Кекілік

Кекілік – дала құстарының ішіндегі ерекше әдемісі. Оны кейбір жерлерде «Тас тауығы» деп те атайды. Өйткені, Кекілік таудың беткейлерінде, терең сайларда, тау өзенінің аңғарларында, әйтеуір, таулы-тасты жерлерде жүреді. Өңі де тас сияқты, кейде сарғылт, кейде ашық күлгін, сұр түсті, әр жерінде қына өскен тас құсаған сарғылт дақтары бар. Оның ерекше белгісі – тұмсығының үстімен көзі арқылы мойнының екі қапталына барып, одан омырауына құлап барып бірігетін қара жолағы – ноқтасы. Сосын екі бүйіріндегі алақандай ақшыл таңбасындағы жоғарыдан төмен құлайтын қара жолақтары.
Кекілік – өте сақ құс. Түнде тас арасына тығылып жатып ұйықтайды да, таң атысымен жайылуға шығады. Тамағы – жабайы жуалар, шөптің тұқымдары мен гүлдері, жас шөптің өзін де жейді. Жәндіктерді де азық қыла береді, бірақ, алдында өсімдік тектес тамақ тұрса, жәндікке қарамайды. Күннің ыстығы бастала тас арасына тағы тығылып алып демалады да, кешке қарай су ішуге келеді. Сондықтан, Кекілік суы бар жерден тым алысқа кетпейді.

Кекілік – көп ұшпайтын құс. Қауіп төнсе тас арасына тығыла қояды, ондайда тап үстінен түспесең таба қоюың неғайбыл. Немесе, қашып құтылуға тырысады, онда да тез жүгіретіні сондай, тасты жермен жүгіріп жете де алмайсың. Басқа амал қалмаса, ұшып кетеді, бірақ, ұшқаны епетейсіздеу, қапылып, асып-сасып, далбақтап ұшады.
Құстардың да әртүрлі мінез-құлықтары, ерекшеліктері болады. Олар бір-бірінен ақыл-ойының деңгейімен де ерешеленеді. Мысалы, құстар әлемінде ең ақылды құстар деп Қарға тұқымдас құстарды айтады. Әлемде бұл топқа кіретін 120-дай құс бар көрінеді. Ал, біздің Қазақстаннан 13 құс кіреді екен. Олардың біразы Маңғыстауда да кездеседі. Олар – қарға, құзғын, шөл құзғыны, сұр қарға, таған, сауысқан.
Көрер көзге сүйкімсіз, сұрықсыз болғанымен, бұл құстар, ғалымдардың пікірінше, өте ақылды көрінеді. Ағылшын ғалымдары қарға тұқымдас құстар ақыл-ой өресі жағынан аса жоғары дамыған примат-маймылдармен тең дегенге тоқтап отыр. Біз үшін ең маңыздысы – Қарға тұқымдастар – жерге қараған малшының досы, жайылымды зиянды жәндіктерден қорғайтын құс.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *