Әбу Насыр Әл-Фараби (870 – 950 жж.)
1 нұсқа
Қасиетті қазақ даласы талай ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді. Олардың ішінде аты әлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі – бәрімізге танымал ұлы жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фараби.
Әл-Фараби 870 жылы Сыр бойындағы Арыс өзені Сырға барып құятын өңірдегі, Фараб қаласында дүниеге келді. Фарабидің толық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед Ибн Мұхаммед Ибн Ұзлағ Ибн Тархан Әл-Фараби, яғни әкесі Ұзлағ, арғы атасы Тархан. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Барба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбу Насыр Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған.
Білімге, ізденуге деген құштарлықтың жетелеуімен ол жас шағында, дүниедегі құбылыс біткеннің бәрі кісіге әрі ғажап, әрі таңсық көрінетін кезде саяхат жасап, сол замандағы мәдени әлемнің көптеген орталықтары: Хорасанда, Бағдадта, Дамаскіде (Шам), Алеппада, Каирда (Мысыр) болған. Өз өмірінің көп жылдарын ол, Араб Халифатының саяси және мәдени орталығы болған Бағдадта өткізді. Мұнда ол өз білімін әбден тиянақты меңгеріп, толықтырады, көрнекті ғалымдармен байланыс жасайды, сөйтіп өзінің білімдарлығы, ақылының алғырлығы және асқан байсалдылығы арқасында көп ұзамай олардың арасында үлкен абырой-беделге ие болды. Өмірінің соңғы жылдарын Алеппо мен Дамаскіде өткізеді, мұнда ол Солтүстік Сирияның жетекшісі әрі саяси қайраткері Сейд Ад-Дуаль Хамданиге аса кадірлі болды. Әл-Фараби 950 жылы 80 жасында қайтыс болды.
Біздің заманға Әл-Фарабидің тек негізгі шығармалары ғана келіп жетті. Әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топикасы» мен 4 сопылық еңбектеріне түсініктемелер жазды. Ол еңбектері күні бүгінге дейін де мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Сөйтіп, Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін таныстыруда зор рөл атқарды.
Ұлы Бабамыз Аристотельдің философиясын дамыта отырып, өз тарапынан да «Ғылымдардың шығуы», «Ғылымдар энциклопедиясы немесе тізбегі», «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Музыканың үлкен кітабы», «Философияны аңсап үйрену үшін алдын-ала не білу қажеттігі жайлы», «Ақылдың мәні туралы», «Әлеуметтік-этникалық трактаттар», «Философиялық трактаттар», т. б. көптеген философиялық еңбектер жазған. Фараби ғылымның философиялық-логикалық іргетасын дұрыстап қайта қалап шықты. Ол музыка жайлы күрделі зерттеулер жүргізді. Фарабидің метафизика, тіл ғылымы, логика, психология, география, этика т. б. ғылымдар жайлы жазған еңбектерінің мәні ерекше зор.
Ол туған елінің мәдени байлығын, Иранның, Үндінің, ежелгі дүние мәдениеттерінің жемістерін бойына дарытты. Әл-Фараби өз заманындағы өнер-білімнің ең асылын таңдап ала білді, өз дәуірінің шынайы энциклопедиясын жасап берді. Оның терең мағыналы пікір айтпаған, жете зер салмаған, данышпандық болжам жасамаған бірде-бір білім саласы жоқ деуге болады.
Сөздік
жайылу – распространяться, становиться известным
құштарлықтың жетелеуімен – ведомый увлечением
жас жасында – в молодости
құбылыс – явление
таңсық көрінетін кезде – время, когда все казалось желаемым
алғырлық – способность, находчивость
байсалдылық – уравновешенность
ұзамай – вскоре
жоғалтқан жоқ – не потерял
мағыналы – содержательный
зер салмау – не обращать внимание
данышпандық – гениальность, мудрость
болжам жасамаған – не предвидеть
деуге болады – можно сказать
Тапсырмалар
1. Мәтінге жоспар құрып, мазмұнын жоспар бойынша айтып беріңіздер.
2. Мәтіннің абзацтарына сұрақтар құрастырыңыздар.
3. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.
4. Сөйлемдегі етістіктердің түрлерін белгілеңіздер: негізгі- туынды, негізгі- көмекші, сабақты- салт, болымды -болымсыз, дара -күрделі.
5. Мәтін бойынша кез келген сөздерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, сөз құрамына талдау, синтаксистік талдау.
6. Мәтіннен келесі үлгімен жасалған сөздерді теріп жазаңыздар: түбір, етіс жұрнағы, шақтың жұрнағы, жіктік жалғау.
7. Мәтіннен септік жалғау қосылған есімшелерді табыңыздар.