Баян батыр

Баян батыр

Баян батыр «Ақтабан шұбырындының» зарын көзімен көріп өскен, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай тәрізді қаһармандардың ерлік өнегесімен тәрбиеленген батырлардың екінші толқынында жатады. Біздің қолымызда батырдың нақты туған жылы туралы дерек жоқ. Батырдың ұрпақтарының айтуына қарағанда шамамен 1710 жылы мен 1715 аралығында туса керек. Осы жорамалды басшылыққа ала отырып біраз тереңдесек, соңғысы шындыққа бір табан жақын болар деген ой түйеміз. Бірінші дәлеліміз – Абылай хан өзінің атақты батырлары туралы айтқанда Қабанбай, Бөгенбайларды «менен ілгері» деп, Баян батырды өз тұстасы деп атайды. Екінші – ел аузындағы аңызға қарағанда Баян батырлығымен тұңғыш рет Әбілмәнсүрдің Абылай хан аталып, жоңғарға қарсы қол бастап шыққан бір жорығында танылады. Ол туралы аңыз былай дейді: бір жорықта қалын қолдан озық шығып кеткен Абылай аз ғана нөкерлерімен қапылыста жау қоршауында қалып қояды. Абылай «Жауға шабар кім бар?» деп үш айтқанға дейін ешкім орнынан тырп етіп қозғалмайды. Қаншама жаужүрек болса да кеудесін тікенектей қалын найзаға төсеу онай ма! Абылай «Бұл қазақта жауға шабар бір ұл тумаған ба?» деп қатты қапаланады. Сонда есік пен төрдей сары ала ат мінген біреу «Қазақ жауға шапса сенен сұрап шаба ма, хан ием!» деп, ұмтыла шауып, қалын қалмақты майға салған пышақтай тіліп өтіп, хан қосының қоршаудан алып шығады. Қоршауды бір бұзған жерде қаша ұрыс салып, әрқайсысы жеке қол бастаған өңшен көкжалдар аман құтылып, бас қолға келіп қосылып, жауды күйрете жеңеді. Көңілі әбден орныққан соң Абылай «Маңағы сарыала атты батырды тауып әкеліндер!» деп жарлық береді. Алдына келтірілген сақал-мұрты енді тебіндей бастаған еңсегей жастын келбетіне разы бола отыра Абылай «Жауға шабарың бар – бір айттырмай неге үш айттырдың?» дейді. «Біріншіде – шаппағаным төрдің төбесі, жолдың басы хандікі. Алдыңнан кесіп өтпейін дедім хан-ием. Екіншіде – іркілгенім – алдымда аға баласы – Арғын болды. Жолын ораймын дедім. Үшіншіде — өлімнен басқа қаралайтын ештеме қалған жоқ» депті жас батыр. Соңынан ұзақ жылдар үзеңгілес серік еткен Баян батырмен Абылай өзінің таққа отырған шағында осылай танысады.
Ақыл тұрмас қашқанда,
Дегбір тұрмас сасқанда.
Баяндай ерді көрмейсін,
Бұрылып жауды шапқанда! –
Деген өлеңді Абылай Баянның осындай ерлігіне разы болып айтыпты-мыс дейді аңыз.
Демек, Баян батырдың Абылайдан жасы кіші болған деген жорамал шындыққа келеді. Ал Абылай 1711 жылы туған. Олай болса Баянның 1715 жылдар шамасында дүниеге келгендігі шындыққа оралымды.
Сонымен бірге осы әңгімеден Баянның батыр ғана емес, сөз жүйесін табатын шешен, ой арнасын табатын ақылды, кемеңгер адам болғандығын да аңғарамыз.
Баян батыр өзінің қазақ даласын ең соңғы жоңғардан аластау сияқты көкейкесті арманына жете алмай, соғып өткен құйындай, аққан жұлдыз тәрізді қысқа ғана ғұмыр жасап, қапыда кеткен батыр. Жалғыз жүріп қол жинап, сан қамалды жеке бұзған Баян шағын жасағымен Іле бойында қалмақтың қалын қолымен шайқаста, 1757 жылы бар болғаны қырықтан енді асқан шағында қаза тапқан. Бұл турасында Ілияс Есенберлиннің “Жанталас” романында суреттелген оқиға мен ел есінде хатталған аңыз бір жерден шығады.
Баян батыр туралы әлі жинақталып, бір жүйеге келтірілмеген аңыздар көп. Осындай аңыздардың бірі көркемдік қуаты аса жоғары, сарыншыл “Баян батыр” дастанына негіз болған. “Бірақ Мағжан ел аузындағы аясында қалмай, кейбір тарихи шындықтарды шығарманың көркемдік қуатын арттыру бұрмалауға барады” деп жазады батырдың ұрпақтарының бірі, ақын М. Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Ерік Асқаров.
Мұндағы сөз болып отырған – дастандағы Ноян бейнесі. Шындығында Баянның мұндай есімді інісі болған емес. Ақынның Ноян деп алғаны – Баянның шөберелес ағасы Сары батырдың баласы Қыстаубай. Ел есінде қалған әңгімеге қарағанда Қыстаубай расында да ауылдағы қалмақтың Лағда деген қызын алып қашса керек. Баласының қылығына Сары батыр қатты долданады. “Сары батыр долданса соғыста екі көзін қан жауып кетеді екен. Қашан оншақты дұшпаның түйреп тастағанша көзі ашылмайды. Оған дейін шылбыры Баянның тақымында жүреді екен” деген бұрыңғылардан қалған сөз бар. Сол Сары “Қыстаубайды қуып жетіп өлтір, киім мен қару-жарағын көзімше көм!” деп Баянды жұмсайды. Баян Қыстаубайды қуып жетіп, бір қабат киімін Қозының қанына малып, Сарыға алып келеді. Қыстаубайдың нағашысы Кіші жүзде екен, сонда бар деп кеңес береді.
Енді Баянның шыққан тегі туралы. Ілияс Есенберлиннің “Жанталасындағы” “Баянның арғы тегі моңғолдан сінген Саян, Аян дегендер еді” деуі негізсіз. Бұлар қиялдан туған адамдар. Ілекеннің өзі де көзінің тірісінде тарихи шығармаларын қалтықсыз шындық деп қарауға кеңес бермеген, қайта өзінен кейінгі толқынға ізденуді, басталған істі ілгерірек апаруды аманат еткен адам.
Баян – Орта жүздің Уақ руынан. Уақ өз ішінен Бұйдалы, Жансары, Баржақсы, Шайгөз, Шоға, Мұрат болып бөлінеді. Шоға – Баянның арғы атасы. Уақ өте шашыраңқы орналасқан ру. Оның біраз тайпалары Семей, Кереку, Аягөз, Өскемен мандарын мекендейді. Тіпті Уақ Шу өзені мен Ақтөбе, қала берді Қытай мен Моңғолиядан да ұшырасады. “Ақтабанға” дейінгі негізгі мекені тегі Сыр бойы, одан беріде Ереймен, Семізбұғы, Қызылжар мен Қостанайдың аралығындағы Обаған өңірі болса керек.
Батырдың жиені Мағжан Жұмабаев “Баян батыр” дастанында
Арқада бір өзенді дер Обаған,
Сол жерде аз ғана Уақ қоныс қылған.
Уақтың ерте күнде өжет қайсар
Ер Көкше, ер Қосайдай ері болған.
Сол ері ерте күннің Ер Көкшенің
Нәсілінен қайтпас алмас Баян туған, — деп жазады.
Баян батырдың туыстары, олардан тараған ұрпақ қазір Солтүстік Қазақстандағы Булаев ауданында тұрып жатыр. Жазушы Хамза Абдулиннің айтуына қарағанда Абыл, Жарбол, Аралағаш атты үш үлкен ауылдың үшеуі де таза Баян батырдың ұрпақтарынан тұрады. [6, б. 50-52]

  1.  

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *