Мағжан Жұмабаев (1893-1938 жж.)

Мағжан Жұмабаев (1893-1938 жж.)

Мағжан (Әбілмағжан) Бекенұлы Жұмабаев (1893 ж. маусымның 25-і, Солтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы «Молодежный» кеңшарының аумағы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасы – 1938 ж. наурыздың 19-ы, Алматы қаласы) — Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі.
Мағжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905-1910 ж. медреседе оқыды. Медреседе Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар һайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді.
Мағжанның дарыны ерте ашылды. Өлеңді он төрт жасынан бастап жазған. Баспадан 1909 ж. шыққан Абай өлеңдерін оқып, «Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға» деген өлең жазды. 1910-1913 ж. Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде білім алды. 1913-1916 ж. Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды.
Мағжан Жұмабаев 1923 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеудегі жоғары көркем әдебиет институтына қабылданып, бітірді.
Мағжан Жұмабаев поэзия әлеміндегі жарық жұлдыз, қайталанбас құбылыс. Оның қуатты, бойға жігер, жүрекке от беретін рухты үні, ізденістері мен жаңашылдығы қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында-ақ Еуропа, орыс әдебиетінің биік деңгейіне көтерді.
«Мағжан сұлу еді: орта бойлы, толық денелі, бұйра қара шашты, ақ құба бидай өңді еді. Бет пішіні Абайдың белгілі суретіндегі бет пішініне ұқсайтын. Жүріс-тұрысы жарасты, сәл маңғаз еді. Осының бәрінің үстіне ол қыз мінезді еді», – деп жазады Бейсембай Кенжебаев.
Б. Кенжебаев Мағжан Жұмабаевты жақсы білген, 1922 жылы Мәскеуде Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде оқып жүргенде оның алдынан дәріс алған. Бұл кезде Мағжан Жұмабаевтың өзі де студент болатын, ол Мәскеудегі жоғары көркем әдебиет институтында оқитын. Бейсембай Кенжебаев: «Мейлі, лекциялық сабақта болсын, мейлі, практикалық сабақта болсын, ол қағазға, кітапқа қарамайтын. Сөз арасында келтіретін мысал өлеңдер мен әңгімелерді түгел жатқа айтатын. Декламация оқып тұрған тәрізді барлық нәшін, сипатын, қимылын келтіріп айтатын» деген.
Сәбит Мұқанов Мағжан туралы былай деген: «Мінезі баладай, тілі балдай еді. Адамға қайырымды, кешірімді, қалтқысыз жан еді… Білімді, алғыр, ойшыл, орысшаға, шығыс тілдеріне ерекше жетікті».
Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетте жаңа түрлер енгізу ретінде, Мағжанның еңбегі көп. «Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ». Бұл Мағжан өмірден озбай тұрып, 1932 жылы айтылған сөз.
Мағжан – жеке басқа табынудың жазықсыз құрбаны болған ақын. Алпыс жылдан астам Мағжан шығармалары оқуға ресми түрде тыйым салынып, оның еңбектері жұрт қолынан жинап алынды және өртелді. Қазір ол толығымен ақталып, артында қалған мол мұрасы туған халқымыздың рухани қазынасына қайта қосылып отыр. Мағжанның өзі де, жыры да мәңгілік, елімен, халқымен бірге жасай береді.

Сөздік
кеншар – поселок
көркем әдебиет институты – институт художественной литературы
қабылдану – быть принятым
қайталанбас құбылыс – неповторимое явление
жігер – воля, упорство, настойчивость
от – огонь
рухты үні – голос души
ізденіс – поиск
жаңашылдық – новаторство
биік деңгей – высокий уровень
орта бойлы – среднего роста
толық денелі – полноватый
аққұба бидай өңді – светлолицый
бет пішіні – черты лица
жарасты – степенно
сәл маңғаз – немного важный, величавый
осының бәрінің үстіне – ко всему этому
мінез – характер
Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университеті–коммунистический университет трудящихся Востока
мейлі – пусть
жатқа айту – говорить наизусть
тәрізді – наподобие, будто
қалтқысыз жан – честная душа
алғыр – хваткий, сильный
ойшыл – мыслитель
ерекше жетікті – особый знаток
тіл өнегесі – образец языка
өмірден озбай тұрып – зд: при жизни
жеке басқа табыну – культ личности
ресми түрде – официально
тыйым салыну – наложить запрет
жасай беру – жить

Тапсырмалар

1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.
2. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.
3. Мәтіннен өткен шақтағы етістіктерді теріп жазыңыздар, жағын және жекеше немесе көпше түрін көрсетіңіздер.
4. Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.
5. «Сын есім + зат есім», «үстеу + етістік», «зат есім + зат есім» сөз тіркестерін құрыңыздар. Сөз тіркесінің 1- сөзі мәтіннен болуы тиіс.
6. Мәтіннен -лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті жұрнағы бар сөздерді алфавит ретімен теріп жазыңыздар.
7. Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.
8. Мәтіннен үстеулерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар. Үстеулердің мағынасын белгілеңіздер.
9. Мәтін бойынша кез келген сөздерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, сөз құрамына талдау, синтаксистік талдау.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *