Өткен дəуір əдебиетінің белді өкілінің бірі — Шал ақын (шын аты Тілеуке) Көкшетау жерінде дүниеге келген. Ақынның ес біліп, есейген өңірі — қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы. Əкесі Құлеке батыр Абылай ханның жақын серігі болған. Шал ақын, əсіресе, бұқара халық идеясын жырлап, ауыз əдебиеті үлгісін ұстанған сурып салма ақын. Өз толғауларында Шал ақын ел ішін имандылыққа, адалдыққа, ақыл-парасатқа шақырған.
Жігіттер, жаман сөзді кəсіп етпе,
Құрбыңды өзің теңді басып өтпе.
Басыңа бір уақытта жұмыс түссе,
Дұшпан түгіл, досың да қашар шетке.
Жігіттер, мал мен басым көп демеңіз,
Киім бүтін, тамағым тоқ демеңіз,
Дəуіттің отыз ұлын бір күнде алған,
Біздерге жала-қаза жоқ демеңіз.
Жігіттер, жалған дүние бізден қалар,
Бір күні ажал келіп жаныңды алар,
Жан шығып, дүниеден көшкеннен соң,
Мал-мүлкің, қатын-балаң бəрі қалар.
***
Екі арыстан қосылса дəуді өлтірер, ажал келсе — ауру түгіл сауды өлтірер, қаныпезер бұзақы жігіт болса — тыныш жатқан еліне дау келтірер.
***
Ел елдетер, елдетер,
Ашылған тұман желдетер,
Жақсылардың алдында
Біразырақ сөйлесем,
Онан да менің нем кетер.
Елінде жақсы жігіттің алыста даңқы зор болар.
***
Қона берсе, жерің тозар.
Шаба берсе, елің азар,
Жасай берсе, ерің азар,
Ерің азған кезінде — елің азар.
***
Бақытты жігіт қол бастар,
Шешен жігіт дау бастар,
Əлемнен озған алааяқ
Озып бір кетсе ойқастар.
***
Аққу құс — көлдің көркі,
Ер жігіт — елдің көркі.
***
Бір жігіт бар — құр жан,
Бір жігіт бар — тірі жан,
Бір жігіт бар — жігіт жан.
***
Ағайының көп болсын,
Бірлігі оның бек болсын!
Жамандық жер кез болса, —
Бір-біріне сеп болсын!
***
Ата-ананың қадірін
Балалы болғанда білерсің,
Ағайынның қадірін
Жалалы болғанда білерсің.
Дəулетіңнің қадірін
Мал кеткенде білерсің,
Маңайдағы дұспанды
Түн жеткенде білерсің.
***
Майда бол жігіт болсаң тал жібектей,
Жарамайды қатты болу тікенектей.
Білімің болса-дағы ұшан-теңіз,
Пайда жоқ өз халқыңа қызмет етпей.