Есім хан(1598 жылдан бастап билік құрған)

Есім хан (1598 жылдан бастап билік құрған)

Қазақта «Қасым салған қасқа жол, Есім салған ескі жол» деген қанатты сөз ежелден бар. Қасым нұсқаған жолдың негізгі мақсаты — Қазақ мемлекетін күшейту, халқын көбейту, жерін кеңейту. Керей мен Әз Жәнібек негізін қалаған Қазақ хандығы әуелде әлсіз, жаңа-жаңа қаз тұрып келе жатқанды.
Қазіргі Қазақстанның күншығысында, Жетісуда дулаттар, жалайырлар, албан, суан, наймандар, тағы басқа ру-тайпалар құрған күшті мемлекет Моңғолстанға келіп, жер сұраған ақордалық бауырларына Есенбұға хан Шу-Іле тауларының Қозыбасыға дейінгі жерін бөліп берген. Сол заманның көне көзіндей болып, күні бүгінге дейін атын жоғалтпай, Шу бойында Хан тауы, хандар құс салған Сұңқар шыңы алыстан мұнартып, қол бұлғап тұрғандай.
Қаз-қаз басып, ту көтерген Қазақ хандығы жан-жағына алаңдай қарап, күн көруге мәжбүр болған. Шығысында Ойраттардан, батысында Әмір Темір әулеті билеп тұрған, Сырдария мен Әмудария арасындағы күшті мемлекет Мауреннахрдан, солтүстігінде Сібір хандығынан қауіптенетін Моңғолстанға қалқан, қорған тәрізді өмір кешті. Әсіресе, өздеріне кектеніп қалған хан Әбілқайыр әне-міне шабуылға шыға ма деген үрей бар.
Қалайда Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының туын жыққан жоқ, олар дүниеден өткен соң билік Қасым ханның қолына тиді. Ол мұсылман дінінде болғанмен, отырықшы елдердегі тәртіп, заңға ұқсамайтын көшпенді халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, салт-санасына, ой-көзқарасына орай жаңа заң-тәртіп орнатты. «Қасым салған қасқа жол» дейтініміз сол. Ол бұл жолда күні-түні аттан түскен жоқ, іргедегі мемлекеттердің өзара және ішкі алауыздықтарын, араздықтарын пайдаланып, досынан да, қасынан да одақ таба білді. Соның нәтижесінде Қазақ хандығының жері Сарыарқаны қосқанда сонау Жайық жағасына дейін кеңейген еді.
Тәуекелден кейін тарих сахнасына 1598 жылы Есім хан шығады. Ол бұдан бұрын да ағасы Тәуекел ханның қолбасшысы ретінде талай шайқастарға қатысты. Тәуекел Бұхараны қоршағанда ол 20 мың әскерімен Самарқандты билеп тұрған. Ауыр жарақаттан қайтыс болған ағасының орнына хан сайланған Есім отыз жыл бойы Қазақ мемлекетін қорғау, күшейту жолында қанын да, жанын да аяған жоқ.
Сөздік

қасқа – настоящий, подлинный
әуелде –первоначально, сначала
жаңа-жаңа –только-только
қаз тұру –стать независимым, свободным
ақордалық бауырлары – родственники из Белой Орды
жоғалту – потерять, потеря
қол бұлғап тұрғандай –стоял, не распуская войско
алаңдай қарау – смотреть обеспокоенно
күн көру – жить, существовать
мәжбүр болу – быть вынужденным
билеп тұру – править
қалқан, қорған тәрізді –похожий на защищенный крепостью
кектену – мстить
әне-міне – вот-вот, сейчас
жығу –свалить, повалить
отырықшы – оседлый
салт-сана – менталитет
ой-көзқарас – мысли и взгляды
аттан түскен жоқ –не сходил с лошади
іргедегі – зд: соседний (рядом)
алауыздық –1. распри, раздоры, разлад, разногласия; 2. вражда
одақ таба білді– знал, как найти союзничество
ауыр жарақат –тяжелое ранение
қанын да, жанын да аяған жоқ – не жалел ни крови, ни души

Тапсырмалар

1. Негізгі мазмұнын қалдырып, мәтінді қысқартыңыздар.
2. Мәтіннің абзацтарына сұрақтар құрастырыңыздар.
3. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: қосу, өзара, өмір кешу,ежелден, орнату, тәрізді, бөлеу, заман, басу,нәтиже.
4. «Сын есім + зат есім», «үстеу + етістік», «зат есім + зат есім» сөз тіркестерін құрыңыздар. Сөз тіркесінің 1- сөзі мәтіннен болуы тиіс.
5. Сөілемдегі етістіктердің түрлерін белгілеңіз: негізгі- туынды, негізгі- көмекші, сабақты- салт, болымды -болымсыз, дара -күрделі.
6. Мәтіннен үстеулерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар. Үстеулердің мағынасын белгілеңіздер.
7. Мәтіннен құрмалас сөйлемдерді жазып алып, түрлерін анықтаңыздар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *