ХІҮ-ХҮ ғ.ғ. Қазақстан аумағындағы ортағасырлық мемлекеттер.
Алтын Орда хандығы. Шыңғыс хан қазаға ұшырағаннан кейін 1235 жылы Қарақорымда моңғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысы Шығыс Еуропаға жаңа жорық жасауға шешім қабылдады. Моңғол әскерлерін Шыңғыс ханның немересі Жошының екінші ұлы Бату хан басқаратын болды. Батый әскері моңғол шоғырларына еріксіз енгізілген, әртектес тайпалардың жауынгерлерінен құралды. Ондағы басқару қызметтерінің бәрінде моңғол феодалдары болды. Батудың самсаған әскері 1236 жылы Камадағы Бұлғарияны, мордваларды талқандап, 1237-1240 жылдары орыс мекендеріне келіп шүйлікті. Рязань, Мәскеу, Владимир түбінде моңғол әскерлерімен кескілескен ұрыстар болды. Орыстардың шағын ғана қаласы Козельск тұрғындары жеті апта бойы монғолдарға жан аямай қарсылық көрсетті. Осы ұрыстарда мыңдаған моңғол қырылды. Бірақ сан жағынан әлдеқайда көп Бату әскерлері қаланы басып алып, оны жермен жексен етті. 1239 жылдың басында Бату әскерлері Еділ өзенінің ту сыртынан орыс жеріне екінші жорыққа аттанды. Қызу ұрыстар жүргізе отырып моңғолдар Переяславль қаласы, онан кейін Чернигов жеріндегі Глух қаласын алды. 1239 жылдың қазан айында олар Чернигов қаласын қоршауға алып, оны өртеп күлге айналдырды. 1240 жылдың күзінде Бату әскерлері Киевті қоршады. Киев халқы ұзақ уақыт қаланың сыртында, тіпті монғолдар қала ішіне басып кіргеннен кейін де қарсылығын тоқтатпады. Олар түгелімен дерлік қырғынға ұшырады. Одан кейін, Польшаны, Венгрияны, Дальмацияны шапты, Грузияны жеңіп, Кавказдың басқа да кейбір халықтарын бағындырды. Алтын Орда шекарасы Ертістен Днестрге дейін созылды. Шығыс Еуропада оған Еділ бұлғарларының жері, Дешті Қыпшақ, Қырым және Дербентке дейінгі Солтүстік Кавказ (кейде Бакуғе дейін), Орта Азияда Үргеніш қаласымен қоса Солтүстік Хорезм, Сырдарияның теменгі ағысына дейінгі аймақ түгел қарады. Тарихи әдебиетте бұл мемлекеттің Алтын Орда деген атауы орнықты. Алғашында Алтын Орда Моңғол империясына оның бір ұлысы ретінде енген еді, ал ХШ ғасырдың 60-жылдарынан кейін ол дербес хандық болып бөлінді. Алтын Орда астанасы алғашқы кезде Еділ сағасындағы Сарай-Бату қаласында (қазіргі Астрахань маңында) болды; көп кешікпей ол Азиядан Еуропаға баратын керуен жолындағы аса ірі сауда орталығына айналды. Кейінірек Сарай Беркеге (Еділ бойымен Сарай-Батудан жоғарырақ) көшірілді. «Алтын Орда» ұғымы біртекті емес; бір жағдайда Алтын Орда деп Батый мен оның мирасқорлары Беркенің жеке иелігіндегі жерлер, яғни Төменгі Еділ бойы мен Солтүстік Кавказ, ал енді бір орайда түгелдей Жошы ұлысы айтылады. Бату хан (1227-1255 жж.) зор беделге ие болды және іс жүзінде империяны өзінің қолдауымен таққа отырған ұлы хан Мөңкемен бірге биледі. Алайда Бату да, оның мирасқорлары да Алтын Орданың тағында біртұтас мемлекетті басқарушылар болмады. Бату хан Шығыс Еуропаға жасаған жеті жылдық (1236-1242) жорығынан кейін ата-бабадан келе жатқан әдет-ғұрыпқа бағып, өзінің басқа бауырларына да үлес берген. Інісі Орда Еженнің ұлысына Жетісудың солтүстік-шығыс белігіндегі жерлер, Ертіс бойындағы кең-байтақ аумақ Ұлытау мен Қаратауға дейінгі жерлер кірді. Ұлыстың аумағы біртіндеп кеңейе берді. ХІІІ ғ. екінші жартысында-ақ Орда Еженнің немересі Қонышанның тұрған жері, деректеме бойынша, Орта Сырдариядағы Жент пен Үзкент маңында болған, ұлыстың саяси орталығы осы жерге ауысқан еді.Іс жүзінде ХШ ғ. ортасынан бастап Орда Ежен ұлысы дербес мемлекет болып, шығыс деректемелерінде ол Ақ Орда деп аталған. Орда Ежен ұлысынан батысқа қарай Шайбани иелігіндегі жерлер жатты. Шайбани ұлысының бөлінуі туралы Махмұд ибн Уәли былай деп хабарлайды: «… Шыңғыс ханның ұлы Жошы ханның баласы Шайбани хан жеті жылдық жорықта астар, орыстар, черкестер және бұлғарлар елдерін жаулап алған кезде ептілік көрсетіп, ағасы Батудан сыйлық ретінде төрт омақ алды». Шайбани ұлысының аумағы туралы Әбілғазы былай деп хабарлайды: «Шайбани жазда Орал бөктеріндегі, Тобыл, Жайық, Ырғыз өзендерінің аралығындағы кең байтақ жерлерде, ал қыста Арал теңізі өңірінде, Шу, Сарысу өзендерін бойлап және Сырдарияның төменгі ағысында кешіп жүрген». ХШ ғ. екінші жартысындағы ХІV ғ. басындағы Алтын Орданың тарихы орыс князьдықтарымен, Иранның Құлағу әулетімен болған үздіксіз соғыстарға толы, бұлардан Берке (1257-1266) мен оның мирасқорлары Әзірбайжанға және Оңтүстік Каспий маңындағы басқа да жерлерді иелену құқығына таласты. Мөңке-Темір тұсында (1266-1280) Алтын Орда Монғол империясының орталығынан біржола оқшауланып, тұңғыш рет өз атынан теңге соға бастады, Орта Азия мен Жетісуда Шағатай ұрпақтарының билігін нығату үшін ұлы ханға қарсы күресінде Хайдуды қолдап отырды. Алтын Орда ХШ — XIV ғасырлар аралығында күшті мемлекет болып тұрды. Бұл тұста оның мемлекет ретінде беделі өсіп, көрші елдермен қарым-қатынасы нығайды, шаруашылығы, мәдениеті өркен жайды. Осы кезендерде Алтын Орданың қол астындағы жерлерде, әсіресе Бату Сарайы, Берке Сарайы, Керчь, Үргеніш, Хорезм, Сығанақ сияқты кенттерде қолөнер, ғылым, әдебиет салалары өсті. Оған біріншіден түрік текті ру-тайпалар мен халықтардың медениеті, әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әл-Бируни, Ас-Сығанақи, ибн Исқақ, Фирдауси, Низами, Ахмет Иассауи, Сүлеймен Бақырғани тәрізді ғалымдар мен ақындардың мұраларын пайдалану мен ілгері дамыту оң әсерін тигізсе, екіншіден көрші елдер мәдениетін үйренудің ізгі ықпалы болды. Алтын Орда көп ұлтты мемлекеттік құрылым еді. Ол қоғамдық- экономикалық дамуының деңгейі жағынан бір-бірнен айырмашылығы үлкен, өзіндік мәдениеті мен әдет-ғұрыптары бар, әр алуан халықтар мен тайпалардан құралатын. Дешті Қыпшақ даласындағы көшпелілердің басым көпшілігі ең әуелі қыпшақтар содан кейін қаңлылар, қарлұқтар, наймандар, т.б. болатын. Алтын Орданың отырықшы облысында бұлғарлар мен мордва, орыстар мен гректер, шеркестер мен хорезмдіктер, т.б. тұратын. Монғолдардың өздері тіпті аз еді. ХШ-ХІV ғасырлардың шамасында, әсіресе XIV ғ. монғолдар іс жүзінде түріктеніп кеткен еді, ал Алтын Орданың халқы «татарлар» деп атала бастады. Алтын Орданың хандары Бату (1241-1256 жж.), Берке (1257-1266 жж.), Мөңке-Темір (1266-1280 жж), Туда-Мөңке (1280-1287жж.), Төле-Бұқа (1287-1291 жж.), Тоқты (1291-1312 жж.), Өзбек (1312-1342 жж.), Жәнібек (1342-1357 жж.) хандар тұсында Алтын Орданың қуаты арта түсіп, билігі мейлінше күшейді. Егер Жошы мен Бату Монғолиядағы ұлы ханға белгілі бір дәрежеде бас иген болса, Беркеден бастап Алтын Орда хандары өздерін толықтай тәуелсізбіз деп есептеді. Батыс Еуропа және Мысырмен, Кіші Азиямен, Үндістанмен, Қытаймен сауда-саттығы өркендеді, әртүрлі кәсіпшілік пен қолөнері дамыды. Берке тұсында Алтын Ордаға ислам діні ене бастап, Өзбек тұсында ол үстем дінге айналды. Өзбек ханның (1312-1342 жж.) және оның баласы Жәнібектің (1342-1357 жж.) тұсында Алтын Орданың күш-қуаты барынша кемел кезіне жетті. Өзбек хан Орда-Ежен ұрпақтарының бұрынғы вассалдық тәуелділігін қайтаруға тырысып, Сығанақта өзінің баласы Тыныбекті хан тағына отырғызды; алайда ол көп кешікпей өлтіріліп, билік Орда-Еженнің ұрпақтарына қайта көшті. Саяси өмірдің ерекше маңызды кезеңдерінде билеуші әулеттің өкілдері бастаған әскери-феодалдық алпауыт-бектердің құрылтайы шақырылып тұрды. Алтын Орданың мемлекеттік құрылымы тұтас алғанда Шыныс хан енгізген үлгінің ізімен жүрді. Мемлекет Жошы ұрпағынан шыққан хандардың меншігі саналды. Аса маңызды мемлекеттік мәселелерді шешу үшін билеуші әулет мүшелері бастаған ақсүйектердің, жалпы жиналысы — құрылтай шақырылатын болған, Әлеуметтік қызметерді атқаруға билеуші топтың өз адамдары – оғландар, әмірлер, даруға бектер қойылды. Мемлекеттік мекемелердің басында атақты билер мен олардың көмекшілері — бақауыл, тұқауыл, жасауыл, қази, муфти, дуан бітікшілері, талғамшылар отырды. Қалалар мен бағынышты аймақтарды басқару үшін губернаторлар — жаруғашылар, басқақтар тағайындалды. Олардың негізгі міндеті жергілікті халықты бұғауда ұстау әскердің күшімен алым-салық жинау еді. Алтын Орда халқының қоғамдық және мәдени даму дәрежесі әркелкі болды. Көшпелі халықтарда (қыпшақ, моңғол, татар тайпалары) жартылай патриархтық, жартылай феодалдық қатынастар үстемдік етті. Шаруалардың жағдайы мейлінше ауыр болды, олар екі жақтан бірдей қаналды: ханға да, жергілікті ірі алпауыттарға да алым-салық төледі. Кейіннен Алтын Орда хандары жергілікті билеушілерге тархандық жарлық үлестіруді кеңінен қолданды. Мұның өзі феодалдардың бағынышты халықты шексіз билеуіне және салықты өз қалауынша жинауына ерік берді. Егінші шаруалар өңделген жерден заттай алынатын салық төледі. Серіктес шаруалар феодалдарға еріксіз жұмыс істеп салықтарын өтеді. Жекеменшікті қорғау үшін мемлекеттік заң және мемлекеттік идеология қалыптасты. Ол туралы Лев Гумилев «Мені Евразиялық деп атайды» атты еңбегінде: «Жошы ұлысына қарайтын бүкіл елге — Еділдегі Алтын Ордадан, Тюменьдегі Көк Орда мен Ертістегі Ақ Ордаға дейін ислам дінін қабылдауға мәжбүр етілді» – дейді. Феодалық қатынастар дамыған сайын Алтын Орданы билеушілер арасында талас күшейіп, феодалдардың өзара күресі мемлекетті жегідей жеді. Мұның үстіне жаулап алынған тәуелді халықтардың күресі етек алды. Моңғол езгісіндегі тайпалар мен халықтар құлдық бұғауынан құтылуға тырысты. 1238 жылы Бұқарада қолөнерші Махмұд-Тараби бастаған көтеріліс болды. Көтерілісшілер қаланы басып алғанмен моңғол әскерлері көтерілісті аса қаталдықпен басып жаныштады. Бұқарада болған көтеріліс моңғолдарға қарсы азаттық күресінің өрістеуіне мықты ықпал жасады. Қыпшақтар, половшылар, чуваштар, мордвалар, марийлер және басқалары бас көтерді. 1240-1241 жж., сондай-ақ 1270 жылы кама бұлғарлары моңғолдарға қарсы көтеріліс жасады. Мұның өзі Алтын Орданы әлсірете берді. 1259 жылы Новгородта, 1262 жылы Ростовта, Суздальда, Ярославльде болған көтерілістен Алтын Орданың іргесі шайқалды. 50-жж. орта шенінде Жәнібек ханды оның үлкен ұлы Бердібек өлтіргеннен кейін, «ұлы алапат» (1359-1379 жж.) деген атпен мәлім болған жиырма жылдық өзара қырқыс басталды. Алтын Орданың батыс бөлігі бірнеше иеліктерге бөлінді. Еділ бойында, Астраханда, Қырымда, Сарайшықта жергілікті әмірлер, Қара теңіз өңірінде түменбасы Мамай орнықты. 1380 жылы Алтын Орданың нағыз билеушісі мыңбасы Мамай Куликово даласында Дмитрий Донской бастаған орыс әскерінен тас-талқан болып жеңілді. Жошының ұрпағы Тоқтамыс Мамайдың күйрегенін пайдаланып, Алтын Орданың билігін тартып алады. Өз өкіметін әскери жеңістермен нығайту үшін 1382 жылы Мәскеуді өртейді, Мәуреннахр мен Кавказдың ар жағына бірқатар жорықтар жасайды. Ал Мауереннахр билеушісі Әмір Темір өз тарапынан Алтын Ордаға бірнеше рет қанды жорық жасап оны ойрандап кетеді. Осы соққыдан ол оңала алмайды. Жошы ұрпақтарынан тараған жекелеген хандар мен ірі тайпалардың жетекшіліктері оларды уақытша біріктіргенімен де, XV ғ. өзінде-ақ бұл иеліктер тәуелсіз Қазан, Астрахан, Қырым, Үлкен Орда хандықтарына айналды. Қазақстан мен Түркістанның далалық аумағында жергілікті билік нығайды, сөйтіп, Алтын Орданың күні өтіп шаруасы бітеді. Әлгі ұлыстар ішіндегі ең ірісі Еділ мен Дон арасынан құрылған Үлкен Орда (XV ғасырдың 30 жылдары) болады.