ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ҚАРАҒАНДЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
НҰРЛЫГЕНОВА З.Н.
ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ АЙНАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ
Студенттік топтардағы кураторларға көмек
Қарағанды 2015
2015 жыл Қазақстан тарихындағы маңызды оқиғалардың бірімен – Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен белгілі болды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткен жылдың қазанында Астана қаласының әкімімен кездескенде: «Керей мен Жәнібек 1465 жылы бірінші хандықты құрды және қазақтардың мемлекеттілігі сол заманнан бастап тарихқа енеді. Мүмкін ол жаңаша түсініктегі терминмен айтқанда, қазіргідей шекарасы, бүкіл әлемге қазіргідей атағы жайылған, беделді мемлекет ретінде болмаған болар. Алайда сол замандағы басқа мемлекеттер туралы да осылай деуге болады. Сол кезде негізі қаланғаны және біз – біздің ата-бабаларымыздың ұлы істерін жалғастырушы екеніміз маңызды. Бүгінгі күні біздің еліміз барлық жақын мемлекеттермен көп ғасырлық достық пен бейбіт көршілік дәстүрін сақтап келеді. Осы қарым-қатынастарды біз әрқашан сақтауымыз керек» екенін атап өтті [1].
Белгілі болғандай, 1465 жылы Керей мен Жәнібек сұлтандар бірінші қазақ мемлекетін – Шу мен Талас өзендерінің арасына Қазақ хандығының негізін салды. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Қазақ хандығын құрған заманнан бастап қазіргі кезеңге дейінгі дамуындағы тарихи оқиғалар зор әлеуметтік және мәдени құндылық болып табылады. Біздің мемлекетіміздің тарихы қазақ даласының көрнекті тұлғаларының өмірі мен қызметіне арналған тараулар жинағынан тұрады. Керей, Жәнібек, Қасым хан, Хақназар хан, Есім хан, Тәуке хан, Абылай хан, Кенесары хан, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов… Олардың бәрі әр қилы тарихи кезеңдерде жаңа заманғы Қазақстанның қалыптасуына қомақты үлес қосты. Олар ғасырлар бойы созылған және аумағын кеңейтуден, билік институтын дамытудан, мәдени-тілдік дәстүрлерін қалыптастырудан тұратын бір тізбектің – қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу процесінің байланыстырушы буындары болды.
Қазіргі Қазақстанның құндылығын мойындау және тәуелсіздігін құрметтеуді үйрену үшін оның тарихының бір парағын зерттеу өте маңызды. Осындай жолмен ғана жас буын біздің еліміз – бұл ата-бабаларымыздың туған даламыз үшін басқыншыларымен қан төгіс шайқастар жүргізуінің және барлық халықтың жарқын болашағына деген өзінің сенімін сақтау нәтижесі екенін түсіне алады [2]. Осыған байланысты 2014 жылғы 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің «2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық Мерейтойына дайындығы және оны өткізу туралы» қаулысы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қ.Мәсімовтың қолы қойылып, қабылданды.
Қазақ хандығының құрылуы XIV–XV ғғ. Қазақстан аумағында болған ішкі әлеуметтік-экономикалық және этносаяси процестердің заңды нәтижесі болып табылды. Көшпенді және отырықшы халықтың экономикалық, мәдени, қоғамдық-саяси байланыстарын нығайту қазақ рулары мен тайпаларының этникалық бірігуіне, халық болып қалыптасуының аяқталуына ықпал етті. Осы жағдайлар жеке қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудың шынайы себептері мен шарттары болды.
Мұхамед Хайдар Дулатидің растауы бойынша, «… қазақ сұлтандарының билей бастауы Хижраның 870 жылынан басталады» [3, 108-б.], бұл 1465/1466 жж. сәйкес келеді. Батыс Моғолстан аумағында Шу-Іле алқабында және шектес аудандарда Жәнібек пен Керей Қазақ хандығының негізін қалады. Көшіп-қону XV ғасырдың 50 жылдарының ортасынан бастап 60 жылдардың аяғына дейін он бес жыл бойы жалғасты. Көшіп-қону процесі әсіресе 1468 жылы Әбілқайыр қайтыс болған соң, оның мемлекеті құлдырағаннан кейін күшейе түсті. Моғолстан аумағының шектерінде өз мемлекетін құрған, айтарлықтай әскери күштерге ие болған және Жетісуда мықты тылы болған Жәнібек пен Керей Дешті-Қыпшақ билігі үшін, қазақтар мекендеген барлық аумақты біріктіру үшін Әбілқайыр ұрпақтарымен күреске түсті. Жаңа хандықтың пайда болуы қарастырылатын дәуір үшін қарапайым формула бойынша жүрді, соған сәйкес орта ғасырларда мемлекеттер сол немесе басқа әулетпен бірге пайда болған және құлдыраған [4, 35-б.].
XV ғ. соңғы он жылдықтарында Қазақ хандығы экономикалық түрде нығайды және қазақтардың этникалық аумағының айтарлықтай бөлігімен қоса, аумағы жағынан кеңейді. Шығыс Дешті Қыпшақта Әбілқайыр ханның Шайбанид хандығы тарих сахнасынан түсті. XV ғасырдың аяғына қарай және XVI ғ. ең басында көшпелі өзбектердің көсемі Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбанимен шайқаста Мауреннахрға жүргізетін билікті біржола жоғалтқан Темір ұрпақтары мемлекетінің әскери және саяси қуаты артта қалды. Моғолстан нақты түрде бірнеше феодалдық иеліктерге ыдырады. Бірқатар әдебиет көздерінде орын алған шежірелерге сәйкес Жәнібек пен Керей жақын туыстар болған. Екеуі де Ұрыс ханның тікелей ұрпақтары және біреуі Барақ ханның тікелей ұрпағы ретінде (Жәнібек – Барақ хан – Құйыршық оғлан – Ұрыс хан), екіншісі жасына қарай үлкен (Керей – Болат сұлтан – Тоқтат Қыйа сұлтан – Орыс хан) ретінде билеуге құқықтары болған.
Қазақ хандары Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін бірден дала билігі үшін күреске араласты. Олардың басты қарсыластары Әбілқайыр ханның мұрагерлері – оның ұлы Шайх-Қайдар және немересі Мұхаммад Шайбани және Махмұд сұлтан. Шайх-Қайдар қайтыс болғаннан кейін Әбілқайырдың немерелері Түркістанға қашады, онда Темір ұрпақтары наменгер Мазид-тарханның көмегін алады. Нақ осы өңірде жас мемлекеттің одан әрі тағдырын анықтаған XV ғ. соңғы үштен бірінде Қазақ хандығы тарихының негізгі оқиғалары орын алды. Сырдария маңы мен Қаратау ауданы Батыс Жетісуда қазақ хандығының иеліктеріне ең жақын болды. Жәнібек пен Керей хандары бірінші кезекте олар үшін мұра болып табылатын осы жерлерге, оның ішінде Созақ, Сығанақ қалаларына және т.б. құқықтарын бекітуге тырысты. Бірақ Жошы ұрпағы хандарының Шығыс Дешті Қыпшақты билеу үшін күресінің далалы аудандарда қаншалық болса, соншалық Түркістанда қанат жаюының басты себебі осы өңірдің экономикалық және стратегиялық мәні еді. 70 жылдары бірнеше ірі шайқастар – Сауранда, Созақта, Қаратау тауларының Соғұнлық асуында, басқа жерлерде болды. Ясыны (Түркістан), Сығанақты бірде қазақ хандары, бірде Мұхаммед Шайбани жаулап алып отырды. Қазақ әскерлерінің көрнекті қолбасшыларының бірі осы кезеңде Керей ханның ұлы – Бұрындық болды. Хан билігінің Бұрындық қолына көшу жағдайы және дәл уақыты туралы ештеме белгілі емес. Ибн Рузбихан, XV ғ. 70 жылдарының басындағы оқиғалар туралы айта келе, «қазақтар ұлысында сұлтандар хан билігіне таласты. Осы мәртебе бірнеше тұлғаға тиесілі болғаннан кейін хандық кезегі Бұрындық ханға тиеді» деп мәлімдейді. XV ғ. 80 – 90 жылдары Сырдария қалалары және оның оазистері үшін күрес ауыспалы табыстармен жалғасты. Қазақтар, өзбек-шайбанидтер сияқты, Сығанақ пен Ясыны, Арқұқ пен Сауранды бірнеше рет қоршауға алды, әрі кейде қоршау бірнеше айға созылды.
XV ғасырдың аяғына қарай күрес қорытындысы Қазақ хандығының құрамына Созақ, Сығанақ, Сауран қалаларының енуі болды. Мұхаммед Шайбани Отырарды, Ясыны, Үзгендті, Арқұқты өз қолында ұстады. Сырдария маңы оазистері бөлігінің Қазақ хандығына қосылуы қазақ хандарының тұтастай елді біріктіру бойынша табыс кілті болып табылды. XV ғасырдың аяғына қарай мемлекеттің бастапқы шекаралары кеңейді. Оған, Батыс Жетісудан басқа, Оңтүстік Қазақстанда жоғарыда аталған қалалар, шектес далалы аумақтарымен бірге Қаратау ауданы, Сырдария мен Солтүстік Арал маңы сағасы, Орталық Қазақстанның айтарлықтай бөлігі енді.
Қазақ хандығы XVI ғасырдың бірінші ширегінде, әсіресе Қасым хан тұсында өркендеу шегіне жетті, ол 1511-1518 (1523) жж. биледі. Ол нақты Бұрындық кезінде билеген. Ұлы даланың нағыз перзенті ретінде, дәстүрлерді құрметтеген Жәнібектің ұлы – Қасым үлкенге бағынып, Бұрындыққа бас иеді. Ол туралы белгілі сұлтандардың және даңқты бахадүрлердің бірі және Бұрындық ханның атты әскерінің қол басшысы ретінде айтты. XVI ғ. басына қарай Қасым сұлтанның билігі нығайды, Қасым нақты билік пен бастама өзінің қолында екенін көре тұра, көреген саясаткер ретінде қырағы, төзімділікпен күте білетін адам болды.
1510 ж. Мұхаммед Шайбани Қасым әскерінен Сығанақ түбінде жеңіліске ұшырады. Өзбектердің талқандалған және бытыраған қалдықтары Самаркандқа қашты. Осы жылдың соңында Мұхаммед Шайбани Иран шахымен шайқаста қаза табады. Хандықтың екі ықпалды адамының бәсекелестігі қайратты сұлтанның жеңісімен және өзінің беделін жоғалтқан ханды қудалаумен аяқталды. 1511 жылдың күзінен кеш қалмай Бұрындық хан маңындағылардың тобымен Мауреннахрға кетті. Хандықтағы жоғары билік Жәнібек ұрпақтарына ауысты, олардың ішінде біріншісі Қасым болды.
Халық аузындағы аңызда, Қасым «Қасымханның қасқа жолы» атты бірінші заңдар жинағын жасады делінген, бұл метафоралық мәнде – тура, басты жолы дегенді білдіреді [5, 48-б.]. Ол қазақтарды біртұтас хандыққа біріктіре және оны нығайта алды. «Тарих-и Рашиди»-де: «Қасым хан бүкіл Дешті Қыпшықты өзінің билігіне қаратты, Жошы ханнан кейін бұлай ешкім істей алмаған. Мысалы, оның әскерінің саны мың мың (миллион) адам болған. Ақырында 924 (1518) жылдан кейін ол мәңгілікке кетті» деп атап өтіледі [3, 324-б.]. Қасым хан қазақ аумағының ұланбайтақ даласына өзінің билігін бекітті, Жетісуда билігін нығайтты, батыста оның билігімен Ноғай Ордасының руы мен тайпасынан жиналған топ көшіп-қонды. Хандық шекаралары батыста Жайық өзені бойымен, оңтүстікте Сырдарияға дейін, Сайрам уәлаятымен қоса, солтүстігінде және солтүстік шығысында иелігі Ұлытау мен Балқаш көлінен әрі созылды. Алғаш рет моңғолдар жаулап алғаннан кейін Қазақстан аумағында бір мемлекетте барлық дерлік рулар мен тайпалар,оның ішінде Жетісу бірікті.
Оның кезінде батыс елдерде де Қазақ мемлекеті туралы білді. Қазақ хандығының Мәскеу мемлекетімен елшілік байланыстары басталды. Австрия дипломаты Сигизмунд Герберштейн Мәскеу сарайы маңында қазақ елшілерімен кездесуден кейін Қазақ хандығы туралы өзінің жазбаларын қалдырды. Қасым хан кезіндегі айтарлықтай нығаюға қарамастан, алайда Қазақ хандығы орталықтандырылған мемлекет болмады. Бұл 1518-1523 жж. арасында ол қайтыс болғаннан кейін байқалды, сұлтандар мен басқа феодалдардың жікшілдігі көріне бастады, алауыздық басталды, қазақ билеушілеріне қарсы моғол және өзбек хандарының одағы бірікті.
Қасым қайтыс болғаннан кейін саяси дағдарыс 15 жылға созылды. Қазақ хандығы әлсіреді. Қазақ тайпаларын біріктіру саясатын Қазақ мемлекетін басқарған Қасымның ұлы – Хақназар хан жалғастырды (1538-1580 жж.). Ол Ноғай ордасымен, Сібір хандығымен, Шайбанидтер хандығымен тығыз байланыс орнатты. Ішкі өзара алауыздық XV ғасырдың ортасында, Еділ мен Жайық арасында ұланасыр кеңістікті алатын Ноғай ордасының құлдырауына алып келді. Хақназар Ноғай ордасы тайпаларының көпшілігін (кіші жүз алшындарының одағына енген) өзіне қосты. Ол Ресей мемлекетінің құрамына ену ниеті болған ноғайларды батысқа, Донға қарай көшіп-қонуға мәжбүрледі. Ресей мемлекеті 1552 жылы өзіне — Қазан хандығын, 1556 жылы – Астрахань және Қырым хандығын қосты. Ноғай ордасының ыдырауы Ресей мемлекетінің шекараларын Қазақ хандығына қарай жылжытты.
1569-1573 жылдары Қазақ хандығында орыс елшілері Семен Мальцев және Третьяк Чебуков болды. Хақназар хан кезінде Мәскеумен сауда байланыстары және саяси қатынастар жолға қойылды. Иван Грозный Хақназарға елшілерін жіберіп, оларға Қазақ хандығымен Сібір ханы Күшіммен соғысу үшін әскери одаққа шарт жасасуды тапсырды. Моғолстан ханы Әбдірашид 1550-1560 жылдары Жетісу мен Ыстықкөл өңірін жаулап алу үшін Қазақ хандығымен бірнеше рет соғысты. Моғолстанмен соғыстағы сәтсіздіктер, ойраттардың үздіксіз шабуылы Хақназар ханның Жетісудың көп бөлігінен біртіндеп айрылуына алып келді. XVI ғасырдың ортасында Сібір хандығы мен Моғолстанның қазақ жерлеріне шабуылдары жиіледі. Ежелгі қарсыластарымен – Шайбани ханның ұрпақтарымен қарым-қатынасты жақсарту шешімі туды. Бұқара ханы Абдаллах пен Хақназар хан «бейбітшілік» жөнінде «ант берісу одағына» шарт жасасты, қазақтар мен өзбектер арасында сауда қатынастары жанданды. Бұқара ханы Абуллах пен Ташкентті билеген Баба сұлтан арасындағы шайқаста Хақназар екеуін әлсірету үшін, бірде біреуіне, бірде екіншісіне қолдау көрсетті. Абдаллах Хақназарға көмегі үшін Түркістан өңірінде бірнеше иелік берді, ал Баба сұлтан – Түркістан мен Сауранды берді. Қазақ сұлтандарының Абуллахты тағы қолдау ниетін сезген Баба сұлтан Хақназарды және оның барлық туған-туыстарын өлтіреді.
Хақназар хан өлгеннен кейін оның тағын Жәнібек ханның немересі он сегіз жасар Шығай алады (1580-1582 гг.). Шығай Баба сұлтанға қарсы күшін Абуллахпен біріктіреді. 1582 ж. Шитайдың ұлы Тәуекелдің әскері Түркістан түбінде Баба сұлтанды талқандайды, Абдуллах хан Тәуекелге Самарқанд өңірінде Африкент аумағын сыйға тартты. Сырдария жанындағы қалалар Абдаллах қолында қалды. Тәуекел Қазақ хандығын 1582-1598 жж. биледі. Тәуекелдің жастығын пайдаланған бұқар ханы Абдаллах оны өзіне тәуелді етіп ұстады. 1583 жылы Тәуекел өзбек ханымен одақтас қарым-қатынасты үзді, Сауранды, Түркістанды, Отырар мен Сайрамды жаулап алды, алайда Ташкент түбінде жеңіліс тапты.Абдаллах қайтыс болғаннан кейін 1598 жылы Мауреннахрға шабуыл жасады, Ақши, Ескендір, Мүнші, Ташкент және Самарқанд қалаларын басып алды. 1598 ж. Тәуекел Бұқараны қоршау кезінде алған жарақатынан қайтыс болды.
Қазақ хандарының өзбек хандарымен ұзақ шабуылдары Сырдария маңындағы қалалар мен Ташкентті Қазақ хандығына қосумен аяқталды. Ірі жеңістер нәтижесінде XVI ғасырдың аяғында Қазақ хандығы әскери және экономикалық тұрғыдан күшті мемлекетке айналды, оны тұрғындары көбейіп, шекаралары кеңейді. 1582 жылы орыс әскербасысы Ермактың жасағы Сібірге жорыққа шықты және Күшім ханның әскерін талқандады. Ол 1598 жылы Орта Азияға қашады, Сібір хандығы Орыс мемлекетінің билігіне көшеді. Сібір хандығының қазақ тайпалары Қазақ хандығының құрамына енеді.
Тәуекелден кейін хан дәрежесі кіші інісі Есімге ауысады, ол 1598-1628 жж. билейді. Оның басты мақсаты Қазақ хандығын бірыңғай орталықтандырылған мемлекетке түрлендіру болды. Есім хан әскери қуатты нығайтуға ерекше назар аударды, сұлтандар мен ақсүйек өкілдеріне кең әскери-саяси уәкілеттілік берді. «Есім ханның ескі жолы» заңдарының жинағын жасау Есімнің есімімен байланысты. Ташкент қаласы Есім билеген кезеңде Қазақ хандығының құрамына енді. XVII ғасырдың басында феодалдық алауыздық күшейді. Оңтүстікте бір мезгілде екі хан басқарды: Есім хан Түркістанды Астана етті, ал Тұрсын Ташкенттегі ордасымен өзін хан етіп жариялады. Қазақтардың ішкі кікілжіңдерін пайдаланған Бұқара ханы Ташкент, Сайрам және Андижан қалаларын қайтып алу, қазақтарды Сырдариядан асырып қуып тастау мақсатында Қазақ хандығының жерлеріне баса-көктеп енді. Қазақ-бұқара шайқасы 20 жастан астам уақытқа созылды (1603–1624 жж.). Осы қан төгіс шайқастың нәтижесінде Бұқара ханы өзінің жеңілгенін мойындады. Моғолстан XVI ғасырда біржола құлдырады. Есім Шалыш пен Тұрпан билеушісі Абд ар-Рашидке Жаркентті және Қашқарды билеп тұрған Абақ ханмен күресте, екеуін әлсірету үшін қолдау көрсетті. Шығыс Түркістанда Есімнің кіші інісі Көшек сұлтан белсенді әскери әрекеттерге кірісті.
Есім ханның Шығыс Түркістанға қатысты саясаты Қасым хан саясатының табиғи жалғасы болды. Тұрсын сұлтан – өзбек хандығына қарсы жеңіске жеткен шайқастардан кейін атақты болған Жәлім сұлтанның баласы Тұрсын өзін хан етіп жариялады және ақша шығара бастады,ол Есім ханға адалдық антын екі рет берді, бірақ екі ретінде де оны бұзды. Оның басты тірегі қатаған руы болды. Біртұтас халық арасында қан төгіс ұрысқа жол бермес үшін Есім хан жалған атақты Тұрсын ханды өзімен тең құқықты билеуші ретінде мойындады. 1627 жылы Есім қалмақтарға (жоңғарларға) қарсы жорыққа шықты. Осы кезде Тұрсын көтеріліс жасады, Есім ханның ордасын – Түркістанды талқандады. Ташкент төңірегінде шайқас болды, Тұрсын талқандалды. Қатағанның барлық руы Есім ханның көзін жояға үкім етті, бұл ру Шығыс Түркістанда ұйғырлар арасында аман қалды. Тұрсын ханның көтерілісі тарихта «Қатаған қырғыны» атауымен сақталды.
Есім ханның билігі кезінде халықаралық жағдай өте қиын болды. Сонымен, Абдаллах ханның өлімінен кейін 1598 ж. Бұқарада Шайбанидтер әулетінің билігі нақты тоқтатылды. Билікке жаңа әулет – өзінің тегі астраханьдық хандардан – Тоқай-Темір (Жошының ұлы) ұрпақтарынан басталатын Аштарханидтер келді. XVI ғ. аяғында едәуір батысқа жылжыған қалмақтармен қарым-қатынасы XVII ғ. қазақ билеушілерінің сыртқы саясатында маңызды орын ала бастады. Олардың иеліктері арасында табиғи шекаралардың болмауы және қонысты иеленуге байланысты ұдайы бәсекелестік жиі қақтығыстар мен шайқастардың себебі ретінде қызмет етті. Қытайдың әдебиет көздерінде батыс моңғолдар дегдар деп аталады. Қалмақтар, ойраттар, дегдарлар деген сөздер, сонымен қатар жоңғарлар термині («сол жақтағы», «оң жақтағы» адамдар) — бұл шорыс, қошуыт, торғауыт, дөрбет батыс моңғол тайпаларының түрлі атаулары. Олар XIV ғ. екінші жартысында тайпалардың «ойрат одағын» құрады, барлық моңғол ханының билігінен босады және өздерінің қолбасшыларына (тайшы) бағына бастады.
XV ғ. бірінші жартысында қалмақтарды Есен-тайшы басқарды. Ол барлық ойрат тайпалары мен ұрпақтарын бір одаққа біріктіріп, тіпті барлық билігін шығыс Монғолияға жая білді. Алайда Есен-тайшы қайтыс болысымен (1455 ж.) қалмақтардың саяси әмірі де нақты түрде уақытша тоқтап қалды. Тек XVII ғ. басында ойраттар арасында қуатты, әрі жауынгер көсемдер пайда болды. Осындай көсемдердің арасында біріншісі шорыстық Қара-құла тайшы болды, ол ойраттардың негізгі бөлігін біріктіре алды. Ол жалпы ойрат кампаниясын қазақтарға қарсы басқарды, нақ соның жігерлі әрекеттері соңында Жоңғар хандығы деген атауға ие болған мемлекеттің қалыптасуына алып келді. Қара-құла тайшы 1634 жылы қайтыс болады, сол кезде ойрат иеліктерінің билігі оның ұлы Батыр-қонтайшыға көшеді, 1635 ж. ғылымда Жоңғар хандығының құрылған жылы ретінде мойындалды. XVII ғ. алғашқы он жылдығынан бастап өзара егесумен бір-біріне ала көз болған Қазақ хандығының күші және біртұтас одаққа біріккен ойрат тобының арақатысы өзгерді және қазақтар үшін қолайсыз болды.
Есім хан қайтыс болғаннан кейін Қазақ хандығында тағы да алауыздықтар басталып, бірнеше жылға созылды. Ақыр аяғында Есім ханның ұлы – Жәңгір хан болып тағайындалды. Оның барлық өмірі Жетісу қонысын иленуіне байланысты қалмақтармен күресумен өтті. Осы соғыста қазақтардың қолбасшысы Жәңгір қалмақтарға тұтқынға түседі де, әлдеқандай бір кездейсоқ сәттілік оған бостандығын қайтарады. Тұтқыннан босағаннан кейін ол өмір бойы ойраттардың бітіспес жауы болып қалады және оларды жиі шабуылдарымен мазалауын қоймайды. Батыр қонтайшы өз тарапынан мазасыз көршісін жуасыту ниетімен 1643 ж. 50 мың әскер жинап, қазақтардың қоныстарына басып кіреді. Басында сәтті басталған жорық қонтайшының жеңілісімен және қалмақтардың көп шығынмен шегінуімен аяқталады. Осы соғыста қырғыздар жасағы мен Бұқар хандығының әмірі Жалаңтөс бидің жасағы қазақтар жағына болысады. Жәңгір хан қалмақтармен шайқастардың бірінде қаза табады. Ол Түркістан қаласында Қожа Ахмет Яссауи мешітінің жанында жерленді.
Атақты қазақ ханы Есімнің немересі, Жәңгір ханның ұлы және мұрагері Тәуке 35 жылға жуық Қазақ хандығының басында болды, ал оның билеген дәуірі қазақ халқы тарихының «алтын ғасыры» ретінде өңірдегі көшпенді халықтың тарихи жадында мәңгілік сақталып қалады. Грек авторлары спарталық қоғам мен мемлекеттік құрылыс (герусия, апелла, спартиаттар арасында жерді бөлу және т.б.) институттарын құруды тиесілі ететін аты аңызға айналған спарталық заң шығарушы Ликург (б.д.д. IX–VIII ғғ.) сияқты, — А.И. Левшин Тәукені «Қазақ ордаларының Ликургі» деп атайды. «При имени сем сердце всякого киргиз-казаха, несколько возвыщающегося духом над толпами буйных соотечественников своих, наполняется благоговением и признательностью, – деп атап өтеді А.И. Левшин, –это Ликург, это дракон орд казачьих. Он успокоил их после гибельных междоусобиц, он остановил кровопролития, продолжавшиеся несколько лет от распрей одних племен с другими, он убедил всех умом и справедливостью повиноваться себе… и дал всем вообще законы, по которым судил их» [6, 163-б.].
Әз-Тәукенің жеке мөріне сәйкес оның толық аты-жөні Тәуекел-Мұхаммад батыр-хан. «Жеті Жарғыны» құрастырудың екі нұсқасы бар. Біріншісі бойынша, Тәуке билерді- үш жүз өкілдерін (ұлы жүзден – Төле биді, орта жүзден Қаздауысты Қазыбек биді, кіші жүзден –Әйтеке биді) жинап, олармен қазақтар арасында орын алған төрт дау-дамайды талқылап, кейбір заң ережелерін құрастырады. Екінші нұсқаның мағынасы, Тәукенің Күлтөбе шатқалында жеті бидің басын қосып, осы билер Қасым мен Есім ханның ескі дәстүрлерін жаңа «Жеті жарғы» дәстүріне біріктіруінен тұрады [7, 315-б.].
Ғылыми әдебиетте бұл заңды құжат «Тәуке хан жинағы» немесе «Тәуке хан заңдары» деп аталады. «Жеті Жарғыны» құрастырудың негізгі мақсаты әлсіреген қоғамдық ережелерді заңды түрде реттеуге ұмтылу, барлық ішкі ресурстарды сырттан төнген қауіптерден – жоңғарларға тойтарыс беруге шоғырландыру. Ішкі саяси жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ бай-манаптардың экономикалық қызығушылықтарын лоббилендіру қажеттілігі жазылған. Тәуке хан ішкі саясатта қазақ қоғамының өміріндегі саяси және ірі қоғамдық мәселелерді шешуге әрекет жасады. Ол хандық биліктің беделін көтеру, халық ішіндегі жікшілдікті жеңу, оларды біріктіру үшін біршама шаралар жасады. Мемлекеттік билікті нығайту үшін соттағы мемлекеттің рөлін күшейту қажет.
Санкт-Петербург шығыстану институтының ірі ғалымдары С.Г.Кляшторный және Т.И.Сұлтановтың пікірінше: «Тәуке ханның «Жинағын» талдауда мынадай жағдайлар қиындық келтіреді. Біріншіден, ол бізге тұтастай белгілі емес, тек шашыраңқы жазба-қайталаулардан белгілі. Екіншіден, бізге жеткен мәтіндер тілдік транспозицияның нәтижелерін көрсетеді: «Жеті Жарғының» қазіргі белгілі нұсқасы заңдар жинағы авторларының тілінде емес, орыс тілінде жазылған. Мұның жағымсыз жақтары бар: дереккөздің әлеуметтік, құқықтық және басқа терминологиясы XVII ғ. қазақ қоғамында кездескен нақты түсініктерді қамтып көрсетпейді [7, с. 317].
«Жеті Жарғыны» құрастыру уақыты шамамен XVII ғасырдың 70-жылдарына қатысты болуы мүмкін. Бұл Қазақ хандығы тарихындағы қиын кезең болатын. Саяси құрылымның өзгеруі қазақ қоғамын ұйымдастырудың құқықтық базасын қайта өңдеуге уақыт күттірмейтін қажеттілікті туындатты.
Бұл жұмыс XVII ғасыр бойы жүргізіліп, Тәуке хан басқарған кезде ғана «Жеті Жарғы» заңдар жинағы болып бекітілген. Сондай-ақ Тәуке хан «Қасым ханның қасқа жолын» және «Есім ханның ескі жолын» жетілдіре отырып, өзінің «Жеті жарғы» заңдар жинағын шығарғанын айта кеткен жөн. Жинақ сол уақыттағы талаптан туған. Себебі XVII ғасырда Қазақ хандығына жан-жақтан қауіп төніп, мемлекет ішіндегі бірлік әлсірей бастады. Тәуке хан хандықты нығайтуға бар күшін салды. Ол үшін билікті нығайтып, бірлікті қамтамасыз ететін жаңа заңдар жүйесі қажет болды.
Тәуке хан әуелгі хандар кезінде қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолына» сүйеніп, Қазақ хандығының ежелгі әдет-ғұрыптарын басшылыққа ала отырып, жаңа заңдар жүйесін жасады. Тәуке хан Күлтөбенің басына Төле би, Әйтеке би, Қазыбек биді жинап, «Тәуке ханның Жеті жарғысы» заңдар жинағын бекітті.
«Жеті жарғы» бұрынғы дала заңдарынан жеті жаңа тармақпен ерекшеленді: «Жеті жарғының» толық нұсқасы сақталмаған, бірақ оның үзінділерін К.Шүкірәлиевтың (1804 ж.), Я.Гавердовскийдің (1806 ж.), А.Левшиннің (1832 ж.) жазбаларынан оқуға болады. Бұл үзінділерден байқағанымыздай, Тәуке хан бұрынғы дала заңдарын жаңа жеті тармақпен толықтырып, «Жеті жарғы» заңдар жинағы деп атады.
Қабылданған өзгертулердің мақсаты – төре мен қожаларға арналған ерекше құқықтарды ұсына отырып, мемлекетті нығайту болып табылатындығы айқын көрініс берді. Зерттеліп отырған заңдар жинағында сайлауға қарумен келу міндеті көрініс берген. «Жеті жарғы» заңдар жинағына сай қазақ тайпалары мен ру басылары жылына бір рет жиналып отырған. Осындай жиналыстарда мемлекеттің ішкі және сыртқы жағдайларына байланысты мәселелер дауыс беру арқылы шешімін тапқан. Жиналысқа қарумен келген азаматтар ғана дауыс беру құқығына ие болған. Сонымен қатар кімде қару болса, ол мемлекетке салық түрінде жылына бір рет өзінің мүлкінің жиырмадан бір бөлігін төлейді. Жиналысқа қатысқан әрбір тайпаның өз таңбасы болған. Бұндай таңбалар құрылтайда мемлекеттік рәміз дәрежесінде бекітілді.
Құн төрт түлік малмен төленді. Жазалаудың ең көп таралған түрі – құн төлеу. Қылмыскердің және өлген адамның әлеуметтік жағдайына байланысты құн мөлшері өзгеріп отырған. Мысалы, өлген ер адамның құны 1000 қой болса, әйел адамның құны 500 қой болған. Ал өлген адамның әлеуметтік жағдайы ақсүйек болса құн мөлшері жеті есе өскен, яғни сұлтан немесе қожа тұқымынан өлтірілгендерге жеті адамның құнын төлеген. «Сұлтан» немесе «қожаға» тіл тигізгені үшін 9 мал, қол жұмсағаны үшін 27 мал төленетін болды. Құлдың құны бүркіттің немесе тазы иттің құнымен теңескен. Дене мүшелеріне зақым келтірген қылмыскер де белгілі мөлшерде құн төлеген. Атап айтқанда, бас бармақ – 100 қой, шынашақ 20 қой болған. Ұрлық жасалған кезде ұрланған заттың құны иесіне «үш тоғыз» етіп қайтарылған. Мысалы, ұрланған 100 түйе 300 жылқыға немесе 1000 қойға теңелген. Бұл баптардан біз «Жеті жарғыға» сай қылмыс істеген әр әлеуметтік таптың құқықтары заңдастырылғанын көреміз.
Тәуке хан заңдар жинағының келесі бір фактісі ол ауыр қылмыс жасаған адамды өлім жазасына кесетін болған. «Жеті жарғыда» қылмысты іс-құқық нормаларына үлкен орын бөлінген. Қылмыс ретіне: кісі өлтіру, мертіктіру, әйелді зорлау, соққыға жығу, қорлау, ұрлық істеу және тағы басқалары жатқан. Кінәлілер жасаған қылмыс деңгейіне сай әртүрлі жазаға кесілген. Бұл жинақта «қанға қан» заңы сақталды. Өлім жазасының екі түрі болған: дарға асу және тас лақтыру әрекеттерін қолдану. Бүлікшілер мен сатқындар да өлім жазасына кесілетін болған.
Бірақ билер сотының екі жақ келісуі бойынша жазаны құн төлеумен алмастыруға мүмкіншілігі болған. Құн төлеу төрт жағдайда рәсімденген:
1. Егер әйелі күйеуін өлтірсе және күйеуінің туыстары оны кешірмеген жағдайда.
2. Егер әйел некесіз туған баласын өлтірген жағдайда.
3. Жұбайлар арасындағы «көзге шөп салушылық» дәлелденген жағдайда.
4. Құдайға тіл тигізгені анықталған жағдайда.
Әкесіне қол көтерген адамды қара сиырға теріс қаратып отырғызып масқарлаған. Ата-анасына дауыс көтерген қыздың жазасын анасы анықтайтын болған.
«Жеті жарғы» ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданылды. Ал оның кейбір заңдары тіпті Қазан көтерілісіне дейін пайдаланылып келді. Жоғарыда атап өткеніміздей «Жеті жарғының» түпнұсқасы бүгінге дейін сақталмаған.
«Жаппас тайпасының старшинасы» Күбек Шүкірәлиев жазбаларының негізінде жазылған «Жеті жарғының» он бір үзіндісі 1820 жылы «Сібірлік жаршы» беттерінде жарияланған.
«Жеті жарғы» екінші редакциясының мәтіні А.Левшиннің зерттеулерінде келтіріледі. «Жеті жарғыны» құрастырғаннан кейінгі 100 жылдан соң бұл нұсқалар халық ауыз әдебиеті жанрында жарыққа шықты [8].
Тәуке хан уақытша ішкі өзара тартысты жеңіп, жүздердің тыныштығын қалпына келтіре отырып, сыртқы жапқыншылықтан қазақ руларының қоныстарын қауіпсіз етті. Бірақта билік үшін күрес және сұлтандардың жікшілдігі тез арада тұтастықты бұзды, осы жағдай көршілер пайдасын шешілді. Ш.Ш. Уәлиханов былай деп жазды: «XVIII ғасырдың алғашқы онжылдығы қырғыз (қазақ) халқы өміріндегі қорқынышты кезең болды. Жоңғарлар, еділ қалмақтары, жайық қазақтары және башқұрлар барлығы жан-жақтан олардың ұлыстарын талқандады, малдарын қуып әкетіп, қырғыздарды жанұяларымен құлдыққа алып кетті. Суық қыс, көк мұз және ашаршылық олардың ауыртпалығын арттырды. Тәуке хан соғысты екі бағытта жүргізді – сырдария маңындағы қалалар үшін аштарханидтермен және оңтүстік-шығыста жоңғарлармен. 1687 жылы жоңғарлар қазақтарға қарсы жаңа әскери жорығын бастап, Түркістанды қоршап алды, алайда, оны басып ала алмады. Келесі жылы қазақтар Тәуке ханның басшылығымен қарсы жауаб ретінде ойраттарға тойтарыс берді. Бірақта 1698 жылы Жоңғария билігіне Цеван-Рабданның келуімен басымдық толықтай жоңғарлап жаққа ауысты. Қалмақ-қазақ әскерлері бірінің артынан бірі жүрді. Олардың ішіндегі ең маңыздылары 1711–1712, 1714, 1717–1718, 1723, 1725 жылдары орын алды [7, 311 б.]
Қазақ хандығында өзара тартыс тоқтатылған жоқ. Ішкісаяси қарым-қатынастарды нығайту үшін осы заң ережелері қабылданды. Жинақ әкімшілік, қылмыстық, азаматтық құқық нормаларынан тұрды, қоғамның экономикалық, мәдени, әлеуметтік өмірінің әржақты тараптарын қозғады.
Патриархатты жанұяда реттелген тәртіпте салық, дін туралы ережелер болды. Құжат «Жеті жарғы» деген атауға ие, себебі онда қоғам қызметінің жеті саласы қамтылған.
Жинақты дайындау барысында үш жүз өкілдерінің қатысуын ескере отырып, бұл заңды құжат барлық мемлекетте қызмет етті деген шешімге келуге болады. Қазақтың көрнекті ғалымы Е.Б.Бекмаханов: «қазақтардың кәдімгі құқықтарына жаңа элементтер енгізу арқылы, Тәуке соттық биліктің барлық толықтығын өз қолына алды. Алғашқы рет Тәукенің заңымен, соттық құқық орнатылған еді. Бұл орталықтандырылған мемлекетті нығайтуға мүдделі емес, араға іріткі салатын процесті қолдайтын би, сұлтандарға маңызды соққы болды» [4, 39б.].
Тәуке хан тайпалар мен рулардың арасындағы қарым-қатынасты ең бірінші болып ретке келтірді. Басты қағидат ретінде бәтуаластық ресми түрде жарияланды, ол латын тілінен аударғанда ынтымақтастық, келіссөз қатысушыларының даулы мәселелерде ортақ келісімге келуі дегенді білдірді. «Жеті Жарғы» ұзақ уақыт бойы қазақ қоғамындағы саяси-қоғамдық қарым-қатынасты құқығын реттеудің негізгі актісі болды. Тауке хан қазақтардың негізін қалаушы болып саналады, себебі дәл соның кезінді қазақ қоғамындағы заң жүйесі біржола ресімделді. Заң мен тәртіпке үстемдік орнатып, мемлекетті қауіпсіздендіріп, қазақтардың басын біріктірген Тәуке ханға адамзат және тұлға ретінде қазіргі күнде де халық арасында ерекше құрмет сақталған.
Осылайша, өзінің пайда болған уақытынан бастап мемлекет әлеуметтік құрылым мен белгілі жалпы әлеуметтік функцияларды орындады. Өзара тартыс пен қанды күрес, жанжал, ішінара қайшылықтардың нәтижесінде адамзаттың өзін-өзі жоюынан құтқару ең негізгі функциялардың бірі болды. Топтасқан адамдар мен ру қауымдастықтары арасындағы жер, жылжымайтын мүлік үшін, басқа да материалдық құндылықтар үшін тартыс қатаң және ымырасыз еді. Келесі қызмет – оның сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ол өзіне тек сыртқы шекаралардың қауіпсіздігі емес, сонымен қоса шетел жансыздарының, лаңкестердің еніп кетуі, басқа мемлекеттердің тарапынан мемлекеттік қызметшілерді параға жығумен күресуді енгізді. Оның орындалуы үшін мемлекет әскер, басқа да арнайы қаруландырылған бөлімшелер мен органдар жасақтады. Үшінші функциясы – экономикалық. Алғашқыда мемлекет сауда мен басқа да кәсіпкер қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етті, күзет грамоталарын берді. Содан кейін мемлекеттің құқығымен экономикалық қарым — қатынастарды реттеп, жұртшылыққа зиянды және қауіпті өнім шығаруға тыйым салды, айыптыларды жазалады, осылайша экономика сферасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етті.
Қазіргі уақытта әлеуметтік мемлекет туралы ерекше сипаттағы, арнай белгілері бар нақты мемлекет түрі ретінде түсінік қалыптасты. Ол тұрақты дамыған экономикасымен қоғам өмірінің негізгі әлеуметтік мәселелерін шешуге мүмкіндігі бар, демокартиялық мемлекет ретінде сипатталады: денсаулық сақтау, соның ішінде тегін білім алу жүйесі, зейнеткерлер, еңбекке жарамсыздар, жұмыссыздар, көпбалалы отбасылар, тұрмысы төмендерге қалыпты материалды жағдайда өмір сүру, қылмыспен күресу және т.б. жүйесін құру. Әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаты қоғам өмірінің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына және тепе-теңдігіне, оның даумының тұтастығы мен динамикалығына қол жеткізу, ілгерілеу мен жетілдіру үшін жеткілікті түрде материалдық ұйымдастырушылық және басқа да ресурстармен қамтамасыз ету, ал, түптеп келгенде азаматтардың алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасау болып табылады.
Мұндай позиция біздің республикаға да тән. Сонымен, еліміздің президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстандық жол — 2050»: Бір-мақсат, бір-мүдде, бір-келешек» Жолдауында еліміздің дамуындағы басым бағыттарды белгілеп, сонымен қоса «Қазақстан — 2050» Стратегиясының мерзімінен бұрын орындалу бағдарламасын анықтады, осының бәрі қазақстандық қоғамның әлеуметтік-саяси өміріндегі жаһандық оқиға болды.
Соңғы Жолдаудың бір ерекшелігі сол, ел Президентінің «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы негізделген және тұжырымдалған, Қазақстанның мемлекеттік сәйкестілігін және оның халқының бірлігін бекітуге үндеу, сонымен бірге мемлекетті дамытудың шамданушылық, серпінді жобаларын жүзеге асыру үшін қазақстандықтарды жұмылдырудағы фактор болды.
Нұр Отан партиясының кезекті ХVI съезінде Елбасы Мемлекеттілікті нығайтудың келесі қадамы бес конституционалды реформаны қабылдауды ұсынды: «Біздің мемлекеттілігімізді нығайту үшін мен бес институционалды реформа ұсынамын. Маңызды міндет – мемлекет қызметкерлерінің коорпусын кәсіптік және автономды ету» — деді Н.Ә.Назарбаев[10].
Сонымен, қазақстанның мемлекеттілігін нығайту үшін керек:
1. Экономикалық бағдарламалардың тиімді жүзеге асуын және мемлекеттік қызметтерді сапалы ұсынуды қамтамасыз ететін заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат қалыптастыру.
2. Заңның үстемдігін қамтамасыз ету арқылы, меншік құқығына кепілдік беру, соттардың тәуелсіздігі арқылы экономиканың дамуына ықпал ететін меншік иесі құқығын сақталады, кәсіпкерлік үшін жағдай жасалып, келісім міндеттерін қорғауға кепілдік беріледі.
3. Экономиканы әртараптандыруға негізделген индустрияландыру және экономикалық өсу.
4. Бірыңғай болашақ ұлтын қалыптастыру.
5. Транспарентті және есепті мемлекет.
Бұл бес реформаның жиынтығы Қазақстандық мемлекеттілікті бекіту мен дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін жағдай туғызады. Бұл «2050 стратегиясын» орындайтын жол. Бес институционалдық реформаның әрқайсысы — мемлекет үшін үлкен сын және қомақты жұмыс. Мұндай реформалардың табысты болуы тек қана өкімет пен халықтың берік ерік-жігерімен қамтамасыз етіледі. Әлемдік тәжірибеден көріп отырғанымыздай, күшті мемлекет, дамыған және либералды қоғам болу үшін мемлекет 40-50 жыл алға қарай тұрақты қозғалыс жасауы керек. Ұсынылған шаралар қоғамдағы қарым-қатынас жүйесін түбегейлі өзгертеді. Мен Президент жанынан оларды жүзеге асырумен айналысатын Модернизация жөніндегі Ұлттық комиссия құруды ұсынамын. Ол барлық реформа жиынтығының жүзеге асуын құрылымдастырады. Осылайшы, алдағы жылдары біздің негізгі міндетіміз – ол осы бес институционалды реформаны іске қосу және кезең-кезеңімен жүзеге асыру [10].
Бес институционалды реформа – ол Қазақстанның әрі қарайғы жасампаздығы мен гүлденуінің негізі, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кірудегі тарихи борыш /миссия/ айналасындағы барлық қоғамдық күштердің бірігіп нығаюы. Бұл реформаларды жүзеге асыру үшін оларды кезеңмен орындау моделі әзірленді. «100 қадам» бағадраламасы – бұл «Мәңгілік Ел» жалпы ұлттық идеясының басты құндылықтарын ашатын және де «2050 — Стратегиясының» орындалуына бағыттаушы.
Демек, Қазақстанның егеменді тәуелсіз дамуының қазіргі заманғы кезеңінде, жаңа мемлекеттің құрылысы жағдайларында қоғамның, оның өкілдерінің отандық тарихқа деген қызығушылығы бірнеше есеге артады. Әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы, жаңа қоғамның қалыптасу процесі облысындағы Тәуелсіз Қазақстанның көрініп тұрған жетістіктері елдің өткен тарихына негізделеді. Қазақстанның мемлекеттілігінің тарихын зерттеу /білу/ отандық тарихи ғылымның өзекті мәселелерінің бірі болса, дәл осындай халықаралық сарапшылар үшін де қоғамдық маңызы жоғары болып табылады. Бұның барлығы жаңа тәуелсіз Қазақстан Республикасы үшін маңызды сүйеніш бола отырып, тарихи сабақтастықты айғақтайды. Онда бұл біздің өз Мәңгілік Еліміздің бар екенінің көрсеткіші. Қазақ хандығының тарихын тыңнан оқу өсіп келе жатқан жасұрпаққа тарихты тым терең түсінуге, қазіргі замандағы тарихи сана-сезімінің қалыптасуына, қазақстандық мемлекеттілік пен патриотизмнің бекуіне мүмкіндік туғызады.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
1. Нурсултан Назарбаев: «Всем нам следует ценить нашу независимость. http://www.oksh.kz
2. Тропа государственности. http://550kazakhan.kz
3. Мухаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. – Алматы: Санат, 1999.
4. Даниярова А.Е. Роль и место ханов Касыма, Хакк-Назара, Есима и Тауке в укреплении Казахского ханства // Великие личности в потоке национальной истории. В помощь кураторам студенческих групп. Сборник 2 / Под ред. акад. НАН РК А.М. Газалиева. – Караганда: Изд-во КарГТУ, 2014.
5. Шакарим Кудайберды-улы. Родословная тюрков, казахов, киргизов. Династии ханов. – Алма-Ата: СП Дастан, 1990.
6. Левшин А.И. Описание киргиз- казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей / Под общ. Ред. Акад. М.К. Козыбаева. – Алматы: Санат,1996.
7. Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. – Алма-Ата: Рауан, 1992.
8. Абдимомынова Г. Семь фактов о «Жеті жарғы». http://550kazakhan.kz
9. Послание Главы государства Н.А. Назарбаева народу Казахстана «Казахстанский путь – 2050: Единая цель, единые интересы, единое будущее» // Казахстанская правда, 2014, 18 января.
10. Современное государство для всех: Пять институциональных реформ // Казахстанская правда, 2015, 12 марта.