ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТ САБАҚТАРЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ
ФОРМИРОВАНИЕ ФУНКЦИОНАЛЬНОЙ ГРАМОТНОСТИ УЧАЩИХСЯ НА УРОКАХ КАЗАХСКОГО ЯЗЫКА И ЛИТЕРАТУРЫ
Кудашева Анара Назымбекқызы
«Павлодар қаласының № 13 жалпы орта білім беру мектебі» ММ
Қазақ тілі мен әдебиет
Функционалдық сауаттылығы – бұл адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құрылады. [Ұстаздар сайты uskz.org, 1-б]
Жалпы білім беретін орта мектептерінде құзіретті тұлғаны қалыптастыруда тіл пәндерінің орны бөлек. Бұл орыс мектептерінде «Қазақ тілі» пәніне де тікелей қатысты. Өйткені, мемлекеттік тіл ретінде оқытылатын оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру ҚР «Білім туралы», «Тіл туралы» Заңдарының жүзеге асыруының басты шарты болып саналады. Фукционалдық сауаттылықты қалыптастыру үшін өзге тілді мектептердегі «Қазақ тілі» пәнін оқытудың әдістеме негіздерді қайта қарастырып, білім беру жүйесіне өзгерістер енгізіледі.
Функционалдық сауаттылығын қалыптастыру – оқушының танымдық-қатысымдық қабілеттерін дамытып, ішкі мүдделерін әлеуметтік сұраныммен үйлестіру жолы. Сондықтан да, орыс тілді мектептерінде қазақ тілін меңгертуде білім мазмұны аяларға бөлініп, қатысымдық, дара тұлғаға бағдарлай оқыту және сұхбаттық әдістер негізінде ұйымдастырылатын жағдаяттық, рөлдік ойын, шығармашылық тапсырмалар біртұтас әдістемелік жүйе түрінде жүзеге асырылуы тиіс.
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда оқу бағдарламасындағы әрбір пәннің рөлі зор. Соның ішінде қазақ тілі мен әдебиетінің алатын орны ерекше. Осы ретте, оқушыға халықтың қоғамдық өмірін, арман-мүддесін танытуда, оларға идеялық-саяси, рухани-адамгершілік, этикалық-эстетикалық және тағы басқа тәрбие беру, дүниеге көзқарасын, мінезін, жалпы мәдениетін қалыптастыруда көркем әдебиетті қуатты құралдарының бірі ретінде пайдалану – яғни бұл әдебиет пәнінің басты мақсаты болады. Ал, тіліміздің өзіндік қалыптасқан нормаларын, жалпы айтқанда грамматикасын үйрету – қазақ тілінің басты міндеті болып танылады. [http://infourok.ru 2-бет]
Болашақ азамат өз ұлтының асыл мұрасымен сусындау арқылы туған халқының тарихымен, мәдениетімен жеке танысып, білімін кеңейтеді. Қазақ тілінің грамматикасын терең меңгерген оқушы, қоғамның кез келген саласында қиналмай жұмыс істеп, өзінің функционалды сауаттылығын көрсете алады.
Мұғалім оқушының бойына әлеуметтік ортаға бейімделуіне, алған білімін тәжірибелік жағдайда тиімді пайдалана отырып негізгі құзіреттіліктерін енгізу керек.
Олар:
-басқарушылық (мәселені шешу қабілеті);
-ақпараттық (өз бетінше ақпараттар көздері арқылы үнемі білімін арттырып, сол арқылы танымдық қабілетін ұштау);
-коммуникативтік (қазақ ,орыс ,ағылшын тілінде ауызша ,жазбаша қарым-қатынас жасау);
-әлеуметтік (қоғамда, өз өмір сүрген ортада іс-әрекет жасай алу қабілеті);
-тұлғалық (өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруға, қажетті білім, білік, дағдыларды игеру, болашақта өзі таңдаған кәсібін өзі анықтау, оның қиын-шылығы мен күрделілігіне төзімді болу);
— азаматтық (қазақ халқының салт-дәстүрі,тарихы, мәдениеті, діні мен тілін терең меңгеріп, Қазақстанның өсіп өркендеуі жолындағы азаматтық парызын түсінуі)
— технологиялық (ақпараттық технологияларды, білім беру технологияларды сауатты пайдалану);
Оқушы осы аталған негізгі құзіреттіліктермен қатар пәндік құзіреттіліктерді әр пәнінің мазмұны арқылы меңгеруі тиіс.
Әдебиет – оқушыға беймәлім өмірді танытатын қуатты құрал. Әдебиет арқылы біз оқушыларға ұлттық болмысымызды, асыл қасиеттерімізді танытамыз. Адамға тәрбие беруші әуелі, ата-ана, сосын ұстаз, мектеп, қоршаған орта. Өнер, ғылым бар жұртта өскелең ұрпақ тәрбиені ата-анадан да, мектептен де, араласатын ортасынан да, өздері оқып жүрген қазақ әдебиетіндегі түрлі аңыз-ертегілерден де аларына ешкім шүбә келтірмейді. Әдебиет адамға өмірді танытып қана қоймайды, ол адамды тәрбиелейді. Адамның өмірге көзқарасын танытады, мінез-құлқына ықпал етеді, күллі тіршілігіне әсер етеді. Қазақ әдебиетіндегі көркем туындыларды оқыған сайын өмір сырын, Отан, ерлік, елдік, жақсылық, жамандық, секілді ұғымдардың мәнін оқушы терең аңғарады. Олар өнерді сүйетін, одан рухани ләззат ала білетін, көркемдік талғамы бар, адамгершілікті, нәзік сезімді болып өседі. Дөрекілікке, бойкүйездікке, жамандыққа аяқ баспайды.
Әдебиет арқылы оқушы бойында өмір туралы дұрыс талғам, түсінік қалыптастырамыз. Қазақ әдебиетіндегі көркем туындылар арқылы қалаған мамандықты игеріп, өмірден өз орнын табуларына, қалаулы азамат болып өсулеріне тигізетін әсері мол. Пән мұғалімі оқушының назарын аудару үшін сабақ кезінде әртүрлі тақырыптық, пәнаралық, сыныпаралық байланыс орнатып, қызықты әңгімелерді сахналық көрініс ретінде өтуді ұйымдастыра білуі қажет. Сонымен қатар, түрлі көрнекілік құралдарын қолдану, сұрақ-жауап, талдау, жинақтау, ажырату, тақтаға жазу, айтқан ойды мысалдармен дәлелдеу, сөздікпен жұмыс, проблемалық мәселелерге жауап беру, нақтылы және жалпылама тапсырмалар беріп, шағын шығармашылық жұмыстарды орындату, оқушының бірін-бірі сынауы, өзіндік пікір білдіруі, баяндама жасауы, ғылыми зерттеу жазып қорғауы т.б. алуан түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануы керек. Осындай әдіс-тәсілдерді түрлендіріп, жүйелі түрде пайдаланып мұғалімнің шәкірттері өз бетімен жұмыс істеуге тез үйренеді.
Қазақ тілі жүйесінен білім алу, қазақша тіл мәдениетін қалыптастыру, қазақша тіл және сөйлеу сауаттылығын қалыптастыру және дамыту арқылы қазақша тілдік тұлға қалыптастыру – қазақ тілін оқыту арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың басты мақсаты болып танылады .
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда қазақ тілінің функционалдық-коммуникативтік тұрғыдан меңгертілуі басты орында болуы керек. Қазіргі қазақ мектептеріндегі қазақ тілі әлі де болса, формалдық грамматика логикасы негізінде оқытылып келеді. Оның салдары – меңгертілетін таза грамматикалық ережелер мен сабақта, сабақтан тыс орындалатын жаттығулардағы тілдік талдаулардың оқушылардың күнделікті өмірінде қажетін атқара алмауына әкеліп отыр.
Оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуда оқу бағдарламасындағы әрбір пәннің рөлі зор. Соның ішінде қазақ тілі мен әдебиетінің алатын орны ерекше. Педагогтың шеберлігі, яғни шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастырып сабақ өтуі, бұл заман талабынан туындап отырған мәселе. Жоғары деңгейде сабақ беретін мұғалімнің алдынан шыққан оқушы – өмірбойында өз жолын адаспай табады, азамат болып қалыптасады.
Бүгінгі қоғамның талабы оқушының пән арқылы мектептен тыс өмірде қолдана алатын құзіреттіліктерді меңгеруін қажет етуде. Осыған байланысты орыс тілді мектептердегі қазақ тілі пәнінің мақсаты оқушының әлеуметтік-қоғамдық ортада сөйлесім әрекетінің түрлерін өз қажетіне қарай қолдана алуын қамтамасыз ететін функционалдық сауаттылықты қалыптастыру болып белгіленді. Бұл мақсатқа жету үшін жаңа бағыттағы білім мазмұнының макромоделі анықталды. Мұнда лингвомәденитанымдық аспектілерге ерекше көңіл бөлінді. Онда тіл – мәдениет – білім үшеуі бірлікте ұсынылады. Пәннің білім мазмұны үлкен 3 аяға бөлінді: әлеуметтік-тұрмыстық ая, әлеуметтік-мәдени ая, оқу-еңбек аясы болып анықталды.
Мысалы: 4-сыныпта Әлеуметтік-мәдени аяға кіретін «Хайуанатқа саяхат» тақырыбы оқушылардың күнделікті өміріне жақын, олардың әр күнсайын орындайтын әрекеттеріне байланысты таңдалды.
Бұл тақырыпқа қатысты материалдар тілдік бөлімі, лексика, қатысымдық-сөйлесімдік бөлім және мәдениетаралық қарым-қатынас бөлімі бойынша сарапталды.
«Хайуанатқа саяхат» модуль бойынша стандартқа сай міндетті түрде нені білу керек? 1.Лексикалық тақырыпты өз сөздерімен әңгімелесу білу керек.
2. Сын есім, етістіктер ажырата білу керек.
3.Сөйлемде сөздердің орын тәртібін сақтай білу керек.
4.Қазақ тіліне тән ерекше дыбыстарды,жаңа тақырып бойынша өтетін сөздерді,сөз тіркестерін дұрыс айтуға,сауатты жазуға үйрену.
Оқушылардың ғылыми ізденушілік жұмыстарын дамыту мақсатында «балық сүйегі», «өрмекші», «әдебиет үйірмесі» әдістерін қолдануға тиіс.
«Әдебиет үйірмесі»
Баяндаушы — әңгімені мазмұндайды
Зерттеуші- әңгімедегі негізін анықтайды
Сілтемеуші- сөздіктермен жұмыс жүргізеді
Сұрақ құрастырушы- сұрақтар даярлайды
Дәнекер- өмірмен байланыстырады
Бейнелеуші-әңгімедегі негізгі кейіпкерді суреттеп береді.
«Балық сүйегі»
Фишбоун (балық сүйегі): басы – негізгі тақырып, жоғарғы сүйектері – тақырыптың негізгі ұғымдары, төменгі сүйектері – ұғымдарға түсініктеме, құйрығы – қорытынды, немесе сұрақтың жауабы қысқа ұғымдар арқылы жазылуы тиісті.
Мұғалім – бағыт беруші, ұйымдастырушы. Осы мақсатта мен өз сабағымды Блум таксономиясы негізінде құрастырамын. Себебі Блум таксономиясы бір ізбен реттелген мақсаттар жүйесі арқылы оқушылардың білім деңгейін, шығармашылық деңгейіне жетуді ұсынады.
Венн диаграммасы стратегиясы – Бұл стратегияның мақсаты салыстыру, пайымдау. Оқушылардың ойлары аршылып, салыстыру сияқты күрделі операция жүзеге асады.
Блум таксономиясы, сұрақтар стратегиясы — Блум сұрақтарды екіге бөледі. Олар жалпақ және жіңішке сұрақтар. Сұрақтар тізімі алдын ала жасалуы тиіс. Алдымен жіңішке сұрақтар, сосын жалпақ сұрақтар кетеді. Жіңішке сұрақтар — еске түсіруге арналған сұрақтар, жауабы нақты цифрмен немесе ия, жоқ деген жауап алынатын сұрақтар.
Жалпақ сұрақтар – сұрақтың жауабына толық әрі түсіндіре отырып жауап беріледі. Жауапты мәтіннен алуға болады. Бұл сұрақ түріне жауапты фразамен немесе нақыл сөзбен, мақал – мәтелмен беруге болады. Жалпақ сұрақтарды екінші деңгейдегі сұрақтар дейді. Сұрақтың бұл түріне сөзбен ғана емес басқа формаларда жауап беруге болады. Мысалы: сурет немесе схема, тіпті көрініс түрінде де. Жалпақ сұрақ: – қарастырылып отырған кейіпкер неге осындай қылық жасады? ( шағын көрініспен жауап беру)
Тірек сөздер стратегиясы – мұғалім тірек сөздер береді. Оқушылар тірек сөздердің ретін бұзбай әңгіме немесе мәтін құрастырады. Мәтіннің құрамын құруға мән беруге мұғалім назар аударады. Мәтін құрастыру кезінде логикалық ойлау іске қосылады. Әңгіменің мазмұнын жұпта, топта ақылдасады. Оқушының сөздік қоры, тілі, ой-қиялы дамиды. Бұл әдіс мазмұндама және шығарма жазуға жақсы дайындық.
Қазақ тілі сабақтарының «Қызықты грамматика әлемінде», «Квест-сабақтар», «Жоба сабақтар», «Ойын сабақтар» сияқты оқу іс-әрекеттері белсенді өтетін түрлермен көбірек ұйымдастырылуы арқылы оқушылардың өз бетімен қазақ тілі меңгеру дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік мол болады.
«Сиқырлы сандық» ойын.Сұрақтарды қағазға жазып, сандыққа салады. Басқа топтың оқушылары орындыққа отырып сұрақты өздері таңдап,жауап
береді (2сұрақ-4ұпай,1сұрақ -2 ұпай)
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың тиімді әдістері ретінде оқытудың қатысымдық әдісін, рөлдік ойын әдісін, дара тұлғаға бағдарланған оқыту әдісін, сұрақ-жауап әдісін атауға болады.
Осындай сабақтар оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға, тілдерін байытуға, сөйлем құрау шеберліктерін жетілдіруге көмектеседі.
Сонымен, функционалдық сауаттылығы — бұл адамдардың әлеуметтік , мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі заманымызда жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның мамандығына , жасына қарамай үнемі білімін жетілдіруі керек.
Баяндаманың соңында қазақ тілі пәнінен оқушының функционалдық сауаттылығын дамыту мәселесіне мынандай тұжырымдарманы ұсынуға болады:
1.Оқушыларды бірінші сабақтан бастап сөйлесім әрекетінің түрлерін (айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым, тілдесім) меңгерте білу
2. Оқушылардың алған білімдерін өмірде, кез-келген жағдайда, әлеуметтік ортада қолдана алуға үйрету;
3.Мемлекеттік тілде ауызша,жазбаша қарым-қатынас жасау;
4.Әлеуметтік талаптарына сай келу үшін оқушының ақпараттық технологияларды қолдану және мәселенің шешімін табуға үйрету;
5. Оқушылардың өмірге бейімделуіне үйрету ;
6. Оқушылардың жеке қабілеттерін дамыту;
7.Оқушылардың әлеуметтік-мәдени дағдыларын дамыту ;
8. Қазақ халқының салт –дәстүрін, мәдениетін, тарихын құрметтеу;
Ортақ Отанымыз – Қазақстанның одан әрі, Мәңгілік Ел болып өркендеуі үшін, жан – жақты дамуы үшін оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытып және мұғалімдер тек қана адал еңбек етіп, функционалдық сауаттылығы бар тұлға тәрбиелеп шығаруға керекпіз.
«Білімнен қымбат нәрсе жоқ, көңілде жатса баспай тот» дегендей оқушылар алған сапалы білімдерін, тәрбиесін, бойға дарыған өнерлерін үнемі жаңғыртып, жетілдіріп оны ғылыми жетістіктермен толықтырып отыруы тиіс.
Қорыта айтқанда, функционалдық сауаттылықты жүзеге асырудың басты міндеті — оқушылардың теориялық білімдерін практикалық тұрғыда қолдануымен қатар тәуелсіз еліміздің келешегіне үлкен жауапкершілікпен қарауға үлестерін қосу болып табылады.
Әдебиеттер тізімі:
1. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 – 2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары.- Астана:2012. –[1, 2 б.]
2. Бастауыш мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру әдістемесі, әдістемелік құрал, Астана: 2013. – [7-8 б. ]
3. РІSА халықаралық зерттеуі, әдістемелік құрал. Астана: ҰББСБО, 2013. – [8-9 б, 79 б. ]
4. Оқу сауаттылығы. Тренерге арналған нұсқаулық. PEARSON 2013. – [138 б. ]
5. Оқу сауаттылығы.Мұғалімнің жұмыс дәптері. PEARSON 2013. – [47-48 б. ]
6. Основные результаты международного исследования РІSА 2012. Национальный отчет. Астана: 2013. –[105-106 б., –147 б]
7. Мұғалімге арналған нұсқаулық, ІІІ деңгей: 2012. –[58 б. ]