Ер Жасыбай

«Ер Жасыбай»

…Ақынның қиыстырса келеді ебі,
Болған іс бәрі айтылмай қалмас тегі.
Аң қуып таудан құлап суға кеткен,
Қалмақтың Шойын деген батыр бегі.
Ол күнде бұл тауларды Қалмақ алған,
Қорған ғып әрбір жерге бекін салған.
Тұлпардың екпінінен суға құлап,
Атанып Шойындыкөл содан қалған.
Жол салған тасты бұзып Жасыбай ер,
Әркімнің ертеден-ақ аузында бар.
Арқадан қазақ ауып өз жеріне,
Қеткен соң ат қойылған Жасыбай көл.
Жасыбай батыр екен ту көтерген,
Басшы ғып біздің қазақ соңына ерген.
Сол жолмен аңғал батыр келе жатса,
Отырған тау басында қалмақ көрген.
Жол тосқан жауыз қалмақ Құба мерген,
Туы бар келе жатқан көзі көрген.
Көрінбей тас түбінде тұра қалып,
Тосыннан садақпенен тартып берген.
Моласы Жасыбайдың тау басында,
Қияның өзі салған қырқасында.
Қалған сөз үлкендерден бірден-бірге,
Өлгендерім болыпты сол қасында.
Бекініп Серіктасқа қалмақ қолы,
Батырлар басқа жаққа кеткен бәрі.
Есітіп бұл хабарды келген дейді,
Бөгенбай, Олжабай мен Малайсары.
Батырдың не секілді бәрі барған,
Қан төгіп қазақ, қалмақ соғыс салған.
Айтуы бұрынғының рас болса,
Қалмақтан осы жолы көп олжа қалған.
Соғыста қолға түскен Құба мерген,
Қалмақтың батырлары көп қырылған.
Серіктас деген атты қалдырысып,
Аталып Қалмаққырған содан қалған. [6, б.60-63]
(Жамал қожа қолжазбасынан үзінді)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *