігі. Ботулизм – барлық жұқпалы аурулар арасында сирегірек кездесетініне қарамастан ол өзекті мәселелі ауру. Барлык елдердегідей, Қазақстанда да ботулизммен аурудың басым көпшілігі (89%) үйде дайындалатын тағам өнімдерін (маринадталған саңырауқұлақтар, көкөніс консервілері, үйде дайындалған балықтар т.б.) пайдалануымен байланысгы. Ботулизмнің клиникалық және эпидемиологиялық мәні аурудың ауырлығымен, жоғары өлім-жетімділігімен (15-25%) және тағам өнімдерін үй жағдайында консервілеу масштабының есуімен анықталады.
Ботулизм көп жағдайда өз уақытында анықталмайды. Ботулизммен ауыратын науқастарға диагноз коюда жіберілген қателіктер мен емді кеш бастау аурудың қолайсыз нәтижесінің себебі болуы мүмкін.
Тарихи мәліметтер. Қанды шұжық қолдануына байланысты, ауру Византияда ІХ-Х ғғ белгілі болған. Шұжықтан улануды Германияда 1815 ж. Ю. Кернер анықтаған. Осы уақыттан бері бұл сырқат «ботулизм» және «аллантиазис»- деген атау алды (латынша – botulinum шұжық грекше — аІІапеtі asis — шұжықтық өнім). Ресейде 1818 ж. тағам ретінде тұздалған балықты қолданғаннан кейін паралитикалық (салданулық) ауру дамыған болатын және ол ихтиизм атауын алды. Бірақ ихтиизм термині аса көп қолданылмады және бүкіл әлемде тек ботулизм термині қолданылады.
Этиологиясы. Қоздырғышы – Clostridium botulinum – Clostridium тегіне, Bacillacea тұқымдастығына жатады. Бұл қоздырғыш анаэробты, спора түзетін таяқша. Антигендік құрылымы бойынша токсиннің 7 түрін ажыратады А, В, С, Д, Е, Ғ, С. Соның ішінде адамға зиянды төртеуі ғана — А, В, Е, Ғ.
Өсуі мен токсин түзуінің оптимальді температурасы 28-35°С. Споралар өте төзімді: 100°С температурада 5сағаттан кейін, ал 120°С температурада 30 минут ішінде өледі. Клостридияның вегетативті түрі ботулотоксин бөледі. Қоздырғыштың вегетативті түрлері кайнатқаннан кейін 2-5 минутта жойылады.
Ботулотоксин – нейротоксиннен, гемагглютининнен және токсикалық емес белоктан тұратын комплекс. Ол табиғаттағы өте күшті улардың біріне жатады.
Эпидемиологиясы. Ботулизм сапрозооноздарға жатады. Ботулизм кезінде қоздырғыштың негізгі резервуарлары:
а) жылықанды жануарлар (көбінесе шөпқоректілер)
б) салқынқанды (балықтар, шаян тәрізділер, моллюскалар)
в) сыртқы орта (жер қыртысы, көлдердің, теңіздердің лайы).
Ботулизмнің 3 түрі бар:
1.тағамдық ботулизм
2. жарақаттық ботулизм
3. нәрестелердің ботулизмі
Тағамдық ботулизм организмге токсин түскенде, ал жарақаттық және нәрестелердің ботулизмі споралар түскенде дамиды.
Ең жиі кездесетін түрі — тағамдық ботулизм. Жұғу жолы: алиментарлы, токсин дамыған тағамдық
азықтар арқылы (үйде консервіленген ет, көкөністер, саңырауқұлақтар, үйде тұздалған сан еті (окорок), тұздалған және қақталған балық.
Жарақаттық ботулизм әртүрлі жарақаттанған тері арқылы жұғуы мүмкін. Топырақпен бірге түскен споралар шартты анаэробты жағдай туылған кезде вегетативті түріне ауысып токсин түзеді.
Нәрестелердің ботулизмі — емшектегі баланың асқазан — ішек жолына қоздырғыштың споралары түскен жағдайда дамуы мүмкін. Нәрестелердің ас қазанының микрофлорасының ерекшелігіне байланысты споралар вегетативті түріне ауысып, олар токсин түзеді.
Патогенезі. Тағамдық ботулизмнің даму механизмі:
1. Ботулотоксин асқазан-ішек жолына түседі. Протеолитикалық ферменттердің әсерінен ботулотоксиннің күші жоғарылайды.
2. Токсин қанға өтіп, қанқа бұлшықеттерінің парезін, қан тамырларының парезін шақырады, капиллярлардың сыңғыштығын жоғарылатады;
3. Ботулотоксиннің әсеріне жұлынның алдыңғы мүйіздерінің үлкен
мотонейрондары өте сезімтал: бульбарлы және паралитикалық синдромдар дамиды (әртүрлі бұлшықеттердің, соның ішінде қолайсыз кездейсоқ жағдайда — тыныс мускулатурасының парездері және параличтері).
4. Шеткі моторлы жүйке-бұлшықеттер приборларына әсер етеді (ацетилхолиннің өндіруін тежейді);
5. Токсинмен парасимпатикалық жүйке жүйесінің белсенділігінің
төмендеуі, гиперкатехолемияның дамуы (тамырлардың зақымдануы және олардың тарылуы; бозару, бас айналу, көздердің алдында «тор» және «шіркей», АҚ жоғарылауы, шырышты қабықтарының құрғауы, іштің қатуы) .
6. Гипоксияның барлық түрлері (гистотоксикалық, циркуляторлы, гипоксиялық және гемиялық) дамиды. Тыныс алу бұлшықеттерінің парезінен тыныс алудың жедел жетіспеушілігі дамиды.
Патологиялық анатомиясында арнайы емес өзгерістер анықталады, олар терең гипоксияның белгілері. Барлық ағзаларда айқын гиперемия,
соның ішінде асқазан-ішек жолының шырышты қабығында көптеген қан
құйылулар, ми тінінде — тромбоздар, тамырлар эпителиінің
дегенеративті-некрозды зақымдануы, протоплазманың вакуолизациясы, ганглиозды жасушалар ядроларының ыдырауы, жасушалар түрлерінің өзгеруі, қаңқа бұлшықеттерінің зақымдануы, көбінесе кеуде, іш қабырғасының және қол-аяқтар бұлшық еттері «пісірілген» сияқты болады.
Клиникалық көріністері. Ботулизмнің жасырын кезеңі 2-12 сағаттан 7 күнге дейін созылады, жиі 18-24 сағат. Ботулизм жедел басталады. Алғашқы кезеңде ауру 3 клиникалық вариантта дамиды: паралитикалық, гастроинтестинальды және жалпы интоксикациялық.
Интоксикация симптомдары: бас ауыруы, бас айналу, бұлшықеттердің әлсіздігі, тез шаршағыштық, ұйқысыздық.
Гастроинтстинальды синдромның көріністері: жүрек айнуы, қайталама құсу, іш өту, ауамен кекіру, іштің кебуі, эпигастральды аймақтың ауру сезімі. Дене температурасы қалыпты немесе субфебрильді болады.
Паралитикалық синдром офтальмоплегиялық белгілерден басталады. Көрудің нашарлауы, көздің алдында тордың пайда болуы, диплопия. Науқастарда аккомадация парезі пайда болады. Көру қызметі бұзылуына шағым жасаған науқастарды қарап тексергенде көз алмасының қозғалысының шектелгені, карашықтың үлкейгені (мидриаз), қарашық реакциясының жарыққа болмауы, анизокория, птоз, страбизм, горизонтальды нистагм байқалады. Корнеальді және коньюктивальді рефлекстер тежеледі. Ауыр жағдайда толық сыртқы және ішкі офтальмоплегия, көз алмасының козғалмауы және қарашық реакциясының болмауы байқалады. Көрудің бұзылысы бірнеше күн сақталуы мүмкін.
Жұтынудың бұзылысы дамиды. Жеңіл жағдайларда тамағында бір нәрсе тұрғандай сезім болады және қатты, құрғақ тағамдарды жегенде жұтынудың қиындауы байқалады. Ауру әрі қарай өршігенде жұмсақ және сұйық тағамдарды жұту қиындайды. Ботулизмнің ауыр түрлерінде жұтынудың толығымен болмауы байқалады. Кеңірдекасты мен жұмсақ таңдайдың парезі арқасында жұтылған сұйықтық трахеяға түсіп, жарты бөлігі мұрын арқылы төгіле бастайды.
Саливацияның бұзылыстарына тән: ауыздың шырышты қабатының құрғақтығы және гиперемиясы, жұмсақ таңдайдың қозғалғыштығының шектелуі, жұтыну рефлексінің төмендеуі сияқты өзгерістер болады. Дауыс қарлыққан және түсініксіз болып шығады. Афония, диартрия пайда болады.
Тыныс алу бұзылыстары байқалған кезде ботулизм ауыр жағдайда өтеді. Ауа жетіспеушілік, кеуденің қысылуы және ауру сезімі пайда болады. Тыныс беткейлік болады. Дауыс мұрындық қалып алады. Сирек бет бұлшықеттерінің парезі байқалады.
Жиі миастения кездеседі. Ауыр жағдайларда тыныс бұлшықеттерінің парезі дамиды. Ботулизм кезінде тыныс алудың бұзылуы мен тоқтап қалуы өлімнің себебі болып табылады. Жедел тыныс жетіспеушілігі кезінде тахипное және басқа да патологиялық тыныстар пайда болады. Гипостатикалық пневмония қосылады.
Ботулизм кезінде жүрек қан тамыр — жүйесі жағынан да функциональды бұзылыстар кездеседі. Жүректің шекарасы кеңейеді, тондардың тұйықталуы байқалады, өкпе артериясында II тон акценті пайда болады. Екінші аптада науқастарда миокардит пайда болуы мүмкін.
Реконвалесценция кезеңі баяу жүреді: 1-1,5 ай. Неврологиялық симптомдар кері шегінеді. Бірінші, тыныс алу және жұтыну қалыпқа келеді. Сосын офтальмоплегиялық синдромның регрессі басталады. Астения ұзаққа созылады.
Шеткі қанда лейкоцитоз, нейтрофилез, ЭТЖ-ң жоғарлауы болады. Зәрде салыстырмалы тығыздығы төмендейді, бірлі жарым лейкоциттер, эритроциттер, сирек гиалинді және дәнді цилиндрлер пайда болады.
Асқынулары. Жиі науқаста аспирациялық пневмония, миокардит, инвазивті емдік шаралардың әсерінен (интубация, катетеризация, өкпенің жасанды вентиляциясы) екіншілік инфекцияның қосылуы пайда болады.
Ботулизмнің салыстырмалы диагностикасы басқа уланулармен (атропин және оның препараттары, белена, метил спирті, улы саңырауқұлақтар) және аурулармен (тағамдық токсикоинфекциялар, энцефалит, полиомиелит, кеңірдек дифтериясы, жедел ми қан айналымының бұзылыстарымен, ОЖЖ-ң әртүрлі ауруларымен) жүргізіледі.
Болжамы. Ботулизм кезінде сауығу ұзаққа созылады, 1-1,5 ай шамасында болады. Алдымен тыныс алу жәна жұтыну қабілеті қалпына келеді. Бас ауыру, көздің симптомдары, жүрек қантамыр жетіспеушілігі ұзаққа дейін сақталады. Әлсіздік (астения) бірнеше айлар бойы сақталып қалады. Ботулизммен ауырғаннан кейін сауығу толық болады. Ботулизмге қайтымсыз өзгерістер тән емес. Ботулизмнің болжамы емдеуіне байланысты. Адекватты терапия болмаған жағдайда летальділігі 25-30% құрайды.
Диагностикасы. Ботулизмнің диагностикасын эпидемиологиялық, клиникалық және лабораториялық көрсеткіштерге сүйенеді.
Лабораторлық диагностика науқастан алынған қан, құсық массасы, асқазанның шайынды суынан ботулотоксин және ботулизм қоздырғыштарын анықтауға негізделген. Емдік сарысуды енгізбестен бұрын көк тамырдан 8-10 мл қан алады. Ботулотоксинді нейтрализация реакциясы арқылы анықтайды, ал аурудың қоздырғышы қоректік орталарға (пепсин-пептон, Китта-Тароцци ортасы, Хоттингер сорпасы) себу арқылы анықтайды. Ботулизм иммунодиагностикасы науқастың қанындағы антитоксиндерді анықтауға негізделген.
Емдеуі. Ботулизммен науқастарды инфекциялық стационарларға міндетті түрде жатқызу керек. Емдеуінің негізін спецификалық және спецификалық емес дезинтоксикация құрайды. Барлық науқастарға асқазанды жуып- шаю және ішекті тазалау клизмаларын жасайды.
Дезинтоксикация кезінде энтеросорбенттер (карболен, энтеродез, энтерол, смекта), вена ішілік кристаллоидты (трисоль, квартасоль, хлосоль, 5% глюкоза) ертінділерді қолданылады.
Қандағы ботулотоксинді нейтрализациялау үшін емдік моновалентті ботулизмге қарсы сары сулар қолданылады. Сары су құрамында А, В, С, Е және Ғ типті антитоксиндері бар. Ботулизмге қарсы сарысу емдік және профилактикалық мақсатпен қолданылады. Қоздырғыштың анықталмаған түрінде 3 түрлі сарысу: А және Е дозасы 10000 ХБ және В-5000 ХБ қолданылады. В.И.Покровский және Ф.А. Туманованың пікірі бойынша сарысудың бірінші дозасы көптеу болу керек: А және Е түрінде 15000 ХБ, ал В түрінде 5000 ХБ. Аурудың ауыр кезеңінде ботулизмге қарсы сарысудың бірінші дозасы көктамырға енгізіледі. Сарысудың қалған дозалары бұлшықет ішіне енгізіледі: ауыр ағымында — әрбір 6-8 сағат сайын, ал орташа ағымында — тәулігіне 2 рет. Сарысумен емдеу узақытығы 4 күннен аспау керек.
Қоздырғыштың вегетативті түріне қарсы антибиотиктерді тағайындаймыз. Олардың ішінде ең тиімді левомицетин. Жұту қабілеті сақталған болса 0,5 г. тәулігіне 4 рет таблетка түрінде береміз. Емдеу ұзақтығы 7-10 күн. Жұту қабілеті бұзылған болса бұлшықет ішіне ерітілген левомицетин сукцинаты 1 г. тәулігіне 3 рет енгіземіз.
Соңғы жылдары ботулизмнің емінде гипербариялық оксигенация қолданылады. Оттегі қысымы 1,5-2,0 атм және экспозиция ұзақтығы 45-60 мин. болғанда жақсы нәтиже береді. Әрі қарай оттегі қысымы мен сеанстің ұзақтығын көбейткенде оттегілік уланудың дамуына әкеліп соғады.
Ботулизм емінің негізінде тыныс алу бұзылыстарымен және гипоксиямен қарсы күрес жатыр. Науқастарды жасанды өкпе вентиляциясына қосады.
Оның көрсеткіштері мыналар; тыныс бұлшықеттерінің парезі нәтижесінде
өкпенің тіршілік сыйымдылығының 30% дейін төмендейді, бульбарлы
бұзылыстардың өршуі, тахипноэ (минутына 40 реттен жоғары болса) өкпе
ателектазы және өкпенің қабыну процестері. Пневмония дамыған кезде
антибактериальды терапия, ішектің атониясында прозерин қолданылады. Науқастарға превентивті назотрахеальды интубация жасайды. Осы арқылы трахеобронхиальды бутасына санация жасауға болады. Ертерек жасалған назотрахеальды интубация
апноэның алдын алады.
Науқастарды реанимациялаудағы негізгі принциптер:
1. Ерте назотрахеальды интубация. Тыныс алуға әсер ететін механикалық
әсерлерін жою үшін және жұтыну кезеңде, асқазанды жуу – шаю кезінде
болатын аспирацияның алдын алу үшін қолданады.
2. Трахеобронхиальды бутасын санациялау және стерильді тыныс алу аппаратын қолдану. Бұл пневмониядан сақтайды.
3. Вентиляция уақытын қысқартып ерте спонтанды вентиляцияға көшу.
4. Назогастральды зонд енгізу. Асқазандағы қалып қалған қосындыларды шығару үшін асқазан 5% натрий гидрокарбонат ертіндісімен 3-4 күн 1-2 рет тәулігіне жуып-шаю.
5. Ертерек құнарлы энтеральды тамақтануға көшу.
Алдын алу шаралары. Ботулизмнің дамуының ең негізгі себебі үйде дайындаған консервілерді пайдалану болып табылады. Консервілерді үйдің жағдайында дайындаған кезде ұқыпты болу керек. Тамақтарды ботулизм қоздырғышының спораларынан сақтау керек. Консервіленген тағамды стерилизациялауда және сактауда қатаң бақылау жасау керек. Консервілерді стерилизациялау автоклавта 120°С температурада жүргізіледі.
Көтеріңкі келген консервілік банкілерді «бомбаж» пайдалануға болмайды. Тұрғын халықтарға үй жағдайында етті, балықты, саңырауқұлақты, жеміс-жидекті консервілеудің қауіптігін түсіндіру керек. Үйде дайындалған консервілерді қабылдаудың алдында 10-15 минут қайнату керек, сонда ботулотоксин тіршілігін жояды
А.Қ.Дүйсенова