Ақын. Қазақ əдебиетінің шоғыры биік жарқын жұлдызы. Қоғам қайраткері. Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Кеңес жылдары жазықсыз идеологиялық қудалауға ұшыраған.
Өлеңдерінде əлеуметтік, ағартушылық бағыттарды ұстанған Мағжан ақын ұлт азаттығы тақырыбына ерекше мəн берді. Ол, сондай-ақ қазақ поэзиясында романтикалық сарындағы маржан жырларымен терең із қалдырған талантты лирик ақын ретінде де кең танымал.
…Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?
***
Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр,
Кілтін өнер-білім ашып жатыр…
***
Қисық көзді Күншығыс,
Бұл тұруың қай тұрыс?
Серпіл енді, алыбым!
***
Ер түрік ен далаға көрік еді,
Отырса, көшсе, қонса — ерік еді.
Тұрғанда бақыт құсы бастарында,
Іргесі жел, күн тимей, берік еді.
***
Оралдай атамекен жерлеріне,
Қасиетті атаның көрлеріне,
Аузы түкті шет елдер ие болып,
Көрсетіп тұр қысымды ерлеріне.
***
Қазағым, таянды ғой қылта мойын,
Жер, мал кетіп, бос қалды біздің қойын.
Кел, қазақ, қолдағыдан құр қалмайық,
Отырайық жиылып, оңдалайық.
***
Анамыз бізді өсірген, қайран Орал,
Мойның бұр тұңғышыңа, бермен Орал!
Қосылып батыр түрік балалары,
Таптатпа, жолын кесіп, тізгінге орал.
***
Шер батса, кім іздемес туған елін,
Тұлпар да көксемей ме туған жерін?!
Арқаның ардагері — қалың Алаш,
Тұран да, біле білсең, сенің жерің!
***
Қалың елім, қалың кара ағашым,
Қайраты мол, айбынды ер, Алашым!
Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл,
Ақымақтар байқамаған шамасын.
***
Ел үшін өл — ер болсаң!
***
Жұрттың қамын көп ойла,
Уайым-қайғы жеп ойла.
Артта қалған сорлы жұрт
Алға бассын деп ойла.
***
Көбейсін елде қайратты ер,
Жұрт үшін болсын қара тер.
Сорлы жұртты бастасын,
Жасаған, соған көмек бер!
***
Елдің елге бағасы қаны бір болуда емес, жаны бір болуда; қуаныш-қайғысы ортақ болуда. Ердің бағасы елге еткен еңбегінің зор яки кішілігінде емес, ел деген жүрегінің таза болуында; тілегінің елмен ортақ болуында; ер өмірінің өрі мен көрі ел өмірінің өрікөрімен бір болуында.
***
Қазақ елі адамзат тұрмысында өз бетімен жол салу дəрежесіне əлі жеткен жоқ. Үміт келешекте.
***
Алашты халық десек, халықты шын сүйген адам «жарты жаңқасы» қалғанша халық үшін қызмет істеуге тиісті.
***
Ұлттың тілі кеми бастауы — ұлттың құри бастағанын көрсетеді.
***
Ұлт үшін тілінен қымбат еш нəрсе жоқ.
***
Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлтының ұлт болуы үшін, бірінші шарт — тілі болуы. Ұлтқа тілінен қымбат нəрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмыс, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі — бəрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең. Тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ…
***
Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен
Бірге жусап, бірге өрген,
Алаш деген елім бар.
Неге екенін білмеймін,
Сол елімді сүйемін.
…Орманы жоқ, шуы жоқ,
Тауы да жоқ, суы жоқ,
Мəңгі өлік сахарасы,
Сарыарқа деген жерім бар.
Неге екенін білмеймін,
Сол Арқамды сүйемін!
***
…Түркістан — екі дүние есігі ғой,
Түркістан — ер түріктің бесігі ғой.
***
Не көрсем де Алаш үшін көргенім,
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім!