Әбілқайыр хандығы. (1428 –1468 жж.). Феодалдық бытыраңқылықтың күшеюі XV ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстанның орталық аймағында Әбілқайыр хандығының пайда болуына әкелді. XV ғасырдың 20-жылдарының аяғында Ақ Орданың далалық аумағының үлкен бөлігінде, XIV ғасырдың өзінде-ақ біріккен, Орда – Ежен мен Шайбани ұрпақтары билігіндегі халық пен жерде билеуші әулет ауысады: Шыңғыс ұрпақтары мен көшпелі шонжарларының қиян-кескі күресінің нәтижесінде билік біріншісінің мұрагерлерінен екіншісінің мұрагерлеріне ауысады. Бұл күрестің пайда болуы мен етек алуына саяси және әлеуметтік-экономикалық сипаттағы көптеген себебтерге байланысты Ақ Орданың әлсіреуі мен құлдырауы себепші болды. Ортағасырлық авторлардың бірі Махмұд ибн Уәли Ақ Ордада Шайбани ұрпақтарының билік басына келу фактісін жалпы Алтын Орданың күйреуімен орынды байланыстырады.Ақ Орда хандарынан айырмашылығы – Шайбани ұрпақтары Орда тағы үшін жан аямай, өздерінің материалдық және адам ресурстарын ысырап еткен жоқ. Олардың Темір мен оның мұрагерлерінің басқыншылық дәмелеріне тойтарыс беруіне де тура келмеді. Өйткені Темір ұрпақтарын бұл ауданда көшіп жүретін даладан гөрі бірінші кезекте Сырдария аңғарындағы бекініс-қалалар қызықтырған еді. Осының бәрі Шайбани ұрпақтарына Орда–Ежен мен Тоқа-Темір әулетінен өрбіген хандарға қарама-қарсы Ақ Орда аумағында билік ету құқығын білдіру және Шығыс Дешті Қыпшақ пен кейініректе Түркістанның саяси картасын өзгерту мүмкіндігін қамтамасыз етті. Шайбани ұрпағы Жұмадық хан 1428 жылы маңғыт әмірлерімен және Жошы ұрпағы Қажы-Мұхаммедпен Жайтар-Жалқын сайында болған шайқаста қаза тапқаннан кейін Шайбани ұрпағы Дәулет-Шайхтың баласы Әбілқайыр хижра бойынша 833 жылы (1428-1429 жж.) Тура өңірінде (Батыс Сібір) хан деп жарияланады. Оның хандығының құрамына қият, маңғыт, шынбай, найман, қарлұқ, үйсін тағы басқа сол сияқты тайпалар енді. Шығыс Дешті Қыпшақтың феодалдық бытыраңқы жерлерін біріктірген «Көшпелі өзбектер мемлекетінің» яғни Әбілқайыр хандығының Қазақстан тарихында елеулі орны бар. Әбілқайыр хан құрған мемлекеттің атауы деретемелерде дәстүр бойынша «Өзбек ұлысы», сондай-ақ «Шайбани ұлысы», «Әбілқайыр ұлысы» деп аталған. «Ұлыс » атауы деректемелерде ел атауымен, «ел және өзбек ұлысы» деген түрде тәуелді халықтың этносаяси жалпы атауы ретінде айтылады. Бұл соңғы ат сонымен бірге географиялық «дийар «- ел (Дийар-и өзбек) ұғымымен қоса қолданылады. Тарихи әдебиетте Әбілқайыр мемлекетін «Өзбек хандығы», «Көшпелі өзбектер мемлекеті», «Әбілқайыр хандығы» деп атайды. Соңғы атау неғұрлым бейтараптау көрінеді, өйткені Орта Азиядағы өзбек халқының болашақ компоненті ретінде хандық аумағында тек көшпелі өзбектер ғана өмір сүрген жоқ, солармен бірге көп нәрседен хабардар болған XV ғасыр авторы Рузбихан Исфаханидің жазбаларына қарағанда, негізінен қазақтар, маңғыттар тұрған. Осы аумақты мекен еткен, Әбілқайыр мемлекетінің құрамына кірген аса үлкен этникалық топтардың бірінің атауымен оны Қыпшақ хандығы деп атауға да толық негіз бар. Әбілқайырдың жаулаушылық соғыстары XV ғасырдың 30-жылдарында басталады. Тоқа Темір әулетіне қарсы жорыққа Әбілқайыр көп әскер жиды. Әбілқайырдың төменгі Сырдария аймағына жорыққа шығуының басты себебі әулеттік күрес қана емес, сонымен бірге Сырдария мен Арал жағалауы төңірегінен қысқы жайылымдық алу қажеттілігі еді. Сырдарияның төменгі сағасына иелік ету көшпелі мемлекеттің қуатын арттыру үшін аса қажетті Түркістан қалаларына жол ашатын. Шайқас 1431 ж. Екітүреп деген жерде болып, Тоқа-Темірдің жеңілуімен аяқталады. Әбілқайырдың келесі жеңісі 1446 жылы Атбасар маңында болды. Ол жолы Мұстафа ханды тас-талқан еткен. Ол бағындыру мақсатымен оңтүстік аймақтар мен елдерге әскери жорықтарға шыға бастады. Ол 1430 жылы қысқа мерзімге Хорезмді басып алды, Үргенішті тонады. 1446 жылы Ұлықбектің тақ мұрасы істеріне байланысты Мауереннахрдың оңтүстігі мен Хорасанға кеткенін білген Әбілқайыр жазғы көші-қонысын қоя тұрып, Самарқанд пен Бұқараға тап берді, олардың төңірегіндегі жерлерді тонап, ортаңғы Сырдарияның бірқатар қалаларын басып алды. Әбілқайыр хан бұрынғы Барақ хан сияқты, Ақ Орданың экономикалық жағынан анағұрлым қуатты оңтүстік аудандарын өз қол астына кіргізудің маңызын жақсы түсінді. Ол үшін Сырдария қалалары, бұрынғы Ақ Ордадағы сияқты, бірігудің, мемлекеттің далалық аймақтарын өз билігінде ұстаудың факторы бола алатын еді. Қазақстанның далалық көшпелі аудандар тұрғындары үнемі ұмтылып келген кәсіпшілік пен сауда орталықтары саналатын Сырдария қалаларын алу Әбілқайыр хандығын нығайтуға айтарлықтай ықпал ететіні сөзсіз. Әбілқайыр Дешті Қыпшақтағы өз жақтастарының қыруар күшіне, далаға жиырма жыл бойы үстемдігін жүргізген өз қуатына сүйенгендіктен де Сырдария қалаларын тез басып алды. Бұл жағдай өзара ағайындас Шайбани ұлысы мен Орда ұлысы тайпаларының арасындағы қырғи қабақ қатынастарды бұрынғыдан бетер шиеленістіре түсті. Өйткені Әбілқайырдың қалалар мен оның төңірегіндегі алқаптарды алуы Жәнібек пен Керейдің және оған тәуелді, Сырдария бойы мен Қаратау өңірінде көшіп-қонып жүрген қазақтардың мүдделеріне қайшы келді. Бұл олардың арасындағы күрестің қайта жанданып, қазақ сұлтандары мен оларға қарасты рулар мен тайпалардың көшіп кетуіне әкеліп соқтырған аса маңызды себеп болды. 1456-1457 жылдары Сығанақ түбінде қалмақтардан күйрей жеңілген Әбілқайыр Түркістанның талан-таражыға түскенқалаларын тастап шығып, Дешті-Қыпшаққа кетуге мәжбүр болды. Жеңілудің басты себебі оның мемлекетінің ішкі әлсіздігінде жатыр еді. Шыңғыс әулеті арасындағы толассыз қырқыстар мен алауыздықтар, рулар мен тайпалардың көшпелі ақсүйектерінің оқшаулыққа ұмтылуы, феодалдық жоғары топтар мен қатардағы көшпелі және жартылай көшпелі бұқара арасындағы қайшылықтардың шиеленісуі, ішкі және сыртқы соғыстар мемлекеттің шаңырағын шайқалтып, күйреу дәрежесіне жеткізген еді. 1468 жылы Жетісу жорығы кезінде Әбілқайыр қаза тапты. Қазақ хандығының құрылып, нығаюына байланысты Шайбани әулетінің Шығыс Дешті Қыпшақтағы билігі тоқтады.