«Ригведа». Бұл құнды деректе олардың қоғамдық өмірі түгел сипатталады. Дерек бойынша үнділер қоғамды төрт арнайы топқа бөлген: а) брахмандар – абыздар; ойшылдар, ғалымдар; ә) кшатрийлер – әкімдер мен жауынгер әскери басшылар; б) вайшилар – көпестер мен саудагерлер; в) шудралар – бұқара халық.
Қоғамдағы мұндай әлеуметтік тапқа бөліну сол заманның идеологиясына ешқандай қайшы келмеді және бір таптан басқа тапқа ауысуға қатаң тыйым салынды. Осылайша үнді қоғамында саяси өмірді реттеуші қатаң касталық жүйе қалыптасты. «Ригведада» берілген мәліметтерге қарағанда арийлер еңбекшілерге билік жүргізген, сондайақ кшатрийлерді өздері сайлап отырған. Арийлер егер де кшатрийлер өздеріне берілген қызметті дұрыс атқармаған жағдайда және патшаға адалдық сақтамаған кезде оларды билік басынан алып тастау құқығын иеленген.
Көне заманнан бізге жеткен тағы да бір құнды жәдігердің бірі – ежелгі үнді тарихшысы, ойшылы Каутильяның жазған «Артхашастра» еңбегі болып табылады. Бұл еңбекте автор үнді жеріндегі көне Маурья мемлекеті туралы сөз қозғайды.
Маурья империясы мемлекетілік нышандары түгел қалыптасқан, өз құрылымы, нысаны, салық жүйесі және басқа мемлекеттермен саяси байланыс орнатқан мемлекет болғаны сипатталады.
Басқару формасына байланысты Маурья мемлекеті автократиялық тұрпатта болды, соған қарамастан қалалар мен ауылдық жерлерде оларға кейбір автономиялық өкілеттіктер берілді. Атап айтқанда, сауда, салық, мүлік,
шекара күзету мәселелеріне келгенде тұрғындар бұл сұрақтарды арнайы құрылған мекемелер, заң, сот жүйесі арқылы шешіп, жүзеге асырып отырды.
Маурья мемлекетінде арийлер ерекше мәртебеге ие болды. Олар ешқашан құл болмады.
Арийлер патшаны олардың мүліктік жағдайына қарамастан сайлады. Таққа отыру рәсімі кезінде патша халыққа адал қызмет ету туралы ант берді. Патша «егерде мен сіздерге қысымшылық көрсетсем, онда мені жаратушы аспан мен жерден және ұрпағымнан айырсын» деп ант берген.
Каутилья былай деп түсіндіреді, патшаның бақыты оның қол астындағыларының бақытына, олардың әлеуметтік жағдайына тікелей қатысты, өйткені патшаның негізгі қызметі халыққа қызмет етуден тұрады. Патша халқына адал болмаған жағдайда халық оны тақтан түсіруге құқылы болды. Бірақ үнді қоғамындағы билеушілердің ашкөздігі мен дүниеқоңыздығы Каутилья сипаттаған қоғамның біртіндеп құлдырауына әкеліп соқты.
Маурья мемлекетінде тұрғындарды табиғат және соғыс жағдайларына байланысты әлеуметтік қорғау механизмі құрылды.
Қалаларда сәулет, жол салу, туу мен өлімді тіркейтін, ішкі тәртіпті қадағалайтын арнайы муниципалды кеңестер жұмыс істеді. Бірақ соған қарамастан, Маурья мемлекетіндегі қатаң касталық жүйе біртіндеп саяси, экономикалық және әлеуметтік жағынан дағдарысқа ұшырай бастады. Патша мен брахмандардың шектен шыққан билігі мен қатыгездігі кедей бұқара халықтың құқықтарын аяққа таптады. Бұл өз кезегінде қоғамды идеологиялық тығырыққа әкеліп тіреді. Енді саяси сахнаға халықты осы тозақ шеңберінен құтқарушы жаңа харизматикалық лидер Будда (ханзада Гаутама Сиддхартха) келді.