Сейтен мен Тайжан батырлар

Сейтен мен Тайжан батырлар

Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілістің басшылары. Баянауылдың әйгілі байы Ақмырзаұлы Азынабайдың балалары. Азынабайға 17 мындай жылқы бітіпті. Ағайынды екі батырдың үлкені Сейтен (шамамен 1800-1840 жылдары) өмір сүрген. Әкесі Азынабай 1838 жылы қайтыс болған соң оның денесін Түркістанға жеткізіп, жерлегеннен кейін Сейтен Кенесары қолына қосылады. Бұл уақытта Сүйіндік руының ішіндегі негізінен Орманшы, Ақбура, Тұлпар және Қаржас-Алтынторы аталарының біраз ауылдары Кенесары жағына ауып қосылады. (Оларды осылай бағыттаған Тайжан еді).
Сейтен осылардың арасынан атан жіліктей жігіттерді таңдап алып қол жасақтап, Кенесарының сенімді серіктерінің біріне айналды.
Белгілі ғалым Е. Бекмаханов: «Кенесары Қасымовтың қарулы көтерілісіне алғашқылардың бірі болып, өзінің Қаржастарымен келіп қосылған, аталмыш округ қазақтардың көтерілісін ұйымдастырушы, Кеңесарының жақын серіктерінің бірі болған осы Сейтен Азнабаев еді.
Сейтен дүниеге көзқарасы кең адам болған. Ол патша отарлаушылары қазақтарының шұрайлы жерлері мен шабындықтарын қалай тартып алғандарының куәсі болған және отарлаушылар ызбары өз арқасында ызғар болып батқан адам», — дейді.
1839 жылы Сейтен орыстардың жазалаушы отрядымен қоян-қолтық шайқас үстінде қолға түседі. Бұл хабарды естіген Батыс-Сібір әскери корпусының басшысы Сібір қырғыздары шекара бастығы полковник
Лоджинскиге 1839 жылы 18 шілдеде жазған бұйрығында: «Сейтен Азанбаевты, аяқ қолына кісен салып, қатаң күзет қоршауымен дереу жеткізуді және оның іс-әрекеттері жөнінде мәліметтер жөнінде бұйырамын! Оы алып келетін уряднигке, егер Азанбаевтан айырылып қалатын болса, өзінің де сот алдында қатаң жазаланатынын ескертіңіз!» — дейді.
Сөйтіп, Неклюдов деген хорунжи бастаған 50 қазақ орыс Сейтенді, 1839 жылы 22 тамызда Омбыға жеткізген екен. Енді Сейтенді әшкерлейтін мәлімет жинау басталды. Бірақ тергеу орындарына тілге тиек болатындай ештене түсе қоймаған. Ал полковник Лоджинский болса: «Сейтеннің далаға ықпалы өте қауіпті. Оны жазасыз қалдырса, басқа қарақшылар пайда болуы мүмкін. Ол атылған інісінен де әлде қайда әккі және айыпты!»-деген бұйрық беріп, әскери соттың басталуын тездетеді. Сотта болған Рыков деген хорунжиді өлтірді деген айып тағылады. Бұл айыпқа Сейтен: «Біз соғысып жатқан халықтармыз. Сендер бізді өлтіруге келдіндер. Біз сендерді неге өлтірмеуге тиіспіз? Мүмкін өлтірген шығармын. Бірақ олардың қайсысының Рыков екенін мен қайдан білейін?!»-деп жауап беріпті.
Әскери сот 1839 жылдың 8 желтоқсанында Сейтенді Сібір каторгасына жіберу жөнінде үкім шығарады. Есіл ер сол кеткеннен елге оралған жоқ. 1841 жылдың жазында көтеріліске қатысқан Сүйіндік елінің азаматтары елге қайта көшіп келеді.
Тайжан Азынабайұлы (шамамен 1802-1839 жж.)
1838 жылы Баянауыл сыртқы округінде болған сайлауда Тайжан екі қазақ қазының бірі болып сайланады. Кенесары бастаған көтеріліс басталғанда ол көтерілісті жақтаушылардың бірі болып, белсенділік танытады. Ел арасында үгіт жүргізіп, көтерілісті қолдауға шақырады. Алайда патша үкіметінің саясатына қарсы жүргізген бұл ісі, әшкереленіп қалған Тайжан 1839 жылы ұсталынып, Ақмолада атылады. Бала-шағасы Сібірге жер аударылады. [25, б. 56]
Сейтен – Тайжан батырлар (Саққұлақ шешен әңгімесінен).
Көшпелі мал шаруашылығының ерте заманда қалыптасқан дәстүрлері XІX ғасырдың басына дейін Баян жерінде өзінің негізгі заңдылықтарын, өзегін сақтады. Әрине , әр дәуірдің шаруашылық үлгілеріне қосатын өзінің үлесі болады. Дегенмен, табиғи орта, қалыптасқан шаруашылық дағдылары, ел түсінігі аса консервативті құбылыс болғандықтан, шаруашылықтың бір түрінен екінші түріне өту өте сирек кездеседі. Осы себептен көшпелі шаруашылыққа сипаттама беру үшін, біз XIX ғасырдың ортасында жазылған Мұса Шорманұлы қолжазбаларына сүйенсек те болады.
Кәзіргі Баянаула аумағына кіретін жердің көпшілігі ертеде жалпы арғын тайпасының, соның ішінде Сүйіндік елінің қыстауы болған жерлер. Жаз жайлауға XIX ғ. 20-30 – шы жылдарына дейін Есілді қуалап Қызылжарға дейін баратын ел 1822 жылғы патша үкіметінің «Жарғысы» күшіне кіріп, Орта жүз елі дуандарға бөлінгеннен кейін, Баяннан аса ұзамайтын болды. 1830 жылдардан кейін Ерейменнің бергі жағы, Өлеңтінің бойы, Шідерті өзені, Сарыарқаның осы тұсындағы ащылы-тұщылы көлдер — бұл елдің негізгі мал жайылымы, яғни екі жүз шақырымнан аспайтын мөлшердегі жерлер.
Ресейдің қазақ жерінің солтүстік бөлігіне ендеп енуі, Ертіс бойынан қазақты оңтүстікке қарай ығыстыруы, әр жерде дуан орталықтарының салынуы, қазақтың көшпелі мал шаруашылығына аса қатты соққы болып тиді. Осыған байланысты қазақ қолындағы мыңғырған мал күрт азайып, жоқшылық көбейе түсті. XIX ғасырдың ортасында қазақ тарихы мен этнографиясына қатысты Арқа жерінде тамаша зерттеулер жүргізген В.В.Радлов «нельзя отрицать того, что с установлением порядка благосостояние народа уменьшилось. Внутренняя орда возле Семпалатинска… почти разорена» деп жазады.
Шоқан Уалиханов пен Мұса Шормановтың Батыс Сібір генерал –губернаторының атына жазған арызында қазақтың «Жарғыға» дейінгі заманда әл-ауқатты өмір сүргені айтылады: «В старые времена, во время опустошительных войн и вседневной баранты, казахи были богаче, чем теперь, и повсеместные упадки случались редко… Что сибирские казахи были богаче до основания приказов /дуан- Ж. А./ — это факт, неподверженный ни малейшему сомнению: стоит только посмотреть на число скота, который был пригоняем на Оренбургскую и Сибирскую линии в конце прошлого и в начале нынешнего столетия, и на официальные исчисления 20-х и 30-х годов /XIX — ғ. –Ж.А./. В эту последнюю эпоху было немало казахов, имевших 10- тысячные табуны лошадей».
Бұл жерде Шоқан мен Мұсаның айтып отырғаны, әрине, Сүйіндік –Қаржас даңқын шығарған Азынабай және Бапақ сияқты Сарыарқада теңдесі жоқ атақты жылқылы байлар. Қазақ арасында — «Бай болсаң Бапақтай бол, Азынабай, Сапақтай бол» делінетін осылар. Өмір сүрген уақыты XIX ғасырдың бірінші жартысына ұқсайды. Себебі Азынабай/ Қаржас ішінде Ақмырза/ 1837 жылы қайтыс болып, сүйегін баласы Сейтен Әзіреті сұлтанға апарып қойғаны архив деректерінен белгілі. Сапақ Қуандық ішіндегі ірі бай, ол да сол кезеңде өмір сүрген. Бірде Азынабай Сапақпен құда болмақ болып жаушы жібереді. Шамасы Сейтенге ме, әлде Тайжанға ма Сапақтың қызын алып бермек болған. Азынабайда 17 мың жылқы, Сапақта 18 мың жылқы бар екен дейді. Сонда Сапақ құдалық жолың өз алдына, ең алдымен байлық салыстырайық, жылқыңды айдап кел, кімнің байлығы асса сол жеңген болсын, егер жеңсең қызымды қалың малсыз-ақ беремін депті – міс. Содан намысқа тырысқан Азынабай Бапаққа келіп, уақытша оның да жылқысын қосып алған. Екеуі де Қаржас баласы болғаннан кейін Бапақ аясын ба –12 мыңын береді.
Қарағанды мен Ақмола облыстарының шекаралас жерінде Сапақтың көлі делінетін Нұра бойында бір атақты жер бар. Сапақтың ауылы сол маңда екен. Қаржастан келген адамдарды сол жерде күтті дейді. Кешке қарай қонақтың қызған шағында Сапақ айтыпты: «мен
жылқымды көлдің басына таңертең жабайын, сен кешке жап» деп. Азынабай өзі құда түсіп отырған соң не десін, «құп» депті. Сапақ көлі аталған көл сол кезде айнадай жалтыраған әдемі, дөңгелек көл екен дейді. Таңертең таң ала кеуімде Сапақ пен Азынабай бастаған Қуандық пен Сүйіндіктің игі жақсылары көл жағасына келеді. Бір төбенің басына түсіп, ат шалдырып, мәжіліс құрып отырады.
Сапақ жылқысы ылғи қылаң, көк мойын екен дейді, көлдің басына қарай жылқыларды жан-жақтан алып келіп төккенде, қылаң түс күнге шағылысып, көлдің жағасы маржан шашқандай жарқ- жұрт етіп кетеді. Отырғандар риза болысып, Сапақты мақтап, оның Қуандықтың құты екенін айтып, жылқыға сүйсініп көтеріліп кетті, түс қайта Азына байдың жылқышылары қос-қос қылып жылқыларын Көлдің басына айдады. Игі жақсылар әлі де көлдің жағасында, мәжілістің қызған кезі, табақ-табақ ет желінген, саба-саба қымыз ішілген. Ішкен мас, жеген тоқ, бәрі мәз болып отырғанда Азынабайдың жылқысы, ішінде Бапақтың да 12 мыңы бар, көлдің жағасын түгел жауып, тура құмырсқаның илеуіне айналады. Қаржастың жылқысы ылғы торы, қүрең келеді екен. Бағанадан бері өрекпіп отырған Қуандық баласының мысы басылып қалды дейді. Сонда Сапақ өз жылқысына көңілі толмай, жеңілгендігін мойындап: «қылаң итті мал деп асыраудың қажеті жоқ екен» депті.
Жоғарыда аты аталған байлардың бәрі де XIX ғасырдың 30-шы жылдары жұтады. Қайырусыз жылқы баққан қалың елді орыс отаршылдығына қарулы күреске шақырған Кенесары хан әуелі осы құт иелеріне сүйенді. Кенесары айтқан екен дейді: «мен мақсатыма жету үшін құдайдан Орта жүзді бер деп сұрадым, екінші жаужүрек батырларды сұрадым, үшіншіден, Аққошқар мен Алдажұманды, Азынабайдың Сейтені мен Тайжанын сұрадым. Құдай бұл тілегімді берді. Бұлардың жылқысы менің әскеріме мінетін ат болды, ішетін ас болады, — деп есептедім. Сондықтан бұлар менің досым, мен бұлардың досымын. Өздерің білесің, бұлар құдай еркелеткен адамдар. Құдай еркелеткен адамдарды мен де еркелетуім керек, мен құдайдан үлкен емеспін». Бұл әңгіме Саққұлақ шешеннің айтқаны.
Сол қарияның шежіресіне сүйенсек, тағы да бір деректердің көзі табылады. Ол Азынабай балаларының орыс отаршыл үкіметіне қарсы болуының себептері және күрес тарихы.
XIX ғасырдың 30-шы жылдары қазақтың игі жақсылары екіге жарылды. Бір жағы қайткен күнде де алмай қоймайды деп Ресейдің ығына жығылса, екінші тобы қалай болған күнде де қарсыласып, қазақтың тәуелсіздігін қорғап өлуге бел байлады. Осы соңғы топтың жуан ортасында Азынабай ұлдары Сейтен мен Тайжан болса, алдыңғы топтың ішінде Шорман сияқты азаматтар болғаны шындық. Бұл алақандай қаржас елінің ішінде болған жарықшақ сол заманда бүкіл қазақ баласына тән ортақ құбылыс еді. Сонымен бірге орысқа бодан болған ел ішінде Ресейге жан-тәнімен қызмет істеген жандайшап белсенділер де, сен тимесең мен тиме деп әліптің артын бағып отырғаны да аз болған жоқ.
Орта жүз Мейрам сопы балаларының арасындағы келіспеушіліктің жарыққа шыққан уақыты Қуандық елінің көпшілігіне билігі жүріп тұрған Қонырқұлжа сұлтанның шешесі Абыл ханымға ас берген уақыт. Асты ың-шыңсыз өткізу үшін Қонырқұлжа осы маңның қазағының ішінде алғаш рет Омбыдан оншақты казак әскерін алдыртқан. Қазақтың ас беру рәсімінде мылтығы сорайып орыстың әскерінің жүргенін Сейтен, Тайжан ұнатпай қалың топта наразылық білдірген.
Енді келіп екінші оқиға таза шаруашылыққа байланысты дамиды оған себеп Қоңырқұлжаның келісімімен орыстың Сарыарқаның дәл ортасынан Ақмола бекінісін сала бастауы. Саққұлақ шежіресіне құлақ түрелік:
«Ақмола қорғанын салуға алғаш белгіленген орын Нұра өзенінің бойындағы Ақмола дейтін моланың жаны болатын. Ол – қазіргі қала салынған Қараөткел деген жерден 25 шақырым жерде. Осы жерден қаланың орынын өлшеп, жаппа үйлер тұрғызып жатқан Қоңырқұлжа сұлтанның нөкерлері біраз адам болады. Ішінде Қоңырқұлжаның үлкен баласы Бегалы төре бар. Сейтен, Тайжанның жайлауы бұдан көп алыс емес. Есіл өзенінің бойындағы Жалғызағаш деген жер еді. Тайжан қаршыға салып жүріп осында келеді. Жөнін білген соң Бегалыға қарсылық білдіреді. Жерін қызғанып: «Кетіңдер, қала салғызбаймын», — дейді. Бегалы ызаланып, күш көрсетіп, ұруға айналған соң, Тайжан жылысып кетіп қалады.
Сейтен, Тайжанның осы дүрбелеңге байланысты жиналған жасақ жігіттері болады. Әлгі ерегестен бір күн өткен соң осы жасақты алып, Тайжан қала салынғалы жатқан жерге келеді. Бегалыны ұрып, саймандарын тартып алып, көлікке әкелген бір жүздей жылқысы бар екен, оны тағы айдап кетеді. «Бұл өлтірген қаршығамның құны» – деп, бақташыға айтып жібереді. (Тайжан жалғыз келген күні төрелер қаршығасын өлтірген болатын). Бұл оқиғадан көп ұзамай, қаланы екінші орыннан салуға ұйғарып, Есіл өзенінің бойындағы Қараөткел деген жерге 1830 жылы Ақмола қорғанын салады. Аға сұлтан болып Қоңырқұлжа тағайындалады. Енді оған алдымен Сейтен, Тайжаннан кек алу керек. Сонымен оларға ерген ауылдарды жазалау үшін Бегалыны басшы қылып қырық қазақ-орыс жібереді, міне Қаржастың Кенесары көтерілісіне қосылуына осы себеп болады».
Шоқан мен Мұсаның көшпелі мал шаруашылығына байланысты жазған негізгі мәселесі жер жағдайы: «мал өсірудің негізгі шарты, ең маңызды қағидасы көшетін- қонатын жердің кеңдігі» дейді авторлар. Бір қаланы асырауға толық жететін жер бір қазақтың ауылының қажетін ашуға жетпейді. Себебі әр ауылдың өзіне ғана меншік еткен қыстауы және қысқы жайылымы болуы керек. Сонымен қатар көктемгі, күзгі және жазғы жайылымдардың да орындары ерекше. Қыс уақытында малын қыстың қахарынан сақтайтын қалың орман, не ағашы бар тау сияқты панасы бар жер керек. Ал жазға, керісінше, көлдің жағасы, немесе суы мол, жайылмасы кең, өзі ашық жерлер қолайлы. Күзді күні қазақтар жазғы жайлауларына өрт салады, оған себеп малдың жаз айларында мазасын кетіретін әр түрлі жәндіктердің жұмыртқаларын құрту үшін. Ал қысқы жайлымдарына жаз бойы еш адам, мал жоламайды. Сонымен қазақтар ұлан-байтақ жерге иелік жасап жүргенімен жылдың әр мезгілінде оның тек кішкене бір бөлігін ғана пайдаланып, ылғи да жердің аздығынан тапшылық көріп отырады».
Жоғарыда баяндалған тәртіптің «Жарғы» заманында ескерілмеуі жүдеушіліктің негізгі себебі: «разделение земель наших по округам и приурочение летних и зимних пастбишных мест известным родам и личностям должны считатся одной из главных причин, вредяших скотоводству».
«Жарғыдан» кейін Баянаула қазақтары Орта жүз ішіндегі ең кедейіне айналды дейді авторлар. Сары арқаның ен даласын емін- еркін жайлап келген Баян қазақтары Нұраның орта ағысы мен Есілдің басынан аспайтын болды. көбінесе Шідерті бойындағы жазықты жайлады. Қыстау жердің аздығы XIX ғасырдың ортасында біліне бастады. Мұса мен Шоқан жазбасында бұл мәселені Ерейменнің тұтастай Ақмола дуанына қарап, ал Баянаула маңындағы қыстауларды казак – орыстардың басып алуымен байланыстырады: «Эреймен теперь уже не принадлежит нам: он занят казахами Акмолинского округа, хотя за него было пролито нами немало крови. Баянауыл принадлежит станице, за Иртыш же, куда пригоняли наши предки часть скота на зиму, не пускают нас казаки». Мал шаруашылығына қолайлы қыстаулардың болмауы себепті қысқы борандар мен қалың қарда Баянаула қазақтары көп бейнет шегеді. Шаруашылықтан таршылықты көп көрген қазақтардың 500 –ден аса отбасы күн көріс іздеп өзге округтардың жеріне, казак станицаларына кетті делінген.
Батыс- Сібір генерал- губенаторына жазған хатында Шоқан мен Мұса Баянаула приказын жауып, округ орталығын /дуан/ жол бойында жатқан /Ақмола мен Қарқаралы арасында/ Белағаш деген жерге көшіруді ұсынады. Баянаула қазақтары дуанды көшіруге округ орталығын /дуан/ және казактарды көшіруге қажетті шығынның орнын төлеуге, сол үшін әр қазақ отбасына үш жылқыдан сыйлық жасауға дайын. Себебі Байнаула орыс- казактары қазақтың арқасында еш еңбексіз, арамтамақтықпен күн көріп жатыр. Егіншілікпен айналыспайды, станицаға деп кесілген қазақтың қыстау жерін қазақтың өзіне қайта арендаға тапсырып пайда табуда.
Қысқы жайылым мәселесі Мұса Шормановтың «Казахские народные обычаи» мақаласында да айтылады. Қазақ үшін ата- бабадан еншіге қалған жерден асқан байлық жоқ дейді Баянаула қазақтарының көсемі. «Қыстаудың иесі өз жерінің бір бөлігін малы аз болғандықтан, біреуге шарт бойынша, аз пайдаға бола беруі мүмкін, бірақ өте қымбат мұра, қасиетті қазынаны аса қынжылып, жүрегі езіліп береді. Егер ол жерді өзі жайлауға мүмкіндігі, күн көрісіне жететін малы болса, дүниенің барлық қазынасын, алтынын берсеңіз де атадан қалған жердің бір сүйем, бір қарыс жерін өзгеге бермес еді. Жерді тек кедейшіліктен, амалсыздықтан ғана өзгеге береді». [24, б.75]

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *