Бұқар жырларындағы мәнді сөздер

Бұқар жырларындағы мәнді сөздер
Сабақтың мақсаты: Атақты Бұқар жыраудың шығармашылығымен таныстыру.
Тапсырма
Бұқар шығармаларын зерттеушілер туралы айтыңыз
Бұқар шығармаларын оқып, мазмұнын айтыңыз
Бұқардың тіл шеберлігін дәлелдеңіз

Бұқардың ақылдылығы мен көріпкел, сәуегейлігі туралы сан алуан аңыз-әңгімелері бар.Бұл жөнінде М.Ж.Көпеев: «заманындағы сыншылар ол кісіні- «көмекей әулие»дейді екен. Көмекейі бүлкілдеп сөйлейді де отырады екен. Қара сөз жоқ, аузынан шыққан сөзінің бәрі жырлауменен шығады екен» деп жазады. Бұған қарағанда, жыраудың бізге жеткен толғаулары есепсіз көп жырлардың шет жағасы ғана болса керек.
Бұқар жырау шындықты тіке бетке айтатын батылдығымен де дараланады. Кейбір тығырыққа тығылған саяси мәселелерге орай хан алдында ешкім батып сөйлей алмағанда, жырау ғана қиялдан қисын, қиыннан жол тауып беретін болған.
Бірде Абылай хан көршілес орыс еліне қарсы жорық ашпақ болғанда, Бұқар жырау мұның немен тынатынына болжап халық үшін жаулық жолынан сақтап қалады. Мұндай жағдай тек ханмен ғана емес, басқыншы жауды жеңу жолындағы әр қилы талас-тартыс кезінде де болып отырған. Сондай сәттерде де жырау қара қылды қақ жарып тек қана, шындықты бетке басып айтатын болған. Осы талаптарға сәйкес олардың көптеген жырлары Абылай ханға арнау түрінде айтылып үлкен саяси әлеуметтік мәселелерді қозғайды.
Жырау бұл толғауларында азаттық күрестің жалынды басшысы Абылай ханның асқақ тұлғасын жасуға да мол үлес қосты. Ел тағдыры таразыға түскен ауыр кездерде ханның әділдігі мен ақыл-парасатына көрегендігіне ден қойып оның ерлігімен еңбегін жоғары бағалайды. Мыс.:
Отыз жасқа келгенде,
Дүниедей кең едің,
Отыз бес жасқа келгенде,
Қара судың бетінде сығылып,
Аққан сел едің,
Қырық жасқа келгенде
Алтынды таңның желі едің…- деп, ерлерді мадақтайды.
Жыраудың жұртты татулық-бірлікке, адамгершілікке үндеген үгіт-насихат жырлары да сан алуан.
Бұқар да ол халқымыздың ертеден келе жатқан жөн-жоралғысы мен салт-дәстүрді негізге ала отырып мұсылман дінінің қағида-шарттарын үлгі ете білді.
Бұқар жыраудың айтуға тиым салынып келген бір қыры орыс отаршылдығына қарсы қажырлы күресі. Ол шұрайлы қоныс, шүйгінді жерлерді біртіндеп басып алған, отаршылардың бұзық пиғылдарын жұрттан гөрі бұрын сезіп содан сақтануға шақырды, тіпті сол кіндік кесіп, кір жуған ата қонысты аттап, бұрынғы Асан қайғы айтатын Жиделібайсынға қоныс аудау қажет деп тапты. Жырау туған халқының сол тұстағы ауыр халін былайша сипаттайды.
Шүршітпенен құлақтас,
Қырғызбенен жұбатпас,
Ортасында ұйлығып
Кетпейін десе жері тар,
Кетейін десе алды-артын
Қоршап алған кәпір бар.
Ұйлыққан қойдай қамалып
Бүйірінен шаншу қадалып,
Сорлы қазақ қамды ойла.
Бұқардың көрегендігі мен кемеңгерлігі, алдын болжағыш білгірлігі оның әйгілі. «Ханға жауап айтпасам» деген толғауынан аңғарылады.
Мұнда ол Асан қайғысының «Қилы-қилы заман болар, Қарағай басып шортан алар»- деген жұмбақ сөзінің мәнін ашуға байланысты болашақ орыс боданындағы жұрттың, әсіресе жастардың жай-күйін қандай болады деген күрделі мәселені жан-жақты қамтып суреттейді.
Жырау алдағы сол заманды бейнелегенде адамның рухани күйреп, азып тозатынын, аяусыз қырылып зобалаңға ұшырайтынын тап басып сипаттайды.
Бұқар жыраудың өзіндік өрнек мәнерін, оның аз сөзге көп мағына сыйғызатын шеберлігін бөліп атаған жөн. Мұндай жолдардың мақал-мәтел іспеттес болып құрылатынын көреміз. Бұлар осы сипаттарымен үлкен ойды қорытып жинақтау дәрежесіне көтереді.
Өмір көріністерін кеңінен қамтып бейнелеуі жағынан ол жазба әдебиетке бір табан жақын тұрды. Өзінен кейінгі ұлы Абайға да игі әсер етті. Қазақ өлеңдерінің мазмұны жағынан байып көркеюіне елеулі үлес қосқан жырау адамның болашақ тағдыры туралы айтып кеткен:
Балалық он жасыңыз балғын өскен құрақтай,
20-деген жасыңыз жарда ойнаған лақтай.
Отыз деген жасыңыз таудай аққан бұлақтай.
Қырық деген жасыңыз ерттеулі тұрған құр аттай.
Елу деген жасыңыз ол да бір үлкен бел екен
Алпыс деген жасыңыз күзгі соққан жел екен.
Сексен деген жасыңыз қараңғы тұман күн екен,
Тоқсан деген жасыңыз ажалдан босқа жоқ екен.
* * *
Бұқар жырау:
Ел бастау қиын емес,
Қонатын жерден қол табылады
Қол бастау қиын емес .
Шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан қиын – деген екен.

Бұқар жырау шығармалары
Бір күні Абылай мен Бұқар жырау ат үстінде келе жатқанда Абылай жырауға Асанқайғының айтқан сөзі туралы сұрақ қойған:
«Қилы-қилы заман болар,
Қарағай басын шортан шалар- деген сөздің шешуін айтшы депті.
Сонда Бұқар: «Заман азып, заң тозып, жаман болар,
Қарағайдың басына шортан шығып,
Балалардың дәурені тәмам болар.
Ол күнде қарындастан қайырым кетер,
Қатыннан күш, қарағайдан шайыр кетер.
Ұл мен қызың орысқа бодан болып,
Қайран ел, есіл жұрттың сәні кетер — деген екен.
* * *
Алла деген ар болмас,
Ақтың жолы тар болмас.
Тар пейілді кеңімес,
Кең пейілді кемімес.
Білем деген құтылмас,
Берік байлаған шешілмес.
Қазулы жолдар көмілмес,
Қартайсаң қарт бабыңды сайлай бер,
Күндердің күні болғанда,
Кімдер белі бүгілмес.
* * *
Жақын жерде шөп жесе,
Жердің сәнін кетірер.
Ағайынның аразы,
Елдің сәнін кетірер.
Абысынның аразы ,
Ауыл сәнін кетірер.
* * *
Мырзалық қонаққа пайда,малға қас.
Батырлық жолдастыққа пайда , жанға қас,
Өтірік сөз адаға пайда,иманға қас
Өтірік пышақ қолға пайда,қанға қас.
* * *
Арту-арту бел келсе,
Атан өрлер бүгіліп
Алыстан қара шаң көрсе,
Тұлпар шабар тігіліп.
Ел шетіне жау келсе,
Ерлер шығар түріліп
Ел ішіне дау келсе,
Шешен сөйлер жүгініп
Тентектен ел бүлінсе,
Билер шешер жүгініп.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Р.Сыздықова. «Сөздер сөйлейді». Алматы 1980ж
2.З.Қабдолов. «Сөз өнері.» Алматы 1984ж
3.Қ.Жұбанов. «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» Алматы 1961ж
4.Б.Адамбаев. «Қазақтың шешендік өнері».1984ж.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *