Қасым Аманжолов (1911 -1955 жж.)

Қасым Аманжолов (1911 -1955 жж.)

Аманжолов Қасым Рақымжанұлы (1911, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, 17.01.1955, Алматы) кедей шаруа отбасында туған. Ата-анасынан жастай жетім қалады, кейін интернатта оқып, бастауыш кластық білім алады. Мал дәрігерлік техникумда оқиды (1927-30). Оны бітірген соң Орал қаласындағы пединститутта оқып жүріп, Ленинград орман шаруашылығы институтына ауысады.
Осы жылдарда өлең жазуға талаптанған жас ақын 1932 жылы Алматыға келіп, «Лениншіл жас» газетіне қызметке тұрады.
Алғашқы өлеңі 1931 жылы Орал облысы «Екпінді құрылыс» газетінде басылады. Алғашқы өлеңдер жинағы («Өмір сыры») 1939 жылы жарық көрді. Қ. Аманжолов алғашқы кезде фольклорлық үлгілерге бой ұрған еді. Қазақтың бай ауыз әдебиетін, Абай поэзиясының құдіретін жете түсінумен бірге, орыстың және шығыстың классик ақындарының шығармаларын ана тіліне аударып, өз творчествосынан нәр алды.
«Ақын», «Қазақстан», «Сауыншы жеңгей» деген өлеңдерінде еңбек адамдарын биікке көтере жырлайды. «Дариға, сол қыз» өлеңдерінен соғыстың сұрапыл көріністері елестейді. Майданнан еліне оралған ақын сүйген қызы Дариғаны іздейді. Тамаша өлеңге арқау болған – оның осы махаббат сезімі.
Қасым Аманжолов жаратылысты, табиғат көрінісін көлденең көзбен көруші болып жырламайды. «Бірінші май», «Жолдас маршал», «Байкал», «Орал», «Сарыарқа» сияқты өлеңдерінде табиғаттың сұлу бейнесін үлкен суреткерлікпен, терең сезімталдықпен көрсетеді.
Ұлы Отан соғысы жылдары жазған «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы – Аманжолов творчествосының биік шыңы, қазақ поэзиясындағы осы кезеңдегі елеулі құбылыстың бірі.
Лирикақын эпикалық шығармаларға да қалам тартты. «Боран», «Біздің дастан», «Жамбыл тойында», «Құпия қыз», «Бикеш» поэмаларының ақын творчествосында елеулі орны бар.
Аманжолов ақындығының үстіне композитор да. Оның «Дариға, сол қыз», «Туған ел» сияқты өлеңдерінің сөзі де, музыкасы да өзінікі.
Аманжолов – білікті аудармашы ақын. Ол аударған Пушкин, Руставели, Маяковский, Тарас Шевченко өлеңдері, Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасындағы хаттары, Пушкиннің «Полтава», Лермонтовтың «Маскарад», Твардовскийдің «Василий Теркин» поэмалары – қазақ әдебиетінің аударма өнері саласындағы елеулі табыстары.
Аманжолов шығармалары қазақ, орыс және басқа да туысқан халықтар тілдеріне аударылды. Оның творчествосы әдебиет тарихынан берік орын алды. Ол туралы замандастары естеліктер жазды, ақындар оған өлеңдерін арнады. Қазақ әдебиеті тарихына, мектеп бағдарламаларына Аманжолов творчествосы арнайы тарау болып енді.
Сөздік

жетім қалу – остаться сиротой
ауысу – поменять
талаптанған – стремившийся
қызметке тұру – устроиться на работу
нәр алу – получить наслаждение
биікке көтеру – поднять на высоту
жырлау – воспевать
сұрапыл көріністер – жестокий, свирепый
елестеу – вспоминать
арқау болу – быть поддержкой
махаббат сезімі – чувство любви
жаратылыс – природа
көлденең көзбен көру – зд: видеть вдоль и поперек
Ұлы Отан соғысы – Великая отечественная война
елеулі құбылыстың бірі – одно из заметных явлений
қалам тарту – писать

Тапсырмалар

1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.
2. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: оралу, жаратылыс,табыс, аудармашы, арқау болу, елеулі.
3. Мәтіннен келесі сөз тудырушы жұрнақтармен сөздерді теріп жазыңыздар: -лық, -лік,-дық, -дік, -тық, -тік; -ғы, -гі, -қы, -кі; -шы, -ші; -ым, -ім, -ыс, -іс, -ыш, -у.
4. Мәтіндегі келесі зат есімдерге сын есімдерді табыңыздар: сезімталдық, табыс, қызмет, білім, әдебиет,жинақ, бейне, ақындық.
5. Келесі сөздерді оқып, олардың қай сөздерден жасалатынын көрсетіңіздер:
сезімталдық,суреткерлік, шығарма, естелік.
6. Мәтіннен етістіктерді, етістік формаларын жазып алып, құрамын көрсетіп, түсіндіріңіздер.
7. Мәтіннен тәуелдік ……
8. Мәтіндер бойынша кез келген сөздерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, сөз құрамына талдау, синтаксистік талдау.
9. Сөйлемдегі етістіктердің түрлерін белгілеңіздер: негізгі- туынды, негізгі- көмекші, сабақты- салт, болымды -болымсыз, дара -күрделі.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *