Өтеген батыр

Өтеген батыр (1699-1773 жж.)

Өтеген батыр Өтеғұлұлы (Мүйізді Өтеген) – XVIII ғасырдың І жартысында жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен батыр.
Ұлы жүздің дулат тайпасынан шыққан. Бабасы Сырымбет 1635 жылы Ойрат ханы Батырдың 50 мың әскеріне қарсы соққы берген Салқам Жәңгірдің сапында ұрысқа қатысқан. Өтеген батыр 15 жасынан жоңғарларға қарсы соғысқа қатысып, қазақ елінің түстігін, Жетісу мен Шығыс Қазақстан өңірін жаудан азат етуге зор еңбек сіңірді. Түркістан, Ташкент маңындағы кескілескен ұрыстарға, Аңырақай шайқасына қатысты. Осы ұрыстарда қалмақтың Бөтхишар, Сабан Тайшық секілді аты шулы батырларын жекпе-жекте жеңіп, қазақ әскерінің даңқты қолбасшыларының біріне айналды. Төле бидің, Абылай ханның серігі болды. Батырдың ерлігі аңызға айналып, Күсен, Майкөт, Сүйінбай, Жамбыл, Тілеміс секілді ақындардың жыр-дастандарына арқау болды. Бұлардың ішінде бізге жеткені – Жамбылдың «Өтеген батыр» дастаны.
Батыр әуелі Іле өзенінің бойына (қазіргі Қапшағай су қоймасының табаны) жерленген. Кейін оның сүйегін ұрпақтары Қордай ауданына апарып, қайта жерлеген. Жерленген жері Өтеген ауылы деп аталады. Алматы облысындағы бірсыпыра жер батыр есімімен аталады. 1999 жылы Өтеген батырдың 300 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Соған орай қабірінің басына кесене тұрғызылып, Жамбыл облысы Қордай ауданының орталығында ескерткіш орнатылды.
Сөздік
басқыншылық – захватчик
қарсы күресу – бороться против
қарсы соққы берген – оказал сопротивление
азат ету – освободить
кескілескен ұрыстар – ожесточенные бои
аты шулы – тот, чье имя на слуху
даңқты – знаменитый, прославленный
аңыз – легенда
арқау болды – стал основой
әуелі – вначале
жерлеу – похоронить
қайта – вновь
кең көлемде – широко
14. соған орай – в связи с этим
15. қабір – могила
16. кесене – мавзолей

Тапсырмалар

1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.
2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.
3. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: азат ету, даңқты, әуелі, қайта, орнатылу, бірсыпыра, кең, қатысу, ұлы.
4. Мәтіннен көмекші есімдерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.
5. «Сын есім + зат есім», «үстеу + етістік», «зат есім + зат есім» сөз тіркестерін құрыңыздар. Сөз тіркесінің 1- сөзі мәтіннен болуы тиіс.
6. Мәтіннен үстеулерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар. Үстеулердің мағынасын белгілеңіздер.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *