Сәкен Сейфуллин (1894-1938 жж.)

Сәкен Сейфуллин (1894-1938 жж.)

Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин – 1894 жылы Жезқазған өңіріндегі бұрынғы Ақадыр ауданындағы Қарашілік қыстауында дүниеге келген. Қазақ әдебиетінің негізін салушы, мемлекеттік қайраткер. Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқыған.
«Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағын 1914 жылы Қазан қаласында бастырып шығарған. Омбыдағы қазақ жастары ұйымдастырған «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болған. 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліске тілектес өлеңдерін жазған. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен дәріс берген. Ақмола қаласында «Жас қазақ» революциялық ұйымын құрған. «Тіршілік» газетін шығаруға ат салысқан. 3 айлық педкурста мұғалім болған. 1917 жылы қарашада «Кел, жігіттер» өлеңін жазып, Қазан төңкерісін қуана қарсы алады. 1918 жылы «Жас қазақ марсельезасын» жазды, «Бақыт жолында» атты пьесасының премьерасы көрсетілді.
1918 жылдың 4 маусымында ақтардың көтерілісі болып, Ақмола Совдепі тұтқындалған. Атаман Анненковтың азап вагонында 47 күн ажалмен арпалысып, Сәкен Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шығады. 1920-1936 жылдары Ақмола атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі, Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасы Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, халық ағарту комиссарының орынбасары, ҚазКАСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, «Жыл құсы» альманағы, «Жаңа әдебиет» журналы басшысы, Қазақстан Мемлекеттік институтының доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін атқарған.
Сәкен Сейфуллиннің шығармалары: «Кел, жігіттер», «Жас қазақ марсельезасы», «Жұмыскерлерге», «Жолдастар» сияқты саяси лирикалары, сондай-ақ «Көкшетау», «Альбатрос» поэмалары, «Жер қазғандар», «Айша», «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда», «Жемістер» повестері, «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» драмалары.
С.Сейфуллиннің Қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша еңбегі сіңірген. Ол өз ұлтын қалтқысыз сүйіп, халқына айрықша еңбек сіңірді. Сәкен – халқымен мәңгі бірге жасайтын, халқының мәңгі сый-құрметіне лайық біртуар тұлға.
Сөздік
өңір – окрестность
қыстау зимовка
қайраткер – деятель
жинақ – сборник
бастырып шығару – издавать, выпускать
ұйымдастыру – организовать, объединить
қауым – общество
ұлт-азаттық – национально-освободительный
көтеріліс – восстание
тілектес – поддерживающий
дәріс беру – вести занятия
ат салысу – принял участие
төңкеріс – революция, переворот
қуана – восторженно, радостно
қарсы алу – встретить
мүшелік – членский, членство
сайлану – быть избранным, избираться
тұтқындалу – быть арестованным
ажал – смерть
арпалысу – бороться
түрме – тюрьма
қашу – бегство, бежать
атқару – исполнительный
төраға – председатель
ағарту – просвещение
орынбасар – заместитель
әкімшілік – административный
бөлім – отдел
меңгеруші – управляющий, заведующий
қалыптасу – формирование
қалтқысыз сүю – зд: сильно любить
айрықша – особенно
сый-құрметіне лайық біртуар тұлға – личность, достойная почета и уважения

Тапсырмалар
Мәтінді оқып, «шын» немесе «жалған» екенін анықтаңыз (дұрыс сөйлем- бұрыс сөйлем).
Сәкен Сейфуллин – 1894 жылы дүниеге келген.
Павлодардадағы мұғалімдер семинариясында оқыған.
Ақмола қаласында «Қазақтар» революциялық ұйымын құрған.
Сәкен Сейфуллиннің шығармаларының ішінде поэмалар, драмалар, өлеңдер.
«Жаңа әдебиет» журналының басшысы болған.
— 1925 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен дәріс берген.
-Тұңғыш өлеңдер жинағы 1918 жылы Ақмола қаласында жарық көрген.
Мәтін бойынша синквейн ( 5 жол өлең- пятистишие) құрастырыңыз.
Мәтіннен анықтағышты білдіретін сөздер мен сөз орамдарын анықтаңыз.
Мәтінді қысқартыңыз.
Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.
Мәтіннен келесі сөз тудырушы жұрнақтармен сөздерді теріп жазыңыздар: -лық, -лік,-дық, -дік, -тық, -тік; -ғы, -гі, -қы, -кі; -шы, -ші; -ма, -ме.
Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.
Мәтіннен есімшелерді жазып алып, олардың жұрнақтарын белгілеңіздер.
Мәтіндер бойынша кез келген сөздерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, сөз құрамына талдау, синтаксистік талдау.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *