Жер бетіндегі құстар әлеміне қысқаша шолу
Әлемде құстардың 9 мыңнан астам түрі бар екен. Олардың ішінде 1 мыңнан астам құс түрі сирек құстар деп есептеледі. Құстардың 181 түрі және 78 тұқымы жойылып кету алдында тұрғандар ретінде Халықаралық Қызыл кітапқа енген.
Жойылып кету алдында тұрған құс түрлерінің көптігі жағынан Индонезия әлемде 1-орын алады – 121 құс түрі. Құстардың 120 түрі жойылып кете жаздап тұрған Бразилия 2-орында.
Әлемде кездесетін 9000 дай құс түрінің 3000-дайы Оңтүстік және Солтүстік Америка құрылықтарын мекендейді. Олар негізінен Оңтүстік Американың қалың орманды алқаптарында, Амазонка өзенінің алқаптарында және орманды-таулы өлкелерді мекен етеді. Бұл жақта қыс болмайтындықтан олар ешқайда қоныс аудармайды. Бүкіл әлемдегі құс атаулының жартысына жуығы осы құрылықтарда екен.
Алайда, Құстардың басым көпшілігі бір құрылықты тұрақты түрде мекен етпейді. Мысалы, Еуропа мен Азияда кездесетін құстардың көбі бұл жақта жаз айларында болады да, қыста Африка жаққа ұшып кетеді. Біздің жақта болатын құстардың да басым көпшілігі осылайша қыс айларын Африканың солтүстігінде, Үндістанда, Оңтүстік Азияның тропикалық және субтропикалық аймақтарында өткізеді. Жазда Солтүстік мұзды мұхит жағалауына барып, қыс айларын сонау Австралияда өткізетін құстар бар.
Бірақ, ғалымдардың жазуына қарағанда, бұл құрылықтарда да кейбір құстардың түрлері қатты азайып, енді біреулері жойылып бара жатқан көрінеді. Олардың бұлайша азайып кетуіне ормандардың жаппай кесіліп, өзен-көлдердің, батпақтардың жаңадан қалалар, зауыттар салу үшін құрғатылып тастауы әсер етуде. Керісінше, ауыл шаруашылығына қатты зиян тигізетін зиянкес жәндіктердің көбейіп кеткені байқалады.
Қазір, ғалымдардың жазуына қарағанда, әлемде мынадай құстар: Ақбас субүркіт, Мысықторғай, Ара және Какаду тотықұстары, Тырналардың кейбір түрлері, Жек дуадақ, Түйеқұс, Киви, Тукан, Индонезия бүркіті, Жапалақ, Калифорния бүркіті, кәдімгі Бүркіт, Ителгі, Сұңқар тұқымы құрып кетуге жақындаған.
Ғалымдар құстардың азаюы – ауыл шаруашылығына зиянын тигізетін жәндіктердің көбейіп кетуіне әкеліп соғатынын ұдайы айтып келеді. Мысалы, 1958-жылы Қытай елінде Жауторғай деп аталатын кішкене құсты жаппай қырып тастау жөнінде жарлық берілген. Өйткені, Жауторғай егіндік жерлерде топ-тобымен ұшып жүріп, бидайдың, күріштің дәндерін жейді екен. Сөйтіп, халық барлық жерлерде Жауторғайларды қыра берген. Бір жылда 2 миллиардтай құсты өлтірген. Сөйтіп, Қытайда Жауторғайлар құрып кетуге айналған. Ал, 1959-жылы зиянкес жәндіктер қаптап кетіп, бүкіл егістік жерлерді жеп, құртып жіберген. Сөйтіп, Жауторғайларға қарағанда 150-200 еседей қатты зиян тигізген. Сол жылы егін шықпай, халық аштан қырыла жаздаған. 1960-жылы көктемде Қытай елінің басшысы Мао Цзедун Жауторғайларды қыру туралы жарлығын тоқтатты.
Қазір Қытай елі егін егетін өңірлерде Қараторғай, Алаторғай, Бозторғай, Қарға сияқты құстардың көбеюі үшін жағдай жасап, талдар мен бұталар егіп, ұялар орнатады. Осының арқасында ол жерлерде құс көбейіп, шегірткелер мен басқа да зиянды жәндіктерді қырып, егіннің жақсы шығуына көмектеседі.
Жапонияда үлкен болсын, кішкентай болсын құс өлтірген адам жауапқа тартылады. Барлық жерлерде құстарға қамқорлық жасалады. Өйткені, Жапония – кішкентай ел, егіндік жерлері өте аз. Сол азғантай жерлерге шыққан егіннің жақсы сақталуына құстардың көмегі мол.
Африкада Цеце деп аталатын шыбын бар, ол шаққан адам қатты ауырып, кейде өліп кетеді. Оның үстіне ол жақта өте ірі сары безгек масалары көп болады, олар ауру таратады. Ғалымдар 1980-жылдан бастап, Австралия мен Еуропадан Қарлығаш тектес құстардың көптеген түрлерін алып келіп, оларға қамқорлық жасап, көбейтті. Ал, ол құстар Цеце шыбыны мен безгек масаларын қырып, адамдарға көмектесті.
Ал, Қытай мен Үндістанда, Оңтүстік Америкада батпақты жерлерде көп болатын масаларды құрту үшін батпақты жерлерге қолдан ұя жасап орнатып, талдар мен бұталар егіп, ұшатын жәндіктермен қоректенетін құстардың көбеюіне жағдай жасайды.
Әлемнің барлық елінде табиғатты қорғауға, соның ішінде құстарды қорғауға көп күш жұмсалады. Бірақ, бұған тек ғалымдар ғана емес, барлық адамдар көмектесуі керек. Балалар да көп көмек көрсете алады. Осы сияқты ұйымдар Америка Құрама Штаттарында, Жапонияда, Германияда, Чехияда, Оңтүстік Кореяда бар.
Мен осы ғылыми жобаны қорғай отырып, сондай ұйымды біздің ауданда да құрғым келеді, сөйтіп, табиғатты қорғауға балаларды да жұмылдырғым келеді.