МІРЖАҚЫП ДУЛАТОВ

Қазіргі Қостанай облысының Жанкелдин ауданына қарасты Қызбел ауылында дүниеге келген. Қазақтың аса көрнекті ағартушы, ақыны. Публицист, көсемсөз шебері, мемлекеттік тəуелсіздік жолында күрескен саяси қайраткер, тоталитарлық жүйенің құрбаны. 1909 жылы Уфа қаласында басылған «Оян, қазақ» жинағы үшін түрмеге қамалған.
Міржақып Дулатов əдебиеттің əртүрлі жанрында қалам тартқан қаламгер. Оның өлеңдерінің басты тақырыбы — ел тағдыры. Қазақ əдебиетіндегі таза көркем проза үлгісіндегі «Бақытсыз Жамал» атты тұңғыш романның авторы.

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал харам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты.
***
Қазақ тілі бай, таза іргелі жұрт тілі деп бəріміз де айтамыз… Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, əдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да түу басында біздікі секілді таза да, бай болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған. Біздің қазақ тілі бұрын ылғалсыз таза болса да, бұл кезде басқа жұрттармен араласа бастадық, басқа жұрттардың оқуын оқыдық… Бір жағы Бұхар, бір жағы Мекке, Медине, Стамбұлда да оқып қайтқандарымыз бар. Солардың бəрі елге ноғайшылап, арабшылап, сартшылап қайтып жүр. Бұлардың сөйлеген сөзінде, жазған хатында шет жұрттардың тілі аңқып тұр… Қазақ тілін сақтаймыз, балаларымызды қазақша болсын дегенде бұлардың бəрінің негізі «Тіл құралы» екенін ұмытпасқа керек.
***
Қазақта жазылмайтын бір ауру бар —
Келмейді мінін айтсаң жаратқысы.
***
Кемшіліксіз халық жоқ.
***
Қазақтың халық пайдасы деген іске шегініп тұратыны жаман.
***
Мақсатым — халық түзетпек.
***
Үш жүзге біздің қазақ бөлінеді,
Осылай шежіреден көрінеді.
Саны көп, сапасы жоқ, һəммадан бос,
Ғылымға мойын ұсынбай ерінеді.
***
Ел шауып, кісі өлтірген боп па батыр.
***
Халық пайдасын ақылмен істер болар.
***
Қызығып қызарғанға кеткендер көп,
Шен алып дəрежеге жеткендей боп.
Ойлайды өз пайдасын, халқын сатып,
Қазақты ең керексіз еткендей ғып.
***
Тұманға кірді біздің қазақ,
Арты — жар, алды — тұйық бұл не ғажап?
***
Зиялы қауым халықтың қамын ойлауға міндетті.
***
Қазағым, көрмегенің əлі алдыңда,
Боларсың көне берсең мұнан жаман.
***
Заманның көз сал халіне.
Халқыңның ойла пайдасын,
Өзің үшін налыма…
Басыңды тік бəйгеге,
Бір халқыңның қамына…
Қиянаттан бой тартып,
Шық əділет жағына.
***
Күн көреміз қайда барып, Алашым,
Білгіштерің хал мүшкілін қарасын.
Сүйегі жоқ, тіске жұмсақ болған соң,
Əркім жейді біздің қазақ баласын.
***
Бірлік жоқ ала ауыз біз халықпыз ғой,
Қатардан сол себепті қалыппыз ғой.
***
Өзің білгеніңді халқыңа үйрет.
***
Ұл-қыз демей баланы оқыт, қазақ.
***
…Пайда жоқ өз халқыңа қызмет етпей.
***
Орысша білмек қазаққа бек лазым.
***
Көздің жасын құрғатар жігіт қайда,
Таршылықта қазақ тұр біздің жылап.
Жүріп, жастар, араға жақындастыр,
Біздің халық өнерден жатыр жырақ.
***
Елең етер намысқа қызып жігіт аз,
Бұл не ғажап — жұрт керең боп қалған ба.
Мен не болсам — болайын саған садақа,
Сүйікті жұртым, қақпанға түсіп алданба.
***
Бола берме, жазған қазақ, жасқаншақ!
***
Халық тағдыры — қарта ойыны емес.
***
Ұлт əскері — ұлт қорғаны.
***
Сот түзелмей — халық түзелмейді.
***
Адассам — халқыммен бірге адастым, сəулелі жарық жолға ұмтылсам — ұлтыммен қосылып ұмтылып бағамын.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *