Қазақ тілін болашақ экономист мамандарына кәсіби тілдесім арқылы оқытудың
психологиялық ерекшеліктері.
Жайлибаева Қымбат Мизанбайқызы.
Қостанай политехникалық колледжі.
«Тіл – халықтың даналығы,
танымы мен талғамын
тауып айтатын
шыншылдығын көрсететін,
ғасырдан-ғасырға,
ұрпақтан-ұрпаққа
мирас болып келе жатқан
баға жетпес
халық қазынасы»
Абай (5)
Қазақ тілі-әлемдегі тілдер арасынан көркемдігі мен бейнелілігі, тазалығы мен сөздік құрамының молдығы жөнінен ойып орын алған тілдердің бірі. Тарихын тым тереңнен бастау алатын тіліміздің сонау есте жоқ ескі замандардан-ақ саясат, шаруашылық, тұрмыс, рухани құндылықтар тілі болғанын дәлелдер деректер де жеткілікті.
Тіл – халық тарихының, әдет-дәстүрінің, әдебиетінің, мәдениетінің, таным-түсінігінің көрсеткіші десек, ұлттық сипатты анықтар салт пен әдетті, халықтық тағлым-танымды, рухани қазынаны сақтаушы да – ана тіліміз. (5)
Аса көрнекті орыс педагогы К.Д. Ушинский балаларды 11-12 жасқа дейін ана тілінде оқыту керек деген концепциясы адамның физиологиялық , интеллектуалдық ерекшеліктерін жан-жақты зерттеуден туған ғылыми қағида екенін біз қазір ұмытып кетіп жүрміз. К.Д. Ушинский бұл арада басқа тілдерді еркін меңгеру үшін балалардың әуелі өзінің ана тілінің бар байлығын жеткілікті дәрежеде игеріп алуы қажеттілігін айтады.
Сонда өз ана тілінің фонетикалық әуезі мен лексикалық , грамматикалық , синтаксистік конструкциясын жақсы меңгерген шәкірт екінші тілде де тез үйренеді. Өйткені ол бір тілді жан-жақты сіңірген соң, сол тілдің тәжірибесі оған енді екінші тілді үйренуге үлкен база болады. Жалпы, әуелі бір тілді меңгеріп алмаған сәбиге екінші тілді тықпалау, оның бойында тілдік қана емес, рухани диградация да туғызатынын жасырып қалу адалдық болмас еді. Сондықтан тіл үйренуді бала организмінің рухани жетілу үрдісімен ыңғайластырып жүргізбесек, жалғандыққа, жалаңдыққа ұрынуымыз оп-оңай. (6)
Біздің мақсатымыз – ата-баба аманат еткен тілді қадірлей білу, көркемдігі мен байлығын сақтап, келесі ұрпаққа жеткізу.Тіл — әр халықтың ұлт ретінде сақталуының кепілі. Кез келген ұлт, халық ең бірінші рухани өресімен, жан байлығымен өлшенеді. Ал халықтың өнері, мәдениеті – тілінде. (5)
Тілдік қатынастың психологиялық негізі тіл арқылы ойды айту, жеткізу, қабылдау,сезіну құбылыстарымен тікелей байланысты. Сыртқы факторлардың әсерінен адамның есту, көру сезімдері жетіліп, адамның ойлау қабілеті артады.Ойлау тіл арқылы сыртқа шығып, тіл адамның ойын жеткізуші құралға айналады.(2)
Белгілі бір тілде сөйлеу үшін студент сол тілдің тілдік құралдарын саналы дұрыс қолдана білуі керек. Оны дұрыс қолданудың басты ережесі көзбен көру, құлақпен есту, мимен ойлау арқылы іске асады. «Ойлау дегеніміз – сыртқы дүние заттары мен құбылыстардың байланыс қатынастарының миымызда жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуі» Тілдік қатынастың психологиялық негізі күрделі, себебі ол адамның ойлау жүйесімен байланысты. Көптеген зерттеуші ғалымдар ойлау – сананың жоғарғы көрінісі деп, ойлау үрдісін арнайы қарастырып, бір жүйеге келтірген. Ойлау дүниені әр қырынан тануға, мәселені тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін танымның екінші басқышы, оның ең жоғарғы сатысы. Ойлаудың таным сатысы ретіндегі ерекшеліктерінің бірі – сөзге қатысы. Адамның ойы әрқашанда сөз арқылы білдіріледі. Адамдар бір-біріне пікірін білдіргенде, тілдескенде дауыстап сөйлейді. Ойлау өте күрделі психологиялық әрекет. Ойлаусыз ешқандай да тілдік қатынас жүзеге аспайды. Ойлау жүйесінің нәтижесінде тілдік және қатысымдық тұлғалар дұрыс қолданылып, тілдегі сөйлесім әрекеті маңызды рөл атқарады. Сондықтан тілді үйрету барысында әрбір студенттің жеке қабілетін, саналылығы еске алынып, жан-дүниесі ескеріледі, оның ойлау дағдысын бекітуге күш салынуы қажет. Ойлауды дамыту үшін, тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы студенттердің өз мамандығына қатысты әр алуан жұмыс түрлерін жүргізу қажет, яғни оқу мәліметтерінің нақтылығы, теориялық сипаты, берілген тапсырмалардың жеңілдігі мен күрделігіне назар аудару қажет(1). Осыған байланысты студенттерде теориялық және практикалық негіздегі ойлауды жетілдіруді мақсат ету керек. Ойлау адамның сыртқы дүниемен қарым-қатынас жасау үрдісінде туындайды. Тіл арқылы адам ойлайды. Ал тілдесу үшін пайымдау керек. Адамның ми қабатындағы ой, тіл арқылы сыртқа шығады,
ол сөйлем арқылы көрініс табады. Яғни ой тілге, сөз де тілге, сөздер сөйлемге әсер етеді.
Сөйлемнен тілдесім әрекеті арқылы тілдік қатынас пайда болады. (3)
Орта арнаулы оқу орындарында оқитын студенттерге өз мамандығына, кәсіби төңірегінде тілдесім құралы ретінде үйреткен дұрыс. Себебі сөйлеу арқылы қарым-қатынас жасау арқылы олар жаңа ұғым – сөздермен танысады. Олардың басқа тілде ойлау жүйесі дамып, таным аясы кеңейеді. Студенттерге кәсібіне бағытталған тілін меңгертуде студенттердің ойлау қабілетін, ойлау жүйесін дамыту тілді саналы меңгеруіне көмектеседі. Яғни тілді қарым-қатынас мақсатында орынды қолдануына әсерін тигізеді. Өз мамандығына сәйкес қазақ тілін тілдесім арқылы түрлі жағдайда жаттықтыра қолдану, оны берік дағдыға айналдыру қажет. Тілді үйреніп, оны саналы түрде меңгеру, кәсіби тілдесім құралы ретінде қолдана білу, дағдыға айналдыру-оқыту саласындағы күрделі мәселелердің бірі. Қазақ тілін меңгеру үшін тіл үйренушілер ойлау жүйесі арқылы тиісті тілдік тұлғаларды дұрыс қолдана отырып, бір-бірімен қарым-қатынас жасайды.(4) Болашақ экономист мамандары кәсіби қарым-қатынас жасау үшін тілдік тұлғаларды таңдап, оларды дұрыс қолдана білулері керек. Өйткені тілдік тұлғаларды орынды қолданылса, ол ойлау қызметінің дамығанын көрсетеді. Ойдың дамуы адамның нақтылы іс-әрекетімен шартты болуымен қатар, оның сөйлеу мәдениетін меңгере білуімен де, сөз өнеріне жетік болуымен де тығыз байланыста болады. Тілдік қатынастың психологиялық негізі – тілді оқыту барысында студенттердің сана-сезіміне әсер етіп, оның қажеттігі мен маңызын түсіндіріп, пәнге деген дұрыс көзқарас қалыптастырады. (7) Тілдік деректерді ойда тұрақтандыратын психологиялық үрдістерінің бірі – ес. Ес – адамның көргенін, оқығанын, естігенін жинайтын күрделі психологиялық үрдіс. Психолог-ғалым Т.Тәжібаев:Естің адам өмірінде алатын орны зор. Егер адамда ес болмаса, барлық дүниедегі заттар, болмыстар бізге әрқашан да жаңа, өткен тәжірибемізде болмаған, оларды еш уақытта қабылдамаған, сезбеген құбылыс болып табылар еді Әрбір адамның жеке басын қалыптастыруда оның есін тәрбиелеу айрықша орын алады. Оқыту үрдісінің негізгі мақсаттарының бірі – тіл үйренушінің есін үздіксіз дамытып отыру. (7) Студенттердің мамандықтарымен байланысты терминдерінің қазақша баламасын есте сақтауы, үйрену барысында біріншіден, есту, сөйлеу қабілеттері арқылы жеке бір рет қана естіп, түйсініп, қабылдап алуына байланысты. Екіншіден, мамандығына қатысты термин баламаларын ғылыми мәтіндерде, мамандығына сай ауызекі тілде берілген ақпараттар тұрғысында көп тыңдап, пайдалануға байланысты болып келеді. Ес адамның ұғыну, түсіну, ойлау, есте сақтау, қабылдау, қиялдау т.б.үрдістерімен тығыз байланысты. Ес әсіресе ойлау үшін қажет. Оқып, білім алуда есте қалдыру – аса қажетті мәселе. Студент сабақта берілген тапсырманы өз дәрежесінде ұғынғанымен есте қалдыра алмаса, онда пайда шамалы. Ұғынған материалды есте қалдырудың жолы – алға дұрыс мақсат қою, сол мақсатты іске асыру үшін жаттығу және оны жүйелі, саналы түрде қайталау. Жаттығу жұмыстарын орындау барысында студентке жаттығудың мақсаты беріледі, сол мақсатты орындаған кезде қандай нәтижеге қол жеткізілетіні беріледі. Мамандыққа қатысты оқу мәліметтерін ұмытпай есте сақтауға қолайлы жағдайлар жасау керек. Әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы ұсынылған экономист мамандығына қатысты мәліметтер студент есінде жақсы сақталады. Есте жақсы сақталған өз кәсібіне байланысты тілдік мәліметтер ғана студентті қазақша сөйлеуге әкеледі. (3) Болашақ экономист мамандарына қазақ тілін кәсіби тілдесім арқылы оқытуда ескеретін психикалық құбылыстардың бірі – түйсік. Сыртқы дүниені танып-білуі түйсіктен басталады. Ол білім алушының алғашқы көзі. Түйсік – тікелей танымдық процесс. Түйсік үш түрге бөлінеді: көру, есту, қозғалыс түйсіктері. Қазақ тілін болашақ экономист мамандарына кәсіби тілдесім арқылы оқытуда көру және есту түйсіктерінің маңызы ерекше. Сөздің мән-мағынасын ұғу, оны дұрыс түсіну, біреуге өз ойын айтып беру, көрмейінше, дұрыс естімейінше жүзеге аспайды (7)Студенттердің сезім мүшелеріне әсер етуде күнделікті сабақта қолданылатын көрнекіліктер және техникалық құралдармен жұмыс істеудің де әсері күшті болады. Экономист мамандығына қатысты деректі фильмдер, кестелер, сызбаларды пайдалану олардың ой белсенділігін арттырады. Студенттер көру арқылы сөздерді оқиды, бірін-бірі тыңдайды, олардың жазылуын қабылдайды, сөз мағынасын түсінеді. Көру түйсігінің артуын мынадан байқауға болады:берілген сөйлемдерді тақтадан көшіріп жазу, оқылған мәтін бойынша түрлі жазба жұмыстарын жүргізу. Есту түйсігі сыртқы дүниені танып, білуде маңызы зор.Хабар есту негізінде қағаз бетіне түсіріледі, ал жазылған ақпарат, хабар көру арқылы оқылып, есте сақталады. Есту және көру, сондай-ақ қол қимылы әрекеттерін ұштастырғанда ғана орфограмманы дұрыс танып, оны қабылдауға, қатесіз жазуға болады. Адам түйсіну арқылы қабылдайды, қабылданған нәрселер еске түседі. Қабылдау – ақиқат дүниедегі заттар мен құбылыстардың сезім мүшелеріне тікелей әсер етіп, тұтастай заттық түрде бейнеленуі. Қабылдау – көру, есту, ойлау және сөйлеу анализаторларының өзара әрекеттесуінен туатын құбылыс. Тіл үйренушілер біреудің айтқан сөзін қабылдағаннан кейін ауызекі тілдесуге үйренеді. Сабақта көрнекі құралдарды, техникалық құралдарды орынды да тиімді пайдалану олардың материалды жеңіл қабылдауларына игі әсер етеді. Қазақ тілін меңгеру барысында студенттер есту, көру, сезу арқылы сөздерді, сөйлемді дұрыс қабылдауға үйренеді. Қабылдау кезінде сөз заттардың белгілерін, ерекшеліктерін сипаттау үшін қолданылады. Мәселен, сабақ барысында көрнекіліктер бойынша жұмыс жүргізуде сұрақтар қойып, оларға дұрыс жауап, іздестірте ойландырып мамандыққа қатысты лексиканы қабылдатуға болады. Қабылдаумен қатар, тілді меңгертуде зейін де үлкен рөл атқарады. Зейін дегеніміз, — айналадағы объектілердің ішінен керектісін бөліп алып, соған психикалық әрекетімізді тұрақтата алуы. Қазақ тілі сабағында студенттердің зейінін жоғары дәрежеге көтеру, алдымен оқытушының білім деңгейіне, шеберлігіне, сабақтың қызықты өтуіне байланысты. (3)
Тілдік қарым-қатынас қызметі сөйлеумен тікелей байланысты. Сөйлеу адам санасының басты белгісі. Тіл арқылы ойымызды басқа біреуге жеткізуді сөйлеу деп аталады. Сөйлеу пікір алысу процесінде жеке адамның белгілі тілді пайдалануы. Сөйлеу жеке адамдар арасындағы өзара түсінуді реттестіру үшін, пікір алысу үшін қызмет етеді. Сөйлеу сыртқы және ішкі сөйлеу болып екі топқа жіктеледі. Сыртқы сөйлеу ауызекі және жазбаша сөйлеу болып, ал ауызша сөйлеудің өзі диалог және монолог болып екіге бөлінеді. Іштей сөйлеу айтылатын не жазылатын ойдың дәл, нақты болуына және тілдік тұлғаларды дұрыс таңдап алуға мүмкіндік туғызады. Қазақ тілінің мамандыққа бағытталған лексикасын кәсіби қатынас арқылы оқытуда іштей сөйлеуді әрдайым ескеріп отыру тиімді. Белгілі бір тақырыпқа байланысты өз ойын жеткізу үшін студенттер кәсіби лексиканы жазбаша сөйлеу тілінде қолданғанда іштей ойланып, толғанып алуды дағдыға айналдырғаны жөн. Іштей сөйлеу дегеніміз-адамның сөйлеу алдындағы ойды жинақтауы.
Сонда тіл арқылы берілген ақпарат келесі адамға түсінікті болады. Демек іштей сөйлеу тілдік материалды түсінуге және есте сақтауға көмектеседі.(2)Экономист мамандығына қатысты лексиканы кәсіби тілдесім арқылы меңгертуде қазақ тілінің ерекшелігін, оның өзіндік қасиеттерін студент ескеріп отырғаны жөн. Студенттің кәсіби қарым-қатынасты игеруі-өз ойын ауызша және сауатты түрде жазбаша жеткізе білу дағдыларын қалыптастырулары болып табылады. Сырттай сөйлеу ауызша және жазбаша болып бөлінеді. Ауызша сөйлеу айтылады, естіледі, ал жазбаша сөйлеу жазылады, көрінеді. Адамның сөйлеуі алдымен іштей қалыптасады да, қатынас үрдісінде сырттай сөйлеуде жүзеге асады. Сырттай сөйлеу түсінісуге арналса, іштей сөйлеу ақпаратты іздеп өңдеуге, яғни ойлауға арналады. Жазбаша тілдік қатынас таңбалардың мағыналық жүйесі мен тізбегі арқылы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы арқылы іске асады. Жазбаша сөйлеу дегеніміз,-адамның айтар ойын графикалық таңбалар арқылы қағаз бетіне түсіру. Сөйлеудің бұл екі түрі бір-бірімен тығыз байланысты. Екеуі де адамдардың қарым-қатынас жасау қызметін атқарады. Сөйлеу тілі жазба тілді дамытуға негіз болады, сондықтан оларды бір-бірімен ұштастыра жүргізу қажет. Қазақ тілінде студенттердің ауызша және жазбаша түрде еркін, дұрыс және қызығушылықпен қатынас жасау мүмкіндігін қамтамасыз ету мәселесінің шешілуі оқытудың көптеген әлеуметтік, педагогикалық, психологиялық, психолингвистикалық, әдістемелік факторларына байланысты. Бұл мәселелердің дұрыс шешімін табу көбіне студенттің өзіне байланысты. Біріншіден – студенттің қазақ тілінде айтылғанды түсінуі және оған қатысты қиындықты жеңе білуі. Екіншіден – қазақ тілін үйрену үшін нақты және стимулдық жағдайдың, яғни қазақ тілінде қатынас жасау қажеттігін тудыратын нақты мүмкіндіктердің болмауы. Үшіншіден – қазақ тілін тиімді түрде меңгерудің жетімсіздігі. Студент болашақта қазақ тілін қолдану, сол тілде қатынас жасау мүмкіндігіне ие болмағандықтан тілдің қажеттілігін сезінбейді. Осыдан барып барлығымызға жақсы таныс психологиялық заңдылық көрінеді. Оған сәйкес, оқу материалын терең меңгеру мәселелері студенттің тілді болашақта нақты әрекетінде немесе белгілі бір мақсатта қолданар қажеттілігінен туындайды. Егер студент қазақ тілін болашақта мамандығына керек болар маңызды фактор мақсатында меңгерсе, ол тек оқу пәні ретінде оқылғаннан гөрі әлдеқайда тиімді болар еді. Оқушылардың материалды меңгере алуының психологиялық негізі сабақтың әрі әсерлі, әрі қызықты өткізілуіне байланысты. Сабақ психологиялық жағынан неғұрлым әсерлі болса, оқу материалын олар соғұрлым терең түсінеді. Сабақты психологиялық жағынан тартымды етіп құру үшін, негізгі үш жағдайдың болуы шарт: бірінші жағдай – сабақтың педагогикалық тұрғыдан ойдағыдай болуы. Оған қатысты мәселелер шартты түрде: мұғалім мен студенттердің сабақ кезіндегі қарым-қатысы, мұғалімнің өзін-өзі ұстау мәнері, оның өнегелі өнегесі, сыртқы келбет-пішіні, сөйлеу мәдениеті, студенттерге қатаң талап қоюмен бірге, оларды сыйлай да білу, саналы адамгершілік пен парасаттылыққа баулу т.б. Екінші жағдай – сабақтың теориялық жағы негізгі фактілермен дәлелденіп, оның ғылыми мәні көңілге қонымды болса, ол студенттердің логикалық ойлау ынтасын арттырады. Үшінші жағдай – сабақтың әдістемелік жағынан тиімді болуы. Бұл мұғалімнің материалды баяндау әдісін шеберлікпен игере алуында, дидактикалық заңды принциптерді орынды қолдануына, қажетті көрнекі құралдар мен тәжірибе жұмыстарын тиісті кезінде көрсете білуіне байланысты. (6)
…Бүгінгі таңда білім беруді дамыту тұжырымдамасының негізгі мақсаты:
-білім беру жүйесінің барлық деңгейінде қоғамның талаптарына сәйкес келетін білімді, кәсіби біліктілігі жоғары тұлғаны тәрбиелейтін, бәсекеге қабілетті білім негізін қалыптастыру. Бұл, жаңа кезеңде адамды өмір сүруге баулу үшін бұрынғыдан да мол деңгейде білім беру деген сөз. (7)
Егеменді еліміздің ойлы азаматтары бүгінгі күні жас ұрпақ тәрбиесіне, олардың сапалы білім алуына барлық жағдайды жасап жатыр. Біз, ұстаздар, қауымының алдында тұрған асқар таудай міндет оқыту үрдісіндегі барлық пәндерді оқыту барысында ұлы Абай армандаған «толық адамды» қалыптастыру. Білім мен ғылым адамзат руханиятының негізі. Ендеше баланы тұлға ететін ғылым мен білім.(7)
Көпұлтты қоғамда тілдердің дамуына қолайлы жағдай туғызу әлеуметтік құбылыс, бұл адамдарға интернационалдық тәрбие берудің қуатты құралы.
Тілді меңгеру — өз ұлтыңды тану. Ұлттық тілді білу ұлт ділін, қасиетін, мінезін, ой, жан-дүниесін, сырын білу екенін, халықтық мәдениет пен дәстүрді жаңғырту болатынын естен шығармайық.
«Тілдердің үш тұғырлылығы» мәдени жобаны іске асыруда бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыруды ағайын-туысқандар өмір қажеттілігіне айналдырайық! (8)
Қолданылған әдебиеттер:
1. Жарықбаев Қ Психология А-1993.12-18б
2. Мұқанов М Педагогикалық психология очерктері А-1962 28-30б
3. Тәжібаев Т Жалпы психология А-1993 42-52б
4. Алдамұратов Ә Жалпы психология А-1996;2001 80-86б
5. Қапасова Б.Қ Әбдіжүсіпова Б Х Қазақ тілін жедел оқыту А-2007 5-10б
6. Әбиев Ж Бабаев С Педагогика А-2004 372б
7. Білім берудегі менеджмент 2006,2007 ж №1,2,3,4,5,7. 168-169б,142-144б,194-195б, 179-183б, 169-171б, 163-167б
8. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. Астана 2008ж 6 ақпан.