Қазақтың көрнекті ақыны, балалар əдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Павлодар облысы, Шарбақты ауданы, Маралды ауылында дүниеге келген. Ел аузындағы аңыз-ертегілерді тере жүріп, жаңғырта жырлаған. Ол, сондай-ақ халқымыздың мақал-мəтел, нақыл сөздерін жинаушы, зерттеуші ретінде де танымал. Мұзафар Əлімбаев — жыр-бəйгесінде өзіндік орны бар дара ақын. Бүгінде балалар ақыны ретінде тынымсыз еңбектеніп келеді
Ел зердесіне көшкен елеулі сөз.
***
Жаңғырығы жоқ сөздің, жақсылығы шамалы.
***
Жер күтпеген ерден түңіл,
Ер күтпеген елден түңіл.
***
Ана тілі
Ананың құнар сүті ғой,
Ғұмыр бойы сен еметін.
Ана тілі
Халқыңның ырыс-құты ғой,
Игілігіңе кенелетін.
***
Ынтымақ елдікке жеткізер, елдік ерлікке жеткізер.
***
Елге пайдасы жоқ елгезектік.
***
Ерден елдің артықтығы — білігі,
Елден елдің артықтығы — бірлігі.
***
Елге көздеген оқ ердің жүрегіне қадалады.
***
Елдің қамын ойлаған ерте есейер.
***
Ұлтын білгің келсе — ғұрпын біл.
***
Отанын ойлаған орта жолда қалмас.
***
Туын жықпайтын — бүтін ел,
Туы жығылған түтілер.
***
Еркіндік туы — елдік.
***
Аздың азаншысы болғанша,
Көптің қазаншысы бол.
***
Үлкен елдің баласына
Ұсақ болу жараспас.
***
Елден жинауды үйренсең,
Елге сыйлауды да үйрен.
***
Қандастықтан жолдастықты жоғары қоюды қашан үйренер екенбіз?!