Өн бойы тола өлең-жыр
Біз оның бала кезінен қанша бейхабар болсақ,балаң ақын кезінен де сонша керқұлақпыз. Ол бізге алғашқы беттерін алыс жылдардың құтырынған құйындары жыртып, ортасынан ауа кеткен көне кітаптай көрінуші еді. Дәлдеңкірей түссек, ол әлі парақтары сарғыш тартқан жалба-жұлба кітаптың өзінен гөрі, соған жазылған ескі қиссаның тоқпақтай тұлдыр, тобадай жалғыз кейіпкері-ежелгі ерлерге көбірек келіңкірейтін еді. Тау тұйғында оқта-текте бір есетін кезбе желдей үзік-үзік, келте мәліметтердің айтуынша ,бабаларының арасында батыр көп болыпты. Ал өзі әке батасын аттап,жағын сатып күн көрген жалба тонды ақындықты қалады. Аталары ақбас Алатаудың көк майса сай –салаларынан өрбісе,өзі тұлдыр даладағы Жамбыл тауының етегінде жерге түсіпті. Анасы оған Қоқан ханы Құдиярдың құрығынан қашып жүрген ұлы сүргін тұсында тосыннан толғатыпты. Сөз реті қаза кетпесін ,Құдияр оның бабаларына көрсеткен қоқан-лоқысын менің бабаларыма да жасапты. (Кер тағдырлы ата-баба сүрлеуі қалай-қалай ойқастап,көнтерілі уақыттың қай-қай белеңінен тоғысады десеңізші!) Қайталап айтайық, кейуана қарияның сақал-мұрт басқан салғырт жүзіне қарай отырып, тал бесікте уілдеп жатқан жас иіс сәбидің бейнесін көзге елестету қандай қиын болса, дүлдүл ақынның кезі, балауса шағы шамамен мынадай болған шығар деп бал ашу да сондай қиын. Бар білетініміз: ел Екей ақындық жағынан ерекше салымды бопты.
Екейде елу бақсы, сексен ақын,
Сарнайды жын қаққандай кешке жақын,-десе дегендей-ақ, Екейдің әйел-еркегі күні бүгінге дейін оңтайы келгенде өлеңдетіп қоя береді.
Әбдіжәміл Нұрпейісов (203 сөз).