Жанбатыр Сартаев,
медицина ғылымдарының
докторы, лрофессор, Қазақстан
Республикасы Әскери
гылымдар академиясының
академигі.
Анатолий Плешаков,
тарих ғылымдарының
кандидаты, М.Қозыбаев
атындағы СҚМУ-дің
профессоры.
Сүйіндік батыр
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атаумен тарихқа енген Қазақ елі үшін қасіретті кезеңнің қайғылы оқиғалары әлі күнге халықтың жадынан өшпей келеді. Жоңғар шапқыншылығы тек қана қазақ халқына емес, бүкіл Орталық Азия елдерінің басым бөлігіне қауіп төндірген болатын. Тіпті талай халық жер бетінен толық жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрды.
Осындай қанқұйлы жауға қарсы тұрып, елін, жерін қорғаған қазақ батырларының ерлік істері ауыздан-ауызға атадан балаға беріліп, халық аңыздарында, жырларда, ән-күйлерде сақталып қалды. Жаужүрек дала батырлары мен колбасылардың қаһармандығын біз бүгінгі күні екінші дүниежүзілік соғыс кезінде елімізді фашист басқыншыларынан жан аямай қорғаған атақты панфиловшылардың, Рейхстагқа ту тіккен лейтенант Р.Қошқарбаевтың, ұшқыш Н.Әбдіровтің, минометші К.Спатаевтың және басқа ержүрек ата-бабаларымыздың ерлігімен қатар қойьш, пара-пар санаймыз. Олардың әрқайсысы еліміздің азаттығы мен тәуелсіздігіне өз үлестерін қосты.
2018 жылы атақты батыр, қолбасшы, мемлекет қайраткері Қожаберген жыраудың 355 жылдығы аталып өтіліп, еңірімізде оның елге сіңірген ерен еңбегін бағалауға, насихаттауға бағытталған бірқатар айшықты шаралар ұйымдастырылды. Ұзақ уақыт авторының аты аталмай, халық ауыз әдебиетіне телініп келген «Елім-ай» дастаны шын мәніндегі халықтық туындыға айналды. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елі мен жерін қорғаған батыр бабалар туралы біздің білетінімізден білмейтініміз көп. Жоңғар шапқыншылығы кезеңінде қазақ халқын құлдыққа түсуден сакгап, жер бетінен мүлде жойылып кетуден аман алып қалу үшін жан аямай күрескен тарихи тұлғалардың аз ғана шоғырының ғана есімдері аталады, көпшілігін әлі күнге біле бермейміз. Әрқайсысы әр қиырда көшіп-қонып өмір сүріп жатқан рулардың бытыраңқылығы салдарынан қазақ әскерлері алғашында жоңғарлардан жеңіліс тапты. Ал олар жұдырықтай жұмылып, ша-ғын жасақтар күш біріктірген кезден бастап қана жаудың бетін қайтару мүмкін болды. Соның нәтижесінде қазақтың біріккен қолдары мұздай қаруланған жоңғар әскерлерін тас-талқан етіп, тамаша жеңіске жеткен ірі шайқастар тарихтан белгілі. Қожаберген жырау бейітінің басына күмбез орнатылып, облыс орталығында алып ескерткіштің қойылуы — осындай жанқиярлықпен халқын қорғаған, елінің азаттығы мен тәуелсіздігі үшін қанын төккен барлық батырлардың өшпес рухы алдында бүгінгі ұрпақтың бас иіп, тағзым етуі-нің белгісі деп білеміз.
Сол аласапыран уақыттағы қайғы-қасірет Қазақ хандығының аумағындағы бір де бір руды, бірде бір ауылды айналып өтпепті. Қазақ хандығы ежелден қалыптасқан тәртіп бойынша көптеген ру-тайпалардың бірлестігінен құралып, олардың әрқайсысын өз арасынан шыққан танымал тұлғалар басқарды. Солтүстік Қазақстан аумағында Керейде атағы алысқа кеткен Қожабергеннен басқа да ерен ерлер болған.
Солардың бірі — Орта жүздегі Ашамайлы Керейден шыкқан Сүйіндік Дәулетімбет еді. Сүйіндік қазіргі Солтүстік Қазакстан облысы Жамбыл ауданының аумағындағы Орталық ауылы маңында дүниеге келген. Ел басынан өткен қилы оқиғалар, батырлардың ержүректілігі туралы сонау замандардан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ата-бабаларынан жеткен аңыз-әфсаналар әлі күнге ауылдың көкірегі ояу көнекөздерінің жадында сайрап тұр.
Сондай аңыз-әңгімелердегі дерек бойынша, Сүйіндік батыр XVII ғасырдың соңында Солтүстік Қазақстан аумағында жерлестерімен бірге қалмақтарға қарсы соғысқан. Көнекөздердің айтуынша, Сүйіндік батыр Жамбыл ауданындағы Боевик ауылының маңындағы ескі қорымда жерленген. Біздің міндет -оның ерлік істері туралы тарих тереңінен жеткен өлең-жырларды, аңыз-әңгімелерді жинастырып, зерттеп-зерделеп, тарихи оқиғаларды, елге еңбегі сіңген басқа да тұлғалардың есімдерін қалпына келтіру.
Біз алдымен Сүйіндік батырдың жатқан жерін анықтамақшы болып, осы өңірдің тумасы Сәркен Мүтәлапұлы мен бірге ескі қорымға бет алдық. Шоқ тоғайлар, жарқыраған көлдер мен жыралардың бойын қуалаған даланың кым-қиғаш соқпақ жолдарымен жүріп келе жатқанымызда алыстан бір биік төбе көзге шалынды. Алайда, жолымыз батпаққа тіреліп, қасиетті мекенге тура жету мүмкін болмады. Сөйтіп, біздің бірнеше шақырым айналма жолмен жүруімізге тура келді.
Көне қорым жағалауында құрағы жайқалған, айдынында үйрек-қаздары қалқыған екі көлдің ортасында орналасқан екен. Аумағы ауқымды, әр жерден қабір үстінен салынған тас тақталар мен күмбездер көзге шалынады. Қорымның ең ортасындағы қабірдің жанында жалғыз қайың өсіп тұр. Оның айналасында ондаған сарбаздар жерленген. Жергілікті ақсақалдардың айтуларынша, осы маңайдағы үлкен жазықта Сүйіндік батыр басқарған қазақ қолы жоңғарлармен шайқасқан. Бұл туралы деректі біз осы ауылдың тумасы С.Жолаушинның 2014 жылы шыққан «Орталық» деген кітабынан да кездестірдік. Бұл кітапта Керей руының шежіресі келтірілген, оның ішінде Сүйіндік батырдың ата тегі мен ұрпақтары туралы мәліметтер де бар. Батырдың артында екі ұлы қалған екен. Олардан тараған ұрпақтар бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында және Ресейдің Қорған облысының шекаралас аудандарында тұрып жатқан көрінеді.
Сүйіндік батыр мен оның сарбаздары жерленген зираттан бірер шақырым жерде тағы бір үлкен қорым бар. Қабір үстіне салынған обалар мен тақталардың нобайы мұнда адамдар XVIII ғасырдан бастап жерленгенін көрсетеді. Бұл жерде біздің уақытқа тиесілі жас қабірлер де бар. Көне қорымның ортасында үлкен оба орналасқан. Үйін дінің пішініне қарағанда, оба ерте темір дәуірінде тұрғызылған. Қазақ даласында, оның ішінде Қызылжар өңірінде де, жаңа зираттарды ежелгі қорғандардың маңайынан салу дәстүрі орта ғасырлардан бастап болғаны белгілі.
Осы өңірдің тумасы Жангелді Тәжиннің айтуынша, Жамбыл ауданындағы Архангелка ауылының маңында қазақ-қалмақ соғысына қатысып, ерлік көрсеткен тағы бір бабамыз — Жәнібек батырдың да қабірі бар екен. Жәнібек Қантай бидің інісі көрінеді. Бұл деректер де, әрине, анықгауды, зерттеуді кажететеді.
Біз Сүйіндік батыр мен оның сарбаздары жерленген қорымды Қазақстанның киелі орындары тізіміне енгізу, бұл жерге ескерткіш орнатып, тарихи — экскурсиялық орынға айналдыру туралы ұсыныс жасадық.
Біздің ойымызша, Қазақстанның шынайы тарихын жазу үшін өлкетанушылар мен тарихшылар әлі көп ізденіп, есімдері ұмыт қалған батыр бабаларымыздың аттарын анықгау, ерліктерін дәріптеу бағытында қажымай-талмай еңбек етулері керек.
// Қызылжар нұры.- 2019.- 15 наурыз.