XVII ҒАСЫРДАҒЫ ГОЛЛАНДИЯНЫҢ САЯСИ ІЛІМДЕРІ

XVII ҒАСЫРДАҒЫ ГОЛЛАНДИЯНЫҢ САЯСИ ІЛІМДЕРІ
Голландия – Еуропа құрлығындағы испандық феодалдық-монархиялық мемлекеттен өз тәуелсіздігін алып өзін республика деп жариялаған мемлекет.
Жас егеменді буржуазиялық республиканың саяси өмірі қиын тартыспен өтіп жатты, өйткені Еуропада сол заманда өмір сүріп жатқан мемлекеттер негізінен монархиялық басқару формасында болатын. Тек XVІІ ғасырдың екінші жартысында Англиядағы буржуазиялық революциядан кейін ғана Голландия республикасының саяси жағдайы біршама жақсарып тұрақтанды. Дегенмен, ішкі саясатта ел ішіндегі екі партия – республикалық (буржуазиялық бағытты қолдаушы) және оранжистер (ескі консервативтік бағытты қолдаушы) билік үшін тартысқа түсті.
Елдің діни өмірінде католиктік бағыттағы кальвинистер ерекше мәнге ие болды. Кальвинистер елді Испан езгісіне қарсы ұйымдастыруда негізгі идеологиялық бағытты басқарған болатын. Ел тәуелсіздігінен кейін кальвинистік шіркеу бұқара арасындағы беделінен айырылғысы келмеді. Сол себептен де енді олар республикандықтармен саяси тартысқа түсті. Басты идеологиялық қайшылық – қоғамдағы либералистік идеология төңірегінде қалыптасты. Қоғамда жаңа буржуазиялық идеологияны жақтаушылар пайда бола бастады. Солардың негізгі өкілдерінің қатарына голландиялық ойшылдар Гуго Гроций және Барух Спиноза жатады.
Гуго Гроций (1583–1645 жж.) – голландиялық белгілі заңгер және саяси ойшыл, мемлекет пен құқық туралы ерте буржуазиялық ілім мен жаңа замандағы табиғи және халықаралық құқықтың рационалды доктринасының негізін қалаушылардың бірі.
Г. Гроций мемлекет пен құқық теориясы, тарихы, соғыс пен бейбітшілік мәселелері, халықаралық, табиғи, канондық құқық мәселесі, жалпы тарих, этнография, антикалық әдебиет және мәдениет туралы 90-ға жуық еңбектер жазған. Оның негізгі еңбегі – «Соғыс пен бейбітшілік құқығы туралы. Табиғи құқық пен халықтар құқығы, әрі қоғамдық құқықтың принциптері түсіндірілген үш кітап» (1625). Г. Гроцийдың саяси-құқықтық қөзқарастары оның «Олжа құқығы туралы», «Батав республикасының құрылымы мен көнелігі туралы», «Голландия құқығын үйренуге кіріспе» секілді еңбектерінде көрініс табады.
Ерте буржуазияның «құқықтық дүниетанымының» өкілі ретінде Г. Гроций феодализмнен капитализмге өту дәуіріндегі құқықтық-теориялық негіздемеге қызығушылық танытты. Оның қоғам, мемлекет, ішкі және сыртқы саясат мәселелерін құқықтық көзқараста қарастыруға ұмтылысы саясат туралы ғылым аясында емес, нақты құқықтану саласында көрінеді.
Табиғи құқық концепциясының негізінде Г. Гроций заң саласының нормативті маңызды, аксиоматикалық жүйесін жасауға тырысты, олардың жалпы бастамасы мен жағдайын мемлекетшілік және мемлекетаралық мәселелерде қолдануға болатын еді.
Г. Гроций өзінің келісім концепциясында мемлекеттің құрылуы мен заңдарды табиғи құқықтың логикалық жалғасы екендігін көрсеткісі келді. Келісім міндеттерін сақтау табиғи құқықтан бастау алса, заңдар да сол қайнар көзден шығатыны даусыз. Кез келген қоғамдастыққа мүше болған немесе өзгеге бағынған, сөз берген адамдар келісім табиғатының күшіне сай көпшіліктің қалауын немесе билікке ие адамның қалауын орындауға міндеттенді.
Саяси ілімдер тарихы

Г. Гроцийдың еңбектерінде заңның пайда болуы, оның табиғи жағдайдан «азаматтық қоғамға» өтуі көрсетіледі.
Карнеаданың «шындық пен әділеттіліктің анасы – ол пайда» деген утилитаристік тезисін сынай келе, Г. Гроций «өзгелермен қатынасқа итермелейтін адам табиғаты – табиғи құқықтың анасы, ал заңның анасы – ортақ келісімнен туатын жағдай болып табылады, ал соңғысы өз күшін табиғи құқықтан алғандықтан, табиғат мемлекеттік заңның негізгі көзі болады» деп көрсетті.
Г. Гроций өзінің «Соғыс пен бейбітшілік құқығы туралы» еңбегінде халықаралық құқықты табиғи құқықтан бөліп қарастырады.
Құқық пен күш қатынасы мәселесі – бұл Г. Гроций концепциясындағы табиғи құқықтың одан шығатын еріктік құқық формаларымен байланыс мәселесі. Адам табиғатына тән саналы қарым-қатынас және табиғи құқықтан туатын әділеттілік пен пайда құқығының формасы Г. Гроцийдың іліміндегі дедуктивті жолмен шығатын мемлекеттен көрініс табады. «Мемлекет, – деді Г. Гроций, – ортақ пайдамен құқықты сақтау мақсатында құрылған еркін адамдардың одағы».
Адамдардың мемлекетке дейінгі кезеңін Г. Гроций «табиғи жағдай» деп сипаттады. Адамдарда бұл жағдайда жеке меншік болмады, олар «ұлы қарапайымдылықта және өзара төтенше қатынаста» болды, «ортақ мүлікпен» қолданды деп көрсетеді. Уақыт өте адамдар түрлі өнермен айналысты, өзгеше өмір сүре бастады, алғашқы ортақ мүлік қоғамынан жылжитын, әрі жылжымайтын мүлікті бөлісу қоғамына өту кезеңі орын алды. Адамдар арасында әділеттілік пен өзара көмек әлсіреді, «нәтижесінде еңбекте де, өнімді пайдалануда да теңдік өз деңгейінде сақталмады». Мұндай даму процесінің нәтижесінде жеке меншік пайда болды.
Г. Гроцийдың соғыс пен бейбітшілік жөніндегі іліміне бейбітшілік бағыты тән. Бұл орайда оның «соғыстар бейбітшілік орнату үшін жүргізіледі» және «бейбітшілік соғыстың соңғы мақсаты» деген ойлары еске түседі.
Г. Гроцийдың халықаралық қатынастағы құқықтың жаңа зайырлы доктринасына сіңірген еңбегі оның «халықаралық құқық әкесі» деп аталуына себеп болды.
Жаңа зайырлы «заңнамалық түсініктің» теориялық негізделуіне және саяси-құқықтық ойлардың одан әрі дамуына Г. Гроцийдың табиғи әрі мемлекетшілік құқық мемлекеттің келісім нәтижесінде пайда болуы туралы ілімдері түрткі болды.
Қоғамның, мемлекеттің және құқықтың жаңа рационалды амалдары голланд философы мен саяси ойшылы Барух (Бенедикт) Спинозаның (1632–1677 жж.) шығармашылығында көрініс тапты.
Оның саяси-құқықтық көзқарасы «Құдайлық – саяси трактат», «Геометриялық әдіспен дәлелденген этика», «Саяси трактат» атты еңбектерінде сипатталады.
Ол табиғат заңдарын «табиғи жарлықпен ашылған Құдай шешімдері», яғни Құдайдың өзімен емес, адамның санасымен ашылғандар деп сипаттады.
Белгілі күштердің тұрақты күресінде табиғаттың жоғарғы заң құқығы әрбірінің өзін-өзі сақтауға ұмтылысынан тұрады. Бірақ ортақ құқық болмаған табиғи жағдайда адамдардың өзін-өзі сақтау мүмкіндігі іске аспайды. Оған қоса, табиғат пен табиғи қажеттілік адамдарға шешімсіз жағдайдан шығудың жолын көрсетеді. «Адам табиғатының ортақ заңы, – деді ол, – ешкімнің еш нәрсемен қызықпауында, яғни ол үміттенгеннен көбірек игілік болады немесе ірі залалдың алдындағы қорқыныштан, яки, пәлекеттен қашып құтылуда болса керек. Бұл дегеніміз – әрбір адам екі игіліктің қайсысы үлкен немесе екі қасіреттің қайсысы азырақ соны таңдайды». Бұл заң Б. Спинозаның ойынша, мәңгілік шындықтың қатарына жатады және оны барлығы да біледі.
Саяси ілімдер тарихы

Б. Спинозаның мемлекет туралы келісім теориясының ерекшелігі – әрбіреудің табиғи құқығына азаматтық жағдайда тыйым салынбайды, себебі адам табиғи, әрі азаматтық жағдайда өз табиғатының заңы бойынша әрекет етеді, өз пайдасы ықпалында ойлайды, қорқыныш пен үміттен одан әрі сескене, ояна түседі. Бұл екі жағдайдың басты айырмашылығы сонда, яғни азаматтық жағдайда мемлекеттің жоғарғы келісімдегі табиғи құқығы бар, барлығына ортақ құқық пен қаулы бар, ортақ кепіл мен қауіпсіздіктің қорғанышы бар және барлығы да бір нәрседен – жоғарғы биліктен қорқады.
Б. Спинозаның пікіріне сай, жоғарғы билік ешбір заңмен байланыспайды, бірақ барлығы оған бағынуы тиіс, егер ол ақылға сыймайтын істі жүзеге асырса да, оны барша жұрт орындауы міндетті.
Мемлекеттің бағынушыларға қатысты бұйрықты қатынасын реттей отырып, Б. Спиноза алдағы уақытта мүмкін болатын айыптауды жоққа шығарып былай дейді: «Мырза өз пайдасы үшін құлына бұйрық береді, ал жоғарғы билік қоғамның пайдасы үшін, яғни сол бағыныштының өзі үшін де игілікті іс мақсатында бұйрық береді».
Жеке тұлға мен мемлекеттің бостандығы, Б.Спиноза бойынша, рұқсат пен еріктік негізінде емес, олардың саналылығының деңгейі бойынша анықталады. Себебі бостандық табиғи қажеттіліктің негізі мен шекарасында ғана іске асады. «Ерік пен сана – бір ұғым», – деді Б. Спиноза. Осы концепцияға сай, тек саналы ерік қана бостандықта өмір сүре алады.
Оған қоса, Б. Спинозада мемлекеттің соңғы мақсаты – әрбіреуді қорқыныштан құтқару, оның қауіпсіздігі мен табиғи құқығын сақтауға кепіл болу туралы ойлар да бар. Яғни, мемлекеттің мақсаты – шын мәнінде, бостандық болып табылады. Егер мемлекет сана бұйрығына қарсы әрекет етсе, онда ол табиғатына «күнә жасайды», яғни ол қылмысқа жол береді. Бірақ бұл қылмыс азаматтық құқық бойынша емес, табиғи құқық бойынша болады, себебі, сөз мемлекет өзі үшін сақтауы тиіс құқық жөнінде болып отыр. Мемлекет азаматтық құқыққа бағынбайды, яғни ол құқық бойынша қылмыс істей алмайды.
Тақырыпқа қатысты түсініктер мен ұғымдар: кальвинизм, либерализм, идеология, құқық теориясы, әділдік, әділетсіз соғыстар, мемлекет.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *