Жұқпалы аурулар жайлы түсінік
Жұқпалы аурулар адамзатқа ерте заманнан белгілі. Папирустарда обаның, полиомиелиттің, безгектің ағымы мен белгілері жазылған. Біздің дәуірге дейінгі Гиппократтың еңбектерінде қайталамалы сүзектің, тырысқақтың, дизентерияның, тілменің, түйнеменің, сіреспенің және басқа аурулардың клиникалық көріністерін сипаттап жазылған. Дүние жүзі халықтарында жұқпалы аурулар әртүрлі атаумен аталғаны белгілі, бірақ солардың барлығында да жұқпалы аурулардың негізгі ерекшелігі көрсетілді: кең және тез таралуы, жоғары өлім-жітімділігі.
Жұқпалы аурулар жөніндегі ілімнің дамыған кезеңі – 18 ғасырдың соңы. Ұлы ғалымдар Л.Пастер, Р.Кох, Д.И.Ивановский және басқалар осы дәуірде бір қатар жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын бөліп алған. Кейінгі жылдары ғылыми микробиологияның даму нәтижесінде жұқпалы аурулар жеке пән болып қалыптасып осы дерттердің қоздырғыштарын, эпидемиологиясын, патогенезін, патологиялық анатомиясын, ағым белгілерін, анықталуын, емделуін және алдын алу жолдарын ғылыми тұрғыдан зерттеулерге жол ашты.
Қазіргі заманда барлық елдерде, соның ішінде Қазақстанда да, жалпы халықтың сырқаттануында жұқпалы патологияның орны ерекше, орта есеппен барлық аурулардың 70% негізі инфекцияларға байланысты.
Осыдан біраз жыл бұрын жаңа антибиотиктерге, патогенетикалық емдердің жетістігіне және жаңа алдын алу жолдарына сәйкес жұқпалы ауруларды тез және оңай жеңеміз деген алдамшы пікір тараған. Шынында өмір әлде қайда қатал болып шықты.
Көптеген ежелгі жұқпалы аурулар жойылудың орнына өрши түсті. Олар жедел ішек инфекциялар, вирусты гепатиттер (әсіресе В және С), тұмау және басқа да жедел вирусты респираторлы инфекциялар, балалардың ауа тамшылы инфекциялары, стафилококкты және стрептококкты инфекциялар. Зооноздардың мәселесі де күрделі: бруцеллез, листериоз, иерсиниоз, пастереллез және т.б. Табиғи ошақты және аса қауіпті инфекциялар да «басын көтеріп» жатыр: оба, түйнеме, туляремия, тырысқақ, геморрагиялық қызбалар. Вирусты инфекциялардың емдеуі мен алдын алу шаралары көңілден шықпайды: геморрагиялық қызбалар, вирусты гастроэнтериттер, герпестік инфекция. Шартты патогендік микробтармен шақырылатын аурулар, госпитальды инфекциялар, хламидиоз, АИВ/ЖИТС-инфекциясы, бимәлім пневмония, құстардың тұмауы, шошқалардың тұмауы, прионды аурулар жұқпалы аурулар ілімінде жаңа туған мәселелер.
Жұқпалы аурулар – патогенді вирустармен, бактериялармен және қарапайымдылармен қоздырылатын аурулар тобы.
Инфекциялық процесс – қоздырғыш пен макроорганизмнің белгілі бір жағдайдағы өзара әрекетінің күрделі комплексі.
Қоздырғыш пен адам ағзасының өзара әрекетінің түрлері әртүрлі болып келеді және қоздырғыштың биологиялық қасиеттеріне, макроорганизм ерекшеліктеріне байланысты. Бұл әрекеттің бірнеше түрлері бар.
Клиникалық белгілерімен көрінетін (манифестік) түрлерінің жедел және созылмалы ағымын ажыратады. Көбінесе, жұқпалы ауруларға жедел басталауы тән. Ол аурудың патогенезінің бактериемия сатысына сәйкес болып келеді. Қоздырғыш көбейіп көп мөлшерде қанға өткенде дене температурасы күрт жоғарлайды. Ол ағзаның қорғаныс реакциясына жатады. Себебі, дене қызуы көтерелілген жағдайда қанның бактерицидті әсері жоғарлайды. Сондықтан, жұқпалы аурулар кезінде антипиретикктерді қолдануға тыйым салынады. Интоксикацияға қарсы күресу барысында көп мөлшерлі су ішу, немесе ертінділерді тамыр ішіне енгізу қажет.
Ал, жұқпалы аурулардың созылмалы түрі қоздырғыштың адам ағзасында ұзақ сақталып қалуына байланысты (мысалы созылмалы бруцеллез, созылмалы вирусты гепатиттер және т.б).
Ауырлығы бойынша манифесттік инфекция жеңіл, орташа ауырлықтағы және ауыр деп бөлінеді. Жұқпалы аурулардың ауырлық дәрежесі интоксикация дәрежесіне байланысты.
Қоздырғыш қайтадан жұққан жағдайда реинфекция дамиды. Егер реинфекция біріншілік ауру аяқталғанға дейін пайда болса, суперинфекция дамиды.
Сонымен қатар, микро- және макроағзаның арасындағы әрекеттің ерекше түрі бар: инфекция тасымалдаушылық.
Тасымалдаушылық – инфекциялық процесс клиникалық белгілерісіз өтіп, сыртқы ортаға қоздырғыштың бөлінуімен сипатталады. Инфекция тасымалдыушылардың эпидемиологиялық рөлі маңызды, себебі олар аурудың көзі болып табылады. Жұқпалы аурудың латенттік (инаппарантты, субклиникалық) түрінде инфекциялық процесс субклиникалық деңгейде өтеді, бірақ қоздырғыш зақымдаған ағзаларда патоморфолгиялық өзгерістер дамиды және иммунды жауап қалыптасады (антиделер түзіледі). Жұқпалы аурудың латенттік түрінде қоздырғыш дефектік түрде немесе ерекше бір сатыда болады. Латенттік инфекцияның қоздырғышы иесінің жасушаларында тіршілігін жалғастырып, қоршаған ортаға бөлінбейді.
Микроағзаның бір түрімен шақырылған жұқпалы ауру моноинфекция деп аталады. Ал, бірнеше қоздырғыштармен шақырылған аурулар — аралас немесе микст-инфекция деп аталады.
Егер дамып жатқан жұқпалы ауруға жаңадан ауру қосылса — екіншілік инфекция пайда болады.
Жоғарыда айтылғандай, инфекциялық процестің негізгі факторлары — қоздырғыш, макроағза және қоршаған орта болып табылады.
Микроағзаның бірнеше қасиеттері бар: патогенділігі, вируленттілігі, токсигенділігі, адгезивті және инвазивті қасиеттері. Патогенділік — қоздырғыштың патологиялық процесті шақыру қасиеті. Вируленттілік — патогенділіктің дәрежесі. Адгезивтілік — микроағзаның тіндер мен мүшелерге жабысу қасиеті. Инвазивтілік – қоздырғыштың тіндер мен мүшелерге ену қасиеті. Токсигенділік — микроағзалардың токсиндерді түзіп, бөлу қасиеті. Экзотоксиндерді тірі микроағзалар бөледі, ал эндотоксиндер микроағза ыдыраған кезде бөлінеді. Паразиттерге тән қасиет – олардың патогенділігі (гр. pathos – зардап шегу, genos — туылуы), яғни ауру тудыруы. Паразиттер тудыратын аурулардың аталуы паразит атының түбірінен және оған os, кейде es немесе as жұрнақтарының қосылуынан шығады. Осыдан бір жасушалы қарапайымдылар лейшманий тудыратын ауру – лейшманиоз, дизентериялы амеба тудырған ауру – амебиаз, бауыр сорғышы немесе фасциоланың ауруы – фасциолез деп аталады.
