Роза Рымбаева
Қазақстан Республикасының ардақты әншілерінің бірі – Роза Рымбаева. Роза Қуанышқызы Рымбаева 28 қазан 1957 жылы Семей, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы Жаңғызтөбе станциясында дүниеге келді.
Ол эстрада әншісі, Қазақстанның халық әртісі, халықаралық конкурстардың лауреаты. 1976 жылдан бері гастрольдік сапармен Болгарияда, Венгрияда, Германияда, Польшада, Чехославакияда, Америкада, Францияда, Түркияда, Ауғанстанда т.б. елдерде болды.
Рымбаеваның репертуарында шетел халықтарының (болгар, венгр, чех, испан, неміс, т.б.) әндері бар. 1977 жылы Болгарияда өткен эстрада әртистерінің дәстүрлі халықаралық конкурсында бас бәйге – «Алтын Орфей» жүлдесін жеңіп алды.
1979 жылы Роза Рымбаеваға жас та болса «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» деген атақ берілді. Алматы қаласындағы театрлық көркемдік институттың музыкалық драмалық комедиясы факультетін 1984 жылы бітірді.
Сексенінші жылдары ол кино көкжиегінде бақ сынады. Тоқсаныншы жылдар – ол үшін толысу мен кемелдену кезеңі болды. Розаның репертуарында ән саны бүгінде 300-ге жуықтайды.
Ән – халық қазынасы, ал Роза Рымбаева – қазақ эстрадасының жарық жұлдызы.
Сөздік
ардақты – уважаемый
сапар – зд: поездка
дәстүрлі – традиционный
жас та болса – несмотря на молодость
еңбек сіңірген әртіс – заслуженный артист
атақ берілді – присвоено звание
көркемдік – художественный
бітіру – заканчивать
көкжиегінде – на горизонте
бақ сынау – испытать счастье
толысу – становление
кемелдену – процветание
кезең – период, этап, время
жуықтау – приблизиться
қазына – богатство
16 жарық жұлдызы – яркая звезда
Тапсырмалар
Мәтін бойынша диаграмманы толықтырыңыздар:
Роза Рымбаева
Ол кім?
Қашан және қайда дүниеге келген?
Гастрольдік сапары қай жылдан басталды?
Қай жылы және қайда «Алтын Орфей» жүлдесін жеңіп алды?
1979 жылы қандай атақ берілді?
Репертуарында ән саны бүгінде қаншаға жуықтайды?
Мәтіннен толықтауышты және субъектіні білдіретін сөздер мен сөз орамдарын анықтаңыздар.
Мәтіннен келесі үлгімен жасалған сөздерді теріп жазыңыздар: а) түбір, тәуелдік жалғау, септік жалғау; б) түбір (сан есім), реттік сан есімнің жұрнағы.
Сөйлемдегі етістіктердің түрлерін белгілеңіздер: негізгі- туынды, негізгі- көмекші, сабақты- салт, болымды -болымсыз, дара -күрделі.
Мәтіннен сын есімдерді жазып алып, сапалық және қатыстық екенін белгілеңіз.
Мәтіннен алынған келесі сөздердің синонимдерін келтіріңіздер: ардақты, дүниеге келу,ел, конкурс, қала, бітіру, жеңіп алу.
Мәтіннен сан есімдерді теріп алып, мағынасын анықтаңыздар.