Илья Ильин
Илья Ильин (1988 жыл, 24 мамыр, Қызылорда) – атақты жас қазақ штангашысы.
Ауыр атлетпен айналысып жүрген ағасы Алексейдiң жанынан бiр елi қалмайтын кiшкентай Ильяның дарынын байқаған Вилори Викторович Пак оны бiрден өзiне тартқан көрiнедi. Сөйтiп, тоғыз жасында Қазақстан чемпионы атанған Ильин осы уақытқа дейiн сегiз рет шет елге шығып, ешқайсысында жеңiлiстiң кермек дәмiн татып көрмептi.
Жетiстiктерi:
Ол жастар мен ересектер арасында екі рет әлем чемпионы атанды. Дәл осындай балғын шағында дүниежүзінің теңдессіз атлеті атанған азаматтар жер бетінде жоқ. Оның асқан шеберлігіне, мінсіз техникасына, жеңіске деген құштарлығына таңданбау мүмкін емес.
2005 жылғы әлем чемпионы Илья Ильин бұл жетістігінен кейін әлемдегі ең жас әлем чемпионы ретінде (17 жасында) «Гиннес рекордтар кітабына» енді.
2008 жылы И. Ильин Пекинде (Қытай) өткен Олимпиадада алтын медаль ұтып алды. Бұл Қазақстан үшін мақтаныш және үлкен жетістік.
Сөздік
бiр елi қалмайтын – не отставал
дарынын байқау – заметить талант
өзiне тартқан – зд. притягивать к себе
шет елге шығу – зд. выезжать за границу
жеңiлiс – поражение
кермек дәмiн татып көрмептi – не почувствовал вкус (поражения)
балғын шағында – в детском возрасте
мінсіз – безупречный
құштарлық – страсть
таңданбау мүмкін емес – не может не удивлять
Тапсырмалар
Мәтін бойынша синквейн ( 5 жол өлең- пятистишие) құрастырыңыздар.
Берілген сөз тіркестерін сәйкестендіріңіздер:
ауыр атлетпен ——————————— байқаған
ең жас ——————————- айналысып жүрген
жеңіске деген құштарлығына ———-әлем чемпионы атанды
сегiз рет —————————- әлем чемпионы
Ильяның дарынын ————————— шет елге шығып
жастар арасында ———————— таңданбау мүмкін емес
Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.
Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.
Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.
Сөздерді оқып, олардың қай сөздерден жасалатынын көрсетіңіздер: жеңіліс, штангашысы, теңдессіз,шығып, атақты, жеңіс, байқаған,қалмайтын,көрінеді.
Шырай тұлғасында тұрған сын есімдерді көрсетіңіздер.