Микроағзалар адам ағзасына белгілі тіндер арқылы енеді. Кейбір микроағзалар (түйнеменің, сіреспенің, тілменің қоздырғыштары) тері арқылы енеді. Грипптің, қызамықтың қоздырғыштарының ену орны – тыныс жолдарының шырышты қабаттары. Ал дизентерияның, іш сүзегінің қоздырғыштары ас — қорыту жолдарының шырышты қабаттары арқылы енеді. Кейбір жағдайларда қоздырғыштың ену орнында (кіру қақпасы аймағында) аурудың біріншілік региональды турлері дамиды (мысалы, оба кезінде микроорганизм тері арқылы енсе, аурудың терілік, бубонды немесе терілік-бубонды түрі дамиды; тыныс жолдары арқылы енсе — өкпелік түрі дамиды, ас қорыту жолдары арқылы енсе баспалы немесе абдоминальды түрі дамиды). Ену орнынан қоздырғыш макроағзада әртүрлі жолдармен тарайды: лимфогенді (лимфа арқылы), гематогенді (қан арқылы), лимфо-гематогенді.
Микроағзаның қанға енуі бактериемия (іш сүзегі), вирусемия (грипп), риккетсемия (эпидемиялық бөртпе сүзегі) немесе паразитемия (безгек) деп аталады. Грам «теріс» бактериялар ыдыраған кезде эндотоксиндер бөлініп бактериемия мен бірге токсинемия дамиды. Кей жағдайларда қоздырғыш ену орнында қалып, ағзаға тек токсиндер әсер етеді. Бұл жағдайда токсинемия дамиды.
Қоздырғыштың маңызды қасиеттерінің бірі – оның троптылығы (белгілі бір жасушаларда немесе тіндерде қоздырғыштың көбеюі: мысалы, паротиттік инфекцияның қоздырғышы бездік тіндеріне, шигеллалар тоқ ішектің дистальды бөлігінің энтероциттеріне, менигококктар мидың жұмсақ қабықшасына тропты).
Макроағзаның қорғаныс қасиетіне арнайы және арнайы емес механизмдер жауап береді. Арнайы емес қорғаныс механизмдеріне: терінің тосқауылдық қызметі және тері секреттерінің бактерицидті қасиеттері; асқазан сөлінің жоғары қышқылдығы және ферментативтік белсеңділігі; ағзаның қалыпты микрофлорасы және т.б. жатады. Сонымен қатар, микроағзалардың арнайы емес ингибиторларына комплемент жүйесі, интерферондар, лимфокиндер т.б. жатады.
Өте маңызды қорғаныс факторларының бірі — иммунитет.
Иммунды жауап бірнеше арнайы реакциялардан құралады:
1) антиденелердің түзілуі;
2) тез дамитын жоғары сезімталдық;
3) баяу дамитын жоғары сезімталдық;
4) иммунологиялық есте сақтау;
5) иммунологиялық тұрақтылық және т.б.
Иммунды жауаптың дамуын Т-лимфоциттер, В-лимфоциттер және макрофагтар қамтамасыз етеді. Т-клеткалар арасында Т-эффекторлар, Т-хелперлер және Т-супрессорларды ажыратады. Т-эффекторлар клеткалық иммунитет реакцияларын жүзеге асырады, Т- супрессорлар Т- және В -лимфоциттердің қызметін реттейді. Макрофагтар антигендерді ұстап, өңдеп, оларды ажыратып, Т- және В-лимфоциттерге мәлімет береді.
Инфекциялық процестің үшінші факторы: қоршаған орта (мысалы, ауаның төмеңгі температурасы және жоғары деңгейдегі ылғалдығы көптеген инфекцияларға адамның сезімталдығын жоғарылатады).
Сонымен қатар, ортаның әлеуметтік факторларының да маңызы үлкен.
Жұқпалы аурулардың ерекшеліктері бар:
1. жұқпалы ауру пайда болу үшін этиологиялық агент қажет;
2. жұқпалы аурулардың жұғу қауіпі жоғары;
3. жұқпалы аурулар ағымында кезеңділік байқалады;
4. жұқпалы ауру барысында иммунитет дамиды.
Жұқпалы аурулардың кезеңдері:
1. инкубациялық кезең — адам ағзасына қоздырғыш түскеннен бастап, бірінші клиникалық көріністердің пайда болуына дейінгі кезең;
2. продромальді (бастапқы) кезең — клиникалық көріністердің пайда болуымен басталады, бұл кезеңнің ұзақтығы бір күннен 1-2 аптаға дейін созылуы мумкін;
3. өршу кезеңінде ауруға аса тән клиникалық белгілері дамиды, бұл кезеңнің ұзақтығы әртүрлі болады: бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін.
4. реконвалесценция (айығу) кезеңі — өршу сатысынан кейін дамиды.
Инфекциялық үрдістің әр сатысында асқынулар дамуы мүмкін. Асқынулар спецификалық (арнайы) және спецификалық емес (арнайы емес) болып ажыратылады. Арнайы асқынулар – осы аурудың қоздырғышының әсерінен дамитын асқынуы, арнайы емес – барлық микроағзалардың әсерінен дамуы мүмкін.
Жұқпалы аурулар диагностикасының қағидалары мен әдістері
Жұқпалы ауру диагнозын анықтау үшін аурудың даму анамнезі, эпидемиологиялық анамнез, мүшелер мен жүйелердің клиникалық зерттеуі, лабораторлық зерттеулер қолданылады. Клиникалық зерттеу барысында науқас жағдайы бағаланады. Біріншіден аурудың ауырлық дәрежесін, сана сезімін, анықтау қажет. Менингеальді синдромды тексеру тиісті. Тері жабындыларын қарап тексергенде терінің түсіне, ылғалдығына, дермографизмге, бөртпеге назар аударылады. Одан басқа, көрінетін шырышты қабаттардың да түсі өзгеріп, энантемалардың болуы маңызды. Лимфа түйіндердің, бауырдың, көк бауырдың ұлғаюына назар аудару керек. Олар ұлғайған жағдайда көлемін, консистенциясын, ауырлық сезімін, қоршаған тіндермен байланысын анықтау қажет. Бұл синдромдар жайылмалы инфкцияларға тән. Ішкі мүшелер белгілі ретпен тексеріледі.
Эпидемиологиялық анамнезінде жұқпалы аурулармен қатынас туралы, тұрмыс, тамақтану жағдайлары туралы мәлімет жиналады. Жұқпалы аурулардың диагностикасында гемограмма, копрограмма және урограмма көрсеткіштерінің маңызы зор.
Зертханалық зерттеулерге әртүрлі материалдар алынады: қан, нәжіс, зәр, асқазанның жуынды сулары, анқаның жағындысы, жаралардың бөлінділері, жұлын сұйықтығы, қақырық және т.б.
Арнайы әдістерге бактериологиялық, вирусологиялық, микроскопиялық, серологиялық, биологиялық әдістер және терілік-аллергиялық сынамалар жатады.
Соңғы жылдары жұқпалы аурулардың стандартты анықтау қағидалары құрастырылып тәжірибелік жұмысқа енгізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің №623 (15 желтоқсан 2006 ж.) бұйрығы бойынша есепке алу және тіркеу кезінде адамның аса қауіпті жұқпалы аурулары жағдайларын анықтау жөніндегі медициналық қызмет саласындағы стандарттар құрастырыған. Есепке алуға және тіркеуге жататын жұқпалы аурулардың тізбесі:
1. Оба.
2. Туляремия.
3. Күйдіргі (түйнеме).
4. Бруцеллез.
5. Конго-қырым геморрагиялық қызбасы.
6. Бүйрек синдромды геморрагиялық қызба.
7. Шешек.
8. Ботулизм.
9. Кенелік энцефалит.
10. Тырысқақ.
Қазір басқа жұқпалы аурулар жағдайларын стандартты анықтамалары құрастырылып жатыр. Жұқпалы аурулар жағдайының стандартты анықтау қағидалары келесі мәліметтерге негізделеді:
Жұқпалы аурулардың күмәндану жағдайы;
Жұқпалы аурулардың ықтимал жағдайы;
Жұқпалы аурулардың расталған немесе дәлеледенген жағдайы.
Жұқпалы аурулардың күмәндану жағдайы аурудың аса тән клиникалық белгілеріне негізделінеді, ықтимал жағдайы эпидемиологиялық мәліметтерге негізделінеді, расталған немесе дәлеледенген жағдайы зертханалық зерттеулердің нәтижелеріне негізделінеді.
А.Қ. ДҮЙСЕНОВА