Шешендік дау

Шешендік дау
Сабақтың мақсаты:
Студенттерге рухани даулы мәселерді реттейтін ежелгі әдет-заңы туралы түсінік беру.
Тапсырма
Сұрақтар
Ежелгі әдет – ғұрып заңдары туралы айтыңыз
«Шешендік дау» дегеніміз не?
Үш жүзде болған шешендік даулар туралы не білесіз?
Төмендегі әңгімелерді оқып, талдаңыз
Талас – тартыс, ру мүддесі, ағайын ары деген не?
Атадан балаға қалған мұра туралы не түсіндіңіз?
«Шешендік дау» туралы көзқарасыңыз қалай?

Шешендік арнау адамдар арасындағы қарым-қатынасты, шешендік толғау халықтың философиялық көзқарасын көрсетеді десек, шешендік дау — қазақ қауымының материалдық және рухани даулы мәселелерді, қылмысты істерді шешетін ежелгі әдет заңы, ережесі есепті.
Шешендік дауларды мазмұнына қарай жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал және ар дауы деп беске бөлуге болады.
Бірыңғай мемлекеттегі, қабылданған заңы жоқ елде барлық дау — талап мәселесі ағайынның қазылығымен, жол-жоба білетін адамдарға жүгінумен шешілген. Халықтың осындай қарапайым тәжіриебесінен қазылық институт, билік-төрелік айту әдеті қалыптасқан.
Мұны кейін хандар пайдаланып, төңірегінде кеңесші билер ұстап, қарапайым қазылық, билік институтты өзінің ел билеу және қаражат түсіру статьясының біріне айналдырған.
Қазақ жерге бүкіл халықтық-ұлттық қазына деп қараған, қоныс пен өрісті ру-ру болып жайлап-қыстап ортақ пайдаланған. Бірақ қоныс салып, егіс екпейтін малсыз кедей арық, құдық қазып суландыру, байлардың малын жаю, шөбін шабу және дұшпаннан бірлесіп қорғау жұмыстарына ортақ болғанмен жердің қызығын көруде өгей болған. Сол қоныс, жайылым, шабындық үшін ру мен рудың, әсіресе дәулетті адамдар арасында болған дау-жанжалдарды бейнелейтін шешендік даулардың үлгілері бар.
* * *
Ұлы жүз Төле би, кіші жүз Әйтеке би, орта жүз Орманбет бимен Қасқакөл деген көлге даулы болып сөйлесуге Айқынкөлге үй тіктіріп, ел жиналады.
-Ей, Орманбет! Мен әлі тірімін, өлген жоқпын; бұдан бұрын әлденеше рет сәлем айтсам да, сен келген жоқсың: ер кетер, жер жетер, ешкімге опа қылмас дүние-боқ. Сен бізден жасы кіші баласың, біз барып қайттық, сен ілгері барасың, біз енді көп жүрмеспіз, көмілерміз. Сен жассың, көңілдегіңді аларсың!-дейді Төле.
-Бай болсаң халыққа пайдаң тисін, батыр болсаң дұшпанға найзаң тисін; бай болып пайдаң тимесе, батыр болып найзаң тимесе жұрттан ала-бөтен үйің күйсің деген ғой; бізге кейінгілер соны айта ма деп қорқамын,- дейді Әйтеке Төленің сөзін қоштап.
Сонда Орманбет тұрып:
-Екі би, айтқан сөзің жарасады,
Еншіге әркімдер-ақ таласады.
Қасқакөл орта жүздің үлесі еді,
Дауларың қиянатқа жанасады.
Қанағатсыз билерді қабан деген,
Қамшылатқан жүйрікті шабан деген.
Біреудің ақысына зорлық қылған
Қиянат қияметте жаман деген,-
дейді.
Оған тоқтамай Төле былай дейді:
-Ей, Орманбет! Сен бізге Қасқакөлді беріңіз,
Қасқакөл сізге, рас, жақынырақ жеріңіз.
«Бардан пайда, жоқтан залал» деген,
Не берсе артының қайырын тілеп көріңіз.
Үш жүздің ортасында Қасқакөл бар,
Әр жерде ауыз сулық басқа көл бар.
Үш бөліп енші қылып алысайық,
Жер жетер, көңіліңді ұстама тар.
Сонда да бітімге келмеген Орманбетті анасы ақылмен көндіреді. Соған разы болған Төле би:
Әйел жақсы болса елдің басшысы емес пе,
Бұрынғы өткен жақсылар солай деген емес пе?!
Қасқакөлден енші алам деп келіп едім.
Орманбет бермесе осы жерде өліп едім.
Жетпіс жасқа келгенде сөзім жерде қалып,
Мәңгіге тірілместей болып едім.
— Жеңгей, мені қайта тірілттіңіз. Енді балаңызға бата берелік! – депті.
Сөйтіп, үш жүз көлді ортақ пайдаланатын болып ынтымақтасып, разыласып тарапты.
Бұл даудан, біріншіден, әр би өз руының, өз ағайындарының мүддесін қорғайтындығын көреміз. О қайыр, ру атымен үстем таптың, дәулетті топтың қызығын қызықтап қызғыштай қорғап отырғаны да анық.
Сонымен бірге сөз арасында жақсылығыңды еліңе көрсет, жамандығыңды жауыңа көрсет деген бұқараның ой – тілегі де елес береді. Пейіл жетсе жер жетеді, жер үшін, көл үшін ел араз болмасын, араздық, ала ауыздық атадан балаға мұра болып қалмасын деген халықтық, даналық тілек бар.
* * *
Төре тұқымы Дәулетқали төңірегіне үстемдік жасап, жайылым қорып, елдің түйесін ен далаға жайғызбай қойған соң Асау бидің баласы Тұрлан келіп:
— Жұрттың түйесін неге қайырасың? – дейді.
— Түйеңді қайырмай, қазақ, сенің мұнда төреге бақтырып қойған жерің бар ма еді? – дейді Дәулетқали.
— Атаңа нәлет ақсүйек! Төренікі деген елді қайдан көрдің, жерді қайдан көрдің?! – деп қамшының астына алады Тұрлан.
Дәулетқали Орынбордағы «ханға» арыз береді. «Хан» төре тұқымына «тіл тигізгені» үшін Тұрланды жазалаймын деп Асау бидің аулына келіп, «айыпкерді» шақыртады.
Халыққа арқа сүйеген Тұрлан «ханнан» қаймықпайды,
— Әлен соқыр, мені неге шақырдың? – дейді салғаннан. «Хан» қаһарланып, қылышын қынабынан суырып алып, төрт сардар биіне:
— Мынаның төресін беріңдер,басын аламын! – дейді.
Сонда Айтуар шешен:
— Ау, тақсыр! Бұрынғыдан қалған сөз қайда? Қазаққа хан ие, қара жерге халық ие демеуші ме еді? Хандығыңды бер де, жерді ал, хан болып тұрғанда жерде нең бер? – депті. Сонда халық қаһарынан қаймыққан «хан»:
— Төрелігіңе құлдық! – деп орнынан тұрып, төре – төлеңгіттеріне: Хандықты қара жерге айырбастағыларың келген екен, жоғалыңдар көзіме көрінбей, — деп ақырған болыпты.
Бұл мысал төре тұқымы мен қанаушы таптың өкілдері халықты жайылымнан қысып, жерді иемдене бастағанын оған қарсы шыққан халық наразылығын бейнелейді. Бөкей ордасының тарихынан белгілі фактіні ауыз әдебиеті осылай дәлелдейді. Оның үстіне «Билеуіңе көнсем де илеуіңе көнбеймін» деген халықтың қаһары сезіледі.
Өмірге ауа, күн қандай қажет болса, жер-су да сондай қажет. Елді туған жерден айырудан ауыр қиянат жоқ. Кір жуып, кіндік кескен атамекен, ана ошағының қадір-қасиетін қашаннан жақсы білетін халық өкілі хан алдында, қылыш астында тұрса да «жер менікі» деуден тайсалмаған.
Жарлы-жалшы жалағанды тамақ, жамағанды киім ғып аяғы артқа, аузы аққа жарымай жүргенде байлар ен жайылым, мол шабындыққа таласып-тартысуға арланбаған. Елдің ішкі бірлігін, берекесін келтіретін ондай іші тарлық, қызғаншақтық мінез-құлықтарды да айыптайтын сөздер бар. Мол шабындыққа таласқан екі байға бір жігіт былай дейді:
— Өзімнің атым Күдері, Анау тұрған шабындық
Ер Көшектің баласы. Баршаңызға жетеді.
Талассаң бағың кетеді, Дүние шіркін жалған ғой,
Таласпасаңдар не етеді? Бастарыңнан әлі – ақ өтеді.
Бірлік қылсаң, ағалар,
Жер байлығы үшін байлар арасында өткен дау-жанжалдардың бір елесі болып табылатын бұл мысалда байлардың нысапсыздығы, байыған үстіне байи берсем дейтін пиғылы әшкереленеді. Халық бала жігіт атынан ондай дүниеқор байларға әлі-ақ ырылдасумен өтерсіңдер, ішпей-жемей, ұрлап-жырмалап жиғандарын арттарыңда қалар деп ескертеді.
Пайдаланылған әдебиет:
Б. Адамбаев «Халық даналығы», Мектеп, 1976
2. «Билер сөзі». Кәкішов Т., Алматы.1992
3.Б.Адамбаев. «Қазақтың шешендік өнері».1984ж
4.Б.Адамбаев. «Халық даналығы».1976ж
5.М.Тілеужанов. «Ел әдебиеті»
6.Ә.Табылдиев. «Халық тағылымы»

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *