Қайын жұрт
Қайын жұртқа құда жатады. Құда – қыз алып, қыз беріскен ер адамды “құда” деп атайды. Құдалар қазақ арасында өте сыйлы құрметті адам ретінде төрде отырады. Қазақ дәстүрінде ат тергеу ғұрпы әсіресе келіндерден қатты талап етілді. Бұл туралы әдебиетте бірінші рет Н.Ильминский «Күйеуінің туыстарының атын келін ешуақытта атамайды. Оның – аға-інілеріне, апа-қарындастарына арнайы ат қоятын» деп көрсеткен. Келін тарапынан ат тергеу, күйеу туыстарының жасына, жынысына, туыстық қатынасының алыс-жақындығына байланысты.
Қазақ әйелдері күйеуінің де атын атамайды, оларды «отағасы», «біздің үйдің кісісі», «әлгі» немесе үлкен балаларының атымен бәленнің, түгеннің әкесі дейтін. Күйеуінің құрдастарының атын да атамай, оларды «құрдас» атандыратын. Туыстық жүйе атауларымен бірге, қазақта құдандалыққа негізделген жақындық атаулары да молшылық. Бірақ бұларға байланысты атау 3-4 ұрпақтан аспайды да, құдалар арасындағы қарым-қатынас осы шеңбердің көлемінде ғана болып тұрады. Қазақтағы туыстық және жақындық жүйесі әлі жете зерттелмеген мәселе.
Құдағи – құдалардың бәйбішелері, яғни қыз бен жігіттің әже – шешелері “құдағи” деп аталады.
Құдаша – келіннен немесе жігіттен жасы кіші қыздар сіңлісі яки қарындасы мен жас келіншектер “құдаша” деп аталады.
Құда бала – келіннің немесе жігіттің інілері құда бала деп аталады.
Күйеу — бір рудың қызын алған жігіт сол үйге күйеу болып есептеледі. Сол ел оның қайын жұрты деп есептеледі.
Балдыз – әйелінің інілері мен сіңлілері «Балдыз» деп аталады.
Бір ел мен екінші елдің арасында қыз беріп, қыз алу арқылы құдандалық қарым-қатынаспен бірге, күйеу мен қайын жұрт арасында қарым-қатынас болады. Қайын жұрты күйеуді әр уақытта сый тұтады. Қыздарына дұрыс қарап, жақсы адамгершілік қасиетін білдірген күйеулер қайын жұртына сыйлы, ерке болады. Қайын жұрттың әр шаңырағы күйеуге деп әрдайым төс сақтайды. Күйеуге тартылған табақта төс болмаса, күйеу төсін даулап, жеңгелерімен қалжыңдасып
жатады. Тартылған төсті міндетті түрде табақтан күйеудің өзі алып, бөліседі.
Күйеу мен қайын жұрттың арасындығы қарым-қатынастың ұзақтығы – қыздың
ұзақ өмір сүруіне, төркінін ұмытпай жиі қатынас жасап тұруына, ақылына, күйеуі мен түскен жұртындағы беделіне байланысты болады. Ал ұзатылған қыз ұзақ жасамаса, оның орнына балдыз беру әдеті орындалмаса, сол жылдан бастап басқа жерден екінші әйел алған күйеудің де алғашқы қайын жұртымен қарым-қатынасы аяқталады. Бірақ бұған байланысты екі елдің арасындағы қарым-қатынас тоқтамайды. «Сүйек жаңғыртайық» деп қайта құда болып, бір-біріне тағы қыз алысып, қарым-қатынас созыла береді. Сондықтан да болу керек, қазақта «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деген мақал қалыптасқан. Сыйлас құдалар бір-біріне керек болған жағдайларда көмектесіп, бір-бірінің қуанышына бірге қуанысып, ренішіне бірге қайғырысып, біріне-бірі сүйеу болады.