Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920 жж.)
1893 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған, ХХ-ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, демократ, ақын-жазушы. Кедей отбасында туған. Әкесі Шоқпыт (шын аты Әбубәкір) ???? жасында жоқшылықты көп көріп, кісі есігінде жалшы болған. С.Торайғыров үш жасқа шыққанда шешесі Зұфұннан жетім қалды. Алғашқыда үйде жүріп, әкесінен оқып қара таныған С.Торайғыров ауыл молдасы Мұқан деген кісіден сабақ алды. Ол араб, парсы қисса-хикаяларын өзінше аударатын, әрі жанынан қиыстырып өлең шығара алатын кісі болған. Оған еліктеп Торайғыров өлең жазып, машықтана бастайды.
1902-1911 жыл аралығында түрлі мектеп, медреселерде оқыды. 1911 жылы Троицк қаласынан оқып келген Нұралы деген жаңашыл мұғалімнен дәріс тыңдады. Ол қазақ, татар тілінде шығатын газет, журналдарды, әдебиет, тарих т.б. пән кітаптарын жаздырып алдырып, оқып тұратын болған. Сол арқылы Торайғыров қолына түскенін құныға оқып, қазақ, татар әдебиетінің бірқатар нұсқаларымен танысты.
Өнер-білімге құлшына бас қойып, өлең, әңгіме жазуға қызу кірісті. Осы кезде ол «Дін», «Сарыбас», «Соқыр сопы», «Оқу», «Кезек қашан келеді» т.б. өлеңдерін және «Зарландым» атты ұзақ очеркін жазды. Бұл шығармаларында жас ақын ескі оқу мен жаңа оқудың айырмасы, оқудың, өнер-білімнің пайдасы, дін, байлық, кедейлік, еңбек т.б. туралы сөз етеді. 1912 жылы қараша айында Торайғыров оқу іздеп, Троицк қаласына барды. Онда оқуда жүріп, «Оқудағы мақсат не?», «Анау-мынау», «Қандай», «Зарлау» шығармаларын туындайды.
С.Торайғыров аз жасаған адам. Жазушылықпен небәрі 11 – 12 жыл ғана айналысты. С.Торайғыров әдебиеттің әр жанрында жазатын, қабілетті, талантты ақын-жазушы, ғажап ақыл-ойшы. Киыншылықпен өткен қысқа өмірі ішінде ол 110-дай өлең, 5-6 поэма, 2 роман және мақала, очерк, әңгіме жазды. Ақын «Қамар сұлу» және «Кім жазықты» деген романдар, «Адасқан өмір» деген поэманың авторы.
С.Торайғыров 1920 жылы 21 мамыр күні қайтыс болды. С.Торайғыров – ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті аталатын тұтас дәуірдің айырықша ірі тұлғасы.
Сөздік
өкіл –представитель
кедей отбасы – семья бедняка
жоқшылық – бедность, нужда
кісі есігінде жалшы болған – работал батраком
жетім қалу – остаться сиротой
оқып қара тану – научиться грамоте
қисса – быль, легенда
хиқая – мифы
өзінше – по-своему
қиыстыру – совместить
еліктеу – подражать
машықтана бастау – прививать навык
жаңашыл – новатор
дәріс – лекция
тыңдау – слушать
сол арқылы – с помощью него
құнығу – пристраститься, привыкнуть
әдебиетінің нұсқалары – образцы литературы
өнер-білім – искусство и знания
құлшына бас қою – окунуться с головой
қызу кірісу – приступить с пристрастием
айырма – отличие
дін – религия
аз жасаған адам – человек, который мало прожил
небәрі – всего лишь
айналысу – заниматься
қабілетті – способный
ғажап – удивительный
ақыл-ойшы – мыслитель
киыншылық – трудности
қысқа өмірі ішінде – за свою короткую жизнь
мақала – статья
«Кім жазықты?» – «Кто виноват?»
аталу – называть(ся)
тұтас – целый
дәуір – эпоха
айырықша – исключительно
ірі тұлға – крупная личность
Тапсырмалар
Мәтін бойынша диаграмманы толықтырыңыз.
Сұлтанмахмұт Торайғыров
Ол кім?
Оның сауатын кім ашты?
1902-1911 жылдары қайда оқыды?
Алғашқы шығармаларында жас ақын не туралы сөз етеді?
Жазушылықпен неше жыл айналысты?
Неше өлең, поэма, роман жазды?
Романдары қалай аталады?
С.Торайғыров қашан қайтыс болды?
Мәтін бойынша синквейн ( 5 жол өлең- пятистишие) құрастырыңыз.
Мәтіннен мекенжайды, бірлескен іс- әрекетті білдіретін сөздер мен сөз орамдарын анықтаңыз.
Берілген cөздер мен сөз тіркестерін сәйкестендіріңіз.
кедей отбасында ———————————- өзінше аударатын
қазақ әдебиетінің ——————————— жазатын
тұтас дәуірдің————————————— сөз етеді
қабілетті, талантты————————— дәріс тыңдады
өнер-білімнің пайдасы туралы ————————- айырықша ірі тұлғасы
бірқатар нұсқаларымен —————————— жетім қалды
араб қисса-хикаяларын —————————— туған
үш жасқа шыққанда ——————————- танысты
жаңашыл мұғалімнен——————————— ақын-жазушы
әдебиеттің әр жанрында ——————————— аса көрнекті өкілі
Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.
«Сын есім + зат есім», «үстеу + етістік», «зат есім + зат есім» сөз тіркестерін құрыңыздар. Сөз тіркесінің 1- сөзі мәтіннен болуы тиіс.
Сөздерді оқып, олардың қай сөздерден жасалатынын көрсетіңіздер: өзінше, шығарма, қабілетті, қиыншылық, жаңашыл, шығатын,жаздырып, аталатын, кедейлік.
Мәтіннен сан есімдерді теріп алып, мағынасын анықтаңыздар.