ДОСПАМБЕТ ЖЫРАУ
(1490–1523 жж.)

Азаулы (Азов) шаһарынан шыққан (Астрахан маңы) Доспамбет жырау қазақ хандығы құрылар тұста өмір сүрген.
Ерлік пен еркіндікті аңсаған жорықшы жырау Доспамбеттің ұлттық əдебиетіміздің қалыптасуында алар орны ерекше. Ол өз толғауларында ұрпағына еліңді, жеріңді қорғай біл деген өсиет қалдырып, өз заманындағы ерлік дəстүр мен батырлықты дəріптеген. Кей деректер бойынша, Доспамбет кезінде Қырым, Ноғай жəне Қазан хандықтарының арасындағы бірқатар жорықтар мен шайқастарға қатысқан. Өкінішке қарай, жыраудың ақындық мұрасы біздің заманымызға толық жетпеген. Жекелеген қолжазбаларда сақталып қалған шығармалары ХІХ ғасырдың басында əртүрлі əдеби жинақтарға енген.

…Екі арыстап жау шапса,
Оқ қылқандай шаншылса,
Қан жусандай егілсе,
Аққан судай төгілсе,
Бетегелі Сарыарқаның бойында
Соғысып өлген өкінбес!
***
Еңсесі биік ақ орда — еміне кірер күн қайда,
Қара бұлан терісін етік қылар күн қайда.
Күдеріден бау тағып кіреуке киер күн қайда,
Күмбір-күмбір кісінетіп, күреңді мінер күн қайда.
Толғамалы ақ балта толғап ұстар күн қайда,
Алты құлаш ақ найза ұмсынып шаншар күн қайда,
Садақ толы сəйгез оқ, масағынан өткеріп,
Басын қолға жеткеріп, созып тартар күн қайда?!
***
Қоғалы көлдер, қом сулар — қонысқа қонған өкінбес,
Арыстандай екі бұтын алшайтып арғымақ мінген өкінбес…
***
Айнала бұлақ басы — Тең,
Азаулының Стамбұлдан несі кем?!
Азаулының Аймадет Ер Доспанбет ағаның
Хан ұлынан несі жоқ,
Би ұлынан несі кем?!.
***
Айналайын, Ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда?!
Еңсесі биік боз орда
Еңкейе кірер күн қайда?!.
Қара бұлан терісін
Етік қылар күн қайда?!
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке киер күн қайда?!
Күмбір, күмбір кісінетіп,
Күреңді мінер күн қайда?!
Толғамалы ақ балта
Толғап ұстар күн қайда?!
Алты құлаш ақ найза
Ұсынып шаншар күн қайда?!.
***
Қалаға қабылан жаулар тигей ме,
Қабырғадан дұспан жалдап жүргей ме,
Қатарланып, қарланып,
Қайран ер қарт күреңге мінгей ме!
Қабырғадан қараған
Достым менен дұспаным:
«Апырым, ер Доспамбет!» — дегей ме!..

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *